Жаңалықтар

Қызылша! Еліміз бойынша 1148 адам қызылша ауруына шалдықты

Төрт  бала жансақтау бөлімінде

Атырау облысында жыл басынан бері қызылша ауруының 41 жағдайы тіркелді. Соның 35-і – балалар. Төрт  бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары хабарлады.

41 баланың алтауы екпеден бас тартқан ата-аналардың балалары болса, 5-еуінің жасы екпе жасайтын жасқа жетпеген, 25-і – медициналық қарсы көрсетілімі бар балалар.

– Қызылшамен ауырғандар арасында екпе алмаған, яғни екпе алудан бас тартқан ата-аналардың бір жасқа толмаған сәбилері бар. Солардың бірі –жансақтау бөлімінде жатқан баланың анасы екпе  салдыру керектігін түсініп, үйіндегі екі баласына шұғыл түрде екпе жасатты. Бұл оқиға барлық ата-анаға сабақ болуы қажет, – деді Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиев дөңгелек үстелде.

Басшының айтуынша, облыс тұрғындары өздері тұратын мекенжайдағы кез келген емханаға барып, тегін екпе салдыра алады. Облыста жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бұрын  ересектер тарапынан бас тарту салдарынан екпе алмаған 752 бала қызылшаға қарсы егілген.

 

Қызылша туралы не білеміз?

Қызылша – кең таралған жұқпалы ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Белгілері: қызу көтерілу, мұрын, көз және тамақтың шырышты қабығы қабынып, денеде бөртпелер пайда болады.

Аурудың инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт – ауру бөртпе шығудан басталмайды. Ауру суық тиген сияқты дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, конъюктивит пайда болуы, мұрынның бітуімен ерекшелінеді. 24 күннен кейін азу тістің қарсысында ұсақ ақ дақтар пайда болады.  3-5-ші күні алдымен құлақтың артына, маңдайға, бет, мойын, дене және аяқ-қолға ашық түсті дақтар таралады. Кішкентай қызыл дақтар үлкейеді. Бөртпе шыққан соң 2-3 күннен кейін дене қызуы 40,5°С-қа қайта көтерілуі мүмкін.

 

Қабынулар

Бес жасқа дейінгі балаларда және 20 жастан асқандар арасында қабыну болады. Ол қабыну отит, соқырлық, пневмания, ларингит, энцефалит ауруларына апаруы мүмкін. Сондықтан қызылшаның белгілерін байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу керек.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі – екпе алу. Ең алғашқы екпе балаларға 12 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Егілген балалардың 15 жасқа дейін қызылшамен ауыруы сирек кездеседі.

 

Балаларға ҚҚП екпесінің 2 мөлшері қажет

Бірінші рет – туылғаннан кейін 12-15 айында.
Екінші рет – 6-7 жаста мектепке барар алдында жасалынады.

ҚҚП вакцинасы кейбір ересектер үшін де қажет:

25 жасқа дейінгі ересектер бұдан бұрын алған екпелері туралы мәліметтері болмаған жағдайда ҚҚП вакцинасының, ең болмаса, бір мөлшерін алу қажет.

Бейбіт СЕКСЕНҰЛЫ,

«Дүрбі»

 

«Денсаулық – Алланың аманаты»

Екпе алу қазіргі уақыттағы заман талаптарының бірі десек, қателеспейміз. Қазақстанның әр перзентіне туылғаннан бастап екпе салу үрдісі қалыптасқан. Соңғы бір-екі жылдықта екпеден бас тартқан ата-аналардың қарасы көбеюде. Соның басым бөлігінің себебін дін мәселесімен байланыстыратындар аз емес. Ресми тұлғалар да екпеден бас тартқан ата-аналардың себебін діни ұстанымдармен байланыстырып жатады. Зардабында әр түрлі аурулармен бетпе-бет келген балалар аз емес.

