Мақалалар

Азан айтылмайтын ауыл

Таңғы ауыл. Ауадан көк жусанның иісі шығып тұр. Адамдар төрт түлігін өріске айдап бара жатыр. Олармен жағаласып иттердің де әр жерден үрген дыбыстары шығады. Ауыл маңындағы шағын көлден қаңқ-қаңқ еткен қаздардың да дауысы қалысар емес. Саратов – Алматыпойызы да ауылды басына көшіріп кетердей болып айқайға басып келіп жатыр. Әдеттегі қазақ ауылына тән тіршілік. Алайда бір нәрсе, бір дыбыс, қазақ ауылына тән тағы бір нәрсе жетіспей-ақ тұр. Әлемдегі ең әдемі әуен, екі дүние бақытына жетелейтін әуен, ештеңеге тең келмес әуен, Жәннәтқа жетелейтін әуен, әрине – Азандауысы.

Бұл ауылда азан айтылмайды. Өйткені мешіт жоқ. Иә, кәдімгі құлшылық ететін Алланың үйі жоқ. Ауыл халқын «Хаййә ъалас солааһ» намазға асығыңдар», «Хаййә ъалал фалаах» құтылуға, бақытқа, ізгілікке, жақсылыққа асығыңдар» деп азан айтып, намазға шақыратын адам жоқ. Бұл ауылда азан дегенді естімеген адамдар да бар шығар. Өйткені Алланың үйі жоқ.

Бірнеше уақыт Ресейдің отарлау саясатында болдық. Олар біздің тілімізді, салт-дәстүрімізді, ата-бабамыз ұстанған дінімізді түгел жойып жіберуге бар күшін салды. Алайда, Аллаға шүкір, қазір біз тәуелсіз елміз. Бейбіт күннің астында өмір кешіп жатырмыз ғой. Ауылда Алланың үйінің болмауы қалай? Зәулім, әдемі кірпіштен қаланған мешіт керек демеймін. Кәдімгі қарапайым төрт қабырғасы, үстінде шатыры бар, сәжде қылатын бөлмесі бар, азан айтылатын мұнарасы бар мешіт болса, қандай жақсы! Бұл ауылдың адамдары ата-бабам ұстанған, көзінің ағы мен қарасындай сақтап келген дінімізден осы уақытқа дейін бейхабар жүр.(Ауылда намаз оқитын қарттарым бар шығар, саусақпен санарлық қана). Болашақ кішкентай бүлдіршіндеріміз азан дауысын естіп, әкесінің, атасының мешітке барып, сәждеге бас қойғанын көрмей, асыл дініміздің, мұсылманшылықтың не екенін білмей өсе ме? «Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақытты бес намаз, Біреуі қаза қалмасқа» деген кешегі Бұқардың ұрпақтары бес парызын өтемей ме? Ең болмаса, жұмасына бір рет жұма намазға бармай ма? Енді қайтпек?..

Ауылға бір намаз оқитын, иегінде кішкене сақалы бар адам келсе, «уахабист», басына орамал тағып, үстіне етегі ұзынырақ көйлек киген әйел адамы келсе, «Адасып кеткен, Сирияға кетейін деп жүрген болар» деп сыртынан ғайбаттап жатады. Мейлі, ол ата-бабам ұстанған дін жолында болса да. Өйткені ауыл адамдарына намаз оқитын адам десе, «Өй, уахабист шығар», «Не киіп алған үстіне?», «Сол сақал қоймай, орамал тақпай да жүрегіміз таза болса болды емес пе?» деген секілді сөздер естисіз. Егерауылда мешіт болса, бәрі демей-ақ қоялық, жартысынан көбі басқаша айтар ма еді?! Бір қазақ ауылына бір Алланың үйі керек-ақ. Неге дейсіз ғой, асыл дінімізді дұрыс түсіндіру үшін, әдет-ғұрыпты сақтап қалуымыз үшін, ауыл жастарының адасқан топтардың шырмауына түспеуі үшін, ақыреттік қамдарын жасауы үшін, ең бастысы –Алланың разылығында болуымыз үшін.

Қазір не көп, әртүрлі дәстүрлі емес діни ағымдар көп. Жарайды, қалаға шықпай-ақ, әлеуметтік желіге, әсіресе, Вконтакте желісіне кірсеңіз, неше түрлі топтар, беймәлім ұстаздардың уағыздары қаптап жатыр. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін діннен мүлдем бейхабар адам қалай ажыратады? Ауыл жастары мектеп бітіріп немесе жұмысқа қалаға барса, оларды алдап, басқа дінге кіргізіп алу өте оңай.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Ауылда азан айтылатын болса, Алла Тағала сол ауылды азаптан қорғап қояды» дейді.Мешіт – АллаТағаланың жер бетіндегі ең жақсы көретін орны. Мешіт болғаннан кейін азан айтылады. Ауыл халқы мешітке келе бастайды, мешітке келгесін садақасын, зекетін береді, бірте-бірте бес парызын түгендейді, сөйтіп-сөйтіп дінге деген махаббаттары оянады, имандылыққа қарай жүре бастайды. Қандай керемет! Азан айтылғаннан кейін азап келмейді ол ауылға, азан айтылмаған жерде шайтан болады екен. Олар азан айтылған жерден қашады. Кіп-кішкентай ауылды азан дауысы бөлеп жатса, қандай керемет! Алла қаласа, ол күнге де жетерміз. Әр қазақ шаңырағында елім деп елжіреген отансүйгіш ұлан, дінім деп тебіренген иманды жас, тәрбиелі де ибалы, салиқалы ұрпақ өссе, асыл дініміздің асқақтамауы мүмкін емес! Әр қазақ ауылын азан дауысы бес уақыт бөлейтін күнге жеткізсін Алла! Әумин!

Саягүл ОРАҚОВА,

мәдениет қызметкері,

Тасқала ауданы,

Батыс Қазақстан облысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close