Боямасыз өмір

Кішіпейілділік

Соңғы жылдары мұғалімнің оқушыны ұрғаны, оқушының ұстазға қол көтергені жөнінде жағымсыз хабар жиі қылаң беретін болды. Əлеуметтік желілерде мұндай оқиғалар дүркін-дүркін талқыланып отырады. Бірі қос тарапты да кінəлай сөйлесе, бірі немқұрайлы қарайды, енді бірі жастар санасының таяздығына бар мəселені əкеп тірейді.

Оқиғаның ізі суығанша қоғамдық талқылаулар қызу жүріп жатады. Бірақ көкейкесті мəселелер шиеленіскен күйінде қалып, көптеген сауал жауабын таппайды. Жұлдыздай жыпырлаған пікірлердің ішінде көкейге қонымдысы – түйткілдің түп төркінін танымай, яғни алдын алумен айналыспай жатып, оның салдарымен күресумен болатынымыз жайында жиі айтылатынында. Кейде ойға шомып отырып, жолымызды жазатайым болса да, кесе көлденең өткенді күстаналап, көңіліміз жылымай қоятыны жүректегі мейірім шуағының азайып кеткенінен екендігіне көз жеткізгендей күй кешесің. Жалпы жастарға саусақ нұқи көтеріп, үлкенге көрсетер сый-құрметінің азайып бара жатқанынан айтып, дабыл қағатындар көп-ақ. Сол кезде қайран ақкөңіл, жайдары жүретін ауыл адамдары еске түседі.

Мектепте мұғалім болып, еңбек жолын бастаған кезім еді. Түске таяу сабағымды аяқтап, əдеттегідей үйге беттедім. Көп ұзамай алдымнан Жөргей ақсақал көрінді. Ауылдағы қадірменді қариялардың бірі еді. Көкірегі қазына қария домбыра тартып, күй тарихын шертетін, жаны өнерге жақын адам болатын.
– Ассалаумағалейкүм! – деп лезде қолымды созып, амандасып-ақ жатырмын.
– Уағалейкүмсалам! – деді байсалды қоңыр үнімен сəлеміме қауқылдай жауап қатып. Бірден хал-жағдайымды сұрап та үлгерді. Атаның жолын кесіп өтпейін деп, өзімше ілтипат сақтап тұр едім. Қыстың кезі. Айнала аппақ қар. Қолымда қоңыр портфель. Мұғалімге ұқсаған түріме ақсақал қоңыр көзімен бір шолып шықты да:

– Біз – мұғалімді сыйлап, жолын кеспеуді үйреніп өскен ұрпақпыз. Кəне, сен өтіп кет! – деп саңқ ете қалды. Аузымнан будақ-будақ бу шығып тұрған қақаған қыстың күні болса да, бойымнан қара тер бұрқ етті. Азар-безер болып, өтіп кетуін күтетінімді айттым. Ақсақал ақырын ғана қарымнан ұстады да, қояр да қоймай арқа тұсыма шығып, қадамын нық басып жүре берді. Өзімді қоярға жер таппай, кінəлі адамдай сезініп қала бардым. Бірақ ерекше таңданғанымды жасырмаймын. Жаны жəннаттық болсын, бір-ақ кесімді шешімімен бүгінде құны бес тиын болып бара жатқан мұғалім беделін бір күнде аспандатып тастағандай сезініп, сол кезде марқайып қалғаным рас.

