Басты тақырыпЭксклюзив

Сириядан сал болып оралды…

(27 шілде 2019 жылы жарияланған)

26 шілде күні Ақтаудағы оңалту орталығынан «Жусан» операциясымен Сириядан елге әкелінген 3 әйел, 3 бала Оралға жеткізілді.

«Менің кесірімнен көп адам түрмеге түскен шығар мүмкін. Мұны енді түсіне бастадым. Мүмкін сол жігіттердің шешелерінің қарғысын Құдай естіп, сол себепті де мен осында шығармын. Аналардың қарғысы маған тиген шығар». Бұл – Ділмұраттың түрмеге түскен соңғы айтқаны.

Әйтсе де, ұстазсымақ Ділмұрат өзінің интернет арқылы берген уағыздарымен саналары уланып, Сирия мен Иракқа жиһадқа аттанып, сол жақта жер жастанған жүздеген қазақ туралы айтуға қаймығыпты. «Ділмұрат өз жақтастарын жиһадқа ашық шақырған жоқ. Десек те, Сирияға соғысқа кеткендер Ділмұраттың лекциялары мен уағыздарынан кейін соғысқа кету шешімін қабылдаған» дейді бір сұхбатында онымен сөйлескен Гүлназ Раздықова. Одан бері Ділмұраттың өзі де: «…көп адам түрмеге түскен шығар мүмкін» депті. Түскенде қандай!

Сириядан сал болып оралды…

Соның бірі – 2013 жылы әйелі мен үш баласын ертіп Сирия асқан Валихан Бекбауов (лақап есімі Валид) бүгінде Орал түрмесінде тергеуде жатыр. Ол соғыста жараланып, омыртқасына оқ тиіп, сал болып оралған…

26 шілде күні Ақтаудан Оралға ұшақпен жеткізілген үш әйелдің бірі – оның әйелі Саиданы ата-енесі мен анасы қарсылап алды. Біз келіні мен үш немересін қарсылауға келген қарияға жолықтық.

«Балам Валихан 2 ай болды, Орал түрмесінде жатыр…» деді көзінен жасын төккен әкесі Ибрагим Бекбауов (суретте)

«Кеткеніне бірталай жыл болды. Құдайдан тілеп, «келеді» деп күттім. Келінім мен үш немерем аман-есен келді бүгін. Алла бұйырса, балам шығар түрмеден… Балаларымнан айырылғаныма 6 жыл болды. Олардың аман оралғанына өте қуаныштымын. Мұндайды жауыма да тілемеймін. Адам баласын шайтан азғырады дейді ғой, жастықпен адасқан шығар… Кеткендердің көбі оралмай қалды Сириядан. Алла кешірсін оларды! Ендігі арманым – немерелерім оқып, өсіп, адам болып кетсе болды».

Валихан мен Саида елден кеткенде ең кіші баласы 10 айлық болған. Олар елде қалған ата-әжелерін танымайды. Кездескен сәтте еңіреп құшағына алған атасы мен әжесін жатырқап, тартыншақтады… (суретте)

«Біз Сирияға кеткенде «Бізге ол жақта еш кедергі болмайды. Жамылып киініп, қалағанымызды киеміз, «тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк»
болады деп ойладық», – дейді Саида.

Саиданы қарсылауға келген өз анасы Асылдар Алдиярова: (төмендегі суретте)

«Қызым Саиданы үш баласымен күтіп тұрмын. Осы күнге жеткізген Н.Назарбаевқа, Президент Қ.Тоқаевқа және құқық қорғау органдарының жігіттеріне рақметімді айтамын. Алланың нұры жаусын бәріне, Алла тілектерін берсін, жақсылық тілеймін бәріне! Біздің балаларымыз үшін жандары қалмай шырылдап жүр. Ата-ананың бақыты – бала. Сол бақытты оларға да тілеймін. Шүкір, балаларымыз аман келіп жатыр. Шүкір, шүкір!», – дейді.

Мергеннің нысанасы

Діни теріс ағымға еріп, Сириядан жұмақ іздеп кетіп, тозаққа тең от пен оқтың ортасына тап келіп, күнәсіз балаларының өмірін қатерге тігіп, аш-жалаңаш, жат жерде қаңғып қалған қандастарымызды Қазақстан жат жерде қалдырмай, жинап алды. Бір кезде «Намаз оқымаған кәпір. Мұсылман еліне барып, мырғамға батамыз» деп, елден жасырын шығып, тіпті өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, аялап өсірген ата-анасына да айтпай, елден қашып кеткендер бүгінде «Аллалап» елге әрең оралып жатыр. Тәуелсіз еліміздің басшылығы ұстанған көреген саясат оларға екінші өмір сыйлады. Жақсы өмірді аңсап кетіп, ақыр соңында не тапты десек, көрген азапты айтпағанда, денсаулықтан айырылғандары жетерлік. Солардың бірі – 53 жастағы Айкүміс (суретте) елге мүгедек болып оралды. Ол мергеннің әдейі көздеп атқан оғынан жаралы болыпты.

