Боямасыз өмірМақалалар

Жастардың жат ағымдар теріс идеологиясына қарсы иммунитетін қалыптастыру қажет

Ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Бірлік бар жерде береке, бейбітшілік бар жерде тыныштық, татулық бар. Қазіргі таңда ислам атын жамылып, халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың  қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады.

 Жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас ұстанымдар шыға бастады. Жат ағымның шырмауына түскен жастарымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай жүр.

Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Жастық желігі басылмаған болашақ буынның санасы улануда. Олар теріс бағыттағы ұйымдардың өз мақсаттарын қандай амал-айла арқылы жүзеге асырып жатқаны жайлы біле бермейді. Түрлі діни ағым кесірінен айрандай ұйып отырған отбасылар ойрандалуда. Ата-ана бейбіт заманда ұл-қыздарынан айырылып жатыр. Өте өкінішті картина.

Жат ағым өкілдері қарапайым халықты өз ұстанымына қалай түсіреді десек, оның амал-тәсілдері төмендегідей:

Біріншіден, кез келген діни ағым топқа жаңа қосылған жамағатты, ең алдымен, психологиялық қысымға алады. Өздерінен басқаның бәрін «адасқан, кәпір» санатына қойып, сананы улайды. Осыдан кейін ұлттық дәстүріне қарсы шығып, Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортаға деген өшпенділік оятады. Өшпенділік сезімі агрессиялық мінез-құлықты тудырады. Балалық шақ пен жасөспірім кезеңіндегі мінез-құлық ауытқушылықтардың пайда болуының бірнеше себебі бар. Баланың жаратылысындағы ерекшелік сол – жасөспірімдер қоғамның кері әсеріне тез бейімделгіш болып келеді. Отбасындағы әлеуметтік тұрмыс жағдайының төмен болуы, балаға тәрбие беретін адамдардың жиі ауысып тұруы, әлеуметтік тұрғыдан теріс мінез-құлықты дамытатын айналадағы жат ағымдардың «субкультурасының» болуы. Осындай факторлар қазіргі жасөспірімдердің мінезінде агрессиялық мінез-құлық тудырады. Бұлардың себептері мынадай:

  • толық емес отбасында берекенің болмауы;
  • түсініспеушілік жиі орын алуы, ата-ананың қамқорлығының жетіспеуі;
  • тәрбие берудегі кемшіліктер;
  • қоғамдық міндеттер мен күйзелістерді жеңе алмау;
  • өмірлік дағдының болмауы, айналасындағы адамдармен, құрбы-құрдастарымен жиі тіл табыса алмауы;
  • өз бетінше шешім қабылдай алмауы;
  • жасөспірімдердің бос уақытты дұрыс игере алмауы.

Қоғамды алаңдататын жайт – қазіргі мектеп оқушылары мен студент жастарымыз жат ағымның қармағына тез ілініп, соның салдарынан ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына қарсы шығып жатқаны. Мұны болдырмау үшін ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіттен білікті ұстаздардан дәріс алуға кеңес бергені жөн. Ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие мен бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы мүмкін. Жастарымыздың кез келген діни ағымдардың зияндылығын танып-біліп, оның астарына үңіле білгені дұрыс. Сондықтан жастардың жат ағымдар теріс идеологиясына қарсы иммунитетін қалыптастыру қажет. Осы мақсатта дін саласындағы мамандар жастармен жиі кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгені дұрыс.

Дәстүрлі емес діни ағым мүшелерінің басым көпшілігі – жастар. Олардың теріс ағымдарға рухани азық іздеп кіріп жатқаны есімізден шықпауы керек. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, ата-баба дәстүрін ұлықтау арқылы да, елдің рухани байлығын мемлекеттік брендке айналдыру да жастарды теріс  ағымдардан құтқарып қалудың бір тәсілі болып табылады.

Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері интернет ресурстарын өте тиімді пайдаланатындығын ескермеуге болмайды. Жат діни ағым өкілдерінің діни сайттары мен әлеуметтік желілерде көптеген тобы бар екені белгілі. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері ресми тараптан ақпарат алуға құлықсыз. Олар дереккөз ретінде интернет ресурстарын басшылыққа алады. Интернеттен «Google» немесе басқа да іздеу сайттары арқылы мәлімет іздегенде бірінші болып сол ағым сайттары шығады. Ақпарат іздеуші адам көп жағдайда уақытты үнемдеу үшін іздеу сайттарының бірінші парақшасында келген мәліметтерді көрумен шектеледі. Кез келген діни ақпаратты сенімді діни сайттардан алған дұрыс.

Қазіргі ақпараттың қарқынды дамыған заманында ақпараттық технологияларды қолданып, осы мәселеге байланысты ғылыми технологияларды және ғылыми-танымдық бағдарламалар жасау, телеарналардан елдегі болып жатқан діни мәселелердің себептерін ашып көрсетіп, елдегі діни ахуал жайлы халықты ақпаратпен қамтамасыз ете алсақ, бұл жүйе де жемісін берері сөзсіз. Қазіргі қоғам халықтың діни сауатты болғанын талап етеді. Діни сауат ауадай қажет екенін түсінетін кез келді.

Салтанат НҰРБЕКОВА,

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан

жапа шеккендерге көмек орталығы»

қоғамдық қорының психологі,

Атырау қаласы

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close