Жаңалықтар

«Иегова куәгерлері» ұйымынан шығып кеткен қазақ олар жайлы не дейді?

Дәл қазір елімізде дәстүрлі емес ислам ағымдарымен күрес қарқынды. Себебі де түсінікті. Әлем бойынша террорлық әрекет көбейіп, бір шеті елімізге де жетіп үлгерді. Ол ағымдар әбден зерттеліп, мүшелері анықталып, жұмыс бір бағытқа түсті. Ал олардан өзге діни ағымдар тасада қалып қойған жоқ па? Исламның жат ағымына кіргендердің санасында саңылауы барлары дәстүрлі дінімізге қайтып жатыр. Ал мүлдем басқа бағытты бетке алғандарға не болмақ?

Тәуелсіздік алғалы  қазақ жеріне қай ағым келмеді?! Кіргені ештеңе емес, тіпті заңды тіркеліп алып, ашық тайраңдап жүргендері бар. Олар қазақ қоғамын бөлшектеп жатыр. Салафиттердің саны 20 мыңнан асты деп байбалам салып жүргенімізде «Иегова куәгерлері» 18 мыңға жетіп қалған. Ең басты бөлімшелері бас қаламыз Нұр-Сұлтан  мен Алматыда, одан басқа үлкен бөлімшелері – БҚО-да, Қостанай мен ШҚО-да, Қызылорда мен Түркістан облысында. Яғни, төрт жағымызды түгел қамтыған.

Сурет ғаламтордағы ашық дереккөздерден

Terra libera  қорының төрағасы Ерғали Абишев «Иегова куәгерлері» ұйымы жайлы жаңа деректер айтып, әлеуметтік желіге тарата бастады. Ол былтыр Польшаның астанасы Варшава қаласында өткен Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы отырысында«Иегова куәгерлерінен» зардап шеккендерді қорғау жайлы жоспарымен бөлісті. Әсіресе, мемлекеттік құрылымдардың бұл ұйымға жұмсақ қарауы салдарынан ұйымда педофилия және басқа да адам құқықтарының қорлануы орын алып отырғанын ашына айтқан. Бұл жайында былтыр Орал қаласында «Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Қанағат Нұрмұхамбетов «Қазақстандағы сенім бостандығының сақталуы» тақырыбындағы  баспасөз конференциясында баяндаған  болатын.

 

Сәбилерді кім қорғайды?

 Өткен жылдың қазан айында Алматы қалалық  полиция департаментінің баспасөз қызметі «Иегова куәгерлері» ұйымының өкілдері жасөспірімдермен жыныстық қатынаста болды деп күдікке ілінгенін, соттың келісімімен аталған ұйымның ғимаратында тергеу шаралары  жүргізілгенін мәлімдеді. Тергеуге тұрғындардың шағымы негіз болған. Бірақ тергеу қорытындысы жайлы ешбір БАҚ-та ақпарат жарыққа шықпады. Себебі бұл істі де жылы жауып қоя салғанға ұқсайды.

– Terra libera  қорының төрағасы Ерғали Абишов «Иегова куәгерлерінің» ішкі нұсқаулығын жария етті. Онда балаларға күш қолдану жайлы айтылған. Бұл ішкі құжатқа 2019 жылдың 1 қазанында қол қойылған. Онда бұдан бұрын да бір құжат болған. Ол құжат жыныстық зорлық тұрғысынан балаларға,  тіпті қауіп төндіруі мүмкін. Бұдан бөлек, ол діни бірлестіктен шығып кеткен адамдардың ұйым «ақсақалдарының» (старейшины) кәмелетке толмағандарды зорлау деректері барын айтқан құжаттары бар. Қазақстанда аталған ұйымның «ақсақалы» өз көлігінде 13 жасар қызды зорлаған. «Иегова куәгерлерінің» балаларды зорлау дерегі бойынша әлемде 1065 сот ісі тіркелген. Олардың жоғарыда айтылған ішкі нұсқаулығында мұндай оқиға бойынша құқық қорғау құрылымдарына жүгінбей, өздерінің құқық бөліміне хабарласу туралы анық көрсетілген. Яғни, барлық балаларды зорлау оқиғалары ұйымның ішкі жүйесінде жасырылып келеді. Сәбилер қорғансыз қалуда, олардың одан кейінгі жағдайы белгісіз. Бұл – біздің қоғам, түгел ел үшін қауіп. Біздің балаларымызға үлкен қауіп-қатер төніп тұр, – деген еді «Регион ЕврАзия» газетінің бас редакторы Жанар Дәулетова.