«Суға барғанымда мергеннің оғы санымды тесіп өтіп шығып, қасымдағы ер адамды жаралады. Ал-Холь лагерінде ота жасалдым. Сүйегім сынды, аяғымның сіңірлері құрысып қалды. Екі айдан соң сүйегімді ұстатқан темірлер алынуы керек. Содан соң емделемін», – дейді ол.

Айкүміс 2013 жылдың көктемінде одан бір жыл бұрын кеткен күйеуі Замирдың артынан Сирияға кетеді. «Бізде бала болмады. Ол жақта күйеуім қарсылап алды. Жылап-еңіреп, әйтеуір, жеттік-ау Сирияға! Алғашында бәрі жақсы болды. Кейін Кишмадан Бағузға дейін қатты қиындық көрдік. Жаяу әскер көрмедік, ауыр артеллерия болды ол жерде. Әсіресе, әуеден бомбалау қорқынышты еді…», – дейді ол.

Күйеуі Замир 2017 жылдың басында бомба түсіп, қайтыс болған. Одан соң Ресейдің Али деген қазағымен бас қосады. Күрдтердің лагеріне апарар жолда ол күйеуінен адасып қалады.

«Күйеуім бүгінде түрмеде отыр. Екі күйеуім де ДАИШ-тың құрамында болды. Біз кішкене қателік жібердік, асығыстық жасаппыз. Ол жақта не болып жатқанын көзімізбен көрдік. Саясат ол жақта, мұнайға таласып жатыр. Түсінбей жүрген «бауырларға» асығыстық жасамаңдар дер едім. Ол жақта басқа елдерден келгендерге жаман қарайды. Арабтардың тамақтары тоқ, ақшасы бар. Ал біздер, жан-жақтан келгендер, ашықтық, ақшамыз болмады. Мен баланың үлкенімін. Мен жоқта әкем қайтыс болыпты. Оны осы жаңа естіп отырмын… Анам бар. Бізді елге алдырған Елбасыға, Президентке рақмет! Қанша сәбидің, әйелдердің өмірін сақтап қалды. Өте разымын. Мен бұрын тігінші болғанмын. Емделіп алған соң ешкімге салмағымды салмай, жұмыс істегім келеді. Үкімет бізді Сириядан әкелуге қырауар ақша жұмсады, өте ыңғайсыз», – дейді Айкүміс.

Бүгінде сәләфизмді насихаттап, қазақ топырағында бірнеше мыңдаған псевдосәләфты қолдан жасап шығарған Октам Заурбеков, Ділмұрат Махаматовтар еліміздің түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Мамандардың пікірінше әрі құқық қорғау органдарының тергеу нәтижесінше, Қазақстанда жасалған террористік актілердің барлығы осы радикалды сәләфтардың қолымен жасалды. Алысқа бармай-ақ, өткен жылдары Фархат есімді жігіт бастаған ұйымдасқан псевдосәләфтар Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында полиция бөлімшесін жарып жіберуге дайындық үстінде ұсталып, сотталды. Олардың халықаралық террористік ұйым – ДАИШ-тың қара туын қолдан жасап, Жаңақаланың даласында көліктің төбесінен шығарып, желбіретіп жүрген суретін кезінде газетімізге жарияланбыз. Бұл адасқан псевдосәләфтардың қазақ қоғамына әкелер залалы қандай?

Псевдосәләфтардың қазақ қоғамына әкелер залалы қандай?

Ең сорақысы – олардың ұлттық құндылықтардан бас тартуы. Олар ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді, соның ішінде қазақ отбасының сыйласымдылығының алтын қазығы – келіннің үлкеннің алдында иіліп, сәлем салуын, өмірден өткендерге бата жасап, жеті шелпек пісіруін, тағы да басқа қазақты қазақ етіп ұстап келген ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптар мен ұлттық құндылықтарымызды мансұқ етуде. Қасиетті Құранда әке-шешеге қарсы шықпақ түгілі, «уф» деп айтпа»» деген исламның шартын
бел ортасынан сындырып, намаз оқымағаны үшін әке-шешесін «кәпірге» шығарды. Олардан ат құйрығын кесіп, аулақ кетті. «Жасыратыны жоқ, Сирияға соғысқа аттанған қазақстандықтардың барлығы – осы ағымның өкілдері», – дейді Гүлназ Раздықова.

