Мәселе

Такфіршілерден қауіп көп

 Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2014 жылдың тамызында елімізде Қазақстанда заңды тіркелмеген «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық экстремистік ұйымының қызметіне тыйым салу туралы соттың шешімі шықты. Ұйымның бұдан бұрын Түркия, Ресей, Өзбекстан елдеріндегі қызметіне тыйым салынған болатын.

Оның қауіптілігі сол – ұйымға мүше болмағандардың барлығын да «кәпір» деп, негізсіз айыптайды. Сондай-ақ жасаған құлшылық әрекеттердегі сәл өзгешелік – олар үшін кәпірдің ісі. Ал адамзаттың асылы – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде «Егер кімде-кім біреуді кәпір деп айыптайтын болса, бірақ ол адамның кәпір екеніне көзі жетпесе, онда оның өзі кәпір болады» деген.

Бір өкініштісі, діни сауаты жоқ кейбір адамдар бұл ағымның жетегіне оп-оңай еріп кетіп, халқымыздың ғасырлар бойы қастерлеп келе жатқан салт-дәстүрінен, патриотизм мен адамгершілік қасиеттерден бас тарта бастайды. Ата-анасын, жақындарын өзінің көзқарастарын жақтамағаны үшін кәпір деп айыптап, бөлектене бастайды. Діни сауаты жоқ бола тұра, жоғары діни білімі бар мешіт имамдарын адасқандар деп ойлап, олардың уағызына ұйымайды. Мұндайда «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген халық даналығы еске түседі. Олар туралы бұрын теледидардан естіп, газет-журналдардан оқитын болсақ, соңғы кездері көзіміз көріп жүр.

 

Ана неге жабырқады?

 

Бір күні көптен көрмеген таныс әйелді кездестіріп қалдым. Бұрын жарқылдап күліп жүретін оның жүзі жабырқау екен. Амандық-саулықтан кейін ол ұлының бес уақыт намазға жығылғанын, содан бері көзқарасының мүлдем өзгергенін, жақын-жуықпен араласуды қойғанын айтты. «Ең сорақысы сол, жақында үйленерде келіннің бетін ашқызбаймын деп айқай шығарды, әрең дегенде көндірдік-ау. Көндіргеніміз не керек, келін де ұлым сияқты бізге бейтаныс діннің жетегінде екен. Сәлем салмайды, шәй құйып бермейді, екеуі басқа бөлмеде бөлек тамақтанады. Бір үйде тұрып жатырсақ та, оларды мүлде көрмейміз десек те болады. Не істерімді білмей жүрмін», – деп мұңын шақты. Өкініштісі сол, мұндай жағдай тек бір отбасының басында ғана емес, көптеген үйдің шырқын бұзып, берекетін кетіруде.

Ең сорақысы сол – діни сауаты жоқ жастарымыз әлемнің түрлі бұрыштарында қарулы жанжалдарға қатысатын террористік ұйымның мүшесі ретінде шетелдерге кетіп, жас өмірлерін өксітуде. Бұған да мысалдар жеткілікті.

Өткен жылы Ақтөбе жаққа қыдырып бардық. Орталықтан алыс, шағын ауылда тұратын құдаларымыз әңгіме үстінде көршілерінің ұлы бала-шағасын тастап, Сирияға кетіп қалғанын, көптен бері хабар жоқ екенін, қайғыдан шешесінің ауру болғанын айтты.

 

…айтқанына көніп, айдағанына жүреді…

«Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы өкілдерінің жасаған әрекеттерін бағамдар болсақ, исламға, шариғатқа мүлдем кереғар дүниелердің куәсі боламыз. Оның ішінде адам өлтіру мәселесі. Бұл ұйымның құрылған жері – Мысыр елі, құрушысы – Мұстафа Шүкри. Оның ұстанымдары, негізінен, діннің көріністеріне мүлдем қайшы, қатігездік, жауыздық, өшпенділіктен тұрады. Олардың ішінде ең қауіптісі – жазатайым адасып, ұйымға мүше болғандар кейін өзінің қателігін түсініп, бөлініп кетуге ниет білдірсе, басшылары тарапынан қатты қарсылыққа тап болады. Сосын амалсыз олардың айтқанына көніп, айдағанына жүреді…

Бір айта кетерлік жайт – экстремистік ұйымға мүше болып, олардың ұстанымын насихаттағаны үшін сотталған жастардың көбі дін туралы мағлұматты интернеттен іздегендерін, сөйтіп өздерінің дін атын жамылған экстремистік топтың қармағына қалай түскендіктерін байқамай қалғандарын айтады. Ақтаулық Э. Амрахов деген жігіт те сөйтіпті. «Мен зайырлы отбасында өстім. Өзімді бұрын мұсылманның да, христианның да қатарына жатқызбайтынмын. Дінге осыдан алты жыл бұрын бет бұра бастадым. Әуелі Библияны, кейін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) туралы оқып жүрдім. Өзіме түсініксіз мәселелерді ұғына түсу үшін дінді тереңірек білетін азаматтардың көмегі керек болды. Сөйтіп, бағыт-бағдарды интернеттен іздедім. Ақырында дін атын жамылған ұйымның жетегінде кеттім. Адам білімді ғаламтордан емес, ұстаздан үйренуі керек екен», – дейді өткеніне өкінген ол.

Міне, осы бір ғана мысал діннің интернеттен үйренетін ілім емес екендігін көрсетеді. Діннің тереңдігі де сонда, егер сіз Құранның бір аятын немесе Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін дұрыс мағынада түсінбесеңіз, басқа жолға бет бұруыңыз оп-оңай. Сондықтан да діни ілімді медреселерден, білімді теологтардан, дінтанушы мамандардан үйрену қажет.

Такфіршілердің қоғамға қандай зияны бар?

Олар тұтас халықты «мұсылман» және «кәпір» деп екіге бөледі. Жеке отбасында әкеге баланы қарсы қойып, ата-ананы баласынан тірідей айырады. Халықтық салт-сана мен әдет-ғұрыптың күллісіне «ширк» (Құдайға серік қосу), «бидғат» (дін жолына жаңалық енгізу) және «көпқұдайшылық» деген айдар тағып, жала жабу арқылы ұлттық мәдениетті ойсыратады.

Ең бастысы, еліміздің тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, бейбітшілігіміз бен татулығымызға қауіп төндіреді, ұлттар арасында алауыздық тудырады. Сондықтан да оның қызметіне заң бойынша тыйым салу болашағымыз үшін маңызды қадам болып саналады.

Еркеш НӘРЕМБЕВА,

меншікті тілші,

Маңғыстау облысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close