Мақалалар

Шетелдің күмәнді діни оқу орындары

1991 жылы өз тәуелсіздігімізді алғаннан бастап Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттермен мәдени, саяси, экономикалық, т.б. салаларда өзара ынтымақтастық орната бастады.

Сол уақыттарда қол жеткізілген ынтымақтастықтар негізінде Қазақстан азаматтары шетелдік діни оқу орындарына барып, білім алуда.

Шетелдік діни оқу орындарын екі бөліп қарасытырған жөн. Біріншілері – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде меморандумға отырған шетелдегі танымал жоғары оқу орындары. Екіншілері – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы меморандумға отырмаған шетелдік діни оқу орындар.

Әрине, ҚМДБ меморандумға отырған шетелдік діни оқу орындарына білім алу үшін оқуға түссе болады. Себебі, олар дәстүрлі дінімізді үйрететін жоғары оқу орындары. Ал, Пәкістан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Иран, Катар, Кувейт, Йемен, БАӘ, т.б. сияқты мұсылман мемлекеттеріндегі күмәнді діни оқу орындарынан білім алып келген студенттер халық арасында деструктивті діни идеологияның таралуына себепші болуда.

Деструктивті діни ағымдар дегеніміз – дәстүрлі діндерден бөлінген, оларды дін ретінде мойындамайтын, жеке көзқарастарымен діни догматикаларын қалыптастырған, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы және қоғамдық құрылыстарға кері әсерін тигізуші, тар шеңберлі көзқарастағы адамдардан құралған топ. Деструктивті діни ағымдардың басшылары көбіне заңға қайшы келетін қылмыстық әрекеттерге барып, қарапайым топ мүшелерінің саналарын түрлі манипулияциялық амалдармен жаншып, тоталитарлық жолмен бағындыруға тырысады.

Міне, осындай шетелдік күмәнді діни оқу орындарында білім алған жастар отанына оралып, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратудың нәтижесінде Қазақстанның әр аймағында терролық әрекеттер орын алды.

Атап айтқанда, 2011 жылы мамырдың 17-інде Ақтөбедегі ҰҚК департаментінің ғимаратында 25 жастағы Рахымжан Махатов өзін-өзі жарып жіберді.

Бір апта өткен соң, 24 маусымда Астанадағы ҰҚК-нің тергеу изоляторы маңайында Ауди-100 маркалы көлігі жарылды. Тергеу жұмыстары жат ағымға ерген Сергей Подкосов есімді орыс азаматының жарылғыш затты іске қосқанын анықтады.

Ал 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласының тұрғыны жалғыз өзі террорлық әрекет ұйымдастырды. Оқиға барысында террористің ізін кескен екі полиция қызметкері қылмыскер қолынан қаза болды. 34 жастағы Мақсат Қариевті құқық қорғау қызметкерлері ұстамақ болғанда террорист өзін-өзі жарып жіберді.

2016 жылы Ақтөбе қаласында 5 маусым күні экстремистік көзқарастағы 26 азамат «Паллада» қару-жарақ-дүкеніне баса-көктеп кіріп, суық қаруларды ұрлап шыққан. Салдарынан, қару дүкенiнiң сатушысы мен оқиға орнына бiрiншi болып жеткен күзет қызметкерi қаза тапты.

Ал екiншi қару дүкенiне келген адам пышақ жарақатынан мерт болды. Жалпы алғанда, 3 бейбiт тұрғын көз жұмып, 2 адам жараланды. Жалпы шабуылдың салдарынан 9 адам қаза тауып, 38 адам әртүрлі дене жарақаттарын алды.

Бұл террорлық оқиғаларға итермелеген күш – шетелдік деструктивті діни оқу орындарының білімдері мен жат құндылықтары. Шетелдік күмәнді діни оқу орындарында тәкфирлік, радикалдық құндылықтарды үйретеді. Осындай күмәнді діни оқу орындарын тәмамдап келген азаматтар санасы таза жастардың миын улап, діни экстремистік идеяларды құю нәтижесінде трагедиялық оқиғалар орын алды.

Жоғарыда аталған террорлық оқиғалардың барлығы қазақ халқының тәуелсіздігіне, конфессияаралық татулығына, зайырлы құндылықтарына, қазақи болмыс және ұлттық дәстүрлермізге қарсы жасалған әркет болып саналады.

Қоғамда қалыптасқан құндылықтарға қарсы әрекет жасауға итермелеген кімдер деген сұраққа, әрине, күмәнді шетелдік діни оқу орындарында сабақ берген ұстаз, шейхтары деп айтар едім. Олар біздің жастарды уысына қалай түсірді деген сауал баршаны мазалайтыны жасырын емес.

