ЖаңалықтарСұқбат

Омар Жәлелұлы: «Иман шатаққа айналмасын»

Жақында Атырау қаласына Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, абайтанушы Омар Жәлелұлы іссапармен келген болатын. Ғалым өңірімізде бірнеше  кездесу өткізіп, облыс тұрғындарымен ой бөліскен еді. Омар Жәлелұлымен орайы келген сұхбатты назарыңызға ұсынамыз.

 

 – Омар Жәлелұлы! Атырау өңіріне қош келдіңіз! Абайды зерттеп жүрген ғалымсыз. Абайдың иман және дін туралы философиялық толғауларының ерекшелігі неде?

– Абай, негізінен,  діндегі иман мәселесіне көбірек тоқталған.  Өзінің «Мүмін болсаң, әуелі иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол» деген өлеңінде анық көрсетеді. Абай өзінің шығармаларында иманнан қалай пайда алуды үйретеді.

 

– Мұсылманның парызы қайсы? Міндеті не? Құлшылық пен тіршілік қайтсе қабысады?

– Абай атамыз айтады: «Ел жайын біліп қалсаңыз, айтайын құлақ салсаңыз». Мұсылманшылықтың қарызын парыздан да жоғары қойып отыр. Абайдың ойынша, ең үлкен қарызы мұсылманның мына өлеңінде айтады:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар бұл дүниеде одан басқа?

Абайдың ойынша, Алланың хикметін сезу үшін адамды сүю, адамға қызмет ету керек екен.

 

– Абайдан бізге «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды, ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқ» деген пәлсапалар жетті. Осы жерде Абай қандай ғылымды айтып отыр?

– Жалпы, ғылым екіге бөлінеді: бақилық ғылым және дүниенің ғылымы. Бақилық ғылым – Құран мен хадисті меңгеру, ислам ілімін игеру т.б. Дүниенің ғылымы деген белгілі. Абай атамыз мұсылман адам екеуін де меңгеру керектігін айтқан. Көп адам бақилық ғылымды үйретумен, яғни ахиретте бақытты болу, жұмаққа бару деген сияқты ілімді үйретумен шектеледі. Дүниенің ғылымын меңгеруге аса мән бермейді. Абай атамыз «Дүниенің ғылымын меңгермеу – үлкен кемшілік» деген еді. Хадисте келтіріледі: «Бұл дүние – ахиреттің егіні» деген. «Мұсылман ахиретте сапалы өнім алуы үшін бұл дүниеде жақсы өмір сүруі керек, ал дүниеде жақсы өмір сүруі үшін, әлбетте, дүниенің ғылымын игеруі керек» дейді. Қазіргі кезде біздің Батыс елдерінен артта қалуымыздың себебі – біз осы дүниенің ғылымын меңгеруді тоқтатып қойдық.

Шын мәніндегі ислам пайда болған кездегі Пайғамбарымыздың с.ғ.с заманында, одан кейінгі араб халифатының кезеңінде де ислам ренессансы болған. Сол кездегі дүние ғылымының негізін қалаушылар исламнан шыққан. Мысалы, Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Хорезми сынды тұлғалар ислам дінінің өкілдері еді. Ғылым – тұтастай алған кезде Алланың сипаты.

 

– Шатақ діндердің мәселесі, яғни діни теріс ағымдар туралы не айтар едіңіз?

– Шын мәнінде, шатақ діндер қайдан шығады дегенде, бәрі иманнан кетеді екен ғой.  Дін үш нәрседен тұрады: Ақида ілімі, яғни діни сенім жүйесін үйретеді. Онда «Біздің ұстазымыз – Имам Матруди» деп айтамыз. Одан кейін фиһқ және ахлақ ілімдері. Осы үшеуінің біреуі болмаса, дінге нұқсан келеді.

Шәкәрім атамыз айтады: «Оның обалы – тәпсірші» дейді. «Бүлдіріп, бұзып есіл дінді, дін десе, тұра қашты есті азамат». Біз осыны қазір басымыздан өткеріп отырмыз. Ақидадан қате кеткендіктен, иман шатаққа айналады, шатақ дінді қиянатқа айналдырады. Оны біз көзімізбен көріп отырмыз. Негізгі себебі иман шатаққа айналмас үшін оны біз ақылмен қабылдауымыз керек. Өкінішке орай, көбі ақылмен қабылдамай, біреудің жетегінде кетіп жатыр. Иманды тек ақылмен түсіну керек. Ақылсыз түсінген иман қоғамға қиянат әкеледі. Сондықтан Шәкәрім атамыз: «Шын ақылмен таппаған дін – дін емес, ол – жындылық» дейді. Иманның тереңдігін ой-ақылмен ғана білуге болады.

 

Діни сауаттылықты арттырудың маңыздылығы қандай?

– Әр халықтың иммунитеті болады. Шатақ діндерге қарсы иммунитет қалыптастырудың жолы – баланы жастайынан қазақы салт-дәстүрмен тәрбиелеу.  Мұсылманшылық адамның жүрегінде болуы керек. Сонда ғана пайда береді. Сол тілмен, кәлимамен айтылған иманды жүрекке кіргізуді «тасауф» деп атаймыз. Кешегі өткен бабаларымыздың барлығы «тасауф» ілімінің өкілдері болған. Қазақтың діні – ішкі дүниенің тазалығын талап ететін дін. Сондықтан біздің бабаларымыздың ұстанған іліміне  қазіргі күнде, өкінішке орай, біз терең бойлап бара  алмай отырмыз.