Ауылда көрші орналасқан үйден Нəпия əжейдің кездесе кететіні тағы бар. Шүйкедей ғана кемпір құдды туған баласын көргендей айналып-толғанып тұрғаны. Жəне өтіп кетуіңді күтіп, келіннен бетер əдеп сақтап тұрады. Оған тағы бетім қызарып, қыздан бетер қысылып-қымтырыламын. Уақыт өте келе алшаң басып өте беретін болдық. Оның бəрі ер-азаматқа деген қазақ əйелдерінің құрметінен туындайтын ілтипат екенін жастық буымен қаперіме де ілмей кетуім мүмкін еді. Əрине, «обал, сауап, ұят болады» ұғымдарының мəніне терең үңілмей кетсем. Əдеп, иба, ар, иман жөнінде қазақ халқы ежелден терең қаузап кеткен. «Кішілік те кісілік» деп бағалайды. Ауылға бара қалсаң, әлі күнге дейін жанарына мейірім ұялап, ағайыннан бетер құшақ жайып қарсы алып, жылы ұшырай амандасатын аға буын өкілдері көп. Парасат-пайымы мен тау тұлғасы, терең ойы мен шешен тілі азаматтық болмысын ажарландыра түсетін, өзіміздей жастардың көбі ұстаз тұтатын, лауазымды қызметтің түр-түрін атқарып жүрсе де, кішіпейіл қалыбынан танбайтын, ақын, журналист, дəулескер күйші Дəулеткерей Атауұлының жасымыз бірнеше есе кіші болса да, «сіз» деп тең дәрежеде ескере сөйлеп, есті сөз айтатын, əңгіме айтсақ, байыппен құлақ түретін қарапайым мінезіне қанықпыз. «Ұлық болсаң, кішік болдың» қарапайым мысалы осы болса керек. Əрине, арыстай ағаларымыздың бəрінің мінезі жібектей есіліп тұруы шарт емес. Тек сары алтынның сынығы сынды кішіпейілдік те ілуде бір кездесетін қастерлі қасиетке айналып кетпесе екен деп тілейміз.
Тоқ етері, көбік сөзбен емес, көркем мінезбен үлгі болудың ұрпаққа деген маңызы зор. Иман айнасын, кішіпейілдік жорасын амал-қарекетімен көрсете білу – тəрбиенің нағыз қайнар көзі. Көкірегі дүмбілез болмаса, саналы жас «Адам – сыйлағанның құлы» түсінігін, түптің түбінде, қайта оралар қазығы ретінде қабылдауы кəдік. Сонда ұятты ұмытып, ұстазға қол жұмсайтын, қауқары кеміген қария мен ақ жаулықты əжелерге тіл безейтін безбүйрек бозбала мен көк бет қыздар азаяр еді. Мәселенки, жүректегі иман қуатының қандай дəрежеде екенін қоғамдық орындардан күнде байқап жатамыз. Əсіресе, қоғамдық көліктерде ақсақалды ата мен ақ ұлпа орамал тартқан əжелер, аяғы ауыр келіншектер орын таппай қалып жатады. Көптің тасасында байқамай қалғандай болып, еңгезердей жігіттер қалғып-мүлгіп отырады.

Бірде орта жастағы əйел автобусқа мінді. Аз-кем тұрып, амалы таусылған соң, қақ алдында кірпік қақпастан терезеге қарап отырған қарындастан орын беруін өтінді. Екі-үш қайталап, сабырмен айтса да, қаршадай қыз міз бақпады. Санасына сəуле түскені сол ма, қалың жұрттан қаймықты ма, біраз уақыт өткізіп барып қабағын шыта орнынан тұрып кетті. Тағы бір мысал, шағын қытай автобусының аялдамаға тоқтағаны сол еді. Шүйкедей ғана бір кемпір тез-тез басып ішке кірді. Смартфон қарап жайбарақат отырған бозбала мыңқ етпеді. Есесіне, əжей пысық екен. Жас жігіттің алдына отыра кетті. «Қозғалма, белімнен ұстап отыр» деп қояды жəне. Бозбала сасқанынан басын шайқаған күйі атып тұрды. «Ұядан ұлағаттылық көрмеген бе?» деп өзіміз ұяттан өртене жаздадық.

Дəуірінде дəрмені кемімей, дəурені жүріп тұрса да, даңққа дандайсымаған тұлғаның бірі – қазақтың арда азаматы болған Бауыржан Момышұлы. Батыр бабамыз жұрт қатарлы бір əкімқараның кабинеті алдында кезекке тұрған кезі болса керек. Бауыржан Момышұлының келгені жөнінде хабар лезде жетіп, шенеунік қабылдауына бірден шақыртады. Сонда қаһарына мінген батыр кезек тəртібін сақтамай, өзін қабылдағанына ренжіп, əкімқараны əбден сөгеді. Қарапайым жұрттың қабылдауын сарыла күтіп отырғанын, өзі де көптің бірі екенін айтады.

Сөзімізді түйіндесек, қарапайымдылық пен кішіпейілділік үлкен-кішінің бəріне жарасады. Ізгі ілтипат – сансыз нығмет бастауы. Данагөй Махмұд Қашқари «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» екенін айтқанын ұмытпайық, ағайын!

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Дүрбі» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close