Жаңалықтар

Діни теріс ағым қоғамды іштен ірітеді

   Бүгінде елімізде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындаушы саланың бірі рухани, тәлімді патриоттық тәрбие болып саналады. Келешек ұрпақтың рухани тұрғыда даму проблемасы  қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.

Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы ойлантады. Бұл бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналуда. Жастардың көпшілігі теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен хабарсыз. Олар дәстүрден тыс діни ағымдардың дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі. Бірақ олардың сапалы дайындықтан өткені соншалық, өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, адамға тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Сөйтіп, діни сауаты жетіле қоймаған,өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады. Міне, осы мәселеде жастарға дұрыс бағыт беру – біздің басты міндетіміз.

Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастырып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Сондықтан діни сауаттылықтың адам санасының оңды дамуындағы рөлі маңызды болмақ.

Қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен бір мезгілде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, жастар арасында сұхбат орнату қажеттілігі туындады. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін біз қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлерін, қазіргі жастардың еліктеуіне лайықты қаһарман тұлғаларды белсендірек насихаттауға тиіспіз. Бұл бағытта аудан тұрғындарының, жастардың діни сауатын арттыру мақсатында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен мектеп оқушыларымен, мекеме-ұжымдарда жұмысшы-қызметкерлермен кездесулер,  түрлі шаралар жүйелі өткізілуде. Міне, осындай мақсатта 2018 жыл бойынша жастар ортасында діни радикализм идеологиясының таралуының алдын алуға, дәстүрлі сана мен қоғамдық құндылықтарды нығайтуға бағытталған 1 321 іс-шара өткізіліп, 109 116 адам қамтылды. Облыс жастары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және діни ахуалды оңалтуға қатысты дін істері басқармасы бірқатар іс-шара атқарып келеді. Мәселен, 2018 жылы жастар арасында әр түрлі форматта 234 шара өткізіліп, 10 803-ке жуық адамды қамтыды.

Дін мемлекеттің  негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – біз ұстанған ислам дінінің басты мұраты, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке  тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Радикалды ағымдардың бас­ты шабуылы дін мен дәстүр бірлігіне, сол бірліктен туындаған дәстүрлі рухани құндылықтарға бағытталып отыр. Сондықтан радикалды идеологияның алдын алу жұмыстарының ең белсендісі әрі ықпалдысы дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ. Бұл орайда ұлт бойын­дағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білу­дің маңызы зор. Жан тазалығына, ар таза­лығы­на негізделген, сыртқы көрініс­тегі емес, жүректегі иманды қа­сиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоюға болады.

Бүгінде ата дінімізді, ұлттық қасиетімізді, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді қайта түлетіп, бәрін толық қалпына келтіруге тамаша мүмкіндік беріліп отыр. Ислам дінінің құндылықтарын жастар арасында насихаттау жұмыстарын тек белгілі бір құзырлы органдардың жұмысы деп  қарамай, көпшілік сіз бен біз болып бірлесе жұмыстансақ, нәтижесі де арта түсер еді. Өйткені бүгінгі жас буын – ертеңгі болашағымыз.

Қорыта келе, қазіргі таңда елімізде халықтың, әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға баулуда жатыр.

Мейірбек ҚҰБЫШЕВ,

Атырау облысы  дін істері басқармасы

Ақпараттық-талдау орталығының басшысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close