Сұқбат

Болатбек ҚОҢЫРБАЕВ, «Харекет» қайырымдылық қорының Атырау облысы бойынша еріктілер тобының басшысы: «Әр мың теңге баспанаға жұмсалады»

Көпшілігіміз құр парақтап қана өтетін кәдімгі «Фейсбук» талай жыл жоқшылық тауқыметін тартып, көрінген босағаны паналап жүрген қаракөздерімізді баспанамен қамтуға мүмкіндік жасайтын қайырымылық қорының өмірге келуіне себепкер болды. Құрылғанына жыл тола қоймаса да, осымен жиырма бірінші отбасыға баспана сыйлаған «Харекет» қайырымдылық қоры қазір әр қазақтың аузында жүр. Күні кеше ғана осы қор құрманғазылық отбасына баспана сыйлап қуантты. Жиырма жылға жуық уақыттан бері пәтер жалдап келген Гүлнұр Қасымова – жалғызбасты ана. Отбасында үш бала тәрбиелеп отыр. Бір перзенті мүгедек. «Бәрі түс секілді. Бұл  күнді көптен күткен едім. Арманым орындалды», – дейді Гүлнұрдың өзі. Игі істің басы-қасында жүрген «Харекет» қайырымдылық қорының Атырау облысы бойынша еріктілер тобының басшысы Болатбек Қоңырбаевпен (суретте) арадағы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз…

 – «1000 теңгеге – баспана» деген ұран қазір «ҚазНетте» ерекше танымал болып кетті. «Харекет» арқылы үйлі болғандардың шынайы тілектерін әлеуметтік желілерден көріп те, тыңдап та жатырмыз. Қор қалай құрылды? Азық-түлік емес, бірден баспана алып береміз деген батылдық қайдан келді?

– Қорымыздың Гүлмира Мұханқызы атты белді мүшесі бар. Өзі Астанада тұрады. Бірде «Фейсбук» желісін парақтап отырған Гүлмира желі қолданушысының қызықты постын оқиды. «Менің «Фейсбук» желімде үш мың досым бар екен. Сол үш мың  досым маған 1000 теңгеден жинап берсе, менде қанша ақша болады?» деген жазбаны оқып, ойға қалған Гүлмирада идея пайда болады. Осылайша, Гүлмира «Фейсбук» желісіне үндеу тастайды. Бастапқыда желідегілер қолдағанымен, жеме-жемге келгенде еш нәтиже болмайды. Көптің ішінен үш-ақ кісі жарып шығады. Оның бірі Алғадай Әбілғазыұлы есімді мешіт қызметкері. Екіншісі Алмагүл Мұханқызы атты бухгалтер еді. Көп ұзамай бұл топқа Қабдолла Қуатов атты теология ғылымдарының докторы қосылады. Өзара кеңесе келе, бастамашылар «Өнер қырандары» театрының директоры Мадияр Серікбаевқа өтініш жасап, бастаманы қолдауға шақырады. Қазіргі таңда олардың барлығы қордың құрылтайшылары. Араларында «Асыл арна» телеарнасының тілшісі Ардақ Байғабыл да бар.

«Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық қой. Ер азаматы қайтыс болған жесір келіншектерге өз алдына үй тігіп, алдына мал салып берген халқымыздың тамаша дәстүрі тарихтан белгілі жайт. Осы игілікті бізге неге жалғастырмасқа? Жетім-жесірлерімізді неге қамқорлыққа алмасқа?» деген ой осылайша «Харекет» қайырымдылық қорының ашылуына алып келді.

– Алғашқы үй қандай жағдайда алынды? Жалпы, қор алдына қойған мақсат-межесіне жете алып отыр ма?

 

– Қор жұмысын бастағаннан кейін алғашқы үш айда қор қазынасына 350 мың теңге жиналды. Белгісіз бір адам қор шотына 900 мың теңге аударып жіберді. Осылайша, алғашқы жиналған 1,5 миллион теңгеге бірінші баспана алынды. Бұл оқиға Жезқазған қаласына қарасты Сәтпаев поселкесінде болды. Шыны керек, бастапқыда көпшілігі бұл идеяны әдеттегі пирамида деп ойлады. Бірақ бірінші үй алынғаннан кейін халықтың қорға деген көзқарасы өзгере бастады. Осылайша, бірінші Алланың, екінші халықтың ықыласының арқасында аз уақыт ішінде айына бір үй алатын жағдайға жеттік. Десе де, ғажайыптың барлығы қасиетті Рамазан айында басталды. Ораза кезінде «Харекет» қоры төрт үй алды. Рамазаннан кейінгі Шәууал айында тағы да төрт  баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Қазіргі таңда аптасына бір үй алатын халге жеттік. Алдағы мақсатымыз күніне бір үй алатын деңгейге жету.

