Басты тақырыпСараптама

Түркі кеңістігінің тұтастығы

Түбі бір халықтың бірлігі не береді?

         Жақында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барып, түркі тілдес елдер ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысып қайтты. Алқалы мәжіліс барысында Қазақстан Президенті Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық күш-жігерді жұмылдыру, елдердің одан әрі өркендеуіне қолайлы жағдай жасау мәселелерін көтерді.

«Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғап жатыр. Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді», – деген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы ерекше назар аударған мәселенің бірі әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуалдың өзгеруі еді.  Терроризм, дін атын жамылған экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы сынды трансұлттық қылмыстардың халықаралық қауіпсіздік проблемаларын шиеленістіріп отырғанын атап өткен Елбасы кешенді іс-әрекеттерді қолға алуды ұсынды.

Мұның барлығы, сайып келгенде, Түркі кеңістігін ірілендіру мәселесіне келіп тіреледі. Осы ретте «Түркі кеңістігінің бірлігі не үшін керек? Және мұндай интеграция несімен тиімді?» деген сауалдардың туындайтыны да заңды. Ендеше, саралап көрелік.

Мемлекет және қоғам қайраткері Алдан Смайылдың саралауынша, түбі тұтастың тармақтанып барып, қайта бірігетіндігі – жаратылыстың табиғи заңдылығы. Әлемге әйгілі философ әрі саясаттанушы Самюэль Хантингтонның («Өркениеттер қақтығысы») пайымдауына жүгінсек, біріншіден, ХХІ ғасырда мәдениеті тектес елдердің жақындасу, мәдениеті тамырлас емес ұлттардың бөліну процесі жүріп жатыр. Алып державалар ыдырап, бауырлас халықтардың одақтары күш алып келеді. Мәселен, дүние жүзіне танымал, жаһандық саясатта өзіндік рөлі бар Еуропалық Одақ – соның жарқын көрінісі. Экономикалық одақтасуға негізделген Анд пактісі, Үшеудің тобы (Мексика, Колумбия, Венесуэла), Орталық латын-америкалық ортақ нарық – тілдері ұқсас, этностық тамырлас ұлттардың жаңа жағдайда қайта табысу, сол арқылы өркениет көшінен қалмау үшін жасаған алғы қадамдары. Осындай ынтымақтастықты Шығыс Азия елдері де қалайды. Атап айтқанда, АСЕАН елдері – Малайзия, Тайвань, Гонконг, Оңтүстік Корея, Қытай мен Жапония түптің түбінде тізе қосады деген болжам бар.

Екіншіден, Африка, Азия, Америка, Еуропа, Таяу Шығыс елдеріндегі саяси, экономикалық, әскери дағдарыстарды есепке алсақ,  осындай қауіп-қатерден қорғанудың бірден-бір жолы – интеграция. Рас, экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан – интеграция кеңістігіне әлдеқашан еніп кеткен ел. Кеден Одағынан бастау алатын Еуразиялық Экономикалық Одақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы мүмкіндік ашып отырған алаң. Десе де, Орта Азия континентінде орналасқан алып ел ретінде Қазақстанның алдында мейлі саяси, мейлі экономикалық, тіпті рухани қауіпсіздікті қорғау  міндеті тұр. Осы жағынан алғанда, түркі кеңістігінің бірігуі таптырмайтын тиімді тактика бола алады.  Олай болса, түбі бір түркі кеңістігінің бірлігі ұлттық қауіпсіздік үшін де керек. Және түркі халықтары бір-біріне қол созып қана қоймай, қоян-қолтық араласуы тиіс.

Үшіншіден, түркі кеңістігінің бірлігі бүгін-ертең туындаған идея емес. Сонау Күлтегін, Тоныкөк дәуірінде мұрат етілген мәңгілік идеясының түп-тамыры, сайып келгенде, бірлікте болу, тірлікте болу мәселесіне келіп тіреледі. Мәңгіліктің саяси тұғыры не? Рухани тірегі қайсы?

