Мақалалар

Баптистер мемлекетті мойындамайды ма?

Газетіміздің 2018 жылғы 8 ақпан күнгі №4 санында Батыс Қазақстан облысындағы «Евангелдік христиан баптистері шіркеулерінің халықаралық кеңесі» діни қауымы туралы Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшіміз Нұртай Алтайұлының «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» немесе заңға бағынбайтын баптистер» атты мақаласы жарияланған болатын.
Мақалада аталмыш сенімді ұстанушылар ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына бағынбай, яғни, тіркеуден өтпей қызметін жалғастырып, соңғы 4 жылда 66 рет заң бұзып, құзырлы орындардың ескертулері мен әкімшілік шараларына атүсті қарап Аталмыш мақала ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі
Н.Ермекбаев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгіновтың назарына жолданған болатын. Күткен жауабымыз араға ай салып қолымызға тиді…

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мырзабек Балғаевтың жауабында былай делінген:

«…Сіздің хатыңызда қозғалып отырған мәселенің өзектілігі айқын. Дін саласындағы уәкілетті органның бұл мәселедегі ұстанымы нақты –еліміздегі діни бірлестердің тіркеуден өтуі міндетті. ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабы 11 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді. Десек те, жоғарыда аталып отырған сенімді ұстанушылар тарапынан өздерінің діни ұстанымдарына сәйкес жер бетіндегі заңдармен тіркелмейтінін алға тартып, заңсыз қызмет ету деректері бар екенін айта кету керек. Сәйкесінше, тіркеуден өтпеген діни сенімді ұстанушылар анықталған жағдайда олар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Атап айтқанда, 2017 жылы Батыс Қазақстан облысында «Евангелдік христиан баптистері шіркеулерінің халықаралық кеңесі» тіркелмеген діни бірлестігінің басшысы мен 9 ұстанушыларының қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабы 11-тармағын бұзғаны анықталып, оларға сот шешімімен «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 489-бабының 9-шы және 10-шы бөліктері бойынша 50-ден 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жазаға тартылды.
Жалпы, дін саласындағы уәкілетті орган өңірлердегі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған діни сенімді ұстанушылардың әрекеттерін мұқият бақылауда ұстап отыр. Олардың тарапынан орын алған құқықбұзушылық деректеріне заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылуда.
Төртінші биліктің өкілі ретінде қоғамдағы дін саласында орын алып отырған мәселелерге жіті назар аударып отырған азаматтық ұстанымыңыз үшін Сізге алғыс білдіреміз.
Бұл мәселе алдағы уақытта біздің назарымызда болады.

Құрметпен,
төраға орынбасары Б.Мырзаев.

Батыс Қазақстан облысы әкімі А.Көлгіновтың атына жолданған 12.02.2018 жылғы №3-ші хатымызға орынбасары Игорь Стексовтан келген жауап төмендегідей:

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Сіздің «Евангелдік христиан баптистері» діни ұйымына заң аясында шара қолдану туралы хатыңызды қарап, келесіні хабарлайды:
2018 жылы діни қызмет және діни қарым-қатынастар саласында, экстремистік материалдарды сақтау және дінді жамылып, заңсыз медициналық қызметпен айналысу бойынша БҚО аумағынан Евангелдік христиан баптистеріне қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 489-бабына (Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, қатысу, олардың қызметін қаржыландыру) сәйкес барлығы 6 әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылып, 6 рет айыппұл салынды. БҚО Ішкі істер департаменті тарапынан аталмыш айыппұлдарды өндіру, әкімшілік құқықбұзушылық ісі бойынша жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2016 жылдың желтоқсан айында заңды түрде әділет органдарында тіркелмеген «Евангелдік христиан баптистері» діни ұйымының өкілі С.Кұмарғалиевке діни мазмұндағы әдістемелік материалдарды көшеде таратқаны үшін Орал қаласының арнайы әкімшілік сотының 2017 жылғы 6 ақпандағы қаулысымен Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Кодексінің 490-бабы 1-бөлімінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде 50 АЕК (106 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

И.Стексов.

Редакциядан:
Байқап отырғанымыздай, мемлекеттік мекемелерден келген екі хаттағы да жауап «Евангелдік христиан баптистері шіркеулерінің халықаралық кеңесі» діни қауымын заңға бағынбай отырғаны үшін әкімшілік жазаға тартып, айыппұл салудан басқа шара жоғын көрсетеді. Неге? Мемлекет бар, сол мемлекеттің бекітілген заңы бар. Бірақ, азаматтары өздері өмір сүріп жатқан мемлекетті және оның заңын мойындамайды. Неге?
Облыс бойынша баптистердің заңды түрде тіркелген 5 ұйымы бар. Соның 2-і Орал қаласында болса, қалған 3-і Бөрлі, Жәнібек, Зеленов аудандарында орналасқан.
Ал, Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігінен келген жауапта жазылғандай, тіркеуден өтпей, заң бұзып отырған біздің мақаламызға арқау болған «Евангелдік христиан баптистері шіркеулерінің халықаралық кеңесі» мүшелері емес, «Евангелдік христиан баптистері» діни ұйымы екен. «Баптистердің осылай деп аталатын тағы бір ұйымы болғаны ма, сонда?» деген сауалмен Орал қаласына телефон шалып, БҚО дін істері басқармасына хабарластық. Аталмыш басқарманың діни сараптама мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы Жәнібек Мұқателовтің айтуынша, облыста не тіркелген, не тіркелмеген «Евангелдік христиан баптистері» діни ұйымы деген мүлде жоқ. Ал, заң бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған С.Құмарғалиев БҚО әкімшілігінің хатында көрсетілгендей, «Евангелдік христиан баптистері» діни ұйымының өкілі емес, «Евангелдік христиан баптистері шіркеулерінің халықаралық кеңесі» діни жолын ұстанушы екен. Сонда БҚО әкімшілігінің жауапты мамандары облыста қандай діни ұйымдардың барын және олардың қалай аталатынын білмей отыр ма? Бұл әкімшіліктің облыстағы діни ахуалды жетік білмегендігі емес пе? Егер олай болса, «баптистер заңға бағынбай, тайраңдап жүр» деп берісі облыс, әрісі республикаға қаққан дабылымыз кімге керек?
Редакция құзырлы орындар арқылы облыстағы тіркелмеген діни ұйымдардың заң бұзып, жауапкершілікке тартылып жатқанынын онсыз да біліп отыр. Бірақ, біз көтерген басты мәселе – олар айыппұл төлеп қана құтылып кете бере ме? Мемлекеттің заңын мойындамағаны үшін айыппұлдан басқа қолданылатын қатаң шаралар болса, қане? Демек, Парламент қабырғасында қаралып жатқан ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасында осындай мәселелерді де ескерген артық етпейді…

Ұлдай САРИЕВА,
Атырау қаласы

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close