Мақалалар

Қазақ ойшылдарының діни еңбектері

Біздің пайымдауымыз бойынша, ХІХ ғасыр қазақ даласындағы исламның таралуының 4-кезеңі. Бұл кезең 1824 жылғы «Ережелермен», 1866-68 жылдардағы  «Жаңа мизам» оқиғасымен, дүркін-дүркін өткен ұлт-азаттық көтерілістермен, одан қала берді ағартушылық дәуірінің басталуымен, патша үкіметінің миссионерлік-шоқындыру саясатымен тұспа-түс келген күрделі уақыт.

Үш жүздің басы бүтін түгелімен Ресейге отар болып, Орта Азия хандықтары да ақ патшаға қараған тұста Түркістан өлкесі үшін білімнің құбыласы – Бұхараның да ықпалы әлсіреген кез. Ислам әлемінің де аянышты хәлге түсіп, ғылым-білімнен артта қалған тұсы осы кез.  Ресейге қарайтын мұсылмандар үшін жаңа білімнің құбыласы құрылып, Қазан, Уфа, Троицк қалаларынан,  татар молдаларының қолынан білім алу белең ала бастады. Патша үкіметінің де ықпалы болды ма, Ресейден шен алған әр сұлтан, төрелердің жанына Қазаннан келген «указной» молдалар ертіп жүретін болды. Дайыр төре мен Қоңырқұлжа Құжаймендінің жанында, Құнанбай қажының ауылында, Ішкі Ордада татар молдаларының қарасы көп болғанын әдеби шығармалардан да, естеліктер мен тарихи құжаттардан да көп кездестіруге болады. Онымен қоса Ресей мұсылмандарының  мүфтияты ХҮІІІ ғасырда құрылып, Орынборда орналасқанын ескерсек, қазақ медресе жүйесінің, сауат ашу міндеттерін татар молдалары жиі атқарғанын аңғару қиын емес. Камарриден хазіреттен (Абайдың ұстазы) Құнанбай қажы тек тәлім ғана емес, пәтуалар да алып тұрғанын байқап қаламыз.

Осы кезең ислам дінінің ғылыми жағынан дамуының жаңа қадамы болды десек қателеспейміз. Осы орайда, сіздерге Абай хәкімнің қара сөздерінен, яғни «Ғақлия» және «Китабун Тасдық» еңбектеріндегі шариғат көрінестерінен мысал келтіре кетейін. Абайдың 13 қара сөзінде «Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ» делінеді.Барлық мұсылмандық үлгіде жазылған классикалық кітаптарда авторлар дәл осылай «иманшарт» яғни ақида(сенім) іліміне қысқаша тоқталады. Абай атамызда осы орайда әуелі иманның не нәрсе екеніне анықтама беріп келеді де «Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз» деп жалғастырады. Жоғарыдағы Абай атамыз келтірген иман сөзінің анықтамасы Қасиетті Құранның ережелері. Сондай-ақ, иманды екіге бөліп қарастыру дәстүрлі сенім мектептері (Әшғари, Матуриди) ережелеріне сай құбылыс. Абай иманның анықтамасын беріп, екіге бөлінгенін атап өткен соң «Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек» деп түйіндейді. Мына жерде біз ең әуелі сенім ілімін, оны оқытатын шариғат ілімін, оны сақтайтын жүрек (тассауф) ілімін анық көре аламыз. Абай тек лирикалық әдебиеттің ғана емес, қазақ дүниетанымындағы дін түсінігін айшықтай білген осы 4-кезеңнің ерекше тұлғасы. Абай оқыған Ахмет Риза медресесі де осы кезеңнің елеулі діни оқу орны болғанын да тілге тиек еткен жөн.

Ахмет Риза мешіт- медресесі

Ахмет Риза мешіт-медресесіне тоқталсақ, ХІХ ғасырдың 50-жылдарында Семей қаласынан ашылған мешіттің имамы Қазанның «Маржани» медресесін бітіріп келген Ахмет Риза деген оқымысты адам болған. Ол мешіттің жанынан шәкірттер тұрақты жатып оқитын медресе ашады. Аталмыш медресе имам Марджанидің әдістемесіне сүйенгені белгілі. Ал имам Шаһабуддин Марджани Бұхара медресесінің ең ұлық шәкірттерінің бірі,  атақты орта ғасырлық тариқат ғалымы сопы Аллаярдың шәкірті. Сондықтан аталмыш медресе барлық түркістандық медреселер сияқты үш негізгі білім -шариғат, мағрифат, тариқатқа екпін берген.

Қазақтың келесі алып ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 1884 жылы Қазан қаласынан «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегі жарыққа шығады. Ыбырай осы еңбегін баптарға бөліп, соның алғашқы бабын иманшартқа, келесі бабын шариғат ілімдеріне арнайды. Ыбырай атамыз осы еңбегінің кіріспесінде-ақ, қазақ жастарының арасында татарлану, одан қалса шоқыну процесінің анық белең алып жатқанына алаңдаушылығын білдіріп, қазақ тіліндегі діни дүниетанымның әдебиеттегі алғашқы қадамдарын жасайды. Абайдың еңбегімен салыстырғанда Ыбырайдың бұл кітабі ғылыми әдістемеге негізделген алғашқы қазақ тіліндегі шариғат еңбектері деуге болады.  Бүгінде көптеген мамандар бұл еңбекті классикалық ислам еңбектеріндегі кәнімгі «мұқтасар» (жинақ) әдісінде жазылған дүние деп баға береді.

Келесі Абайдан да салмағы асып туған Шәкәрім қажы да ХІХ ғасырдағы діни дүниетанымның орнығуына үлес қосты. Оның «Мұсылмандық шарты» еңбегі де қазіргі күнге дейін өзектілігін жоймаған құнды тұжырымдардың жиынтығы.  Кітап 1911 жылы  Орынбор қаласында басылып шыққан.

Шәкәрім Ислам дінінің басты қағидаларын, иман, ғибадаттарын қазақ тілінде халыққа түсінікті қылып жазып шығуды мақсат еткен. Ең әуелі иман шарттарына тоқталған. Аллаһ Тағаланың барлығына ақылмен ойлап иман келтіруге ерекше мән береді. Өз пікірін Құраннан, ғұламалардың пікірінен мысал келтіре отырып дәлелдейді. Адам кәлима айтқанмен, мағынасын түсінбесе, иманға есеп емес екенін ескертеді. Иман шарттарының ішінде Аллаһқа, оның бірлігіне, Пайғамбарларына, періштелерге, Аллаһ Тағаланың Пайғамбарларға жіберген кітаптарына, ақирет күніне, жақсылық, жамандықтың бір Аллаһтан екеніне және қияметте қайта тірілуге иман келтірудің әр-қайсысына жеке-жеке тоқталады.

Бұл ХІХ ғасырдағы ағартушы тұлғалардың еңбектерінен мысалдар мен қысқаша шолу ғана. Алдағы уақытта «Зар заман ақындары» жырларынан, сондай-ақ, Бөкей Ордасы аумағында тараған діни оқыту ерекшелігіне тоқтап, талдау жасайтын боламыз.

Ернар АБЗАЛҰЛЫ,

тарихшы, дінтанушы

Атырау қаласы

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close