 

– Білуімізше, қор жұмысын бастаған сегіз айдың өзінде Атырауда бір емес, екі отбасы баспаналы болып отыр. Мұқтаж жандар қалай анықталады? Атырау бойынша қанша адам тізімге ілігіп отыр?

 

– «Харекет» қорының еріктілері еліміздің он төрт облысында да бар. Яғни жергілікті жерлердегі еріктілердің міндеті мұқтаж жандарды анықтау және сапалы баспана таңдау. Қазір менің есебімде 46 мұқтаж жан бар. Ол кісілердің барлығы да жетім-жесірлер. Арасында отбасында мүгедек бала асырап отырғандары да бар. Және олардың барлығы жаппай пәтер жалдап жүр. Тізімдегілердің 35-і Атырау қаласына тиесілі. Кейде мұқтаж жандар біздерді әлеуметтік желідегі жарнамалар арқылы да іздеп келіп жатады. Мұның өзі бізге керемет күш береді.

Ал Атырау бойынша бірінші үй Тасқала ауылынан алынды. Қор басшылығы Атырауға екі миллион теңге бөлді. Бұл ораза айы болатын. Лайықты үйді көп іздедік. Құны 4-4,5 миллион теңгеге бағаланған үйлердің барлығы біздің талабымыздан шыға қоймады. Негізінен, газ, суы тартылмаған немесе құрылысы ақталмаған үйлер сатылымға шығарылған екен. Сөйтіп жүргенімізде көңілімізден шығатын баспананы таптық. Үй 3,5 миллион теңгеге бағаланған екен. Үй иесімен саудаласа келе, құнын 2 миллион 800 мың теңгеге түсірдік. Бірақ қолымызда бары 2 миллион теңге еді. Сөйтіп, Атырау облысының бас имамы Батыржан Берденұлына көмек сұрап бардық. Бас имам бізді бірден қолдап, үй иесін шақыртып алды. Әңгімелесе келе, үй иесі баспананың негізгі құнын тағы да 200 мың теңгеге түсірді. Сөйтіп, бас имамның дәнекер болуымен ақшасы толық төленіп болмаған үйдің құжаттарын мұқтаж жанның атына рәсімдедік. Ғажабы сол, біз шығып кеткеннен кейін имамның қабылдауына кірген азамат зекет ретінде 600 мың теңге қалдырып кеткен екен. Сол ақша мұқтаж жанның баспанасын алуға жұмсалды. Осылайша, алғашқы үйіміз адам сенгісіз таңғажайып жағдайда алынды.

 

  • Сұхбатымызды қорытындыласақ…

 

– Ең бірінші, адамға жүректің тазалығы керек. Жүрегі таза адамның ісі қашанда оңға басады. Қазіргі таңда қор еріктілері өз арамызда «Әр күнімізді садақаға арнаймыз» деген ұран тастадық. Баспанамен қатар, мұқтаж жандарға киім-кешек, азық-түлік түрінде де көмектесіп отырамыз. Және бұл игілікті іс өздігінен жүріп жатыр. Халықтың ықылас-ниеті де керемет. Ендігі біздің мақсатымыз әр жұмаға бір үй алу. Жылағанды жұбатқан халқымыздың тамаша қасиеті болашаққа бастайтын темірқазыққа айналса екен дейміз…

Әңгімелескен Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші,

Атырау қаласы

 

Гүлнұр ҚАСЫМОВА,

жалғызбасты ана:

Жиырма жылға жуық пәтер жалдап келдім

Өзім Қызылқоғаның тумасымын. Атырауда жиырма жылға жуық уақыт бойы пәтер жалдап келдім. Бір перзентім бала жастан мүгедек болғандықтан, жұмысқа шыға алмаймын. Үкіметтің балаларыма тағайындаған жәрдемақысына күн көріп келеміз. Оның жартысы ай сайынғы пәтерақыдан ауыспайды.

Шілде айының жетісінде «Харекет» қоры арқылы баспана берілетінін естіп, төбем көкке жетті. Осындай қысқа мерзім аралығында көмек болады деп ойламадым. Бәрі түс секілді. Бұл күнді көптен күткен едім. Арманым орындалды. Мейірімді, иманды, қайырымды жандардың көмегімен Құрманғазы ауданынан үш бөлмелі кең үйге қол жеткізіп отырмын. Барша мұқтаж жандарға осындай қуанышты нәсіп етсін деймін.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close