Басты тақырыпКөкейкесті

Халық көргенді билік неге көрмей отыр?

(Құлсарылықтар Иегово куәгерлерінің көше аралап уағыз жүргізуіне алаңдаулы)

Иегово куәгерлері жайлы «Дүрбі» газеті мен durbi.kz сайтына «Иегово куәгерлері» ұйымынан шыққан қазақ олар жайлы не дейді?» тақырыбында мақаламыз шыққаннан кейін республика бойынша телефон қоңыраулары көбейді. Кей облыстар мақаланы өз облысындағы газеттерге жариялауға сұрап алса, кей жеке адамдар «иеговолықтар» туралы өз ойларын білдіріп, пікірлескісі, бізбен сөйлескісі келетінін айтып жатыр.  Солардың бірі- Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғыны Жамал (есімі өзгертілді).

Редакцияға телефон шалған Жамал аталған діни бірлестік мүшелерінің Құлсары қаласының көшесінде ашық уағыз жүргізе бастағанына алаңдаушылық білдірді. Құлсарыны бұған дейін де түрлі діни ағымдардан таза қала болды деп ешкім айта алмас.

Бұл жағдай туралы Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев хабардар екен. Басшы Құлсары қаласында оларды анықтау жұмысы жүріп жатқанын айтып, бізге Құлсары қаласына барып, жағдайды өз көзімізбен көруге ұсыныс берді. Сонымен аттандық Құлсарыға…

Біз Құлсарыға жеткен соң ойланбастан тіке базарға тарттық. Себебі әртүрлі діни ағым мүшелері адам көп шоғырланған жерлерді төңіректейтіні белгілі. Базарды біраз араладық. Сатушыларды сөзге тарттық. Қателеспеппіз, діни уағыз негізінен осы жерде көбірек жүргізіліп жатыр екен.

– «Иегово куәгерлері» Құлсары қаласындағы базарда былтырғы қыркүйек айынан бастап аралап жүріп уағыздарын жүргізе бастады. Бірі – ағылшын курсында сабақ беремін десе, бірі – медицина қызметкерімін деп танысты. Әр келген сайын «Қасиетті кітаптарының» бір бөліміне тоқталады. Айтуларынша, келешекте жер бетінде өлім болмайтын ұжмақ орнайды екен. Енді бір келгенде біздің қатарымызға қосылған бауырласымыз деп ақтөбелік егде жастағы әйелді ілестіре келді. «Атырау мен Ақтөбеде патшалық сарайымыз бар, сол жерден кітаптарымызды тегін алуға болады» деді. «Қаржыны қайдан аласыздар?» дегеніме «бәрі Құдайдың қалауымен болып жатыр» деп жауап берді. Барлығы да шеттен келгендер. Бірақ біртіндеп жергілікті қоғамға сіңіп барады. Ең қорқыныштысы осы, – деді   есімін жариялауға қарсы болған құлсарылық келіншек.

Бұл кісі де ашық уағыз күшейіп бара жатқасын интернеттен олар жайлы ақпарат іздеп, біздің мақалаға тап болғасын, Жамал сияқты редакциямызға хабарласқан екен.

– Діннен хабары шамалы адамды айналдырып алады. Күнде келеді. Өздері өте сыпайы. Әңгімені әріден бастап, біртіндеп іші-бауырыңа кіре бастайды. Келген сайын уағызын үдете түсті. Басында тыңдап көрдім. Соңғы келгенінде шыдамым жетпеді. «Одан да атадан жеткен дініңді осылай қастерлеп, Құранды тап осылай жаттап алсаң қайтеді» деп айқайға бастым. Сонда да еш реніш білдірмей кетті. Өздерін өте жақсы әзірлеген екен, –деп әңгімеге қосылған базардағы сатушы Күміс апа да уағызшылар жайлы көрген-білгенін айта бастады.

Міне, біраз адаммен сөйлескенде түйгеніміз – «Иегова куәгерлері» бірі – оқытушы, бірі сән – үйінде жұмыс істейді. Яғни, адам көп жиналатын орындарды таңдайды. Жұмыстарын өте жиі ауыстырады. Бұл түсінікті де – олар үшін жалақы маңызды емес, уағыз таратуға мүмкіндік тудыру маңыздырақ. Бірі – астаналық, екіншісі – қостанайлық, тағы бірі – петропавлдық. Өзіміздің қазақтың өрімдей қыздары Құлсарыда пәтер жалдап орналаса бастапты.