 

«Иегова куәгерлері» ұйымының 200 мүшесін экстремистер тізіміне қосты

«Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Қанағат Нұрмұхамбетов «Иегова куәгерлері» діни бірлестігінің Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Тараз және Шымкент қалаларында өткен қоғамдық шаралары халықтың жаппай наразылығын туғызғанын айтты. Ақтөбеде олардың қоғамдық тәртіпті бұзуына қарсы шыққан тұрғындармен жанжалына полиция дәл уақытында араласып, тұтқындаған. «Иегова куәгерлерінің» қоғамдық орындардағы уағызына, үгіт-насихатына тұрғындардың наразылығы көбейген.

Үш жыл бұрын Алматыдағы «Иегова куәгерлерінің христиан орталығының» аймақтық діни бірлестігінің іс-әрекеті сот шешімімен үш айға тоқтатылған еді. Бірақ айыппұл төлеп құтылды. Ал Ресейдің жоғарғы соты 2017 жылдың 20 сәуірі күні бұл ұйымды экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын. Биылғы 7 ақпан күні Ресей билігі «Иегова куәгерлері» ұйымының 200 мүшесін экстремистер тізіміне қосты. Бұған дейін де біраз мүшесін экстремистік әрекеті үшін түрмеге қамады.

 

Қанша қазақ «Иегова куәгері»?

 1892 жылы Семион Козлицкий деген діндар Өскемен уезіндегі Бұқтырма селосына жер аударылып келіп, аталған ағым тарала бастаған. Әсіресе, сонау тоқсаныншы жылдарғы тоқырау тұсында «Сіз Құдайға сенесіз бе?» деп әр есікті тықылдатып,аса белсенді болған олар 18 мыңнан астам қазақстандықты өз қатарына қосып алған. Олардың 45 пайызы этникалық қазақтар екен, яғни 8 мыңнан астамы. Бұл деректі ұйымның орталық басшысы Полат Бекжан БАҚ-қа берген бір сұхбатында келтіреді. Олардың діни құлшылықтары қазақ тілінде өтеді екен. Мерекелерді тойламайтынын, қан құюға қарсы екенін көпшілік біледі.

Қазақстандағы «Иегова куәгерлері» заңды тіркелген десек те, бірізділік жоқ. Алматыдағы «Иегова куәгерлерінің христиан орталығы» аймақтық діни бірлестігі орталықтары саналғанмен, өңірдегілері –жеке заңды тұлғалар. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәліметінше, 59 жергілікті діни бірлестігі 2012 жылы қайта тіркелуден өткен. Ал қауымдар саны – 262. Өздерінің ресми сайтында қазақстандық мүшелерінің санын 17485 деп көрсеткен.«Қазақстанда халық саны 18 551 000 деп, «Иегова куәгерлерінің» халық санына қатынасы: 1 куәгерге – 1072» деп жазып қойған (?). Басты діни-әкімшілік орталығы АҚШ-тың Уорвик қаласында орналасқан. Ұйымның 2019 жылғы тамыз айындағы статистикасы бойынша, әлемде 8,6 миллион мүшесі бар. Еуропа мен АҚШ-ты қосқанда 200-ден астам елге таралса, Азия мен Африканың 25 мемлекетінде, Қытай, Солтүстік Корея, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Сауд Арабия, Иран, Ирак, тағы басқа елдерде тыйым салынған.

 

Шындық жоқ жерде – сұмдық көп

 «Иегова куәгерлері» қазақстандықтарға сот процесі арқылы танымал. Ұйымның бұрынғы мүшелері халықаралық діни ұйым ар-намысымызды таптады деп қайта-қайта сотқа берді.

сурет ашық дереккөздерден

Мақаланың басында айтылған Ерғали Абишев аталған ұйыммен соттасқанын егжей-тегжейлі баяндап берді.

Мен аталған діни бірлестіктен шығып бара жатып ұйымның «ақсақалдарына» (старейшины) менің отбасымды, әсіресе кәмелетке толмаған балаларымды бұдан әрі мазаламау жайлы жазып қалдырдым. Ал олар менің балама қоңырау шалып, психологиялық жарақат салды. Мен балама бұл жаңалықты хабарлап, түсіндіргім келді. Ол әлі кеткенімізден хабарсыз еді. Ол осы ұйымда жүргенімізде дүниеге келді. Барлық далбасаға («ахинея» деді өзі, авт.) сеніп келді. Ол стресс алмауы үшін жайлап, біртіндеп айтқымыз келді. «Ақсақалдар» кеңесі балама: «Сенің әке-шешең жолдан тайды. Сен де кеткің келе ме?» деген. Ол шок жағдайында маған жылап келді. Жұбатудан соң психиатрға апаруға тура келді. Мен қанша рет ескертсем де, қоңыраулар жалғаса берді. Соңында мен кәмелетке толмаған баламды дінге тартқандары үшін оларды сотқа бердім. Сотта олардың айыбы толық дәлелденіп, апелляциялық шағым түсірсе де сот шешімін өзгертпеді.