«Миллиондар «Біз өшпейміз!» деп ұрандады. Дәл осындай асқақ сезім түркі аспанында да қырандай саңқылдаған. Ол кезең ата-бабаларымыз өздерін жоғарыда Көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда ортасында пайда болған адам баласына балады. Ол сондықтан үстем әрі мәңгілік болуға тиіс деп білді. Мұндай жойқын идеяны құдіреті күшті мемлекет қана көтере алатын еді. Тегінде мәңгілік дегеніміз – мемлекеттіктің жанартаудай қуатты рухани серпіні, елдіктің шырқау шыңына жетуі. Жаһанға жасқанбай қарай алған халықтың асқақ арманы. Мемлекеті жоқтың мәңгілікте несі бар? Оның мұраты – жан сақтау. Осыған ден қойсақ, қазақ мемлекеттігінің бастауы жарты әлемді билеген Ғұн империясына тұспа-тұс келсе, салтанат құрған кезі – Түркі қағанатының алтын ғасыры.

Бумын қаған 552 жылы ту көтерген бұл қағанаттың шекарасы батыста Византияға, түстікте Персия мен Үндістанға, шығысында Қытайға дейін созылды. Мұндай айбынды мемлекет дәл сол тұста бірен-саран-ды. Ал алып елге ең қажеті ішкі бірлік болатын. Ол мәңгіліктің түпқазығы еді. Бұл – «Тұтас түркі елі» идеясына ғұмыр берді», – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Алдан Смайыл.  Демек, тарихи жолмен қалыптасқан бірлік идеясының іс жүзінде шарықтауына сіз бен біз жауаптымыз.

         P.S. Қазіргі геосаяси картада Американың өз алдына бөлек империя ретінде көрсетілуі талассыз аксиомаға айналды. Алып саясаттағы алып ойындардың сценариін «реттеуде» кәрі құрлық өз алдына шешуші рөл атқарып келеді. Әлем санасатын алыптардың қатарында Ресей де бар. 1,5 миллиард халқы бар Қытай – дүниежүзілік саясатта үлкен әріптермен жазылатын держава. Осындай алыптар арасында орналасқан Қазақ елі үшін Түркі кеңістігінің бірлікте болуы стратегиялық тұрғыда маңызды қадам болып қала бермек. Демек, қазақ әліпбиін латын графикасына қайта негіздеуі – Түркі кеңістігінің бірлігі жолында жасалған ең негізгі  қадамдардың бірі.

         Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші,

Атырау қаласы

Алдан  СМАЙЫЛ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

 «Сенім мен дәстүрді жоғалтпауға тиіспіз»

         Тарихқа терең көз салсақ, тұтасу идеясы мен бауырмалдық сақ заманынан бар. Әңгімені шырқатпай, дерекке жүгініп айтсақ, ел билеген көсемдерін бір жерге арулап қою рәсімі – әлем елдерінің тарихында кездеспейтін ерекшелік. Сақтардың Шіліктіде ғана патшалар жерленген 150 обасы бар. Осы киелі дәстүр кейін Түркістанда жалғасқаны баршамызға белгілі. Егер аталған рәсім елдік мәнге ие болмаса, бұлай сабақтаспас еді. Біздің бабаларымыз тұтастық пен бірлікті тірліктен ғана емес, о дүниеден де іздеген. Екі әлемде де іргеміз сөгілмесін деген.

         Дүниеден озған рухтар қылаусыз табысып, жарық дүниедегі ұрпақтарының тілеуін тілеп жатса, түркі елі мәңгілікке бет алатындығына сенген. Дәл сол сенім мен дәстүрді біз жоғалтып алмай, жаңғыртуға тиіспіз. Ол, бір жағынан, рухтар жалғастығына жетелесе, екінші жағынан, ұлттық тамырдың үзілмеуіне, ұлттық қасиеттердің баяндылығына бастайды. Ұлттық мемлекет құруға құлшындырады. Асылында, Мәңгілік елдің тұғыры – ұлттық мемлекет.

 

 

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close