Тылсым

Жалғыз көзді жасыл бала

(жалғасы)

(жалғасы)

                       Малғұндар қаққан

 1989 жылдың жетінші шілдесі күні қатты ауырдым. Ол былай болды. Ұзынкөлдің Қарт ауылында тұрамын, қой қырқып жатқан уақыт. Таңертең оянып, «Жұмыстан кешіктім-ау» деп ұшып тұрып, ұйқылы-ояу сыртқа  жүгіріп шықтым. Қарасам, шулап бір топ малғұндар келе жатыр екен. Үлкенді-кішілі, қызылды-жасылды, әлемтапырақ, бала-шағасын шұбыртып келеді…

Маған қарсы келіп қалғаны маңдайымнан бір соқты, айналып түскенімді білемін. Есімнен танып қалыппын, мені тауып алып, әке-шешеме хабар беріпті. Есім кіргенде «дәрігерге апармаңызшы» деп жалынамын да, қайтадан талып кетемін. Төсек тартып бір апта жатыппын. Түс көріп ояндым.  Астраханда бір емші ата бар екен деймін. Бір үйге кірсем, бір кемпір тұр, кең бөлмеде тас төрде ұзын бойлы ата аппақ сақалын сипап отыр екен «Ә, қызым келдің бе?» деді. Үйдегілер: «оянды, оянды» деп шулай жөнелді.

Менің түсім бойынша поездбен кешкі сағат бесте Астраханға келдік. Жұбайым мені атаға көтеріп әкелді. Кезекте кісі көп. Көзімді аша алмаймын, мені отырғызып қойды. Кезекке 343-ші болып жазылыппыз. Бір кезде іштен бір әйел шықты да: «Жаңағы келген кім? Ата кірсін деп жатыр» деді. Мені атаның алдына әкелді. Көзімді ашып қалсам, түсімде көрген ата екен, кереуеттің үстінде отыр. «Атың кім, шешеңнің есімі кім?» деп сұрады. Құран ашып, оқып, дем салды.  «Жұма күні соғылған екенсің, қазір ұйықта, түн ортасында тұрасың, оянсымен шай іш» деді.

Бізді түсімде көрген кемпірдің үйіне орналастырды. Түк білмей ұйықтаппын, түнгі сағат үште ояндым, басым жазылған. Кемпір керогазға шәйнекті бұрқылдатып қайнатып, менің оянғанымды күтіп, шоқиып отыр. Шай ішіп, рахаттанып, қайта ұйықтап кеттім. Ертесіне түк болмағандай ояндым. Ата суға, майға, тұзға қосатын ішірткі жазып беріп,  «30 күннен соң қайта келесің» деп шығарып салды.

 

О дүниеге сапар

 1999 жылы үй-ішімізбен ораза ұстадық. Қыс мезгілі. Үй салқын, шай қайнатайын десем жарық өшіп қалған. Таңғы сағат бесте құрғақ тамақпен салқын шай ішіп, ауыз бекітіп, қалың жамылып қайтадан ұйқыға жаттық. Ұйықтап бара жатқанда сол жақ қолым жансызданған секілді болған, тұрайын деп ойлаймын, бірақ, тұра да, қозғала да алмаймын. «Маған не болды?» деп ойлағанымды білемін. Бір уақытта ұшып бара жатыр екенмін. Сондай жылдамдықпен аспанға көтеріліп келемін. Кенеттен бір әлемге тап келдім. Адамдар ирелектеген жолмен шұбырып барады, бәрі аузын тұмшалап жауып алған. Әрқайсысы өз жолымен жүр екен деп ойлаймын. Көбін танимын, қасына жүгіріп барып: «Сен пәленшесің ғой», «Сен ана атасың ғой» деймін. Олар басын шайқап, ымдап, «Мұнда сөйлесуге болмайды» дейді. Адамдардың арасымен жүгіріп жүрмін. Бір кезде: «Қызым, қызым, бері қара!» деп біреу айқайлайды. «Қызым, олар өлген адамдар, сен тірісің, бері қара!» дейді. «Қайда қараймын?» деп айқайлаймын. «Жоғары қара!» дейді.

– Неге асықтың? – дейді дауыс. – Сен жерге керексің. Сен адамдарға айт, өмірдің қадірін білсін. Жердегі өмір – Алланың берген сыйы. Күнәдан аулақ болыңдар, сендер үшін жерде қара су ішкеннің өзі рахат. Сендер бір нәрсені,  тірі екендеріңді біліңдер, бір-біріңе қайырымдылық жасаңдар. Сен енді жерге орал, бар да, осылай деп айт!» деді.

«Мені кім тыңдайды?» деп бар даусыммен айқайлаймын оған. «Жоқ, сен айта бер, жалықпа, айта бер!» деді. Өмір, тіршілік туралы көп жақсы нәрсе айтты да, «енді қайт!» деді. Сол-ақ екен мені біреу ұстап алып, әлдеқайда лақтырып жібергендей болды. «А-а-а-а» деп айқайлап ұшып келе жатырмын. Бір кезде үйге келдім, үйде денем жатыр екен, сол жағыма қисайып, қолымды басып жатырмын. Келдім де, кеудеме кіріп кеттім. Сол сәтте жалма-жан түс көрдім. Бір дос қызым бар еді, үнемі көңілсіз, бірдеңесі оқсамай, жылап жүретін. Түсімде соның көз жасын сүртіп: «жылама, енді көз жасыңды көрсетпе! Қара су ішкеннің өзі бақыт» деп жатырмын. Оянсам, тікемнен түрегеліп тұр екенмін. Денем ағаш секілді қатып қалған, аяқ-қолымда жан жоқ. Құлап түстім…

(Жалғасы бар)

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ

 

Tags
error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close