Басты тақырыпЭксклюзив

«Сирияда ешқандай халифат та, тіпті ислам да жоқ»

 Қасиетті ислам дінін дұрыс түсінбей, ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанған асыл дініміз бен салт-дәстүрімізді, тіпті Отанымызды тәрк етіп, Сирияға қашып кетуді мақсат еткен адасқан қаракөздеріміздің бірі Алмасбай Еселбаев биылғы 20 сәуірде түрмеден шықты. Оны ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 1-бөлігімен, 172-бабы 1-бөлігімен Орал қалалық соты 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырған болатын. Алмасбай көзі қарақты оқырманға республикалық «Жас қазақ» және өзге де газеттерде жарияланған жұбайы Жарқынай Еселбаева туралы «Мен жалған жихадшының әйелімін» тақырыбындағы сериялы мақалаларым арқылы жақсы таныс.

Жарқынай ол мақалаларда күйеуінің адасуы, осы ортада жүріп, өзі мен балаларын жат ағымнан сақтау жолында басынан кешкен қиындықтары туралы әңгімелеген болатын. Алмасбай түрмеде отырғанда да тұрмыс тауқыметін нәзік иығымен қайыспай көтерген рухы мықты Жарқынай бүгінде екінші өмірін бастады. Жеке кәсібін ашты. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Яғни ол күйеуін кешірді! Жастай етегінен ұстаған қосағынан бас тарта алмады. Жақында олармен кездесіп, шай үстінде асықпай емен-жарқын сырласқан едік. Сонымен, әлқисса!

 

Алмасбай қалай адасты?

 – «Мұсылман баласына намаз оқу керек және намазсыз дүниеден өтуге болмайды» деп естідім. Сол күннен бастап іздене бастадым. Мешітке барып, бас имамға жолықтым. Ол кезде мешітте түрік ұстаз болды. Оған «Маған намаз үйретіңіз» дедім. Сөйтіп, 2000 жылы намазды бастадым, 2001 жылға дейін жұма намазына қатысып жүрдім, – дейді ол.

Алмасбайдың өмірі Ақсай қаласындағы шетелдік компанияға жұмысқа тұрған күннен бастап өзгеріпті. Оны жаңа жұмыстасы, бір сақалды жігіт өзі жалдап тұрған пәтеріне бірге тұруға шақырады. Ол жігіт Исматулланың жамағатындағы зікірші екен. 2004 жылға дейін солардың қатарында болған, бірақ «Олардың істеген істеріне көңілім толмады» деген Алмасбайды одан әрі әңгімеге тарттық.

 

– Көңіліңіз неге толмады сонда?

 – Мешітке барғызбайды. «Мешіттегілер – адасқандар, олар өтірік айтады» деді. Артынан ойласам, «Имамдар ақиқатты айтып қояды, сырымыз ашылып қалады» деп, мешітке жолатпаған екен бізді. «Ата-бабаның, Абайдың, Шәкәрімнің жолын ұстанамыз» дейді де, өздерінің түпкі мақсатын білдіртпей бойыңа сіңіре береді екен.

 

– Мысалы? Қазақтың табиғатына жатпайтын қандай өрескелдік байқадыңыз?

 – Оларда «уазипа» деген бар. Таспих санап отырып, ішіңнен зікір айтып отырасың. «Қатайған жүрегіңді жібітіп, тазартады, иманың күшейеді, күнәдан тазарасың, сөйтіп, әулиелік дәрежеге жетесің» дейді. Олар үшін намаз маңызды емес, оқымай жүре беруге де болады және жұма намазына мешітке бармайды. Бастысы – зікір мен уазипа.

Маған ұнамағаны – ерлер әйелдермен бірге отырады, бірге жүреді. Мысалы, табиғатқа демалуға әйелдерді алып шығады. Әйелдерге торт сыйлайды, назар аударады, айналып келгенде көзқарастары зинаға апарады.

