Жаңалықтар

АТТ мүшелері марапатталды

Тәуелсіздік мерекесі алдында Батыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасы облыстық АТТ мүшелерін марапаттады.

БҚО Дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Арман Нұрахметұлы мен басқарманың бөлім басшысы Азамат Нұғманұлы дөңгелек үстелге жиналған қонақтарды құттықтап, олардың облыстағы діни ахуалды жақсартуға сіңірген еңбектеріне тоқталып, алғыс айтты. Діни теріс ағымдар, экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық- түсіндіру жұмыстарына атсалысып жүрген әр түрлі сала мамандары мереке алдында бас қосып, болашақта бірлесе атқарар міндеттердің салмағын тағы бір екшеп алғандай болды.

Тарихшы Сайлау Сүлейменов, «Дүрбі» аймақтық қоғамдық-танымдық газетінің бас редакторы Ұлдай Сариева, Орал гуманитарлық- техникалық колледж директорының орынбасары Гүлшат Жолдасова және құқық қорғау органдарының қызметкерлері басқарма басшылығына алғыстарын жеткізіп, қоғамды алаңдатып отырған дін саласындағы өзекті мәселелерді шешуде болашақта да бірлесе жұмыс атқаратындарын айтты.

Халыққа діндегі адасушылық пендіни теріс ағымдар туралы шынайы ақпарат беретін, дін мәселелеріндегі түйіткілді тұстарды  халыққа түсіндіретін журналистер екені белгілі. Бұл тұрғыда ашылғанына 2 жыл болған «Дүрбі» аймақтық қоғамдық-танымдық газетінің қоғамдағы орны ерекшелініп, салмағы артып келеді. Дөңгелек үстелде құрмет көрсетілген аталмыш газеттің бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» Ұлдай Қабошқызымен қатар «Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшілері Гүлнәз Ихсанова мен Нина Павлычева, «Пульс» газетінің бөлім редакторы Ләззат Қажымова да дипломмен марапатталып, сыйлыққа ие болды.

Бұл күн – облыстағы діни ахуалдың тұрақты болуына және халықтың қауіпсіздігін сақтауға атсалысып, діни экстремизм және терроризм баптары бойынша бас бостандығынан айырылған азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі еленген күн болды. Марапат иелері қоғамдағы ең күрделі мәселе – діни адасушылықтың салдарымен күресіп келе жатқан БҚО дін істері басқармасының ұжымына табыс тілеп, тарасты. Алда жаңа 2019 жыл және бірлесе атқарар жұмыстар күтіп тұр.

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

Орал қаласы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close