Сұқбат

Талғат НЫҒМЕТОВ: «Оқушының парызы – білім алу»

Батыс Қазақстан облысында діни ахуал қандай? Біз осы сұрақты БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовке қойдық. Талғат Рақымұлына бұдан бөлек бірнеше сұрақты құшақтай бардық.

Талғат НЫҒМЕТОВ

БҚО дін істері басқармасының басшысы

– Талғат Рақымұлы, алдымен осы сұхбатқа келіскеніңізге алғыс айтамыз. «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген. Cізге келгендегі мақсатымыз айқын. Облыстағы діни ахуал туралы сұрап білсек дейміз.

– Жалпы облыста діни ахуал тұрақты. Түрлі этностар мен конфессиялар өкілдері арасында діни негіздегі қақтығыстар мен араздықтар тіркелген жоқ. Басқарма тарапынан діни экстремизм мен терроризмге қарсы халықтың иммунитетін қалыптастыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда.

Біздің облыста 8 конфессияны білдіретін 86 діни  бірлестік пен олардың  филиалдары жұмыс істейді. Бұлардың бәрі тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 146 адамнан тұратын дін мәселелері бойынша 14 ақпараттық-түсіндіру тобы бар. Оның біреуі облыстық, біреуі қалалық, 12-іс аудандық топ.

– Сөзіңіз аузыңызда, осы ақпараттық түсіндіру тобы мен имамдар корпусы туралы кеңірек айтып берсеңіз. Олардың құрамында кімдер жұмыс істейді? Білім-біліктіліктері қандай?

– Жалпы облыста 53 мешіт,  18 православ шіркеуі, 2 католиктік шіркеу, 9 протестант шіркеуі, 1 Ехоба куәгерлерінің дұға үйі бар. БҚО аумағында тіркелген  10 миссионер бар.  Олардың ішінде: Польшадан төртеу, 1  Филиппин, 1 Қазақстан азаматы, 3 Ресей Федерациясының азаматы және  азаматтығы жоқ 1 адам бар. Жоғарыда сіз айтып отырған имамдар корпусында 110 адам жұмыс істейді. Оның 26-сы жоғары білімді имам, 44-і орта білімді болса,  40-ы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Облыста 16 бас имам, 54 наиб-имам, 5 азаншы, 19 молда өз қызметтерін атқарып отыр.  Ал ақпараттық-түсіндіру тобында 146 адам бар. Оның 25-і теолог, 12-сі психолог. Қалған мүшелері түрлі саладан.

Сонымен қатар басқарманың негізгі бағытының бірі болған деструктивті діни ағым жақтастарын оңалту немесе қоғамдық құндылыққа бейімдеу шаралары тұрақты жүргізілуде. Осы орайда теолог мамандар деструктивті діни ағым жақтастарымен, «Экстремизм және терроризм» баптарымен сотталған азаматтармен профилактикалық шаралар ұйымдастырады. Ол шараларға жеке, топтық кездесулер, діни мазмұндағы түсіндіру жұмыстары және қоғамдық құндылықтарды насихаттауға бағытталған шаралар кіреді. Аталмыш шаралардың нәтижесінде деструктивті діни ағым жақтаушылардың діни ахуалы тұрақталып келеді.

   – Талғат Рақымұлы, міне, мұсылман қауымның сүйікті айы, қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Облыста осы қасиетті айды пайдалы өткізу үшін қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?

– Рамазан айына байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің жоспарына сәйкес баннерлер ілу, мешіт аумақтарын безендіру, ауызашар, тарауих намаздарын, Қадыр түні, Ораза айт, мәдени көпшілік және қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастыратын болады. Біз, сәйкесінше, бұл шараларға өз тарапымыздан мониторинг жұмыстарын жүргіземіз (жалпы діни ахуалға). Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жобаны орындаушы үкіметтік емес ұйымдардың жоспарына сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша өкілдігімен бірлескен мәдени көпшілік іс-шаралар өткізеді. Спорттық, білім  сайыстары дегендей. Бұл сұрақты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігіне қойып, толығырақ жауап алған дұрыс деп ойлаймын.

– Ораза ұстау демекші, қазір мектептегі бала да ораза ұстайтынды, намаз оқитынды шығарды. Осыған балаларды әзірге араластырмаған дұрыс емес пе?