Оралда Исматулланың бір түлегі болды. «Ұстаз» деді ол кісіні. Студент жігіттер сол ұстазға қыздарды үгіттеп, ілестіріп әкелетін. Ал ұстаз келген қызға: «Сен ана жаққа әйелдерге бар, дінді апаларың айтып түсіндіреді» демейді. Өзі алып қалып сөйлеседі және бәрімізді шығарып жіберіп, оңаша қалады. Оның қызға не айтатынын біз білмейміз. Бұл маған үлкен күмән тудырды. Әйел адамға дінді әйел үйретуі керек. Ер адам үйрете ме, онда қызды оңашаламай, бәрінің көзінше үйретуге тиіс.

 

– Дағуатқа шықтыңыз ба?

– Дағуатқа бізді бірден 40 күнге жіберді. Алматыдан кетерде «уазипа» берді. Ұстаз алақанын жаяды да, «Алақанымның үстіне қолыңды қой» дейді. Бәріміз қолымызды қоямыз, ең үстіне ол өзінің қолын қойып, жабады. Аузын жыбырлатып дұға оқиды да, үшкіріп жібереді. «Болды! Осыған дейінгі күнәларың кешірілді» дейді. Бітті!

Оралға үлкен күмәнмен оралдым. Оның үстіне жұбайым Жарқынай мешітке барып, теологтарға жолығып, бұл жолдың қате екенін айтып, маған «Қайт бұл жолдан!» деп жалынып, көз жасын төгіп жүрген еді. Сөйтіп, зікірге бармай қалдым. «Отбасымды асыраймын, жұмыс істеймін» дедім. Олар «Ризықты Аллах береді» деді. Артынша олар мені үгіттеу үшін торт алып, үйімізге келді. «Сен адасып, тура жолдан кетіп барасың» деп уағыз айтты. «Зікір салмасаң, жүрегің қарайып кетеді» деді. Мен көнбедім. Сол кеткеннен олар мол кетті, мені мүлдем ұмытты.

 

– Әрі қарай не болды?

– Қайтадан мешітке келдім. Бір жерде күзетші едім, бос күндері жалдамалы жұмыс істеу үшін мешітте танысқан жігіттерді жинап, бригада құрдым. Олар сақал қойып, балағын кескен жігіттер еді. Өзім сақал қойған жоқпын, балағым ұзын. Имамдар «Намаз оқыған адамға сақал қоймауға да болады» деді. Жігіттерден «Неге бұлай ерекшеленесіңдер?» деп сұрадым. «Пайғамбардың айтқаны сол, орындамасаң, күнәһар боласың» деп дәлелдеді. «Мешіттегілер бидғат жасап жүр, яғни дінге жаңалық қосып жатыр» деді. Дұрыс екен деп ойладым. Көзқарасым тағы да өзгерді. Браттардың айтуымен аудиотаспадан шейх Халил, Дарын Мубаров, Сайд Бурятскийлердің уағызын тыңдадым. Оларды өзіме ұстаз санадым. Мешітке бармай, қасымдағы жігіттердің айтқанына еріп кеттім. Олар болса  «Әр мұсылманның арманы – шаһид болып өлу» дегенді айта бастады…

 

– Сөйтіп шаһид болатын жер іздей бастадыңыз, солай ма?

– Шаһид болып өлген адам Алланың алдына барғанда сұраққа алынбайды. Жұмаққа сұрақсыз кіреді. Қазақстан – бейбіт ел, мұнда шаһид болуға еш мүмкіндік жоқ. Ал Сирияда мұсылмандар мен кәпірлер соғысып жатыр, мұсылмандарға көмектесу керек. Интернетті қарап, «Мұсылмандарды құртуға жол бермейміз» дедік. Қасымда екі жігіт болды. Ол жігіттер де шаһид болуға дайын екен. Бір-бірімізге Сирияға барғымыз келетінін айттық.

