Басты тақырыпКөкейкесті

«Билігі әлсіз мемлекетте діни радикалдар қаптайды»

Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, теолог Асқар Сәбдин терроризм және экстремизм қылмысы бойынша сотталғандармен 2011 жылдан бері жұмыстанып келеді. Теолог деструктивті діни ағым мүшелерінің сенім жүйесін және құндылықтарын зерттей келе, олардың санасына тән ортақ сипатты тапқан. Террористік қылмысқа барғандардың бәрінің ақидасы (исламдағы сенім жүйесі) бір қазыққа байланған. Атырау қаласында облыстық дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығы журналистерге арнап ұйымдастырған «Дін саласындағы зайырлылық талаптары мен құқықтық негіздері» атты біліктілікті арттыру курсында Асқар Сәбдин осы мәселені жіліктеп түсіндірді.

Ислам тарихында көптеген ағымның таралғаны мәлім. Діни секталардың сенім жүйесін зерттеген біраз ғалым бар. Олардың бірі –«Ислам мәзһабтарының тарихы» кітабын жазған египеттік Мұхаммад әбу Захра. Бұл ғалым саяси, радикалды, деструктивті ағымдар туралы көптеген мағлұмат жазған.Мамандар кітаптағы мағлұматтарды террористер ұстанымымен салыстыра келе, радикалды идеологияның бірнеше бағыты тереңге тамыр жайғанын айқындады. Соның ішінде харижиттік бүліктен бастау алған псевдосәләфилік идеологияның уыты қауіп төндіруде.

Асқар Сәбдин қазіргі кезде террористік жанкештілікке әлеуметтік тұрғыда әлжуаз, күнкөріс қабілеті төмен адамдар көбірек барады деген қасаң көзқарастан арылу қажеттігін айтты. Жалпақ тілмен баяндасақ, дүнияуи мәселелердің шешімін тапқан, төңірегін танып, ақыл тоқтатқан, санасына сіңіргенді сараптай алатын адамдардың өзі Сирия асуға бел буып, темір торға түскен.

– Радикалды топтарға қосылудың басты себебі жұмыссыздық, қаржының тапшылығы, білімнің жоқтығынан емес, діни идеологияның күшті ықпал етуінде болып отыр. «Жусан» операциясымен елге оралып жатқандардың арасында дәулетті отбасынан шыққандар, жоғары білімді түрлі сала мамандары, педагог қызметкерлер бар. Мәселен, Қазығұрттан басында баспанасы, астында көлігі бар мұғалім де лаңкестік ортаға кетіп қалды. Адасқандардың радикализмге ұшырауының негізгі себептерінің бірі – сәләфилік идеологияның ықпалы, – деді теолог.

Бұл ағым шырмауына түскендердің бәрі исламды елімізде тыйым салынған «Үш негіз», «Таухид кітабы» «Төрт қағида», «Күмәннан тазару» кітаптары арқылы танып білген. Асқар Сәбдин осы кітаптарды оқыған адамның санасы радикалды болуға бейімделе бастайтынын, басқа елден пәтуа алуға, тіпті сырттан бұйрық түскен жағдайда жиһадқа аттануға даяр тұратынын айтты.

Теологтің сөзінше, билігі әлсіз болған мемлекетте діни радикалдар қаптайды. Бұған Палестина, Ливия, Сомали, Ауғанстан, Пәкістан елдерінде болған және бірқатарында әлі күнге ушығып тұрған саяси, діни, әскери шиеленістер дәлел. Асқар Сәбдин көптеген елде бүлік шығаруға негіз болған «Сенім шеңбері» тұжырымының жүзеге асуы жөнінде баяндады. «Сенім шеңбері» бойынша сәләфшылардың діни ұстанымдарына сәйкес байсалды (мадхалит), шектеулі (сурурит) және радикалды (тәкфірлік) болып топталуына орай ақ, сұр, қара түсті үш бөлікке бөлінген. Криминалистика заңдылығы бойынша мемлекет саясатын жақтайтын байсалды ұстанымдағылар радикалды сенім иелерінің көзқарасын «жұмсартып», оларды өз қатарына жаппай тартуы тиіс еді. Тұжырым бойынша шеңбер сыртындағылар аталған тараптарға әсер ете алмайды. Шеңбер ішіндегілер біріне-бірі әсер етуінен ақтардың қатары ұлғаюы тиіс еді. Алғаш рет бұл тұжырымды 1990 жылдары халықаралық коалиция жүргізген «Шөлдегі боран» әскери операциясынан қатты әлсіреген Ирак ахуалын түзету үшін Саддам Хусейн қолданды. Бірақ «Сенім шеңбері» үмітті ақтамады. «Удың бетін у қайтарады» деген шеңберге енген Саддам Хусейн жақтастары, «Баас» партиясының мүшелері түгелімен радикалданды. Тұжырым кері салдарды туғызып, шеңбер тұтас қара түспен «боялды». Ал Саддам Хусейннің оң қолы болған, Ирактың ішкі істер министрі қызметін атқарған Иззат Ибраһим ад-Дуридің ДАИШ террористік ұйымын (Қазақстанда тыйым салынған) құруға атсалысқаны әшкереленіп отыр.