– Балаларымыздың басын қатырып жүрсе – ең қиыны сол. Себебі біреуі «ағылшын курсын жүргіземін» деді. Құлсарыға жаңадан келіп жатыр екен, құзырлы органдар неге алдын алмайды? Бәрі кеш болғасын, салдарымен күрес нәтижесіз болады. Бұған дейін тараған жат діни ағымдардың күш бермей кеткенін көріп отырмыз, – деді тағы бір сатушы.

– Уағыз айтушылар әбден дайындалған адамдар. Қандай сұрақ қойсаң да мүдірмей жауап береді. «Біздің дін Исламнан бұрын пайда болған. Қасиетті кітабымыз Құраннан бұрын түскен» деген сөздері діни білімі аз адамды біраз ойлантып, сеніміне селкеу түсірері анық. Жиі келіп, бір тақырып төңірегінде айта берген соң адамдардың қызығушылығы артары сөзсіз. Кәдімгі желілік бизнесті түсіндіріп жүретіндер сияқты, арнайы келіп, көп уақытын арнайды. Рухани иммунитеті жоқтар тұзаққа ілініп жатқанына сенімдімін, – дейді тағы бір сатушы Гүләйім.

Құлсарыдағы бесінші ауыл аталатын шағынауданда тұратын Қуандық Амановты (суретте) іздеп барып, жолықтық. Ағамыздың үйіне «Иегово куәгерлері» бірнеше рет келген. Айтуынша, Құлсарыдағы №4 және №5 ауылдарды жиі аралайды екен.

– «Олар әңгімесін «Жақсылықпен бөлісе келдік!», «Жақсылық ала келдік!» деп бастайды. Өзіміздің қазақтың жап-жас қыздары. Алдымен коммуналдық қызметтің қызметкерлері деп түсіндік. «Павлодар жақтыкіміз. Сұлулық салонында жұмыс жасаймыз» деді. Тілдері қазақшаға шорқақтау. Сетевой бизнестің адамдары деп ойлай бастадық. Менің мүгедектігімді көргесін бе, уағыздарын денсаулық жайлы бастады. Сол арқылымені баурап аламыз деп ойласа керек. Иса пайғамбар жайлы айтты. Әрі қарай тыңдауға құлқым болмай, бір Аллаға сенетін мұсылман екенімді айттым. Планшеттен бір видео көрсеткісі келді. Оны да қарамайтынымды білдірдім. Кетіп бара жатып қақпаға сайттары жайлы жазылған қағаз қыстырып кетіпті», – дейді Қуандық Аманов.Өткен жұма күні сол қыздардың бірі ауланың үстінен басын қылтитып қарап тұр. Қасына жігіт ерте келіпті. «Кетіңдер!» деп айқайладым. Алды-артына қарамай зытты.

– Көршілердің біреуінің үйіне соқпаған. Жолдасымның денсаулығында кінәрат барын білгесін қайталап келіп тұрғаны деп ойладық. 4-ауылдағы туысқандарымызға да екі қыз барыпты, – дейді Қуандықтың жұбайы.

– Жылыой ауданында өзге ұлт өкілдері аз. Олардың барлығы қазақ тілінде таза сөйлейді, дінмен әуестігі жоқ. Басқа діни ағымды өзге аймақтан келгендер таратып жатыр,– дейді құлсарылық Рашит.

Құлсарылықтар осылай деп көзімен көргенін айтып отырғанымен, жергілікті билік бұл жағдайдан бейхабар екен.

Діни ұйымның ашық насихат жұмыстары жайлы ресми мәлімет алмақ ниетпен Жылыой аудандық ішкі саясат бөліміне, одан әрі полиция бөліміне бардық. Бөлім басшылары орындарында жоқ, мамандар жауап бере алмайтынын айтты. Сөйтіп,ауданның барлық басшысын мәдениет үйінен таптық. Онда Жылыой аудандық полиция бөлімінің басшысы Ерболат Досмағұлов аудан тұрғындары алдында өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп беріп жатыр екен. Жиналыс аяқталғасын басшыларды ұстай алмайтынымызды сезіп, сұрақ қойып жатқан тұрғындармен бірге аудандағы діни ахуал жайлы сауалымызды қойдық.