Адам жұмаққа қызығады ғой. Қате түсініктің кесірінен мен ойлану қабілетімнен айырылып қалдым. «Артымда балаларым мен әйелім бар, оларды асырап, қамқор болуға міндеттімін» деген ой басымнан мүлдем шығып кетті. Қара басымды ойлап, қалайда шаһид болғым келді. Оның үстіне интернеттегі бейнетаспаларда мұсылмандар мен әскери киімді американдықтар соғысып жатады. Кәпірлермен соғысып жатқан мұсылман бауырларға көмектесу керек деп ойладық. Біз онда мұсылман мен мұсылман соғысып жатырғанын білмедік. Өтірік түсірілген бейнетаспаларға сеніп, адастық. Сөйтіп, 2015 жылдың 14 сәуір күні Сирияны бетке алып, Оралдан жолға шықтық.

 

– «Мен Алла жолында шаһид боламын. Отбасымды Алла асырайды» дедіңіз бе? Сирияға қалай, қай жолмен кеттіңіз?

 Иә, олардың ризығы дүниеге келместен бұрын жазылып қойған, олар ризықты менсіз де табады деген ойда болдым.

 

– Адам баласы ерте ме, кеш пе, Аллаға кері қайтады. Бірақ жер бетіндегі адамның міндеттерінің бірі – ұрпақ өсіру. Қыздарын адал тәрбиелеген әке шаһидсыз да жұмаққа кіреді емес пе?

– Әрине, солай. Бірақ біз ол кезде зомби болып қалдық қой. Ештеңе ойлай алмадық. Бар мақсатымыз – жәннәтқа кіру. Біз хадисті сол күйінде қабылдадық. Оның Тәпсіріне, түсіндіруіне құлақ асқан жоқпыз. Кетуге ақша жинадық, жоспар құрдық. Пойызға, ұшаққа мінетін болсақ, бірден ұсталамыз, тиімдісі «Автостоп» болды, яғни жолдағы көлікке қол көтеріп, мініп кету. Оралдан көлік тоқтатып мініп, төрт қаладан астық.

 

– Сақалды алып, балақты ұзаттық дейсіз уақытша…

– Әрине. Сирияға барғанша деп сақалды жойып, балақты ұзарттық. Шымкентке жетіп, автобекетке бардық. Шопырларға жақындап, билетсіз мінгізуін сұрадық, құжатты көрсеткіміз келмейді дедік. Содан бір шопыр кассамен сөйлесіп, компьютерге тіркемей, билет алып берді. Билет үшін үш адамға 5000 теңге бердік. Жолда Қордайдан түсіп қалып, шекарадан Қырғызстанға қарай өтіп кеттік. Енді Тәжікстан шекарасынан өту қалды.

Олай қарай жүретін таксидің шопыры «Неғып жүрген адамсыңдар?» деп сұрады. Біз «Умраға кетіп барамыз» дедік. Отырғызып алды және «Қаракемекке дейін апарып тастайтын көлік тауып берем, маған да сауап болсын» деді. Қуанып кеттік. Оның жіберген көлігіне отырып алдық. Негізі, біздің қайда бара жатқанымызды шопыр айтпай-ақ түсініпті. Әлгілер көлікті зуылдатып әкеліп, ішкі істер бөлімінің алдына тоқтатты. Есікті ашып, қолымызды қайырып ұстады да алды полиция. Ошқа алып келді. Торға қамап, қолымызды кісендеп, жоғарыға асып қойды. Жерге отыра алмайсың, кешке дейін тамақ бермеді. Бізді елге әкететін адамдар келгенше, яғни бір тәулік бойы біз жоғарыға асулы тұрдық. Біз 2015 жылдың 14 сәуір күні Оралдан кетіп, 21 сәуір күні Қырғызстанда ұсталдық.

 

– Сонымен, «шаһидшылар» елге жеткізіліп, Оралдың әйгілі «Қырық тұрба» түрмесіне қамалды дейсіз.

