Руханият

Ләззат ШАҒАТАЙ: «Мақсатым – заманауи ұлттық киім тігу»

Оралдық қолөнер шебері ұлттық нақышта киім тігіп, ұлттық құндылықты дәріптеп, қазақ аналарының жолын жалғап келеді.

Бүгінде түрлі ою салып, шапан тігіп, кәсіппен айналысып отыр. Отандық өнім жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие. Үйдегі шағын шеберханасында өзі ғана қызмет етеді. Біздің кейіпкерімізді батысқазақстандықтардың дені жақсы таниды. Ол – біраз жыл облыстық «Орал өңірі» газетінің журналисі болған Ләззат Шағатай.

Ләззат –  Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылының тумасы. Бір қызығы, оның негізгі мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі.

– Ауыл мектебін аяқтаған соң Алматыға барып, журналистикаға оқуға тапсырғым келді. Бірақ әкем қарсы болды. «Сен жалғыз қызсың, алысқа қалай жіберемін? Ол жерде ешкімің жоқ» деп жібермеді. Мамандықтың төресі «мұғалім» деп, мені көндірді. Оралдағы Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих факультетіне оқуға түстім. Сол кезде-ақ қоғамдық ұйымдарда жұмыс істеп бастадым. Студент кезімнен жан дүнием бұл сала, мамандық жаныма жақын еместігін түсінді. Ішімдегі қайшылық мүлде қаламады. Тек ата-анамның қалау үшін ғана оқыдым десем болады. Солар үшін жақсы оқуға тырысып, үлгілі болып, тек ата-анама ұнау үшін өмір сүрдім, – дейді шебер.

Ол бүгінде ұлттық нақышта заманауи киім үлгілерін ұсынатын «Shagatai collection» брендінің негізін қалады. Дегенмен мұғалімнің қалай журналист атанғаны, кейін шебер болғаны да қызықтыра түсті.

– Қоғамдық ұйымдағы жұмыс мені ширата түсті. Сол кезде қабілетім жан-жақты ашылып, таныла бастадым. Уақыт өте келе өзімді мемлекеттік қызметте сынағым келді. Өмірдің түрлі кезеңі бар. Сынақтан өтіп, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып шыға келдім. Бұл қызметте де «менікі емес» деген сезім болды. Өзімді торға қамалған тоты құс секілді сезіндім. Балалық шақтан шығармашылықпен айналысып қалғасын төрт қабырғаға қамалып, кабинетте отыру менің ішкі әлеміме мүлдем қарама-қайшы еді. Бала кезімнен «Ұлан» газеті, «Балдырған» журналына мақала жазып жүрдім. Кейін «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Алтын орда» басылымдарына материалдарым шыға бастады. «Айна» мен «Жайық спорты» газетінде тілші болдым. Маған ойымды қағазға түсіріп жеткізген ұнайтын. 2011 жылы «Орал өңірі» газетінен Ғұмар Қараш атындағы байқау өтіп жатқанын көріп, материал тапсырдым. Нәтижесінде жүлделі орынға ие болып, «Орал өңірі» газетіне  жұмысқа орналастым. Төселдім, тәжірибе жинадым. Ел таныды. Журналистикада қалай илейсің, солай көрінесің, – деген кейіпкеріміз қолөнерге бет бұруға тұңғышы себеп болғанын айтады.

Шебердің қолынан шыққан туындылар көздің жауын алады

– Қыз баланың тұрмыс құрып, әйел, ана атанғасын айналаға деген көзқарасы түгел өзгереді. Бала дүниеге келгеннен бастап «аналық инстинкт», яғни баланы қорғау сезімі пайда болады. Маған да «Баламды қалай қорғаймын? Қалай өсіремін? Қалай тәрбие беремін?» деген түрлі ой келді. Тұңғышым қызымның тәрбиесіне қосқан титтей де үлесім болсын деп, қолдан қуыршақтар тоқи бастадым. Кез келген бала кішкентайында ойыншықтарды бөлшектеп сындырып тастайды. Ал қазір ойыншықтың дені қауіпті, пластмасса. Қызым үшін тісіне зақым келмейтін, гипоаллергенді мата мен жіптен қуыршық тіге бастадым. Кейін ұлым дүниеге келгенде тігіншілерді үйге шақыртып, тігіннің қыр-сырын арнайы оқи бастадым. Жергілікті дизайнерлерге барып сабақ алдым. Декрет демалысынан соң қайта жұмысқа шыққанда да бар ойым, зейінім қолөнер туралы болды. Бір күнде ойланбастан арыз жазып, жұмыстан шығып кеттім,- дейді ол.

Ләззат алты жылдың үстінде ізденісте болып, кәсіби мамандардан тігін ісін үйренеді. Тіпті ресейлік дизайнерлерден де сабақ алған.

– Білімге көп инвестиция салдым. Бала кезімнен ине мен жіпке жақын болдым. Анам да, әжем де қолы шебер жандар. Бұл солардан дарыған қасиет. Әйтпесе, тәуекел етіп, іс бастар ма едім? Ең оңай деген заттарды тіге бастадым. Дастархан, жабындар, перде, сулықтың заманауи түрін тігіп, саттым. Оларды тігу техникасы киімге қарағанда жеңіл. Ал тәжірибе жинағасын ұлттық стильде қолсөмкелер, әйелдер мен балаларға бас киім тіге бастадым. Енді аңсарым ұлттық киімдерді тігуге ауды. Бұл жерде де ең жеңілінен бастап, бас киім, жеңіл жейде, қолсөмке тігіп көрдім. Көкейде: «Бізге не керек? Не жетіспейді?» деген сауал тұрды. Нарықты зерттеп, халықтың сұранысы қандай екенін білдім. Осылайша ұлттық киімдерге қарай ойыса бастадым. Бізде ұлттық киім де, шебер де көп. Бірақ киімнің дені сахнаға шыққанда, тойға барғанда киюге арналып тігіледі. Менің мақсатым – күнделікті киюге арналған ыңғайлы ұлттық киім тігу. Көйлек, бас киім, шапан, кәжекей болсын, ең бастысы, үйлесе кететін киім,- дейді кейіпкеріміз.