– Қазіргі кезде мектеп қабырғасында ораза ұстаушы жастар көбейді. Кейде жастар ораза ұстағандығын сылтауратып, мектепке келмей, келсе де, сабаққа селқос қатысып отырады. Осыған байланысты мектеп мұғалімдері өз алаңдаушылығын білдіруде.

Мектеп оқушысының негізгі міндеті – білім алу. Яғни оқушының парызы — білім. Алайда өзін мұсылманмын деп танытқан адам үшін ораза да парыз.

Екі парыз тең келген кезде не істейміз? Егер бір парыз амал екінші парыз амалға кедергі келтірмейтін болса, онда екеуін қатар орындауда еш әбестік жоқ. Ескере кететін жайт — ораза ұстаушы өз денсаулығына, шама-шарқына қарауы тиіс. Егер ол әлі жетпесе де, ораза ұстайтын болса, сол арқылы өз денсаулығына зарар келтірсе, шариғат оған ораза ұстамауға рұқсат береді.

Жастарды мен ағын суға теңер едім. Оны бағыттап отырмаса, жарып өтуі мүмкін. Қазіргі уақытта жастар көптеп дінге бет бұруда, бұл дұрыс құбылыс болуы мүмкін. Алайда біз ата-бабамыз ұстанған сара жолды көрсетіп, еліміздің жанашыры, мынау өзгермелі заманға бейім, білімді қылып тәрбиелеу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірге білім беру ошақтары, ата-аналар, яғни барлығымыздың борышымыз деп санаймын.

  – Мен сізге тағы бір өзекті мәселеге қатысты сұрақ қойғым келіп отыр.  Қазір көшеде қаптаған халал мейрамханалар мен тамақтану орындары. Осы саладағы бизнес өрлеп тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Оларға халал сертификат алу деген түкке тұрмай кетті. Қандай талаптар бойынша осы сертификат беріледі?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал Даму» ЖШС — шариғат нормалары мен халал стандарт тәртібі бойынша стандарттау және сертификаттаумен айналысатын орган. Бұл жұмысты, аты айтып тұрғандай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарауындағы ЖШС жүргізеді.

Аталған органға сәйкес әр өңірде өз бақылаушылары бар. БҚО бойынша бұл бақылауды  Асылбеков Асхат деген азамат жүргізеді. Егер халал сертификаты бар кәсіпорын немесе тауар стандартқа сәйкес еместігін көрсеңіз, осы аталған өкілге хабарласып, өтініш білдіруге болады.

Толық ақпаратты «Халал Даму» ЖШС арнайы сайтынан білуге болады. Бұл мәселемен ҚМДБ айналысады.

– Әншілер мен блогерлер арасында қисынға келмейтін дүние бар. Бәрі шетінен қажылыққа барғыш. Бұл да біреудің бизнесі деседі. Қажылық та бизнес көзіне айналды. Сонда Құдайымыз қайда қалды дегім келіп тұр ғой сізге? Жүрек тазалығы, таза наным-сенім деген жоқ па сонда? Енді кімге сенеміз?

– Әнші де, блогер де жұмыр басты пенде! Жағдайың жетсе, бару -қажылықтың алғышарты.  Ешкім зорламайды. Бұл жүрек қалауы.  Жалпы бір жерден бір жерге сапар шегу – бұл шығын.  Қабылдаушы тарап өз жағынан күтіп алу, құрметтеу, қыдырту сияқты міндеттерді мойнына алады.  Егер сауапты істе біреулер өзінің үлесін қосып, содан риздығын тапса, ол да қылмыс емес, негізі.

Ең бастысы, қажылық жария ету, мақтаныш, әлеуметтік желідегі ұпай үшін жасалмауы керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қажылық бөлімі әр жылы қажылық миссиясын атқарып, сапар шегеді. Бұл миссияның негізгі қызметі – қазақстандықтарға дұрыс діни мағлұмат береді.

– Дін асау толқын секілді ғой. Бақылау болмаса, жартасты бұзып жіберу ықтималдығы жоғары. Осы саладағы әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы айта отырсаңыз. 2023 жылы қанша әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді?

– Өткен жылы діни қарым-қатынастар саласында облыста 13 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Әкімшілік істерді Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті анықтайды. Бәйтерек ауданының 3 тұрғыны ҚР ӘҚБтК0-ның 453-бабы 1-бөлігі,  453-бабының 4-бөлігі (әлеуметтік желілерде тыйым салынған экстремистік материалдарды жариялау), 490-бабы 1-бөлігі (дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу), Теректі ауданының 1 тұрғыны ҚР ӘҚБтК0-ның 453-бабы 1-бөлігі, Орал қаласының 9 тұрғыны ҚР ӘҚБтК0-ның 453-бабы 1-бөлігін, ҚР ӘҚБтКО-ның 489-бабы 10-бөлігін (тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу), 490-бабы 1-бөлігі, 3-тармағын (діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) тарату) бұзу фактісі бойынша сот қаулысымен кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 384 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төледі.

