Басты тақырыпКөкейкесті

Батыржан МАНСҰРОВ: «Кей діндарлар имандылықтың шынайы тәрбиесінен құр алақан»

Діни сауатты, рухани қуатты болуымыз керек

 Білім деген ұлы құндылық жайында сөз еткенде, әуелі ілім үйренуге әмір беріп, ғылым тануға талпындырған Алланың мына кәләми шәрифін еске түсірмей өте алмаспыз: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар).

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Білім іздеу мұсылман ерге де, әйелге де парыз»; «Білім мен хикмет – мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса сол жерден алады», деген хадистерін көкейге түйген мұсылмандар әрқашан ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан.

Біліммен қатар жас ұрпаққа тәрбие беру маңызды іс. Дін исламды өмірінің ажырамас қағидаты еткен мұсылман жұртшылығы әу бастан рухани тәрбиеге терең ден қойған. Тарихқа жүгінсек, мұсылмандық бастауыш діни мектептер (мактаб) VII ғасырда мешіттердің жанында пайда болды. Исламның нағыз гүлденген кезеңінде көптеген мұсылман елдерінде жоғары санаттағы медреселер қызмет көрсеткен. «Бәйт әл-Хикма» (Бағдад ІХ ғ.), «әл-Каравийия» (Бағдад ІХ ғ.), «әл-Азхар» (Мысыр Х ғ.) сынды діни оқу орындар мен медреселер мұсылман әлеміне аса танымал. Мұндай діни оқу орындарының өзіне тән ерекшелігі болған. Тіпті, мұсылман елдеріндегі медреселердің өзі білім беруде Еуропадағы колледждер мен университеттердің деңгейімен тең тұрған.

Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 20 медресе болғаны айтылады. Мұндай мәліметтерден халықтың рухани қуатты, жастарының діни сауатты болуы жолында медреселердің ауадай қажет екенін аңғарамыз. Кешегі атеистік кеңес дәуірі халқымызға өктемдік еткенге дейін қазақ жерінде мешіт-медреселердің саны көп болғаны ақиқат. Талай ұлыларымыз әу дегендегі діни сауатын медреселерден, қожа-молдалардан ашып, дүниелік ілімдерді де қатар меңгеріп, ел мен ұрпақ үшін қалтқысыз қызмет еткен. Онан беріде талай мешіттеріміз қиратылып, медреселеріміз жермен жексен болған. Білімді молдалар қудаланып, дін апиын деген түсінік кең тарады. Құдай деген құлын Жаратқан қор етсін бе?! Уақыт еншісімен дінсіздік дәуір тоқырап, тәуелсіздік деген баға жетпес байлық қазақ даласына қайта келді.

Тәуелсіздік алған тұстан бастап ел аумағында мешіт-медреселер қайта ашыла бастады. Қазақтың рухани қарашаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) құрылды. Рухани шаңырағымыз – мүфтият ел мұсылмандарын ғасырлар бойы үзілмей жалғасқан Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы аясында топтасуға, ынтымақпен жүруге жол бастады. Бүгінде ҚМДБ-ға қарасты тоғыз медресе, республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты, «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы сынды діни білім мекемелері жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, білікті діни мамандарды даярлауда ҚМДБ құрылтайшылық ететін «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің орны өз алдына бір төбе.

 

Ислами білім беру саласы жеті сатыға бөлінеді

Естеріңізде болар, 2015 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Мұндағы мақсат – тұжырымдама арқылы діни білім беру саласындағы жүйелілікті, бірізділікті қалыптастыру. Аталмыш тұжырымдаманы орындау екі кезеңге бөлініп қарастырылған. Бірінші кезеңі 2016-2018 жылдарды қамтыса, екінші кезеңі 2019-2020 жылдарға арналған. Діни басқарма 2020 жылға дейінгі діни білім беру тұжырымдамасы арқылы ислами білім беру саласын жеті сатыға бөліп қарастырады.

Біріншіден, діни сауат ашу мен Құран сүрелерін жаттау курстары; екіншіден, діни оқу орындарына талапкерлер əзірлейтін дайындық курстары; үшіншіден, діни оқу-тəрбие процесін жүргізетін қайырымдылық мекемелері; төртіншіден, Құран Кəрім сүрелерін кəсіби тұрғыда жатқа оқуды үйрететін қарилар дайындау орталықтары; бесіншіден, техникалық жəне кəсіптік білім беретін медреселер; алтыншыдан, жоғары оқу орны жəне жоғары оқу орнынан кейінгі діни білім беретін оқу орындары. Жетіншіден, имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру институты.