 

– Қоғамда кең тараған «Харекет» деген кітабыңыз «Адам бол, мал тап» деген қағиданы негізге алады екен. Қайтсе адам адам қалпында қалады?

– Ең бірінші Абай атамыз: «Егіннің емін, сауданың тегін үйреніп, ойлап мал ізде», «Адам бол, мал тап» дейді.  Қазір бізде адам болу мен мал табудың арасы ажырап кеткен. Абайдың айтуынша, егер адамның малы болмаса, біріншіден, өзінің денесін ыстықтан, суықтан, аштықтан сақтай алмай, ауруға ұшырайды. Екіншіден, адамның малы болмаса, адам өзінің жанының азығы – ұятын сақтай алмайды. Көрінгенге телміріп, қолын жайып, дәметіп, ұятынан, арынан айырылады. Үшіншіден, адамның малы болмаса, біреуге көмектесе алмайды, яғни сауап жинай алмайды, ізгі-салиқалы амалдар жасай алмайды. Қазақ сәлемдескен кезде де «Мал-жан аман ба?» деп сәлемдесетіні де сондықтан. Абай осы концепцияны қатты дамытқан. Қазір «адам бол» деп құрғақ уағыз айта бергенше, қазаққа мал табудың жолын және ол малды адал жолмен табуды үйретуіміз керек. Ең бастысы, бұл жерде мал табам екен деп малмен бірге мал болып кетпеуді үйретуіміз керек. Сол кезде біздің қоғам түзеледі.

 

– Дінді бес парыздың төңірегінде ғана түсіндіріп қойып жүрген жоқпыз ба? Қалай ойлайсыз?

– Пайғамбарымыздың хадисінде «Адамдардың жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны» дейді. Сонда Мәшһүр Жүсіп атамыз «Мұсылманшылық уәдеде тұрумен ерекшелінеді» дейді. Қазақта, шын мәнінде, «Айтсаң, уәдеңе жет, уәде Құдайға шек» деген сөз бар. Бізде мұсылманшылықтың басты сипатының жоқтығы – уәдемізде тұрмауымызда. Бір-бірімізге деген сенімнің жоқтығында. Адам баласының уәдесінде тұрмайтынын Алла Тағала біледі. Сондықтан Құранда Алла айтады: «Мен уәдемде тұрамын, сендер уәделеріңнен тайып кетпеңдер» дейді. Екінші бір мәселе – «Мұсылманшылық немен болады?» дегенде «Мұсылманшылық намаз оқумен, ораза ұстаумен болады» дейді.  Ал Шәкәрім атамыз айтады: «Құдай Тағала Жаратушы, сен де жаратушыға айнал» дейді. «Айырмашылығы – Құдай жоқтан бар жасайды, сен бардан бар жаса, яғни технология жаса, шаруашылықпен айналыс» дейді. «Құдайға лайықты құл боламын десең, мәнісін біл» деген. Бүгінде адамзаттың миы дамуда. Адамдар күн батарейкасын ойлап тауып, биоэнергиямен жүретін көліктер жасауда. Ол ол ма,  адамзат Марсқа саяхатқа шығайын деп жатыр. Ал біз әлі күнге сол құлшылықтың, бес парыздың төңірегінде жүріп, дамыған елдердің шығарған өнімдерінің қалдықтарын тұтынып жүргенге мәзбіз. Сондықтан ғылым арқылы да пайдалы адам  нағыз мұсылман  болады деп түсінуіміз керек.

 

– Абайдың қара сөздеріндегі дін мәселесіне тоқталсаңыз…

– Абайдың қара сөздерінде осы мәселелердің барлығы көтерілді.  Қара сөздеріндегі шоқтығы биік 38-ші сөз, яғни «Китап тастиқ» «Мал іздесең де, ғылым іздесең де, жұртқа пайдамды тигіземін деп ізде, сонда ғана Құдайдың сүйікті құлы боласың, ал барлығы өзім үшін дейтін болсаң, оттаған хайуанның бірі боласың» дейді ұлы Абай. «Алла Тағала әлемді жаратты, оның жаратылысында ешбір нұқсан жоқ, өйткені оның жаратылысының бәрінде бір жақсылық жатыр, сен де сондай әр ісіңде бір жақсылықты негіз қылып ал, сонда Құдайдың жолына түсесің» дейді.

 

– Жаһандану заманында заманауи боламыз деп, кейбір құндылықтарымыздан ажырап бара жатқан жоқпыз ба?  

– Бабаларымыз «Жақсы – жаманның азығы, өлі – тірінің азығы, ескі –жаңаның қазығы, уайым – шайтанның азығы» деп кеткен. Біз ескі деп жүрген Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Бұқар жырау, Қожа Ахмет Яссауи, міне, осылардың барлығы ескі емес, біздің түп-тамырымыз, соларды түсініп, бажайлаған кезде болашағымызды айқын көре аламыз. Егер жастарымыз ата-баба іліміне қанып өссе, ешқашан әнтек қадамға бармайды. Иман шатаққа айналмасын. Ол үшін әр ата-ана ұл-қызын ұлттық рухта, қазақылыққа тәрбиелеуі керек. Меніңше, бүгінгі күннің бастысы міндеті осы.

– Омар Жәлелұлы! Сұхбатыңызға рақмет!

 Әңгімелескен  Нұркен ӘМІРАШЕВ,

Атырау қаласы

 

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close