Жаңалықтар

БҚО-да мешіттің ашылуына Бас мүфти қатысты

Орал қаласы Круглоозерное кентіне қарасты Серебряково ауылының тұрғындары үшін қуанышты күн болды. Аталмыш ауыл аумағында орналасқан «Қайрат» шаруа қожалығының жетекшісі, кәсіпкер Жұмабай Айтуевтің жеке қаражатына салынған мешіт жамағатқа есігін айқара ашты.

 Мешіттің салтанатты ашылуына өңірге іссапармен келген еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз арнайы қатысты.

– Құрметті жамағат, қадірлі үлкен жастағы аталар, ақ жаулықты аналар, ақжайықтықтар! Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, қазақ жұрты тәуелсіз ел болғалы өзінің кешегі жоғалтқан құндылықтары мен дәстүрлері, діні, иманы қайта оралып, осындай әсем мешіттер салып, қуанып жатқан елге Алла Тағаланың нұры жаусын! Алла Тағала қасиетті Құранда «Әрине Алланың ризалығы үшін мешіттерді бірінші Алла Тағалаға күмәнсіз иман келтірген пенделер және қияметтің күніне сөзсіз сенген жандар, намазын, құлшылығын орындап, бір үмітім Алладан деп несібесі мен ырыздығына Алладан береке тілеген жандар мешіт салады» дейді. Пайғамбарымыз с.а.у. хадисінде «Кім Алла Тағаланың ризалығы үшін мешіт салса, қияметтің күнінде Алла Тағала оған жұмақта сондай ғажап үй салады» дейді. Міне осы пайғамбар үмметінің үлкен сауапты амалының бірін бүгін халық болып, ел болып, сіздердің қолдауларыңызбен, шынайы тілектеріңізбен Жұмабай Есқабылұлы бастап өзінің отбасының атынан халықтың ойлаған үлкен ісін жүзеге асырып отыр. Мешіт бізді имандылыққа шақыратын, ұрпақтарымызды елін, жерін отанын сүйетін, Алланың лайықты құлы пайғамбарға сүйікті үммет болуға тәрбиелейтін ізгіліктің ордасы болады деп сенемін, – деген бас мүфти өзінің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан жаңадан ашылған мешітке қасиетті Құранды сыйға тартты.

Шараға бас мүфтимен бірге келген құрметті қонақ, тарихта есімі қалған Майлықожа ақынның тікелей ұрпағы, белгілі ақын, сазгер Жәкен Омаров имандылық бағытындағы ән-термелерін шырқады. Мұнан кейін қуанышқа шашу шашылып, жиылған көпшілік мешітке енді. Жаңа мешітте жамағат болып алғашқы сәлем намазы оқылды.

Дереккөз: zhaikpress.kz

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close