Сараптама

Уахабизм құбылысының қоғамдық санадағы іздері

Уахабилік «исламофобияның» құралы, мазхаб емес, ол – идеология. Оның күні де, модасы да бітті. Бүгін бұл идеологияның исламды бүркемелеуден, құбыжық қылудан басқа қызметі жоқ. Кешегі Саудияға пайдасы болса болған шығар, бірақ уахабилік бүгін Саудияға да үлкен қауіп. Оны өздері де әзірге сыбырлап қана айта бастады. Неге олар сыбырлап қана айтады себебі ол идеология сырттан таңылып келді. Мұхаммад Сайид Рамазан Бутии да «салафилік мазхаб емес, мүмкін ол ертеңгі құтты болашақтың баспалдағы шығар» депті. Уахабизм Батыс стратегиялық ориенталистік орталықтарының ойлап тапқан исламдағы «лютерандық жіктері». Мен бұл жерде терең теологиялық ойлар емес, уахабизмнің қалай ислам әлеміне «шайналып жұттырылғандығын» қысқаша айтпақшымын. Себебі Батыс бұл торды сонау он алтыншы ғасырлардан бастап, жүйелі түрде зерттеп, дамыта бастады.

1517 жылы Мартин Лютердің Виттенберг шіркеуінің маңдайшасына тоқсан бес баптан тұратын өзінің тезистерін асып кеткені мәлім. Лютер папа мен түрік екеуін «тажалдың» рухы мен тәні ретінде танытты. Папа құдайдың қаһарын христиан дінін бұрмалау арқылы, ал түріктер құдайдың жазасы ретінде бағалаған «Түріктердің соғысы туралы» еңбегін жазды. Осы әрекеті арқылы ислам халифатына Батыс болып түрегеліп, бірігуге ықпал етті. Алғашқыда Ватикан Лютерді жазғырғанымен, оның осы ерен еңбегіне бас иіп, кейіннен ислам әлемін бөлшектеудің озық үлгісі ретінде қабылдады. Оның лютерандық революциялық рухын алып, ислам халифатының тізгінін ұстаған Османлыға қарай ойысты. Сол мақсатта сырттан Батыс іштен, «ислам люрерандығының» уахабизм топырағы суарыла бастады. Арадан үш ғасыр өткенде бұл мақсат жүзеге асты. Әлі күнге жалғасып келеді. Бұл ойынды әрі қарай Батыс пен Шығыс сұхбатында исламды эпистемиологиялық мешеулікте қалдырудың таптырмас тұғыры ретінде дамытып келеді. Бұған ислам әлемінде қаншама революциялық рухтағы Маудидилер дайындалды. Мақсат ислам тұтастығын іштен, сырттан қатар әлсірету. Бұл ойынды Ресей де қолданды. Кешегі Кеңестік режим де қолданды. Себебі ориенталистика Шығысқа бағытталған тек құрал болып қала береді. Сонымен уахабизм, яғни исламдағы лютерандық тұғырдың сойылын соғып жүргендер кімдерге құрал болып келе жатқандығын сезінетін кез келе жатыр. Саудия оның ішінде «Мекке Мукаррама» бүкіл ислам әлемінің рухани орталығы. Сол орталықты уахабизм арқылы ислам әлемінен изоляциялап, керісінше сол орталыққа құндылық ретінде емес, тек қажылық парыз орындау жеріне айналдырды.

Уахабизм құбылысының әсерін олармен болған сұхбаттан нақты тануға болады. Мысалы «уахаби Октам» мен «ханафи Ұлықбектің» сұхбаты діни психологиялық, онтологиялық талдауларға сай сұрақтарға жауаптар беріп отыр. Кез келген жат пікір, тосын танымнан да пайдалануға болатын, өздеріне қарсы аргумент ретінде алатын қолданатын ұстаным шығады. Октам «мадхали, сурури, такфири» деп салафтарды бөлуге болмайды дейді. Бұл ислами теологиялық тұрғыдан дұрыс. Ал біздің елде осыларды арнайы бөліп, жіктеп, кейбірін ақтап арнайы тенденциялық платформамен ғылым жасап жүргендер бар. Олар неосалафилерді «умеренный», «радикальный» деп жасанды жіктеп танытады. Бұл жерде саяси мақсаттылық бар. Осы тұрғыдан елдегі салафтар арасына диалектикалық платформа бар екендігін көрсетті немесе жоғарғы топ саяси салафтар мен ақидалық салафтар арасында байланыс жоқ деген сөз. Немесе олар өзара қарсы жақта жүр дегенді көруге болады.