Жылыой аудандық полиция бөлімінің басшысы Ерболат Досмағұлов

Полиция басшысы сауалымызға жауапты діни ағымдар бойынша бекітілген қызметкер,полиция капитаны Анарбек Бешеновтен талап етті.

– Құлсары қаласында «Иегово куәгерлері» діни бірлестігі тіркелген жоқ. Ал олардың Атырау қаласынан келіп-кету фактісі 2019 жылы тіркелді. 5-шағынауданда бір үйге барған, сайттарын көрсеткен. Биыл олардың уағыз таратып жүрген дерегі тіркелмеді, – деп жауап берді полицияның жедел уәкілі Анарбек Бешенов.

Ал ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гаухар Ахметова есеп беру жиналысы кезінде «түстен кейін келіңіз. Облыстық басқарма рұқсат берсе, ресми жауап беремін» деді. Түстен кейін барғанымызда орнында болмады, ұялы телефонын көтермеді. Біз аудандық ішкі саясат бөлімінен мемлекеттік құпияны емес, жұртқа жария жалпы мәліметтер беруін өтінген едік…

Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет

Құлсарыдағы жауапты органдардың кішкентай қаланың тыныс-тіршілігінен бейхабар отырғаны бізді қатты таңғалдырды. Жоғарыда айтылған полиция басшысының жиналысына Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет қатысып отырды. Аудан орталығында болып жатқан бұл жайттан хабардар болған әкім мырза  енді алдын алу шараларына кіріседі деп сенейік. Біз бұл сапарымызда жергілікті биліктің аудан тұрғындарына бөтен идеяны тықпалап,  жолдан тайдыруға жұмыстанып жүрген «Иегова куәгерлері» ұйымының заңсыз әрекеттеріне немқұрайдылық танытып отырғанына көз жеткізгендей болдық. Керісінше, редакциямызға хабарласып, ұл-қыздарының, жалпы қазақтың болашағына қатты алаңдап отырған жергілікті халықтың азаматтық белсенділігіне еріксіз риза болып, Атырау қаласына кері жолға шықтық.

P.S. Біз осы сапарымызда Құлсарыда жұмыс істеп тұрған ағылшын курстары мен жеке кеңселердің біразына кіріп шықтық. Алайда ол жерде біз іздеген ұйым кездеспеді. Кеше ғана көше кезіп, базар аралап жүрген «иеговолықтар» бүгін жер жұтқандай зым-зия болыпты. Бейнебір біздің шам алып, соңдарыңа түскенімізді біліп, індеріне тығылып қалғандай…

Құлсарыдағы мұндай әрекеттеріне түсінік алмақ болып «Иегово куәгерлері» ұйымының өздері айтқан «патшалық сарайы» – Атырау қаласындағы ғимаратына бардық. Қоршауы құлыптаулы, сайтта көрсеткен телефондары жауап бермейді, үнсіз…

Атыраудағы Иегово куәгерлері жиналатын ғимарат

«Бұл жерде үнемі отырмайды, өздерінің жиналатын уақыты бар» дейді «куәгерлерге» көршілес үйдің тұрғындары. Ешкіммен ешкімнің шаруасы жоқ, бейжай тіршілік… Ал Құлсарының көшесінде қазақты діннен бездіріп, өз қатарларына тартпақ болғандар жылы жимиып, кездескеннің іші-бауырына күлімсірей кіріп, жыландай арбап жүр. Және олар кім дейсіз ғой?! Өзіміздің қаракөз қазақ қыздары. Олар өздерінің адасқандарымен қоймай, өзі аз қазақты алдап-арбап, саналарын сансыратып, ата-бабамыз ұстанған мұсылмандық жолдан тайдырмақшы.