– Иә, сонда жапты. Түрмеде алты ай тергеуде болдық. Сол жерде теологтар қателігімізді түсіндірді. Түсіндік, бірақ тым кеш еді.

Сирияға барам деп жолға шыққаным үшін ешкімді кінәламаймын. Өзім кінәлімін. Білім іздемей, мешіттен қашып, соқыр біліммен адастым. Интернетті ашып қарайсың, негр ме, неміс пе, біреулер өзге тілде сөйлеп жатады. Аудармасын астына жазып қояды. Құранмен дәлелдеп, хадиспен келтіріп жатыр дейді. Соған сендік. Өмірімнің осындай болғанына қатты өкінемін. Сіз білесіз бе, қате жолда кетіп бара жатқанымды түсіндірген жолда оқыған екі рәкат намазым болды.

 

– Таратып айтсаңыз…

– Ол жаққа кетіп бара жатқанда екі рәкат намаз оқып, «Осы жолым дұрыс па?» деп Алладан сұрамау керек» деді жігіттер. «Егер намаз оқып сұрасаң, Алла үшін соғысуға бара жатқаныңа күмәнданғаның» деді. Бірақ мен Сирияға кетем дегеннен бастап өзімді біртүрлі сезініп жүрдім. Жүрегім тыныштық таппады. Бір күмән болды жүректе. «Халифат жарияланғанына неге мұсылмандар қуанбайды?» деген ой мазалады мені. Қырғызстанда жүргенде сол оқыма деген екі рәкат намазды оқып: «Сирияға бара жатқаным менің дініме, иманыма сай ма, жәннәтқа кіруіме әсері бар ма? Егер бұл сапарым дұрыс болса, мені Сирияға жеткіз. Егер қайшы болса, маған зияны болса, жолымнан кері қайтар» деп сұрадым. Мен сол Қырғызстаннан шыға алмай, ұсталдым. Сонда бұл жолдың дұрыс емес екенін білдім, Алла менің қателескенімді көрсетті. Бірақ менің бұлай деп айтқаныма тергеушілер де, түрмеде де ешкім сенбеді. Ақиқаты, сол екі рәкат намаз менің көзімнің ерте ашылуына себеп болды.

 

– Түрмеде Сириядан оралған жігіттерді кездестірдіңіз бе? Өзіңіз жете алмай қалдыңыз, ол жақта қалай екен, сұрадыңыз ба?

– Мен Петропавлдың түрмесінде болдым. Иә, түрмеде Сириядан оралып, сотталған жігіттер болды. Олар Сирияға жеткен күннен бастап қазақтарды бөліп тастайтынын айтты. Әйел-баласын көрмейді олар. ДАИШ- тың жендеттері өздері соғыспайды екен, жан-жақтан халифат деп алданып барған еркектерді соғысқа салып, «Өлсін, кері келмесін» дейтін көрінеді. Жесір қалған әйелдерді өздері пайдаланады екен… Отбасын апару – мүлде қате. Бір өкініштісі, қазақтың әйелдері мен балалары елге қайта алмай, сол жақта қор болып жүр. Әкесінің діни білімсіздігінен күнәсіз балалар зардап шегіп жатыр. Сирияға бару дұрыс емес, тек соны қазақтарға қалай түсіндіру керек, бұл енді үлкен мәселе.

 

– Алмасбай, сіз бұрынғы жолыңыздан анық қайттыңыз ба?

– Әрине, қайттым. Ендігі мақсатым – Әбу Ханифаның жолын ұстанып, тыныш өмір сүру. Әлемдегі дін ғұламаларының соғысқа қарсы екенін біз дін мамандарының арқасында түрмеде отырғанда ғана білдік.

