Басты тақырыпЖаңалықтар

Айт – ынтымақ мейрамы

Ораза айт – қазақстандықтарды біріктіре түсетін ынтымақ мейрамы. Күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы Ораза айтқа Атырау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында «Шапағат» ҚҚ ұйымдастыруымен УГ157/9 ерлер түзеу мекемесінде «Рухани жаңғыру – ұлттық ұлағат үлгісі» бағдарламасы аясында «Рухани қазына – жан байлығы» тақырыбында экстремизм және терроризм бабымен сотталғандарға дастархан жайды.

Ондағы мақсат – жазасын өтеушілерді халықтың ұлттық дәстүрлері мен діни ұстанымдарын ескере отырып, отбасының қоғамдағы рөлін насихаттау, діни сауаттылықты арттыру, жат діни ағымдардан сақтандыру, өмірдің ақ пен қарасын ажырата білуге баулу.

Айт дастарханына арнайы Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қ.Көшқалиев, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Б.Мансұров, «Шапағат» теолог маманы А.Саден, бөлім басшысы Ж.Жұмағалиева қатысты.

Шараны Дін істері басқармасының басшысы Қ.Көшқалиев ашып, жазасын өтеуші азаматтарға 1 ай бойы ұстаған оразаларының қабыл болуына тілектестігін жеткізіп, отбасына оралып, қоғамда өз орнын таба білуге шақырды.

Аталмыш дастархан басында арнайы қатысқан «Иманғали» мешітінің өкіл имамы Б.Мансұров мұсылман жұртшылығы үшін мүбәрак мерекелерде игі шаралар легі артатынын, ал оның жалғасы жыл бойына үзілместен жүргізілетінін атап өтті. «Бұл шаралардың барлығы да елдің бірлігін, ынтымағын, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жүргізілуде. Діни басқармамыз көрсеткен негізгі бағыт-бағдар да осыған үндейді. Ал асыл дініміздің негізгі үкімі де осы. Бір-бірімізге қамқор болу, мейірімділік таныту, бауырмашылдықты күшейту – біздің һәм баршамыздың негізгі міндетіміз болуы керек» деп сөзін түйіндеді.

Жиын соңында сотталушылар өздерінің алғысын білдіріп, болашақта теологтардың көмегіне міндетті түрде жүгінетінін жеткізді.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close