Жаңалықтар

78 түлек Атырау облысы әкімінің білім грантына ие болды

Атырау облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова төрағалық еткен білім грантын тағайындайтын конкурстық комиссияның отырысы болды. Комиссия шешімімен жаңа оқу жылында 78 мектеп бітіруші облыс әкімінің тегін білім грантына ие болды.

-Басты мақсат- Атырау облысына қажет мамандарды даярлау. Білім грантары облыстық бюджет есебінен білім, денсаулық, ауыл шаруашылық және басқа да мамандықтар дайындайтын орындарға бөлінді. Биылғы оқу жылына білім грантын алуға үмітті 132 талапкер болды, – деді отырыста облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова (суретте).

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мəдениеті университетіне 6 грант бөлінді

Тегін білім алу бақытына ие болған 78 жастың 6-ы Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мəдениеті университетіне оқуға түсті. Енді грант иелері Айқоңыр Жоламанқызы, Бақдәулет Өмертаев, Мадияр Бекентайұлы, Мұхаммед Сағидоллаев, Ризагүл Зейнелғабит, Исатай Исламғали мақтаулы оқу орнынан білім алып, исламтанушы мамандығын алып шығатын болды. Бұл қуанышты бастама, яғни аталмыш университет бойынша білім гранты əкімдіктен биыл бірінші рет бөлініп отыр.

 

-Тəуелсіз, зайырлы мемлекетіміздің  болашағы мығым болуы үшін дəстүрлі дінімізді ұлттық құндылықтарымызбен қатар алып жүретін, жас ұрпаққа дінді дұрыс түсіндіретін білімді жастар аса қажет, – дейді Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев (суретте). – Қазақ жастарының  діни білімді болуы бүгінгі қоғамның басты талабына айналып отыр. Облыстағы діни ахуалға оң ықпал тигізетін факторлардың бірі – кадрлық саясаттың күшейтілуі.
Облыста имамдар корпусының сапасын арттыруға, әлеуметтік жағдайларын шешуге, олардың радикалды діни ағым идеяларына қарсы іс-қимылдарын белсендендіруге бағытталған қадамдар жасалуда. Осыған орай, 2017 жылдан бастап облыс әкімдігінің қолдауымен және жергілікті меценаттардың демеушілік көмегімен жергілікті тұрғындарды құрайтын мешіт имамдары мен теолог-мамандарын дайындау бағдарламасы іске қосылды.
Атыраулық студенттер Қазақстан және шетелдік ЖОО-да діни білім алуына қолдау көрсетілуде. «Нұр-Мүбарак» университеті, Ливандық «аль-Джинан» университеті, Татарстанның Ислам институты, Түркияның «Хасеки» академиясы, Башқұрт университеті және еліміздегі медресе-колледждерінде болашақ дін мамандары білім алуда. Соның ішінде өзіміздің «Нұр-Мүбарак» университетінің білім беру деңдейі жоғарылап, беделі артып отырғаны қуантады. Бұған аталмыш оқу орнында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны жыл сайын көбейіп отырғаны дәлел.
Білім іздеп облыстан аттанған алғашқы түлектер 2019 жылы оқуларын аяқтап, бүгінде қала, аудан мешіттеріне, Ақпараттық-талдау орталығына қызметке орналасты. Ал бұрыннан оқуын жалғастырып келе жатқан 40 студент және биылғы жылы оқуға түсуге ниет білдірген 30 талапкерге көмек берілетін болады. Бұл бағытта Атырау облысы әкімінің тікелей қолдауы мен жергілікті меценаттардың қаржылай көмегі облыстағы, жалпы еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығы мен еліміздің тыныштығын сақтауда үлкен ықпал отыр».

Басшы сондай-ақ тағы бір қуанышты жаңалықты жария етті. Облыс жастары тарапынан жоғары діни білім алғысы келетін сұраныстың көптігіне байланысты алдағы жылы  аталмыш университетке 20 білім грантын бөлу жоспарланып отыр екен.

Білім гранты тағы қандай мамандықтарға берілді?

Облыс әкімінің грантына ие болғандардың дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер. 78 жастың 27-і Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде, 3-і Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, 4-і М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, 6-ы «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде, 1-і Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық- техникалық университетінде, 1-і Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында, ал 36-сы Атырау мемлекеттік университетінде оқитын болады.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Дүрбі»
Комиссия отырысынан суреттер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close