Пайғамбарымыздың «Ғұламалар – менің мирасқорларым» деген хадисі бар екен. Кімде-кім оқымыстыға бағынбаса немесе оған тіл тигізсе, тозаққа түсесің деген мағынаны түсіндік. Яғни дінде оқымыстысыз адасасың. Қазақтың жігіттері «Мұсылмандарды өтірік халифат жариялап, шақырып алып, сол жерде қырамыз» деген сыртқы жаулардың жасырын мақсатының құрбаны болып жатыр. Сирияда ешқандай халифат та жоқ, тіпті ислам да жоқ екенін түсіндім. Біздің білімі аз, қара қазақтар: «Ойбай, ол жақта ислам мемлекеті бар» деп, әйел-баласын шұбыртып кетті. Өздері өлді, қатын- баласы қайда қалды, кім ие болды қазағымның ұл-қызына? Міне, нағыз трагедия осы. Әйелі әркімнің төсегінде, баласы құл сияқты әркімге жалтақтап жүргені анық.

 

– Отбасыңызға оралып жатыр екенсіз…

– Отбасыммен қайта табыссам деген ниетім бар. Балаларымды дұрыс жолға салғым келеді. Менің қателігім оларға сабақ болса, өмірде адаспай, өз орындарын тапса деймін. Қолымызда екі қыз, бір ұлымыз бар. Қайта қосылайық деп әйеліме сөз салдым. Мешітпен араласып, отбасылық кәсіп ашсақ деген ойымыз бар.

 

– Үлкен қызыңыз бен күйеу балаңыз қай жолда жүр?

– Күйеу бала дұрыс үй болғысы келеді, ауылынан үй алды, мал, құс өсіргісі келеді, балалар үшін деп тырысып жатыр. Бөтен ойы бар адам шаруаны ойламайды ғой. Мысалы, мен Сирияға кетерде үй, бала-шаға, әйел дегенді ойлаған жоқпын. Дүниеге «талақ» деп айттым, үй, көлік, қымбат телефон, дүние-мүлік, киім… бәріне «талақ» бересің. Ештеңе қызық болмай қалады. Намаз оқымаған адаммен бірге тұрмау керек деп ойладық. Бәрін кәпірге шығара бердік. Енді көзіміз ашылып, адасқанымызды түсініп, отбасыммен  қайтып қосылуға дұға қылып жатырмын. Мені және мен сияқты адасқан талай адамның діни сауатын ашып, қоғамға, отбасымызға, әке-шешемізге қайта оралтқан теологтарға, имамдарға, құқық қорғау құрылымдары қызметкерлеріне алғысым шексіз.

 

Үкілі үміті жетелеген…

 Міне, Алмасбайдың ағынан жарылып айтқан әңгімесі осындай. Сенесің, оның жары Жарқынайға қараған жанарындағы махаббатты, ара-тұра еріксіз кіртиіп, мұңдаңа қалатын шаршаңқы көзіндегі бір үкілі үмітті, болашаққа деген тұтанған сенімді көре тұра, қалай сенбейсің? Сенесің! Және шын көңіліңмен екеуіне жақсылық тілегің келеді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елімізге жылыстап еніп, бүгінде асыл дініміз – исламды бұрмалап, қазақ жастарының санасын улап жатқан салафизм идеялогиясын таратушылар – Абдухалил Абдужаббаров (шейх Халил), Дарын Мұбаров, Сайд Бурятскийлердің белсенді уағызын тыңдап, бейбіт күнде шаһид болуды армандап адасқан Алмасбай бүгінде өзгерген. Ол дәстүрлі исламға, қазақтың салт-дәстүріне қайта оралды. Ал мешіттен қашып, өз бетімен интернеттен теріс білім алып, санасын жат ағымға улаған жастар әлі де қаншама? Сонау Арабияда, Медине қаласында отырып, жасырын құжыралар ашып, Қазақстан жастарына интернеттен салафизмнің экстремистік идеологиясын таратып отырған Ділмұрат (Абу Мухаммад), Назраттулла (Абдулкадиров) сияқтыларды өзіне ұстаз санаған қазақ жастары Сирия мен Иракқа аттанып, террористік ұйымдардың белсенді мүшесіне айналғаны өте өкінші!