Айтуынша, шебердің көбі ұлттық киімді кестелеу әдісі арқылы тігеді немесе дайын оюларды жапсырады. Ал оның басқалардан ерекшелігі – шелкография  әдісі арқылы шапандарға ою түсіреді.

– Осыған дейін бұл әдіс басқа киімдерді тіккенде салынып жүр. Мен тек ұлттық шапандарға салып көрдім. Арнайы бояуларды пайдаланып, қолмен шапанға сурет саласыз. Бұл біздің нарыққа енді келіп жатқан әдістің бірі. Шелкографияны шапанға салғанды көрмедім. Бірақ костюм, пальто секілді киімдерге қолданып жүрген мамандарды білемін, – деді шебер.

Ол қолөнер шеберлерінің мәселесі туралы да айтып берді

– Бізде, өкінішке орай, жеңіл өнеркәсіп дамымағандықтан, мата мен шикізат мәселесі – қолөнершілердің, тігіншілердің бас ауыртатын мәселесінің бірі. Өйткені матаның барлығын тек Алматы мен Астана, Ресейден тапсырыс беріп алдырамын. Олардың дені Түркиядан келеді. Оралдан қажет матаны таппайсың. Көбіне перде, төсенішке, асүй жабдығын, көрпе тігуге арналған мата ғана болады. Тіпті фурнитураның өзі моншақ, бисер, бояу, страза тек тапсырыс арқылы алынады. Сол жағы қолбайлау болып, қиын соғып тұр.

 

Халық сұранысы да жаман емес

– Бағасына қарамай, тапсырыс беруші көп. Жастардың, орта буын әйелдердің жаңашылдыққа бет бұрғандығы мені қуантты. Ескі сәндегі киімдерден гөрі жаңа технология, жаңа сәнмен тігілген киімдерге ұмтылу жақсы. Әрине, басында киімге бояумен сурет салып бастағанда «халыққа өте ме?» деген қорқыныш болды. Бағыма орай, өте жоғары бағаға ие болып, көпке ұнады. Білікті дизайнерлер де: «Тың еңбек, ізденіс, біліммен келген екенсің, бұл жаңалық» деді. Бұған дейін де сұраныс көп болды. Тігіп үлгермейтін едім. Халықтың ұлттық құндылықтарды дәріптеуге деген ынтасы  – көңілге демеу, – дейді Ләззат.

Шебер қолынан шыққан әр киімге атау да берген

– Киім тігу еңбек, үлкен процес, уақыт. Киім тіккен кезде миым тынышталып, сол процестен рахат аламын. Әр киімге, әр шапанға атау бердім. Менің мақсатым жай ғана тіге салып, сатып жіберу емес. Әр шапанда қолтаңбам болғаны маңызды. Сондықтан әрқайсысына эксклюзивті атау бергім келді. Тігу барысында эскизі, макеті болады. Түрлі қиялға берілесің. Бастапқы нобайынан өзгеріске ұшырауы мүмкін. Салынған сурет пен басылған принтке байланысты «Сырғалым», «Шашбаулым», «Шабандоз ару», «Қарлығаш», «Көктем» сынды атаулар бердім. Ал арманым  – ұлттық нақышта тігілген киімдер сататын балалар үшін бөлек, ересектер үшін бөлек үлкен сән үйін ашу. Оралда мұндай сән үйлері саусақпен ғана санарлық.

Қазақ оюында қошқар мүйізінің орны бөлек

– Оюлардан ең ұнайтыны  – байлықтың символикасы саналатын қошқар мүйізі. Иә, ол байлықтың, молшылықтың белгісі. Оның түрі көп. Қазақ қандай сый берсе де, қошқар мүйізі барын сыйлаған.  Бас киімге де, шапанға да көбіне қошқар мүйізінің түрленген оюларын саламын. Қазір дені, әсіресе, мектептерде құраққа арналған маталардан кәжекей тіктіріп жатыр. Ол төсеніш, көрпеге арналған мата. Оны баланың үстіне кигізу дұрыс емес. Қандай ұлттық киім болмасын, тым әспеттеп, ала-құла қылмай, оюдың элементі болса жеткілікті. Жоғары сынып оқушылары арасында корсет кию сәнге айналған. Иә, этностиль,  бірақ ұлттық киім емес. Кіндіктен жоғары тұрады. Қыз балаға кәдімгі кәжекей, шапанды кигізу қажет деп есептеймін, – деп аяқтады әңгімесін кейіпкеріміз.

Асқан төзім мен ептілікті талап ететін істе шебердің өзіндік қолтаңбасы қаларына шүбә жоқ. Бастысы, кәсібі арқылы ұлттық құндылықтың жоғалып кетпеуіне үлес қосып отыр.

 

Динара НАСЫР,

«Дүрбі»,

Орал қаласы

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close