Содан кейін «ұстазсыз діни таным қалыптаспайды дегені» бүгінгі діни танымның қалыптасуының білім беру тәжірибесі негізінде жүзеге асатындығын көрсетеді. Діни таным ұстаздың бақылауымен болады. Діни білім алу-беру процесінде екі компонент шарт: ұстаз бен шәкірт. Сұрақ жауап, түсіну және түсіндіру, тексеру, сынақ, бағалау сол жерде болады. Ал кез келген мәтіннен, кітаптан, интернеттен яғни өз бетінше ұстазсыз алынған білімде діни білім процесінде жоғарыдағы компоненттер болмайды. Соның салдарынан қоғамда өзінше муфти болып патуа айтқыштар көбейеді. Бас басына би, муфти болады, адасады, исламға кір келтіреді. Сондықтан кез келген діни танымның орталығы ол — ұстаз.

Қазақстанда мысалы уахабистер бар, салафтар бар дейміз, бірақ олардың ұстаздары туралы, қолдаушылары мен демеушілері туралы айта алмаймыз. Мына сұхбатта Октам соны салаф ретінде бізге, дін зерттеушілері мен саяси құқықтық салаға айқайлап жариялап отыр. Екінші жағынан салафтардың Матуриди ақидасына пысқырмайтындығын көрсетіп берді. Расында салафтар Қазақстанда Матуриди ақидасына пысқырмайды. Ол деген сөз қазақтың діни тәжірибесі мен танымына, өткен тарихыңа да мұсылмандығына да қатысы жоқ деген сөз. Себебі олар өздерінің «таза ислам» өкілдері екендіктерін жариялап жүр.

Ақида — ұлттың, мәдениеттің діни санасынынң мәні, мазмұны. Яғни ақида — ол ұлттың болмысы. Ал салафтар осы негізге ашықтан-ашық қарсы. Осы сұхбат арқылы Октам өз тұлғасын да ашып берді. Бұл – бүгінгі несалафтардың бет пердесі. Содан соң олардың шаблоны тек қана діни таным: терминдері де куфр, ширк, бидғат. Бұлар адамзатты қоршап тұрған ғылым, өнер, музыка, салт-дәстүр, тарих сияқты басқа танымдарды мойындамайды. Бәрін дін алдында жоқ деп есептейді. Демек, уахабизм таным ретінде де, идеология болсын, ешқашан зайырлы қоғам қабаттары мен талаптарын мойындамайды. Бұл, әрине, психологиялық, діни танымдық, ревизиялық ұстаным.

Бұдан кейін екі жақ өз пікірлерімен кетуі заңды. Оны райынан қайтпады, қарсылық білдірді деп келесі жақты айыптауға болмайды. Бұл – діни танымның табиғаты. Ақиданың яғни діни танымның қатып қалған қағидалар мен ережелерден, догмалардан тұратындығы анық. Ақида иман негіздерінің адамдағы, санасындағы, танымындағы ақиқат деп тапқан идеясына айналады. Яғни сол жолдың оны Аллаға апаратынына сенеді деген сөз. Ол адам сол шаблонның ішінде. Қанша жерден ол таным дәстүрлі мұсылмандық түсінігімізге сай болмаса да сол жолдағы адамның жүрегіне қол сұғып, әмір береміз деу енді қиянат.

Ең бастысы, Алланы естен шығарма, жатсаң да, тұрсаң да, отырсаң да, жантайсаң да. Алланы тану басты шарт. Ал неосалафтар сол Аллаға апарар діннің ережелеріне таңылып, оған қалай құлшылық жасаймын деп дене әрекеттеріне мән беріп кетті. «Қолды кеудеге көтерем бе, жоқ әлде құлақ тұсына апарамын ба» деген сияқты. Аллаға салсаң ол сенің денеңе емес жүрегіңе қараймын деп тұр. Ал бізде салаф ахилар қайсысы парыз уәжіп деп қағидаларды қақыратып жатыр. Алланы тану, мәніне үңілу, ол туралы білімді ілімді жетілдіру үшін жүректі зерттесе құба құп. Біздегі жіктер Алланың сипаттарын өзара бөліп алып шауып жүр. Бірақ Алла, Абай айтпақшы, Алла сол біздің «Бар және Бір» деген танымымызға сия ма? Әркімге Алла танымы нәсіп ретінде берілгендігіне сенейік. Ол шексіз ақиқат. Тек менікі ақиқат, сол Алла деп теңдік қою, шектен шығушылық. Қала берді Аллаға қиянат болмай ма?