– Бүгінде олардың тірі қалғандары елге қайтаруды сұрап жатырғанын жаңалықтардан естіп жатырмыз. Елдегі қазақ жастарын Дарын, Ділмұрат сияқты адамдарды тыңдамауға шақырамын. Солардың теріс түсінігінің кесірінен қаншама отбасы бүлінді, қаншама қаракөздеріміз жат жерде оққа ұшты? – дейді Алмасбай.

«Үйімді қайтадан тұрғызамын»

 Алмасбай бүгінде сол адасқан жылдары іргетасын қалап, салмай тастап кеткен үйін тұрғызуды қолға алды. «Бір қиындығы – отбасымыз тұрып жатқан уақытша үйді несие алу үшін банк кепілге алмайды.

Пайда түсіретін кәсіп ашқымыз келеді» – дейді олар жарыса. Қолы шебер, ісмер Жарқынай жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалға бөлме алып, «Жарқынай» дизайн студиясын, тігін цехын ашты. «Алғашында түк ақшам болмады. Көйлек тігуден түскен 5-6 мың теңгенің 2 мың теңгесі күніне тамақ пен жол шығынына кетеді. Қалған 3 мың теңгені жинап, материал сатып аламын. Қолдағы барды ұқыпты пайдаланудың арқасында көтеріліп келеміз», – дейді ол.

Халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен «Бастау» бизнестің бір айлық курсын бітіріп, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын және бесіктің жасауы мен оюлы көрпешелер тігетін Жарқынай жақында кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасының 240 500 теңге грантына ие болды.

Оралда өткен «Ақжайық – шеберлер қаласы» атты қолданбалы өнер жәрмеңкесіне, Қала күніне арналған көрмелерге, Ресейдің Самара облысында өткен тарихи фестивальға қолөнер бұйымдарымен қатысқан Жарқынай Орал қаласы әкімінің алғысхатына бірнеше рет ие болды. БҚО іскер әйелдер кеңесінің І форумына қатысуы да оған қанат бітіргендей. Қазақтың қолөнерін үйренемін деген жастарға шеберлік сабақтарын өткізіп жүрген ісмер енді қыз жасауын тіксем деп армандайды. Ол үшін қымбат тігін машинасы керек. Армандар орындалады екен, Жарқынайға  жақында  ел танитын бір апай өндірістік жүрдек тігін машинасын алуға қаржы беріпті. «Қыз жасауы 130 000-150 000 теңге тұрады. Алла қосса, кәсібім гүлденіп кетер деп сенемін» – дейді Жарқынай. Ал үкілі үміті алға жетелеген Алмасбайдың да болашаққа құрған жоспарлары жетерлік.

Бір жылдары діни адасушылықтың салдарынан шайқалған шаңырақ бүгінде уығын қайта тіктеп, бауын байлап, еңсесін көтерді. Ол шаңырақтың астында екі қыз, бір ұл әке-шешесімен бірге қайтадан қамсыз, бақытты өмір сүре бастады. Ана жылдары  «Отбасымды  қалай сақтап қаламын, өмірлік қосағымды  теріс жолдан қалай қайтарамын?» деп  түн ұйқысы  төртке бөлінген  қазақтың қайсар әйелінің арманы орындалды бүгін!

Бәрі де баяғыдай болар, Алмасбай сонау жастық шағында өзі ғашық болып, алып қашқан Жарқынай сұлуын қалған өмірінде аялап өтер, ұл-қыздарын Отанын сүйетін азамат етіп тәрбиелер деген үмітпен аттандым мен де Атырауға! «Олардың жүрегіндегі үкілі үміттеріне енді шейх Халил, Дарын, Назраттулла сияқты ешкім суық қолдарын сұқпаса екен!» деп тіледім іштей.

Ұлдай САРИЕВА,

durbi.kz

 

 

 

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close