Көкейкесті

«Балаңды өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле»

Бүгінгі жаһандану заманы қазақ ұлтының алдына орасан зор жауапкершілікті жүктеп отыр. «Ата – бабамыз ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында тар жол, тайғақ кешіп жүріп сақтап қалған ұлттық құндылылықтарымыз  келешек ұрпақтың санасына орнығып, өмірлік ұстанымына айнала ала ма?» деген сұраққа жауап беру қиындап бара жатқан сыңайлы…

Сан алуан көзқарастар  қақтығысы  орын алған мына  аласапыран заманда ұлттың ұлт болып қалуы – ұлттық тәрбиемізді, құндылықтарымызды, мәдениетіміз, тіліміз бен ділімізді берік ұстануды жалғастыра алсақ қана мүмкін.

Интернет дамып, оны әр үйдегі жасөспірімнен бастап, еңкейген кәріге дейін пайданала алуы қазақи санамызға сына қағып, ұлттық қазыққа берік байланған тиымдарды бұйдасынан шешіп, бұрын қазаққа белгісіз болып келген, ұлтымыздың туған табиғатына мүлде жат, шетелдің көлеңкелі, күңсік иісті, тәрбиеден жұрдай небір сұмдықтарын бойымызға сіңіре бастағандай. Көз көргенін ешқашан ұмытпайды… Мәселе – сол «көрместі» көргені үшін көзін де, өзін де күнәлі санар қазағымның көші бүгінде қайда бара жатыр? Балалар интернеттен қандай фильмдер көріп жүр? Интернет балаларды зорлық- зомбылық пен қатігездікке тәрбиелеп жатқан жоқ па?

«Қызды қияға, ұлды ұяға» қондырудың тәлім- тәрбиесін қазақтан артық қай ұлт білетін еді? Неге Қазақстанда бір жынысты некеге рұқсат берілуі керек? Бұл туралы мәселе көтерудің өзі – біздің қазақи болмысымызға жасалған алапат шабуыл емес пе? Сәбилеріміз бен қыздарымыз қашанғы педофилдердің жемтігі бола бермек? Міне, бұның бәрі еліміздің ертеңіне алаңдар ұлтжанды азаматтардың жүрегін ауыртып қана қоймай, ұлтымыздың асыл тамырына құрт түсіруге беттеген азғындық атаулыға қарсы тұруға ерен күш беріп, айтарлықтай қоғамдық қарсылықтарға ұласса, кәне?!

Бүгінгі қоғамда ашық тақырыпқа айналып, ұлттық тәрбиемізге ойсырата соққы беріп жатқан осындай келеңсіздіктерге етіміз үйреніп, қалыпты нәрседей қабылдау – түбі ұлттық құндылықтарымыздан айырылуға әкелмесе жарар!

Жастардың дінге ұмтылысы дамыған мына қоғамда ата-ана ұл- қызын қадағалай алып жүр ме? Діни теріс ағым уағызшылары интернет арқылы жастардың санасын улап, кері қайтатын жолдарды жауып тастап жатыр емес пе?

Перзенті үшін жанын беруге даяр, «Баламның аяғына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін қазақ емес пе едік? Балаларымыз неге қараусыз қалуда, балаларымыз неге отбасынан безіп, даладағы әлде біреулердің, жат идеялогиялардың сойылын соғып кетіп жатыр?

«Тал бесік – тәрбиеміз» отбасынан мектептегі тәрбиеге жалғаса алса, бала тәрбиесінде ата-ана мен мұғалім қоян- қолтық ынтымақтаса айналысса, осылай деп айтып қана қоймай, іс жүзінде ұлтымыздың болашағы жолында тер төксе, кәне?!  Адамдық асыл қасиеттерді бала бойына сіңіре білумен қатар, салт- дәстүрін берік ұстанатын ұлтжанды, халқы мен мемлекеті үшін қызмет ететін отаншыл ұрпақ тәрбиелеу меніңше, бүгінгі заманның басты мәселесіне айналып отыр.

Олай дейтініміз, соңғы жылдары деструктивті діни ағымды ұстанушылар қазақтың салт- дәстүрін мансұқ ету арқылы ұлттық құндылықтарымызға елеулі зиянын тигізуде. Олардың қатарына қосылған жастар арқылы қазақ қоғамына жік түсті. Ата – бабамыздан келе жатқан әдет- ғұрып, салт-санамызда саңылау пайда болды. Жеті шелпек тарату, ата- баба басына барып, зиярат ету, аруаққа құран бағыштау, келіннің иіліп сәлем салуы сияқты қазақтың ықылым заманнан ұстанған дәстүрін жоққа шығару түбі жақсылыққа апармасы анық.

Бір ұшынан тартсаң ширатылып шыға берер мұндай, басқа да өзекті мәселелер бүгінгі қазақ қоғамын  қатты алаңдатып отырғаны анық. Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие бере алсақ ғана олардың бойына ұлтына деген мақтаныш сезімінің дәнін сеуіп, нағыз ұлт патриоты болып қалыптасуына  қол жеткіземіз. Қазақта «балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Әр қазақ отбасы осы қанатты сөзге ден қойса, нұр үстіне нұр болар еді!

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»

 

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close