Жаңалықтар

Жат ағым жарылқамайды

Әлем мидай араласып, жаһанданып жатқан мына заманда қоғамымызға небір жақсылы-жаманды әдеттермен қатар діни ағымдардың еніп кеткені жасырын емес. Аталарымыз ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінді теріске шығаратын жат ағымдар өз қатарын жастармен толықтырып, олардың бірқатарын құрдымға алып кетті де. Аяғын шалыс басқан жас жігіттер мен қыздардың кейбірі түрмеде отыр. Бөтен елде болып жатқан соғысқа «жиһад» деп қатысып, қыршын кетіп жатқандар да бар.

Осындай жамандықтарға ұшырататын арам пиғылды ағымдардың жолын кесу үшін халықтың ислам дінінен хабардар болып, дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата алатындай болғаны абзал. Ақтау қалалық «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі соңғы жылдары дін атын жамылған ағымдардың өңірімізде таралуының алдын алу үшін көптеген шараларды жүзеге асырып келеді.

«Бауырлас жауынгерлер» жақында Түпқараған аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің «Деструктивті діни ағымдарға қарсы имунитет қалыптастыру үшін алдын алу және жеке жұмыстарды ұйымдастыру» әлеуметтік тапсырысы аясында аудан жастарымен кездесу өткізді. Түпқараған жастарымен жүздесулер Сайын ауылынан басталды.

Осындағы мектеп директоры Халия Муxамедярова кездесуді ашып, жүргізіп отырды. Сөз кезегін алған Ақтау қалалық «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев жастар арасында теріс ағымдарға қарсы шаралар жүргізудің күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екендігін атап айтты.

Мұнайлы аудандық «Ар-Рахман» мешітінің бас имамы Айдос Муталиев дәстүрлі дініміз және ислам дінімен сабақтасқан әдет-ғұрыптарымыз жайында түсінік беріп, халқымызға жат діни ағымдардың кейбір айырмашылықтары туралы айтты. Сондай-ақ жастар ислам атын жамылған арам пиғылдылардың жетегіне еріп кетуінің алдын алу үшін ол ұстаздар мен ата-аналардың да діни тұрғыда сауатты болғаны дұрыс екендігін ескертті.

– Ата-аналар балаларының мешітке барып, намаз оқығанынан қорықпауы керек, – деді ол. – Керісінше, дінге бет бұрған баланы мешіт имамына алып келгені дұрыс. Дін жолына түскісі келген бала мешіттен тыс жердегі біреулердің насихатын емес, мешіттегі имам-молдалардың уағызын тыңдаса, адаспайды. Жиыннан соң ұстаздар мен оқушылар тақырыпқа байланысты сұрағтарына жауап алды.

Осындай басқосулар Ақшұқыр және Таушық ауылдарында да жалғасып, осы ауылдардың жастары ата дінімізге қатысты біраз мәселелерге қаныққандай болды.

Бәтима Абдулла

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close