 

Зайырлы, тәуелсіз мемлекетімізде бейбіт өмір сүріп жатқан халықтар арасына іріткі салып, исламды бұрмалау арқылы олардың жүрегіне асыл дініміздің пәктігігіне деген күмәнді тудырып отырған адасқан ағым – бұл псевдосәләфтарды қазақ әйелі өмірге әкелді. Қазақ әкесінің қанымен жаратылды. Олар анасының ақ сүтін борпылдатып еміп, тәй-тәй басты. Тіпті кейбірінің бесік жырын тыңдап, әжесі айтқан ертегіні тыңдап жатып, балбырап ұйқыға кеткеніне де шүбә келтірмейміз. Міне, ғасырлар бойы атадан балаға мирас болған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыздан құралған асыл құндылықтарды осылай тәрк етуге жеткізу – сәләфизмнің басты ұстанымы. Бұған олардың зайырлы мемлекетімізді мойындамауын қосыңыз! Бұл- айналып келгенде, ұлтымыздың тамырына балта шабумен және еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндірумен тең.

«Жусан» операциясымен елімізге бірнеше жүздеген қандасымыз оралды. Олардың басым бөлігі – балалар және олардың біразы ДАИШ құрамындағы ұлты басқа лаңкестерден туған балалар екенін жасырудың қажеті жоқ. Егер аналары қателескендерін шын түсініп, қазақтың қазығына шын орала алмаса, ол балаларды біз қалай тәрбиелейміз? Оларды нағыз ұлт жанашыры етіп шығара аламыз ба? Бұл сұрақ бүгінгі күннің ең бас ауыртар мәселесі болуы керек…

Адамды ақыл емес, сана билейді

Адамды ақыл емес, сана билейді. Санасы жат ағыммен уланған Сириядан оралған қандастарымыз ол жақта исламға жат неше түрлі зұлымдықтарды көріп, «адасқандарын түсінді» деп жатырмыз. Бұл, бір жағынан, күлкілі болуы да мүмкін. Себебі олар «қателестік» деп Сирияда көрген қорлықтары арқылы ғана қорытынды жасап отыр. Ал жылдар бойы санасын жаулаған сәләфизм идеологиясын қайда қоямыз? Уланған сананы
қалай тазартамыз? Ұлтымыздың қанына сіңген қайырымдылық, адамгершілік қағидасын жалау еткен «Жусан» операциясы өз миссиясын орындады. Бізге бүкіл әлем қызыға да, қызғана қарап отыр. Алайда мемлекеттің иығына түскен ендігі орасан зор міндет – жандары жаралы, өздерін Отан алдында кінәлі сезінетін, қазақ қоғамын жатырқап қалған оралушыларды сауықтырып, қатарға қосу оңай болмаса керек. Жақында Сириядан оралған, бүгінде адасқанын түсініп, теріс ағымдағы адамдарды сауықтыру ісіне араласып жүрген бір келіншек (Елім үшін деп жұмыс істеуге кіріскен ол үшін қуанамыз) Сирияда болған қазақ әйелдерін батырға теңеп жазды. Олардың соғысты басынан кешкенін, жат жерде бір-біріне қамқор болғанын айтты. Кез-келген адам баласы қай жерде болса да өзіне қатер төнгенде өз өмірі үшін күреседі. Сонда олар кімнің батыры? Қай соғысты басынан өткерді? Олар қазақ елінің басына күн туып, өз Отанын қорғауға аттанды ма? Керісінше, олар туып-өскен ата жұртын, Отанын сатып кетті емес пе? Міне, мәселеге осы тұрғынан қараған дұрыс. Оның үстіне Сирияда ақша үшін қазақ әйелдері бір-бірін өлтірді. Сондықтан Сириядан оралған әйелдерді батырға теңеу, оларды қоғамда үлгі ету алдағы уақытта ұлттық қауіпсіздігімізге төнетін тағы бір қатер деп ойлаймын.
Қысқасы, «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген бар. Біз адасып, оралған қандастарымызды кеудеден итермей, бауырымызға тартуымыз керек. Бұл бағытта мемлекет арнайы бағдарлама бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Бірақ оралғандардың араласатын ортасы бар… Және көрші-көлемі, таныстары, біздер бармыз. Жандары жаралы күнәсіз балалардың маңдайынан сипап, аналарын қатарымызға тартуға міндеттіміз. Себебі ел болып қалуды ойласақ, бұл – сіз бен біздің міндетіміз! Енді бізге одан басқа жол жоқ.

«Жылап-еңіреп, әйтеуір, жеттік-ау Сирияға!» деді Оралдан шығып, Сирияға жеткен кезін еске алған Айкүміс. Енді міне, сол «еңіреп жылап» елге кері әрең жеткен қандастарымыздың Отан алдындағы парызын оята аламыз ба? Бұл қиын сұрақ әрі өте қиын жұмыс.

Ұлдай САРИЕВА,
«Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close