Тіркелген қылмыстық істер туралы айта аласыз ба?

– 2023 жылы облыста терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру бойынша 1 қылмыстық іс болды. Іс 256-баптың 2-бөлігі («терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру«) және ҚК 174-бабының 1-бөлігі («әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру«) бойынша қаралып, күдікті  5 жылға бас бостандығынан айырылды. Өкінішке орай, сотталушы — 11-сынып оқушысы. Өзі БҚО-ның тумасы. Ол интернет желісінде терроризм мен экстремизм идеяларын насихаттағаны үшін істі болды.

Сонымен қатар 2023 жылы деструктивті діни ағым жолында жүрген 37 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұрлық, бопсалау, тонау, алаяқтық және зорлау секілді аса ауыр қылмыстар да бар.

Аузына Алланы алғанның бәрі бірдей періште емес дейсіз ғой…

– Әрине, біз бәріміз де пендеміз ғой.

– Елдегі діни ағымдар туралы айтып беріңізші. «Иегова куәгерлері», баптистер т.б. ұйымдар бар ғой. Осы діни ағымдарды қалай бақылайсыздар, олардың құрамына кірген қаракөз қандастарымыздың саны қанша? 

– Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы аумағында исламдық, православиелік, католиктік, буддисттік, Ехоба куәгерлері және протестанттық бағыттағы (оның ішінде елеуіншілер, баптистер, жетінші күн адвентистер) 8 конфессияны құрайтын діни бірлестіктер тіркелген.

Өңірдегі діни бірлестіктердің қызметін талдау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жұмыстары атқарылады.  Визуалды бақылау бойынша Ехоба куәгерлері, елеуіншілер, баптистер, жетінші күн адвентистердің діни құлшылықтарына 650-850 адам қатысады, шамамен соның 35-40%-ы қазақ.

– Діни әдебиеттер сатылатын арнайы орындар белгіленген бе? Сенімді діни әдебиеттер қайда сатылады? Барлық діни ағым бойынша айтып кетсеңіз.

– Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы №483-ІV Заңының Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар атты 9-бабының  2-тармағында Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі деп көрсетілген. Яғни діни кітап сатқысы келетін адам жергілікті атқарушы органға электрондық үкімет арқылы өтініш білдіреді, өтінішке сәйкес дін істері басқармасы Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы стандартқа сәйкестігін тексеріп (станционардың орналасқан жері, кітаптар т.б.), Атамекен кәсіпкерлік палатасы, СПК Ақжайықтан сараптама қорытындысын алғаннан кейін  облыс әкімінің қаулысымен рұқсат беріледі.

Бүгінгі күнде  7 жерде рұқсат етілген. Олар Орал қаласындағы Фрунзе көшесі, 49, «Оптима» кітап дүкені, Әбілқайыр хан даңғылы, 153-үй, 66-үй-жай, «Книги» кітап дүкені, Құрманғазы көшесі, 150-үй, 100-үй-жай, «Книжник» кітап дүкені, Абай даңғылы, 105-үй, 13-үй-жайы, Абай даңғылы, 104-м, «Muslimstore07» дүкені  және Бөрлі ауданы Ақсай қаласы, Молодежная көшесі, 13, «Жарсуат» сауда үйі, Ақжайық ауданы Чапаев ауылы, Д. Қонаев көшесі, 64, «Жарқын» сауда орталығы, 24-үй-жайы.

 – 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң шықты. Қазіргі кезде аталмыш заңды өзгерту жоспарлануда. Сіз осы өзгерістерге байланысты өз тарапыңыздан қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Бұл заңның шыққанына 13 жылдай уақыт өтті. Заң шыққан уақытта актуалды мәселелерге жауап беріп, халықты қанағаттандырғанымен, қазіргі күннің түйткілді мәселелеріне тойтарыс бере алмай отырғаны рас. Себебі жыл өткен сайын қоғам өзгеруде. Қоғаммен бірге деструктивті діни ағымдар да өзгеріп, өздігінше дамуда. Осы орайда заңға деструктивті діни ағым ұғымын енгізіп, оны ашықтау керек. Яғни қандай діни топ деструктивті ағымға жатады, қандай діни топтарға заңмен тыйым салынғандығын нақтылау керек. Соның ішінде «салафизм» ағымына заңмен тыйым салып, олардың ел ішінде емін-еркін таралуына тойтарыс қою керек.