Ислами білім алуға жетелейтін аталмыш жеті саты діни ілім іздеуші аудиторияның барлық категорияларының білім алуына жағдай қарастырған. Мәселен, әртүрлі жастағы азаматтардың кез келген мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарына қатысып, діни білім алуына мүмкіншілік бар. Мұндағы айтпағымыз, тәуелсіздік алған тұстардағы діни сауат ашу мен қазіргі жағдайдағы діни білім жетілдірудегі жағдайды салыстыру мүмкін емес. Ол уақыттары діни оқу орындар жоқтың қасы, діни білімді кісілер тіптен тапшы кезең еді. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Медреселер де, сауатты ұстаздар да жеткілікті. Ертеректегідей шетел асып, діни оқу орнын іздеуге ешбір мұқтаждығымыз қазір жоқ.

Еліміздегі ислами білімнің қара шаңырағы – «Нұр-Мүбарак» университетін білмейтін жан кемде-кем. Жыл өткен сайын білімді, білікті дінтанушылар, имамдар, ұстаздар, теологтар осы оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшуда. Білім беру әдістері жетіліп, білім алушыларға қолайлы жағдайлар жасалған үстіне жасалуда. Бүгінде аталмыш оқу ордасы отандық ислами білім мекемелерінің әдістемелік орталығына және исламтану ғылымын академиялық деңгейде зерттейтін ғылыми ошаққа айналып келеді. Мұның барлығы ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасының жемісі деп бағалағанымыз жөн.

Еліміздің әр өңірлерінен ашылған тоғыз медресе діни біліммен қатар, нағыз рухани  тәрбие берудің ошағына айналды. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп жанайқайын жария еткен Абай атамыз өзінің өлең жолында: «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», – деп терең ой қалдырды. Абай атамыз, қызмет, шеннен де маңызды дүние әуелі баланың медресе табалдырығын көруі екенін меңзеген еді. Расында медресе көрген, жасынан ұстаз көріп, діни тәлім алған бала өсе келе қызмет қылып, шендік дәрежеге жетсе де, арамдық жолдан алыс болып, елі үшін адал еңбек етеді.

 

Қазіргі ғасыр ғылым-білімнің, ойлы жанның заманы

 Елбасымыз: «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман», деген еді. Қазіргі ғасыр ғылым-білімнің, ойлы жанның заманы. Мұны да Діни басқарма ескерусіз қалдырмауда. Ескінің емес, жаңа заманның діни мамандарын әзірлеп, жаңа талапқа жауап беретін ойлы имамдар қатарын көбейтуді мақсат етті. Мүфтият өзіне қарасты медреселерде оқитын талапкерлерді сапалы діни біліммен қамтып қоймай, заманауи һәм зайырлы ілімдерді де қоса үйрету үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапымен келісімге келе отырып, медреселерімізге «Медресе-колледжі» мәртебесін алды.

Алла қаласа делік, ҚМДБ бекіткен 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы арқылы болашақта бірқатар нəтижелер шығары сөзсіз. Тоғыз медресе және «Нұр-Мүбарак» университеті діни білім беру саласы бойынша барлық азаматтарға қолжетімді болуда. Мәселен, шалғайдағы ағайын медресе іздеп Астана, Алматы аспай-ақ, өңіріне қарасты медреселерге балаларын беріп діни сауатты, әрі діни кадр етіп шығара алады.  Сонымен қатар, ислами білім беру ошақтары көбейген сайын өзара бəсекеге қабілетті болу деген жүйе жүреді. Біздің тоғыз медресе бірінен-бірі өтіп, діни білім беруде бәсекеге қабілетті екенін танытып келеді.

 

Шетелде алған білім кейде адастырады

Өз елінен діни білімнің фундаментін қаламай, шетел асып, білім алған ағайынның елге келгенде діни түсінігі оғаштау көрініп жатады. Сондықтан да, діни білімді елден алуға толық мүмкіншілік жеткілікті. Тұжырымдаманың бір бағыты – жастарды шетел асырмай, болашақта діни білімді өз елінен ғана жүргізу керектігін міндеттеу. Еліміздегі медресені толық тәмамдап, онан әрі терең діни білім алғысы келетін жастарға да Діни басқарма жағдай туғызуда. Мәселен, Малайзия, Ресей, Мысыр, Түркия секілді елдердегі бірқатар белді, беделді университет, діни орталықтармен келісімдер жүргізілген. Сол үшін шетелге барып діни білім алуға ынталы жастардың оң-солын ажырата алатындай болғаны жөн. Ондай жастар шетел асса да теріс сенімдерден өзін қорғап, ондағы үйренген діни ілімімен елге пайда әкеле бастайды.