Біз Оралға жеткенде артымыздан, Құлсарыдан хабарлама мен суреттер келді. «Үйіме «Иегово куәгерлеріміз» деп екі қыз келді. Қазақтың қыздары. Біреуінің қазақшасы шамалылау. Қатты ашуланып, ұрсып-ұрсып жібердім. Менің сөзімді қабылдамады, күліп кетті» депті хабарламасында Құлсарыдағы №3 шағынаудан тұрғыны Халил.

«Әттеген-ай, екі күн бойы табанымыздан тозып, Құлсарының көшесін кезген бізге ол қыздар неғып кездеспеді!?» деп санымызды соқтық. Алайда олар туралы жинаған ақпараттарымыздың арасында қағынан безген сол қазақ қыздарының аты-жөндері мен суреттері бар. Кездесерміз бір күні…

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,

Орал-Атырау-Құлсары-Атырау-Орал

Редакциядан: 

Газет баспаға дайындалып жатқанда Жылыой аудандық полиция бөлімінен Құлсары қаласының көшесінде «Иегова куәгерлері» ұйымы мүшелерінің заңсыз миссионерлікпен айналысып жүріп, ұсталғаны айтылған хабар алдық.

Ағымдағы жылдың 10 наурызы күні Құлсары қаласы, 1-ші  ықшам ауданы, №28 үй,16-шы пәтердің тұрғыны Ақмарал Сүлейменованың үйіне екі әйел келіп, өздерін  таныстырып (есімдері белгілі себептерге байланысты айтылмайды), «Иегова куәгерлері» ұйымынан екендерін айтып, «Алла Тағала жоқ, Иса пайғамбарға сеніңіз!» деп үгіт-насихат жүргізген. Үй иесі А.Сүлейменова бұл туралы полиция бөліміне арызданған. Бұл дерек бойынша «Иегово куәгерлері» ұйымын насихаттап таратушы екі азаматшадан жауап алу барысында олардың миссионерлік қызметті тарату үшін жергілікті органнан ешқандай рұқсат қағазының жоқтығы анықталды.

Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы, 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылды. Заңды шешім қабылдау үшін жинақталған іс-құжат пен дәлел ретінде жазылып алынған бейне, аудио жазбалар Жылыой аудандық сотына  жолданды.

Енді Ислам дініне күйе жағып, дінінен безіп, жат ағымның сойылын соғып, миссионерлік қызметпен заңсыз айналысқан қаракөз қыздар заңды жазасын алатын болады. Біз Құлсарыдағы осындай заңсыз әрекеттерге тойтарыс беруге көмектесу мақсатында дабыл қағып, редакциямызға хабарласқан  Жамал мен Күміске және Гүләйім, Қуандық Аманов, Рашит, Халилге, сондай-ақ есімдерін айтқысы келмесе де ақпарат берген құлсарылық барлық қыз-келіншектерге алғыс айтамыз!

Салафиттердің саны 15 мыңнан асты деп байбалам салып жүргенімізде «Иегово куәгерлері» 18 мыңға жетіп қалған. Ең басты бөлімшелері бас қалаларымыз Нұр-Сұлтан мен Алматыда екені түсінікті, одан басқа үлкен бөлімшелері – БҚО-да, Қостанай мен ШҚО-да, Қызылорда мен Түркістан облысында. Яғни, төрт бұрышымызды түгел қамтыған. Қазақстандағы «Иегово куәгерлері»ұйымы  заңды тіркелген десек те, бірізділік жоқ. Алматыдағы «Иегово куәгерлерінің христиан орталығы» аймақтық діни бірлестігі орталықтары саналғанмен, өңірдегілері жеке заңды тұлғалар. Өздерінің ресми сайтында қазақстандық мүшелерінің саны – 17 485, қауымдар саны – 262 деп көрсеткен.

 

Ресейдің Жоғарғы соты 2017 жылдың 20 сәуірі күні бұл ұйымды экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын. Биылғы 7 ақпан күні Ресей билігі «Иегово куәгерлерінің» 200 мүшесін экстремистер тізіміне қосты. Бұған дейін де біраз мүшесін экстремистік әрекеті үшін түрмеге қамады. Қытай, Солтүстік Корея, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Сауд Арабия, Иран, Ирак сияқты елдерде бұл ұйымға тыйым салынған.

 

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close