Дейтұрғанмен, екпе алудан бас тартудың діни себептері айқын емес. Ал дінде ем-домнан бас тарту – күнәлардың бірі. Пайғамбарымыз «Денсаулық – Алланың аманаты»  деп ойып көрсеткен, тағы бір хадисінде «Аманатқа қиянат жасау – екіжүзділіктің бір белгісі» деп те айтқан. Сондықтан балаларымыз сау болсын десек, өз білім иелеріне, яғни дәрігерлерге сенім білдіріп, екпе алған жөн деп ойлаймыз.

Зерттеп қарасақ, балаларына екпе салдырудан бас тартып отырған ата-аналар – жастар. Бірақ өздері уақтылы профилактикалық екпелерін алған. Олай дейтін себебіміз осыдан 30-40 жыл бұрын олардың ата-аналарына қызылша мен дифтерия аурулары қорқынышты екендігін түсіндіру қажет болған жоқ. Аталған жұқпалардан балалар өлімінің  себептері өте көп болған. Ал көкжөтел туралы кез келген қала мен ауыл жақсы білді. Бұған полиомелит алдындағы қорқынышты қосыңыз! Балалар шұғыл арада дамыған сал ауруы себебінен таңертең аяғынан тұра алмаған. Бұл тек дүниежүзінде ғана емес, Қазақстанда да кездесті.

Бұл  ауруларымыздың барлығы – екпемен (вакцинация) басқарылатын аурулар. 1980 жылдары дүние жүзі бойынша шешек (оспа) ауруы мүлде жойылды, оған себеп – екпе. Осындай аурулардан қорғанудың басты жолы 95-100 пайыз алдын ала екпемен қамту екені дәлелденген. Сондықтан елімізде бұл жағдай жолға қойылған. Қазақстанда профилактикалық екпе егудің ұлттық күнтізбесі бойынша 11 жұқпалы аурудың түріне қарсы екпе тегін егіледі. Қалған тұмау, менингит сияқты жұқпаларға қарсы екпелер ақылы түрде жүргізіледі. Алайда жүкті әйелдерге, жиі ауыратын адамдарға, науқаспен жиі қарым-қатынас жасайтын медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы, сонымен қатар оба, іш сүзегі, күйдіргі, құтырма сияқты ауруларға қарсы екпе халықтың қауіп төндіретін контингенттеріне жүргізіледі.

Ернар АБЗАЛҰЛЫ,

    «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан

жапа шеккендерге көмек орталығы ҚҚ-ның маманы

 

Екпе салуға ислам діні не дейді?

Елімізде 0-16 жасқа шейін он түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салынады. Бұл екпелердің көбісі ерікті, бірақ ішінде міндетті түрде салынатын екпелер де бар. Соңғы жылдары екпеге қарсы отбасылар көбейген. Олардың дені діндарлар болса да, арасында намаз оқымайтын отбасылар да бар.

Екпеге ислам шариғаты мамандары қарсы емес.  Мысырдағы әл-Азһар ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам конференциясы ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы корольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін вакцинациялық екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған.

Бұл жерде ислам ғалымдары хадистерге жүгінген. Хадисте Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім таңертең «ажуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол сиқырдан және уланудан аман болады» дейді. Бұл құрма уланудан адамды қорғайтын болса, демек ол адам иммунитетін күшейтетін дәрумендерге бай болғандығы. Екпені де түрлі вирустардан сақтану үшін адамның иммунды әлеуетін көтеру мақсатында егеді.

Тіпті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәрумені мол құрманы өз аузымен шайнап, кішкентай нәрестелердің таңдайына жағатын болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл сүннет амалы «тахник» деп аталды. Қазіргі вакцина да балаға жаңа туған сәби кезінен салына бастайды.

Сауд Арабиясы қажылық сапарына аттанатындарды менингитке қарсы екпе алуға міндеттейді. Әлемнің өзге мұсылман елдеріндегі ғұламалар корольдіктің бұл талабына қарсы емес. Бір жағынан, бұл вакцинаның құрамында діни тұрғыда қолдануға тыйым салынған заттар жоқ.

Ал жалпы исламда вакциналық екпенің құрамында шариғат бойынша харам деп есептелетін спирт, доңыз және басқа да еті желінбейтін жануардың еті, майы, қаны және т.б. заттар болмауы тиіс.

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close