Айтпақшы, діни білімде озық болғанмен де, дүниауи ілімде ақсақтық танытуға тағы болмайды. Сол үшін біздің медреселеріміз шәкірттеріне жан-жақты діни ілім берумен қатар өміріне, мамандығына тығыз байланысты болған зайырлы білімдерді де меңгеріп шығуын мақсат етуде. «Медресе-колледжі» деген мәртебе осы биікке жетелемек.

Еліміздегі мешіттерді білімді, білікті, дипломы бар мамандармен қамтамасыз ету – ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің басты талабы болуда. Қазіргі діни білікті, зайырлы ілімі жетілген имамдар толқыны қызметке келіп жатыр. Шала сауатты діни мамандар жоқтың қасы. Қоғаммен санасатын, елдің игілігіне еңбек ететін имамдар санының артуы Діни басқарманың білімге қойған талабының жоғары екенін байқатады.

Тағы бір ескеретін тұс, діни оқу орындарымыз қазақы ұлттық құндылықтарымызды негізге алады. Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер халықтың байлығы, негізі. Бабалар ұстанған ұлы жол – Ханафи мәзһабы діни таным аясында қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз бен дүниетанымымызды жоққа шығармайды.

Дініміздегі білім алу мәселесі тәннің қажеттілігі ғана емес, сонымен қатар рухани жан-дүниенің кемелденуіне септігін тигізбек. Дініміз кітап арқалаған есектің кейпін кешуді ешқашан қаламайды. Үйренген ілім Алланы танытса, өзіңді тәрбиелесе, жемісі де осы емес пе?! Сондықтан Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Аллаһым! Пайда бермейтін ілімнен, қорықпайтын жүректен, тоймайтын нәпсіден, қабыл болмайтын дұғадан саған сыйынамын», деп дұғасына қосқан.

 

Медресенің орны бір төбе

Қанша уақыт өтсе де өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын бір маңызды мәселе бар десек, ол – жас ұрпақ тәрбиесі мен білімі. Тарихымыздағы ұлы тұлғалардын бірі, ислам дүниесінің ең ірі ғұламасы, атағы әлемге жайылған философ, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп айтқаны бекер сөз емес. Адам – ең әуелі адамгершілігімен, парасатының биіктігімен көрікті. Сол себепті мұсылмандар арасындағы білім бастауы болған медресенің орны бір төбе. Медресе көрген шәкірт білімдіні сыйлайды, ілімге құрметі әрдайым жоғары тұрады. Ғалым Имам Заһабидің айтуынша, Имам Ахмадтың ілім алқасына бес мыңдай адам қатысатын. Соның бес жүзі имамның айтқанын жазып отырса, қалғандары оның келбетінен, мінезі мен әдебінен өнеге алатын. Байқасаңыз, ғалымның білімін алудан өзге, тәрбиесінен сусындауға да терең мән берілетіндігі байқалады.

 

Кей діндарлар имандылықтың шынайы тәрбиесінен құр алақан

 Өкінішке орай, қазіргі кезде құрғақ діни білімді әр жерден жұлмалап алған, тіпті медресе табалдырығын аттап көрмеген кей діндарлар, имандылықтың шынайы тәрбиесінен құр алақан қалған. Демек, ондай білімді адамзаттың «нағыз қас жауы» деп айтуға болады. Өзін дүниеге әкелген ата-анасын кәпірге балап, тума-туысынан безу – рухани жұтаңдықтың, діни сауатсыздықтың көрінісі. Біліммен бірге рухани тәрбие қатар жүргенде, ата-анасын құрметтеп, еліне сыйы артып, діннің шынайы насихатшысына айналады.

Тобықтай түйініне келсек, дана халқымыз: «Жемісті ағаш жерге иіліп тұрады, білімді адам елге иіліп тұрады», – деп білімді кісінің халыққа берері көп екенін меңзеген. Білікті бірді жықса, білімді жан мыңды жығары сөзсіз. Қоғамды ілгері сүйрейтін дүние рухани кемелденген білім екенін ескеруіміз қажет. Сонда білім де, руханият та қоса дами бермек. Олай болса, діни саламыз замана көшінен қалып қоймауы біз үшін маңызды. Қазіргі күрделі діни жағдайлардың шешімі сапалы діни мамандарды көптеп даярлау. Демек, діни оқу орындарымыздың саны көбейсе, білікті, білімді діни мамандарымыздың да қатары артады.

Батыржан МАНСҰРОВ,

  ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close