Ақ пен қара, жан мен тән, ақыл мен нақыл дегендер бүгінгі философиялық танымда мән мен құбылыс немесе форма мен мазмұн ретінде түсіндіріледі. Болмыс түсінігі осы жұптардың бірлігі арқылы қалыптасады. Құранда Алла тағала өзінің сөзінің мәнін адамзатқа бір соңғы пайғамбарды «себеп» қылу арқылы жеткізіп отыр. Әрине Алла — мұрат, Ол — мән. Бірақ өз сөзіне, мәніне адамды себеп арқылы ғана жеткізе алады. Себебі «себеп» қана адам ақылы мен санасына жол сала алады. Ал кейбір ахилар сол себеп пен салдардың өзін, яғни ғылыми танымның негізін ислам дінінен алып тастағысы келеді. Олар салдарын білмейді. Ал салдар болса, исламға емес, исламды христиандандыруға, бөлшектеуге алып барады. Батыстық дін диалогының негізгі мүддесіне қызмет етіп жатқандарын өздері білгенімен, мына жұрт қайдан білсін.

Діни фанатизмнің шегі — такфиризм. Егер сіз бір мешітте сопы, нұржы, уахабист, таблиғшы тағы басқа топтарменен бірге намаз оқи алсаңыз, ол бүгінгі діни психологиялық тұрғыдан қалыпты жағдай. Ал егер топ-топ болып, әр жамағат мешіті бөлек-бөлек болса, онда ол жерде береке кеткендігінің белгісі. Бұл «таассуб» яғни діни фанатизмнің шарықтау шегі. Осы әртүрлі жамағаттар қоғамдағы қандай да бір діни рәсімдер кезінде ҚМБД өкіліне мойынсұнса, онда қалыпты жағдай деген сөз. Бір дастархан басында әркім өз жолы мен ақидасын емес, ортақ платформада даусыз сұхбат әңгіме дүкен құрып отыратын болса, онда нағыз діни төзімділік бар, бұл да қалыпты жағдай. Егер бір мекемеде осы топ өкілдері жаға жыртыспай, менікі ғана дұрыс деп кеуде кермей, өзара сыйластықпен жүре алса, онда жалпы қоғамда «дін ішілік» төзімділік бар. Бұл ақылдың бірлігіне ишарат. Иасауи ілімінде осы деңгейден жоғары ахуалды яғни «табақтас болып отырған адамдар мейлі ол отқа табынушы, пұтперест, насрани, жөйт болса да» оған мән бермеген адам нағыз мумин, сол мұсылман деп қараған.

