Жаңалықтар

Жазасын өтеуші әйелдермен кездесті

Атыраудағы «Әйелдер колониясы» аталып кеткен УГ 157/11 әйелдер түзету мекемесінде 148 жазасын өтеуші бар. Атырау облысы Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша 2019 жылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру – ұлттық ұлағат үлгісі» шара аясында сотталушылармен «Рухани сұхбат» өткізді.

Шараның мақсаты – әйелдердің қоғамдағы ерекше орны мен рөлі туралы сырласу, олардың жеке рухани әлеуетінің дамуына ұлттық тәрбие жандануына ықпал ету, жат ағымның зардаптарын түсіндіру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттай отырып, Тәуелсіз еліміздің құндылықтарын кеңінен түсіндіріп, жазасын өтеушілердің рухын көтеріп, өмірге деген қызығушылығын, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру.

Шараны «Шапағат» орталығының бөлім басшысы Жаннат Жумагалиева ашып, қатысушы өкілдермен таныстырып өтті. Ашық сұхбатқа Атырау облысы Әйелдер істері және отбасылық демаграфиялық саясат жөніндегі бас инспектор, комиссия хатшысы З.Жалмурзина, Атырау қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Хабиева, «Шапағат» ҚҚ теолог маманы М.Рустамқызы және орталыққа жаңадан қызметкер ретінде жұмысқа орналасқан, қақтығыс аймағынан оралған отбасы мүшесі А.Тергеусізова қатысты.

Сирия қақтығыс аймағынан келген А.Тергеусізова дәстүрлі емес діни ағымдардың өз қатарларын толықтыру әрекеттерін, адамдарды алдап, жалған діни ағымдардың жетегіне енгізу тәсілдерін әшкерелей  өз ойын еріксіз көзіне жас алумен бөлісті.

Атырау қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Тауфихқызы ана ретінде нәзік жандылармен ашық әңгімелесіп, бала тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі, тағдырдың тәлкегіне түскен жанның жеңіске жету жолдарын айтып, болашақта бостандыққа шыққан кезде тікелей хабарласып, қолынан келгенше көмек көрсететінін айтып өтті.

Жиын соңында, жазасын өтеуші әйелдер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, көңілдері бір марқайып, рухани азық алғандарын жеткізді.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close