Асқар Сәбдин «сәләфилік» және «уахаббилік» ұғымдарының екеуі бір екенін анықтап айтты. Олардың сенім жүйесі, пәтуа алатын негіздері ХІІ-ХІІІ ғасырларда Дамаск қаласында өмір сүрген Ибн Таймия, оның шәкірті Ибн әл-Қайим, ХVIII ғасырда Сауд Арабияда өмір сүрген Мұхаммад ибн Абдулуаххабтың, бертінгі ғасырда уағыздарын таратқан Ибн Баз, Ибн әл-Усеймин, Әлбани, Фаузан секілді «шейхтарының» ұстанымдарына негізделеді.

– Елімізде террористік және экстремистік бабымен сотталғандар да, биыл Сириядан «Жусан» операциясымен оралғандарМұхаммад ибн Абдулуаһабтың «Үш негіз», «Таухид кітабы» «Төрт қағида», «Күмәннан тазару» кітаптарын оқығанын мойындайды. Жасырын жолмен ДАИШ ұйымына барып, Сирия жерінде діни ағым торына шырмалғандарға осы діни әдебиеттермен түсінік берілген. Діни ілім іргетасы дұрыс қалыптаспаған адам санасын жат пиғылдағылар тез улайды. Олардың сыртқы іс-әрекетіне, мінез-құлқына, «мемлекет саясатын жақтаймын, Елбасыға дұға етемін» деген пікіріне қарап, баға беруге болмайды. 2016 жылы Ақтөбеде террористік қылмыс жасағандар ұсталған кезде діни сеніміне қатысты тергеу жүргіздік. Бәрі бірауыздан елімізде мойындалған «Ханафи мәзһабындамыз» деп шыға келді. Діни ұстанымдарын жасырған соң қандай әдебиеттерді оқығанын сұрадық. Бірде-біреуі Әбу Ханифаның кітабымен таныс емес екені белгілі болды. Сәләфилік ағымның ақидасынақұлай берілген, радикалды идеология мықты әсер еткен адам мансапқа да, ақшаға да қызықпайды, ойлау жүйесі тұйықталып қалады. Сондықтан адасқандардың санасын өзгертумен жұмыстану қажет. Ол үрдіс оңай емес. Тіпті өзі саралай алатын жайттарға да қатысты пікірін айта алмайды. Сәләфилік ағымындағылар діни мәтінді тікелей қабылдайды да, негізгі ұғымды жан-жақты талдап, ой қорытпастан (шархтауға), бірден амал етуге кіріседі. Мәселен, Сирияға отбасымен аттанғандарға «От пен оқтың ортасына неге жөргектегі сәбиіңді, бала-шағаңды алып кеттің? Қай атаңнан көрдің ондай үлгіні?» деп сұрасақ, «Ол жағын ойламаппыз» деседі. Сондықтан радикализмнің түпкі тамырын тап басып, әшкерелеу керек. Біз айтып отырған «Сенім шеңбері» Қазақстанға да келіп жетті. Соның әсерінен барлық салада діни ахуалмен байланысты түрлі проблема туындауда,– деді Асқар Сәбдин.

Семинарда Дін істері комитетінің ақпарат және медиа мониторингі бөлімінің басшысы, дінтану магистрі Дианна Есенова БАҚ саласындағы терроризм мен экстремизм және діни тақырыпта жазылған материалдар жөнінде баяндады. Журналистердің оқырман тартамын деп, мақала тақырыбын негізгі өзегінен бұрмалап, «айқайлатып» қоюы қоғамға кері әсерін тигізетінін айтты. Сондай-ақ әлеуметтік желілердің пайдасы мен зардабын да саралап жеткізді. Әлі күнге терроризм мен экстремизм бағытында жазылатын сауатты, салмақты, сараптама материалдарға халық зәру. «Дүрбі» газетіндегі материалды талдаған Дианна Есенова журналистерге нақты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Семинарда Атырау облыстық дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы Мейірбек Құбышев журналистерге сертификат табыстап, бірге атқарар жұмыстарға табыс тіледі.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

меншікті тілші,

Батыс Қазақстан облысы

?

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close