Бүгінгі зайырлылық ұстанымының да талабы осы. Мемлекет құқықтық ұстанымды негізге алған демократиялық зайырлы ел болғандықтан, кез келген мәселе тек заң шеңберінде қарастырылады. Мысалы мемлекеттік органдар еліміздегі неосалафилердің «тірі жарнамаларына», агрессиялық таным-түсініктеріне, өкілдік имам беделін мойындамайтын әрекеттеріне, Конституциямыздағы көрсетілген «ханафи мазхабын құрметтеу» ұстанымына деген құрметсіз қарым-қатынасына да толеранттылықпен, құқықтық, зайырлылық нормаларды барынша сақтап бағуда төзімділіктің шегін көрсетуде. Себебі, еліміздің кейбір өңірлеріндегі «уахабистік тенденциямен уланған» бауырларымыздың дені қандастарымыз мемлекеттік жүйені, құқықты, билікті, зайырлы ұстанымды ашық мойындамайтын пікірлерін еркін айтса да, билік бұған тек бақылау тетігін ғана қолданып бағуда. Бұл, мүмкін, мемлекеттің, бір жағынан, «исламофобия» құбылысына құрал болудан сақтануы немесе исламды өркениет негізі ретінде құрметтеуі болса керек. Қазір мемлекет тарихи ұстанымды негізге алып, діни тәжірибе, Ханафи мазхабы, Матуриди ақидасы төңірегінде дінге қатынасын дамытып, оң ықпал жасап келеді. Биліктің заңымызға «имам ағзам Әбу Ханифаның тарихи миссиясын мойындайтынын» тасқа басқан таңбадай жазғанын, зайырлылық ұстанымынан ауытқу емес, мемлекеттің өз тарихына, ұлттық дүниетаным мен мәдениетіне деген қамқорлығы, мәселені шешу тетігі деп білу керек. Мемлекеттік тұғыр мен қоғамдық платформа сосын сыртқы ықпалды әсерлер мен кері әсерлер орталығы да анықталуда. Бірақ осы құбылыстарды орталықтандырылған мемлекеттік және қоғамдық институттар талқысы арқылы талдау керек болып тұр. Ғылыми таным шешуші орынды алу керек. Осы құндылықтық аксиологиялық мәселе тікелей санаға, ұлттық негіз бен психологияға, рухани болмысқа қатысты. Таяу Шығыстағыдай уахабистік радикалды топтың Қазақстанда да кеңінен жайылып келе жатқандығы шындық.

Бізде де уахабистер потенциалды, қауіпті жамағат ретінде, шиизмге қарсы төзімсіз екендігіне назар аудартып отыр. Сонымен қатар бұл жамағат салаф ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының саясатын, мемлекеттің дінге қатынасын, еліміздің әлемдік діндер лидерлері сьездін шақырудағы мұратына да қарсы, оның ішінде барлық дін өкілдері келсе келсін, бірақ, шиға өкілдері көрінбесін деген тілектерін жеткізіп отыр. Бұл – Қазақстандағы уахабизм жақтастарының да тек діни танымы ғана емес тұтастай жахандық саяси форматта арабтар мен парсы диалектикасы, діни танымдық қақтығысында, Таяу Шығыстық саясатты негізге алатындығын көрсетуі жағынан өте маңызды топшылау. Бірақ шиизм мен салафизм диалектикасына плацдарм болатындай Қазақстанда тарихи негізде шиизм немесе салафизмнің діни танымдық, діни тәжірибелік арнасы, мәдени қабаттар бар ма? Себебі бұл танымдар қазақ мәдениетінің, діни тәжірибесінің тарихи сабақтастығында бұрын орын алған болса, онда қауіптенуге дабыл қағуға негіз бар деген сөз.

Бүгін шиизм танымына ие тарихи тұрғыдан елімізде тек ұлты әзербайжан бауырларымыз ғана бар. Олардан бұл топырақта саяси тұрғыдан шиизм мен салафизм диалектикасына құрал болатын потенциалды жамағат не танымдық платформа тағы жоқ. Болмаса, ҚМДБ құрамында да Шиға мазхабындағы тіркелген не мешіт, не жамағат жоқ. Тарихымызда да Шиға танымы мен саясаты ешқашан орын алмаған. Демек, қазақтар үшін Шиға танымы тамыры мен өткені, тәжірибесі болмағандықтан да, бұл топырақтан өз идеясын жаңғыртып, сол платформаға құрал не болмаса өкіл болатын қабат жоқ деген сөз. Демек ғылыми танымдық және социологиялық тұрғыдан бұл үрейдің немесе ескерту орынсыз болады. Бірақ, жахандық сахнада Таяу Шығыс үрейдің факторы болып тұрған бүгінгі таңда, бұл құбылысты жан-жақты талдап, екшеу – дұрыс бағыт. Себебі бұл мәселеге тек қана тарихилық принципімен қарасақ, онда құбылыстың, саяси, теологиялық, онтологиялық және жахандық қырларына назар аудармаған болар едік. Саяси жағы ол салафизмнің шиизммен қайшылығын, мазхаптар арасы диалектика, ымырасыздық ретінде ислам әлемінде көріктеп отырған орталықтардың оған құрал болып отырған «мұсылмандық психологияның реалдылығы» тағы бар. Теологиялық жағы екі мазхаб саяси таным ретінде, билікке таластың о бастағы тарихи тәжірибені еске салады. Онтологиялық қыры да «неосалафизмнің» шын мәнінде ислам әлемін «таза және бұзылған діни танымға» жіктеуші гносеологиялық, субьективтік психологиялық және идеологиялық орталықтары тағы бар. Жахандық жағы белгілі, жалпы ислам жахандық саясаттың орталық тақырыбы, исламофобия құралы ретінде белең алып барады. Демек, осы факторларды біртұтас алып қарастырғанымызда, жахандық саясат үшін шиизмнің қазақ топырағында бұрын соңды болып, болмағандығы қызықтырмайды деген сөз.

