Мәселе

Жабулы қазан ішіндегі көз жасы немесе қайда барып күн көрер бала мен ана сорлаған?

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбы соңғы кезде күн тәртібінен түспей тұр. Әйелі мен баласына күн көрсетпей, қол жұмсап, одан қалды қаржылай тәуелді етіп ұстайтын ер адамдардың тірлігі қоғамда күнде талқыланып жатады. Бұл тақырып қанша айтсақ та, бітпейтін үлкен мәселеге айналды. Отбасыдағы тұрмыстық зорлықзомбылық мәселесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударды. Осыған қарап–ақ, бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін түсінуге болады.

Президент «Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді» деп атап өтті.

Соңғы үш жылда 25 пайыздан асқан

Отбасыдағы жанжалдан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндер — әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан.

Фото: pixabay.com

Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Отбасыда әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр. Бұл туралы ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулерде ересектердің 75 пайызы балаларды тәрбиелеу мақсатында ұрып-соғатыны жазылған.

БҰҰ 2023 жылды қорытындылап, мынадай мәлімет келтірген. БҰҰ-ның  мәліметіне сүйенсек, Орталық Азиядағы әрбір үшінші әйел мен қыз өмірінің бір кезеңінде зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Ал елімізде зорлық-зомбылық әр сегізінші отбасыда орын алатын көрінеді. Әр жетінші отбасыда әйел экономикалық зорлыққа тап болып, әр алтыншы әйел соққыға жығылады, әр үшінші әйел психологиялық қысымға ұшырайды.

Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан Қазақстанда жылына 80 әйел көз жұмады деген жантүршігерлік статистика келтіріп отыр.  Бұл бес жыл бұрынғы қылмыстық құқықбұзушылықтан 7 пайызға ғана аз. Күніне полициядан көмек сұраған 300 қоңырау соғылады екен. Президенттің қатаң араласуынан кейін тұрмыстық қылмыстарды тіркеудің өтініш беру түрі анықтау сипатына көшті. Яғни зәбір көрушінің өтінішінсіз-ақ полиция отбасының шырқын бұзушы адамды жауапқа тарта алады. Бұл жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар әкімшілік қамауға алу мерзімі 3 тәуліктен 5 тәулікке ұзартылды. Отбасыда зорлық көрсеткен адамдар үшін әкімшілік құқықбұзушылық кодексте арнайы баптар белгіленген. Негізі, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен жәбірлеуші  5-тен 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал егер денсаулыққа орташа не ауыр дәрежеде зиян келтірсе, ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-107-баптарымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жалған намыс тұншықтырған қу тірлік…

Бұрын отбасыдағы кикілжің, зорлық-зомбылықты жариялау ұят саналатын. Осы бір жалған ұят пен намыс талай әйелдің түбіне жетті. Қаншама әйел өз күйеуінің қолынан қаза тапты. Мұндай мысалдарды келтірсек, роман жазып шығуға болар еді. Бір ғана БҚО-ның өзінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар саны 24 пайызға өсіпті. Бұл туралы БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Тілектес Кажкеев айтты.

БҚО ПД ЖПҚ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Диляра Сатарованың айтуынша, әйелдердің отбасыдағы зорлық-зомбьлыққа көніп жүре беруінің себебі — қаржылық тәуелділік. Әсіресе, бала күтімімен үйде жұмыссыз отырған кезде күйеуінен қатты қысым көрсе де, төзімділік танытуына қаржылық жағдайының төмендігі себеп болып отыр.

Диляра Сатарованың айтуынша, отбасыдағы зорлық-зомбылықтың 50 пайызы сау кезде жасалады. Яғни ер адам арақ ішіп алып, есін білмей, әйеліне жәбір көрсетті деген ақталу өтпейді.

