Жаңалықтар

www.cnl.tv сайтына тыйым салынды

Орал қалалық №2 соты діни экстремизм материалдарын таратқан шетелдік www.cnl.tv сайтының ел аумағында таралуына тыйым салды. Сот материалында «Жайық» деструктивті ұйымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің мамандары сайтта Артур Симонянның бейнежазбалары орналасқанын анықтағанын жазған.

Артур Симонян деген кім?

«Christian.by» христиандар порталындағы мәліметтерге сүйенсек, Артур Симонян  –  Армениядағы «Өмір сөзі»  евангельдік христиан шіркеуінің аға пасторы. Евангелдік сенім протестантизмнің тармағы – баптистерге тән. Шешендігімен танымал Артур «CNL», «ТБН Россия» және АҚШ-тағы «ITN», эстондық «LIVE» атты христиандық жерсеріктік телеарналарда діни уағыз айтады және бағдарламаларын жүргізеді. Симонян бұрын Мәскеуде бизнеспен айналысқан. Бір сұхбатында түсінде «тозақты көріп», құдайға бет бұрғанын айтады. Содан туған жері Арменияға оралып, миссионерлікпен шұғылданған. Артур Симонян 2015 жылы Алматы қаласындағы «Жаңа өмір» шіркеуіне келіп, уағыз айтқан.

 

Діни экстремизмге үгіттейтін белгілер анықталды

 Орал қалалық №2 соты www.cnl.tv сайтында діни экстремизмге үгіттейтін материалдың белгілері бар деп таныды. CNL христиандық телеарнасының негізін пастор Максим Максимов 2000 жылы қалаған. Сол жылы Алматы қаласындағы ірі кабельдік желілер арқылы хабар таратқан. 2002 жылы жерсерік арқылы хабар тарата бастаған телеарна қазіргі уақытта евангельдік сенімді үгіттейтін бағдарламаларын Сібір мен Орталық Азиядан бастап Израильге, Солтүстік Африка, Еуропа, Америка елдеріне көрсетеді.

 

Адамды ес-түсінен айырылатындай деңгейде ықпал етеді

Сот материалдарына сәйкес, С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің мамандары зерттеуі қорытындысында  А.Симонян адам санасын өзгертуге бағытталған нейролингвистикалық бағдарламалау (НЛП) және психо-түзету әдістерін қолданатыны анықталған. Бұл әдістер медицина саласында кеңінен қолданылады және оған арнайы лицензия қажет. А.Симонянның психологиялық психотерапевтік әдісі адамның тұлға ретінде дамуына кедергі келтіріп, әлеуметтік күйзеліске ұрындыратын жағдайға душар етіп, тіпті ес-түсінен айырылатындай деңгейде ықпал ете алады. Уағызшы өз іліміне сенушілердің санасын жаулай отырып,  тыңдаушылардың психологиялық жай-күйіне ұдайы кері әсерін тигізеді. Симонянның үгіт тәсілдері тыңдаушылардың санасына жағымсыз ықпал етіп, денсаулығына зиянын тигізетіні анықталған.

ҚР «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңының 1-бабы 5-тармақшасында экстремистiк әрекеттерге «экстремистiк ұйымдардың нышандарын насихаттау, үгіттеу» кіретіні жазылған, ал 7-тармақшасында «Экстремистiк материалдар – экстремистік әрекеттердiң белгілерін және (немесе) оны жүзеге асыруға шақыруды қамтитын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар» деп анықтама берген. ҚР «Бұқаралық ақпарат туралы» заңы 2-бабының 3-тармақшасында «Экстремизмді немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, насихаттауға тыйым салынатыны» көрсетілген.

 

817 материалға тыйым салу сұралды…

Қалалық сот ҚР Азаматтық процестік кодексінің 381-бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімі заңсыз болып табылады деп танып»,  А.Симонянның видеожазбалары орналасқан www.cnl.tv интернет-ресурсына тыйым салу жөнінде «Жайық» деструктивті ұйымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы атынан түскен шағымды мақұлдады.

Облыстық дін істері басқармасының бас маманы Жәнібек Мукателовтың мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында сот арқылы шетелдік интернет-ресурсқа тыйым салу алғаш орындалып отыр. Басқарманың «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» теріс діни ағымдардың идеологиясын насихаттайтын интернет-ресурстардың мазмұнына сараптамалық талдау жасауда. Биыл дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде, видеохостингтерде деструктивті діни ұйымдардың сойылын соғатын, экстремистік қақтығыстарға шақыратын 817 материалға қатысты сілтемелерге тыйым салу үшін  ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетіне ұсыныс-хат жолдаған.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

меншікті тілші,

 Орал қаласы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close