Жаңалықтар

Ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері Атырау мұнай және газ университетінің студенттерімен кездесті

Атырау облыстық ақпараттық түсіндіру тобының жұмыс жоспарына сәйкес, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры Атырау мұнай және газ университетінің студенттеріне «Дәстүрлі діннің қоғамдағы орны» атты кездесу өткізді.

Аталған шараға білім саласының ардагері, облыстық АТТ мүшесі Серік Сапанов, тарихшы, дінтанушы Ернар Абзалов, «Шапағат» Деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының маманы Айнұр Тергеусізова қатысты.

– Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады.«Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекеттік–конфессиялық қатынастарда зайырлылық моделін ұстана отырып дамуда. Қазақстанда қазіргі таңда 18 конфессияның мүдделерін білдіретін үш жарым мыңнан астам діни субъектілері ресми түрде тіркелген. Осындай діни саналуандық жағдайында дін саласындағы негізгі үдерістер мен үрдістерді елеп-екшейтін мемлекеттік саясатты жаңадан ой елегінен өткізуді күн тәртібіне қойып отыр. Зайырлы мемлекеттер діннің үстемдігіне де, дінді мансұқтауға да заң бойынша жол бермейді. Дегенмен, зайырлы мемлекет пен атеистік мемлекеттің арасын ажырата алмайтын жағдай ТМД елдерінде, қазақстандық қоғамда да жиі кездеседі,- деді Серік Сапанов.

А.Тергеусізова теріс діни ағымға арбанудың жолдарын слайд арқылы түсіндіріп, Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, қазіргі таңда «Шапағат» Қоғамдық қорына қызметке тұрып, жастарға, облыс тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізудегі мақсатын жеткізді.

Е.Абзалов: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жастар діни білім алу мақсатында шетелдік оқу орындарына көптеп барғанын білеміз. Шетелден білім алған жақсы әрине, жастардың жан-жақты шыңдалуына жақсы тәжірибе бірақ, дәл діни білім алуға келгенде қауіптенуіміз орынды. Себебі, шетелде діни білім алған жастар қауіп көзіне айналуда. Дін үйренемін деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын алып келуде. Ең өкініштісі, сол идеологияны өздерімен бірге елге әкеліп, басқа жастардың санасын улауда. Сондықтан, діни білім ізденгенде арнайы Қазақстанда бекітілген дін мамандарынан, теологтардан кеңес алуға шақырамын» – деді.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close