Басты тақырыпМақалалар

Қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан салалы

«Көп тілді конфессиялы қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – бұл сіздер мен біздердің еңбегіміз»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

Қай халықтың болмасын, өміріне ерекше әсер етіп, қоғамдық сананы айқындап отыратын фактордың бірі – дін. Жетпіс жылға жалғасқан жасанды атеизмнен кейін қазір елімізде діни наным-сенім қайта жаңғырып, өрлеу үрдісі жүруде.

Атырау жері бұрыннан діни ахуалының тұрақтылығымен ерекшеленіп келген. Бүгінде аймақта төрт конфессияға енетін исламдық, православтық,католиктік және протестанттық діни бірлестіктер қызмет етеді. Өңірдегі діни ахуал тұрақты дегенімізбен, көңіл алаңдататын тенденциялардың бар екендігі де жасырын емес.

Жат ағым өкілдері жастардың арасына іріткі салып, заңбұзушылыққа, теріс іс-әрекетке итермелеп жүр. Бұл жерде шынайы діндарлар мен діннің атын жамылып, бүлік салып жүргендерді айыра білу өте маңызды.

Бақылау жасалып жатса да, ислам атын жамылғантеріс ағым ұстанушылары жазған әдебиеттер қатары там-тұмдап көбейіп келеді. Сананы улауға бағытталған әдебиеттер келтірген негізсіз долбарларды шын мұсылман баласы қабылдамауы керек. Өйткені бірде-бір дін ұстанушысын зорлық-зомбылыққа үгіттемейді.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда дін атын жамылған теріс ілімдерді қуаттайтын жамағаттардың қатары оң-солын тани қоймаған жастар есебінен  толығып жатыр. Бұл фактордың күшеюіне олардың діни сауатсыздығыда әсер етіп келеді. Демек, әр шаңыраққа қауіп төндіріп отырған бұл қатермен күресу– жалпыға ортақ міндет.

Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат идеологияға жұтылып кетпес үшін де бізге ұлттық құндылықтарымызды бірінші кезекте насихаттау маңызды. «Үлкенге – ізет, кішіге – құрмет» тағылымы арқылы адамгершілікке,бауырмалдылыққа баулитын қазақтың салт-дәстүрлері, асылында, діни құндылықтармен үндес.

Екіншіден, көпшілігіміздің дін туралы түсінігіміз әлі де болса, тым таяз. Конституцияда кепіл берілген діни сенім бостандығы бассыздыққа жол бар деген сөземес. Сенім бостандығының артында жауапкершілік те жатыр. Сондықтан да қоғамда конфессияаралық келісімді нығайту мәселесі бәрібір ең негізгі бағыт болып қала береді.

Ислам – бірліктің діні. Ислам – ізгіліктің діні. Осы ретте дін қызметшілерінің абыройлы, жастардың олардан үлгі алатын тұлға деңгейінде болуы өте маңызды. Өйткені имандылықтың, инабаттылықтың үлгісі болатын, ең алдымен, осы адамдар. Бұл ретте облыста білім-білігі жоғарыдіни қызметшілер қатарының көбейіп келе жатқандығы қуантады.

Бірақ қоғамның тұтастығы, ұлттың болашағы,айналып келгенде, отбасына тікелей байланысты болып шығады. Себебі баланың негізін ата-ана қалыптастырады.

Күйбең тірлік қамымен бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, ұл-қызының дәстүрсіз ағымның жетегінде кеткеніне куә болып, сан соғып қалған ата-аналар қаншама? Ендеше, балаларымызды деструктивті ағымдар ықпалынан сақтап қалайық, ағайын!

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,

Атырау облысы дін істері басқармасының

Діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және

талдау бөлімінің басшысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close