Польшаның астанасы Варшава қаласында өткен Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы отырысында  «Иегова куәгерлерінен» зардап шеккендерді қорғау жайлы айтып бердім. Ал діни ұйым бұл отырыста жыл сайын,керісінше өздерінің діни сенімдері шектеліп жатқаны жайлы баяндап келіпті. Бұл мені таңғалдырды. Себебі олар саясатқа мүлдем араласпайтын. Сайлауға қатыспайды, партияға өтпейді. Саяси қозғалыстарға, жиындарға қатыспайды. Саяси саммитте олардың делегациясын көру мен үшін қызық болды. Саммит үшін Қазақстандағы діни бостандық, соның ішінде «Иегова куәгерлеріне» қатысты кітапша шығарып алып барған. Кітапшаның ішінде өздерін сотқа тартып, құқықтары шектеледі деп ақпараттарды өздеріне тиімді етіп бұрмалап берген. Әрине, мұнда өздерінің кәмелетке толмаған балаларды ата-анасы қарсы бола тұра дінге шақыратындары жайлы айтылмаған. Қазақстанда  «Иегово куәгерлеріне»  әділетсіздік жасалады деген бағытта жалпылама жазылған. Кітапшаның төменгі жағында Варшавадағы саммитке арнайы шығарылғаны келтірілген. Ал әлем бойынша аталған діни ұйымның қаншама мүшесі әскери борышын өтеуге қарсылығы үшін түрмеде отыр. Себебі олардың діни ұйымдағы басшылары солай үйреткен, саясатқа араласпауды талап еткен. Әйтпесе, діни ұйымнан шығарылады. Ал басшыларының өздері саяси саммиттерге қатысып, саяси кітапшалар шығарады. Кітапша сол мүшелердің ерікті жарналары есебінен басылған. Бұл көп нәрседен хабар береді,–  дейді Ерғали Абишев.

«Иегова куәгерлері» діни бірлестігінің өкілі Теймур Ахмедов 2017 жылдың 2 мамыры күні «діни алауыздық тудырды» деген айыппен бес жылға сотталды. Алайда 2018 жылдың 2 сәуірінде Қазақстанның сол кездегі Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Теймур Ахмедовке  кешірім жасалды. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Ахмедовті қамауға алғаны үшін Қазақстан Үкіметін айыптап, оны ақтап шығуға араласқан…

 

Қой мен қойшы

Ерғали Абишев

 «Иегова  куәгерлері» құрамында жүргенімде мені бір ой мазалаумен болды. Бұл ойымды ары қарай дамытуға қорықтым, себебі ұйымның идеологиясына қайшы болатын. Олар уағыздарында куәгерлерді (ұйым мүшелерін) – қойға, «ақсақалдары» (старейшины) ментүрлі бақылаушыларын (надзиратель, поп, священник) қойшыға теңейді. «Қой өмір бойы қасқырдан қорқып өтеді, соңында қойшы жейді» деген грузин мақалы осы жерге дәл келеді. Қойшы қойды өзіне қажет болғасын бағады, қойдың жағдайы үшін емес. Иә, қойды қорғайды, жаяды, қорасын салады. Бірақ бір мақсатпен – етін жеу үшін. Және ол уақыт жеткенше қырқып, жүнін пайдаланады. Адамзат тарихында қойды өз ажалымен өлгенше қартайып баққан қойшы болған емес. Қой мен қойшы жайлы махаббат пен мейірімге мүлдем қиыспайтын мысалды аталған діни ұйым неге келтіретінін сол кезде неге ойламағанымды білмеймін? Ұйым басшылары еш жерде жөнді жұмыс жасамаған, алайда тұрмыстары өте жақсы, медицинаның ең жоғары жетістігін пайдаланатын адамдар. Олардың көзқарасы жағынан дұрыс мысал және оны санаға сіңіреді. Ұйым мүшелері ұйымға бар мүмкіндігін, уақытын арнап, тегін жарнамалап жүреді. Яғни, өзін қойша қырқуға, соңында құрбанға шалуға арнайды. Жеке басының жағдайы ең соңғы орынға ысырылып, ұйым мен басшыларының жайы ең жоғары қойылады. Осы жайлы ойлансаңдар, ұйым мүшелері,дейді Ерғали Абишев бір күн бұрын жариялаған бейнежазбасында. Ол ұйымның ішіндегі жағдай жайлы ашық айтылған бейнежазбалар сериясын жариялап келеді.

 Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

Durbi.kz сайтының редакторы

 

 

 

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close