Діни білім алу үшін жастарымыздың елеулі бөлігі мұсылман елдеріне жеке қорлар арқылы кеткен болатын. 2011-2012 жылдары дін саласындағы уәкілетті орган жариялаған мәліметтерге сәйкес мұсылман елдерінде діни білім алып жүрген жастардың жалпы саны 392 адам болса, соңғы үш жыл көлемінде олардың саны 300-ге жуық деген мәлімет айтылуда.

Орта Азия аумағында іс-әрекет жүргізген шетелдік қайырымдылық қорлар мен қоғамдық ұйымдар Қазақстанда да араб тілін оқытатын жаздық лагерлер, медреселер, колледж және университеттер ашуға демеушілік жасады. Олардың ішінде төмендегі қорлар ерекше белсенділік танытты:

— «Ислам жастарының ассамблеясы» үкіметтік емес ұйымы (Сауд Арабиясы Корольдігі);
— «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қайырымдылық ұйымының қоғамдық қоры (1998 ж., Кувейт);
— «Кәусар» корпоративтік қоры (2005, БАЭ);
— «Таиба» халықаралық қайырымдылық қоры (1993 ж., АҚШ, САК);
— «Әл-Бабтин» қоғамдық ұйымы (1993 ж., Кувейт);
— «Қатар қайырымдылық қоғамы» қоғамдық қоры (1997-2000 ж., Қатар);
— «Ибрагим бин Абд әл-Азиз әл-Ибрагим» қайырымдылық қоры (САК).

Аталған қорлар ауқымды қаржыларын пайдаланып, қазақстандық білім беру жүйесіне енуге ерекше талпыныс жасай отырып, еліміздегі жекелеген колледждер мен жоғарғы оқу орындарына материалдық және гуманитарлық демеушілік жасау арқылы олардың ішкі тәртібіне ықпал ету мүмкіндігіне ие болды.

Олар оқытушылар мен талапкерлер арасында діни тақырыптарда уағыз-насихат жүргізіп, өздерінің деструктивті идеологиялық құралдарын – әдебиеттер мен баспа өнімдерін тарата бастады. Мысал ретінде «Әлеуметтік реформалар қоғамы» («Жамият әл-Ислах әл-Ислами» – 2005 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соттың шешіміне қызметіне тыйым салынған ұйым) кувейттік қайырымдылық қорының елдегі мемлекеттік емес жоғары оқу орындарында псевдосәләфилік идеологияны насихатағандығын атап өтуге болады.

2000-жылдардың ортасына дейін жұмыс жүргізген аталмыш ұйымдар, сонымен қатар, дінге қызығушылығы мол азаматтарды шетелдік жоғары діни оқу орындарына бағыттау жұмыстарын жүзеге асырды. Ал шетелдік діни оқу орындарында сырттан келген студенттерге демеушілік көрсетілумен қатар, діни білім көбіне ақысыз негізде ұсынылған. Осындай әрекеттер арқылы азаматтардың мұсылман елдеріндегі оқу орындарына шығуының қарқын алуы және деструктивті діни идеологиямен ауыздануы басталды.

Сондай-ақ кейбір жастар діни білім алу мақсатында өз бетінше мұсылман елдеріне сапар шегетін үрдіс пайда болды. Қазақстан азаматтары Сауд Арабиясы Корольдігі, Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, т.б. елдердегі күмәнді діни оқу орындарына оқуға кетіп, шетелдік қорлар демеушілігімен қаржыландырылатын және деструктивті діни идеологияны насихаттайтын жеке оқу орындарына – марказдар мен хужраларға тап болып жатты.

Мұндай орталарға түскен ел азаматтары әдетте консулдық тіркеуге тұрмайды және Қазақстан Елшілігімен байланысқа шықпайды. Мемлекет тарапынан бақылаусыз, жасырын шетелдік діни оқу орындарына барған азаматтар экстремистік ұйымдардың ықпалына түсіп, террористік әрекет жасағандары да болды.

Жоғарыда аталған қауіптің алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан 2011 жылдардан бастап, тұрақты түрде жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан азаматтарының шетелге діни білім алу мақсатымен бақылаусыз аттануы біршама тежелді.

Діни білімге қызығушы азаматтар шетелдік діни оқу орындарына бармай-ақ, отандық білім ордаларына барғаны жөн. Қазіргі таңда елімізде діни факультеттер жұмыс істейтін 6 жоғары оқу орны бар. Олар – «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті.

Сондай-ақ 9 медресе-колледжде діни білім алуға болады. Олар – «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресесі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-коллджі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі.

Аталған отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуларына мол мүмкіндік береді.

Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз отанында оқытуға барынша мән беруі тиіс. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнар көздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қосатыны сөзсіз.

Ерзат ЖАҚЫПОВ,
Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын зерттеу орталығының»
бөлім басшысы

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close