Жаңалықтар

Бойжеткенді өлімнен құтқарған Артур

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығының теологы Артур Айтмағамбетов азаматқа тән ерлік жасады. Ол Жайық өзеніне секіріп, өз өмірін кимақ болған 19 жасар бойжеткенді өлімнен құтқарып қалды.

Бұл оқиға 16 шілде күні болған еді. «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығының жеңіл көлігі Атырау қаласының орталық көпірінде келе жатты. Көлікте теологтар Артур Айтмағамбетов, Сұлтангелді Сариев, Назерке Жетпісбай және психолог Салтанат Нұрбекова болды.

Әдеттегі жұмыс күні еді. Мамандар әдеттегідей діни теріс ағымның жетегінде адасып жүрген қандастарымызға көмек қолын созуға кетіп бара жатқан болатын…Орталық көпір де әдеттегідей көлікке лық толы. Кенет… Артурдың көзі бір қызға түсті. Ол көпірдің темір қоршауының арғы жағында тұр екен…Жаяу жүргіншілер көп жүрмейтінбұл жерде не істеп жүр екен? Өзенге құлағалы, суға секіргелі тұр ма екен? Сол-ақ екен, қыздың жанынан өтіп бара жатқан бір әйел оны ұстай алды.Артурдың мамандығына тән қырағылығы қателеспепті. Секіргелі тұр екен… Көлікті кілт тоқтатқан ол түсе жүгірді. Бұл кезде өзіне назар аударылғанын көрген қыз әйелмен алысып, «Жібер мені! Ұстама!» деп айқайлады. Артур бара сала қызды қапсыра құшақтай алды.

«Мен жүгіріп барып құшақтап алдым, – дейді Артур.(суретте)Сол-ақ екен, қыз көпірдің қоршауынан ұстап тұрған қолын жібере салды. Көтерейін десем, ап-ауыр және ол қоршаудың арғы жағында, ал мен бергі жағында тұрмын… Сәл оқыс қимыл болса, өзенге құлап кету қаупі бар. «Мен өмірден шаршадым, жалықтырды!» деп айқайлап жатыр. «Мені ұстамашы! Жіберші!».Іле-шала тоқтағанкөліктен бір жігіт жүгіріп келіп маған көмектесті. Қызды екеулеп қоршаудың бергі жағына шығардық.

 

Салтанат Нұрбекова,

психолог:

– Қыз қатты шок жағдайында болды. «Мені жіберіңдер, өмірден шаршадым!» дей берді. Қол-аяғы, бүкіл денесі дірілдеп тұр. 20-25 минутқа дейін өзіне-өзі келе алмады. Қасында отырдым, жайлап сұрасам, жасы 19-да екен. «Анама қоштасып хабарлама жаздым» – деді. Телефонын сөндіріп қойған екен.«Телефоныңды ашып, хабарламаны қара, анаң оқыды ма екен» – дедім.«Анаңмен сөйлес» – дедім. Хабарламаны анасы оқымаған екен. Қоңырау соғып еді, анасы да, апасы да тұтқаны көтере қоймады. «Анам далада жүрген шығар» – деді. Нәзерке екеуіміз қолынан ұстап отырдық… Өзіне келген соң бірден «Мені үйге апарыңдар» деді.Телефон нөмірін алып қалғанмын, психолог екенімді, егер қажет болса, көмегімнің әзір екенін айтып, «Сөйлескің келсе, кел!» дегенмін. Бір күннен соң өзім телефон шалдым. «Жұмысқа шықтым, жақсымын» – деді. Сұрақтың астына алып шаршатқым келген жоқ. Оның үстіне ол «Ештеңе айтқым келмейді!» деді.

Куәгерлердің айтуынша, қыз баланың көпірге асылып, өмірін қиғалы тұрғаны көпір маңындағы бақылау камерасына түскен сыңайлы. Ешкім телефон шалмаса да, іле-шала оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткен. Олар «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы қызметкерлерінің арқасында тірі қалған бойжеткенді мән-жайды анықтау үшін Атырау қалалық ішкі істер басқармасына әкеткен.

«Менің таң қалатыным, көпірден қаншама көлік әрі-бері ағылып өтіп жатса да, қыз баланың көпірдің қауіпті жерінде тұрғанын көрсе де, жан баласының тоқтап, жағдайды білмегені»– дейді Артур.

Алланың берген жанын Алладан басқа кім алуға тиіс? Мына жарық дүниеде тірі жүруден, күнде танертең Алланың құзырынан тіріліп, аман оянудың өзі қандай бақыт! Ендеше, осы ұлы бақытты бойжеткенге қайта сыйлаған Артур бастаған теологтардың бұл ісі ерлікке пара-пар емес деп кім айта алады?!

 

Зағипа ІЛИЯС,

Атырау қаласы

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close