– Біз бұрын отбасыдағы жанжалға ішімдік қана себеп болады деген талдау жасайтынбыз. Себебі талдаулардың қорытындысы сондай еді. Қазір мұндай қорытынды бере алмаймыз. Өкінішке орай, ішпей-жемей отбасын ойран қылып, әйел баласына күш қолданатын еркектер бар. Мұндайлар көбіне құмар ойындардың құрбаны болып келеді. Ішпейді, шекпейді, бірақ құмар ойынға тәуелді. Осыдан келіп психикасы бұзылған азаматтар өшін әйел мен баладан алады, – деп қынжылыс білдіреді, – БҚО ПД ЖПҚ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Диляра Сатарова.

Әйелдер отбасыда қаншама зорлық-зомбылық көрсе де, ешқайда кете алмайды. Оның себебі, жоғарыда маман атап өткендей, қаржылық тәуелділік. Асылында, мамандар «Отбасыдағы мұндай қарым-қатынастан қашу керек» дейді. Біздің қазақ әйелінің қателігі «бір шапалақты кім жемей жатыр, түк емес» деп, басындағы ұсақ-түйек реніштерге мән бермейтіндігінде. Сонымен қатар біздің әйелдер өте кешірімшіл келеді. Біздің бұл сөзімізді Диляра Махмұдқызы да растап отыр.

– Әйелдер өте кең пейілді ғой, кешірімді, кешіре береді. Балаларымды әкесіз қалдырмаймын, отбасын сақтап қаламын деген әйелдің ізгі тілегі, өкінішке орай, кей жағдайда өзінің өлімімен аяқталып жатыр, – деп қынжылыс білдіреді  Диляра Сатарова.

«Қайда барып күн көремін?»

Отбасыда зорлық көрген әйелдің баратын жері — төркіні. Ал төркінінен қолдау таппаған әйелдер дағдарыс орталықтарына барады. Бүгінде Қазақстанда 41 дағдарыс орталығы бар. Дағдарыс орталықтары әйелдерге уақытша қолдау көрсетеді. Орал қаласындағы дағдарыс орталығы 2013 жылы ашылды. Содан бері талай әйелге пана болып, қолұшын созып келеді. 2023 жылы орталықты 100 әйел паналапты. Оның ішінде 35 әйел, ал 65-і бала. Дағдарыс орталығында әйелдер алты айға дейін тұра алады.

Батыс Қазақстан облысында тіркелген қылмыстық істердің 64,5 пайызында әйелдер зардап шеккен.

– Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше өз жұмысын бастағанын білесіздер. Бүгінде ол жерде 15 адам жұмыс істейді. 2023 жылы отбасыда зәбір көрген 509 әйел дағдарыс орталығына жүгінген. Осының ішінен полиция 47 әйелді дағдарыс орталығына орналастырды. Біздің мақсатымыз — қылмыстың алдын алу. Өкінішке орай, отбасыда не болып жатқанын сырттағы адам біле бермейді. Әйелдер көбіне отбасыдағы кикілжіңді сыртқа шығармайды. Жасырады, тіпті полицияға арыз жазған күнде де шағымдарын қайтарып алады. Бірақ қазір заңға өзгеріс енді. Қазіргі уақытта жәбірленушінің арызы қажет етілмейді, – дейді  бізбен әңгімесінде Тілектес Кажкеев.

«Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» демекші, жалпақ жұртқа жайыла бермейтін жайттар болады ғой. Әсіресе, отбасы, ошақ қасындағы оқиғалар көбіне-көп «жабулы қазан жабулы күйінде» қалатыны белгілі.

«Бетеге кетсе, бел қалар, бектер кетсе, ел қалар, берекең кетсе, нең қалар?!» дейді дана халқымыз. Бетегеміз бен бегімізден бұрын отбасыдағы береке кетіп барады. Одан айырылсақ, неміз қалмақ сонда? «Ауруын жасырған өледі» дегендей, мұндай жағымсыз жайттарды бұдан әрі жасыра берудің жайы жоқ. Одан опа таппайтынымыз анық. Қазір ел назарын аудартып отырған «Бішімбаевтың ісі» де көп адамды ойландырса керек…

 

Жанат КӨШКІНБАЙ,

«Дүрбі»,

Орал қаласы

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close