Шиизмнің орнын басатын басқа да танымдар неосалафизм үшін жеткілікті болып табылады. Енді салыстыру туралы тоқталсақ, Тәжікстан мен Өзбекстан – кешегі Мауреннахр кезеңінен бері ислам өркениеті дамуының орталығы. Тарихи, діни, ғылыми және мәдени қабаттар мен танымдық ағымдардың да бастауы, орталығы болған мекен. Солардың ішінде саяси тұрғыдан, суннизм мен шиизм қақтығысы болмаған. Бұған себеп, бұл топырақта сунни Матуриди діни танымдық ақида платформасының үстемдік етуі болатын. Ал енді қазір, осы елдерде де ИШИМ жақтастары көрініп, уахабилік тенденциясы белең алғалы, біртұтас платформада жіктер пайда бола бастады. Уахабилік жамағаты бұрыннан тыныштықта, үндестік пен үйлесімділікте ғасырлар бойы бірге тіршілік етіп келе жатқан мәдени, діни қабаттарды онтологиялық, діни психологиялық және әлеуметтік топтарға бөліп, өзіне қарсылас, «антитезис» субьектілерін іздеп табуға бейім екендіктерін көрсетіп отыр.

Қазақстанда да неосалафтар платформасы сопыларды кезінде тұқыртты, енді салафтар тарапынан ҚМДБ-ның да ресми ислам орталығы ретінде осы үдерісте айыптала бастауы ойлантарлық ахуал. Мәселе уахабизмнің қазақ төрінен ойып орын алып, енді қазақ арасынан сопылар мен шиға сияқты дәстүрлі қайшылық платформасын анықтау үдерісінде болып отыр. Уахабизм қазір Қазақстанда дамудың ғылыми саяси тетіктері мен орталықтарын өте шебер үйлестіріп үлгерген. Демек, Таяу шығыстағы сценариидің Қазақстанда қайталануынан күдіктенуге толық негіз бар деген сөз.

Шиизм мен суннизм арасында қайшылықты саяси тақырыптар бар. Сол тақырыптың ең бастысы ол имамат, яғни бірінші басшы мәселесі еді. Ол кейіннен теологиялық деңгейге көтерілді. Бұл мәселе араб, парсы және түріктердің тарихи тәжірибесінің де басты мәселесі. Енді сол мәселеге «салафизм мен дәстүрлі мұсылмандық» деген екі жақты ымырасыз диалектика қосылды. Бұл да араб, түрік және парсы мәселесіне айналып үлгерді. Өзгерген ештеңе жоқ, сол баяғы ислам әлеміндегі ойдың зынданы, тоқырауы манифестацияланып жатыр. Басқаларға «ойын керек», ал мұсылмандарға да «нәпсісін» дәлелдеу керек. Бала күнімізде үлкендер тарапынан ұйымдастырылатын «Кім қораз ойыны» естеріңізде болар. Мәнсіз мағынасыз ойын. Баланы өсіруге емес, жастайынан өзара өштесуге жеткізеді. Ал Сириядағы мәселе арап пен парсы емес, ол тікелей «Түркілерді төрт тарапқа тентірету» спектаклі, сценарийі. Ал біз қазақтар сол театрда рөл алуға дайындалып жатырмыз. Себебі біздің режиссерлардың сценарийлері белгілі болып қалды. Бұл спектакльді қоюға бұл елде ешқашан жол беруге болмайды. Дәл қазір қазаққа өте терең сабыр мен тағат керек болып тұр. Кез келген желп еткен самалға шайқалатындай «қурай» емес екендігімізді жұртқа да, өзімізге де сезіндіретіндей сынақта тұрмыз.

Ермұрат Назарұлы

kazislam.kz

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close