Сонымен қоса радикалды топтар арасында әйел адамдардың бетін тұмшалауы (паранжа, ниқаб) жиілеп кетті. Соның себебінен еліміздің тұрғындары асыл дінімізден шошып, діннен теріс айналуда. Осы орайда әйел адамдарға бетті тұмшалауды тыятын заң шығаруымыз қажет.

Радикалды топтарға қарсы күрес кезінде алдыңғы шепте жүретін адамдар – мешіт қызметкерлері. Себебі діни радикал, ең алдымен, бес уақыт намазын мешітте оқиды, жұма күндері мешітке барады. Сол кезде онымен ең алғаш байланыс орнататын – имамдар. Біз оңалту шараларында имамдарды тиімді пайдалануымыз қажет. Өйткені олар дәстүрлі дінімізді насихаттауда. Идеологиялық жұмыстарды аянбай атқаруда.

Алайда имамдарға мемлекет тарапынан жалақы бекітілмеген. Түркі елдерінің ішінде әлемдік аренада алпауыт елге айналған Түркия елі өз имамдары мен мүфтиятының беделін заңмен бекітіп, деструктивті діни ағымдарға қарсы күресте имамдарды тиімді пайдаланып, оң нәтижелер шығаруда. Біздің еліміз діл, тарих, дін тұрғысынан Түркия елімен ұқсас келеді. Сондықтан деструктивті діни топтармен күресіп, өзіміздің дәстүрлі дініміздің тұғырын нық қылу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының беделін заңмен нығайтуымыз қажет.

Қазір діни радикализм тым қатты жасарып кетті. Өткен жылдары діни радикализм 18-25 жас аралығында болса, қазіргі таңда 14-25 жас аралығындағы жасөспірімдер діни радикалданып кеткен. Бұның бір себебі – мектеп қабырғасында фундаменталды діни сауат беретін пәннің болмауы. Кезінде дінтану пәні 9-сынып оқушыларына міндетті пән ретінде оқытатын еді. Алайда ол сабақты тарих пәні мұғалімдері беретін. Олардың өзінде діни білім болмағандықтан, оқушыларға теріс діни ақпарат беріп, балаларды үлкен қауіпке итермелеп жатады. Ал бүгінде дінтану пәні «Жаһандану» пәнінің ішіндегі қосымша бір пән ретінде ғана оқытылады. Бұл дегеніміз – оқушы мектеп қабырғасында бастапқы діни ақпарат алмай шығады деген сөз. Мектеп қабырғасынан дұрыс ақпарат алмаған бала өзіне қажетті ақпаратты ғаламтордан іздеп, нәтижесінде күмәнді сайттарға тап болып, теріс діни топтардың жетегінде кетіп жатады. Сол себепті мектеп қабырғасында діни сауат беретін курс ашу керек немесе дінтану пәнін қайта жаңғырту қажет. Әрі ол пәннен діни білімі бар мамандар беруі тиіс. Сол кезде бала оқушы кезден бастап дұрыс діни ақпарат алып өседі. Осы орайда Білім министрлігі мектептегі дінтану пәні мәселесін қайта қарау керек. Сондай-ақ Дін істері комитетімен бірлесе жұмыстану қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Редакциядан: Дінді саясатқа айналдырып, қолындағы қаруы ретінде жұмсау кейбір елдерге тиімді шығар. Әсіресе, бүгінгідей ақпарат заманында дін өте қауіпті қаруға айналып барады. Басқарма басшысының діни радикализм жасарып барады деп қапаланып отырғаны да осыдан. Себебі қазір әлеуметтік желі арқылы дін жолындағы адамдарды бай, ауқатты етіп көрсету, сол арқылы жастарды еліту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Мен сондай бай болғым келеді, шет елде тұрғым келеді» деген жастар солардың тікелей эфирлері мен сабақтарын жібермей тыңдайды. Ал олар өздерінің өткізген курстарында  жымысқы саясатын жастардың миына жасырын құйып келеді. Мұны мемлекет өзі бақылауға алмаса, бір басқарманың шеше алмасы анық…

Жанат КӨШКІНБАЙ,

«Дүрбі»

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close