Жаңалықтар

Атырауда дәстүрлі құндылықтар мен дін тақырыбына арналған өңірлік конференция өтті

«Зайырлы қоғамдағы дінаралық келісім: Дәстүрлі құндылықтар мен діннің рөлі». Осындай тақырыппен Атырауда Батыс өңірлік конференциясы өтті. Жат ағымдардың идеологиясына дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу жолымен төтеп беру арқылы  қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолдары талқыланған конференция жұмысына ҚР Қоғамдық даму министрлігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы» мекемесінің ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының магистрі, дінтанушы  Жарас Аханов арнайы қатысты. 

Конференцияны ашқан Атырау облысы дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығының басшысы Мейірбек Құбышев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының жаһандық тарихтағы рөлімізді айқындауға бағытталған қадам екендігін атап өтті.

«Ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау әрі сақтау – жаһандану кезеңінде елді бекемдеудің кепілі. Бұл тұрғыда ел  болашағы – жас буын арасында дәстүрлі құндылықтарымызды насихаттап, діннің қоғамдағы рөлін айқындау маңызды», – деп нақтылады Атырау облысы дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығының басшысы Мейірбек Құбышев.

 

Әлібек СЕМҒАЛИЕВ, Атырау қалалық мәслихатының депутаты, «Сазанқұрақ» ЖШС бас директорының орынбасары:

Намысы биік, гендік қоры таза ұлт боп келдік

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ғибратты сөз бар. Жеткіншек ұрпақ тәрбиесі – жауапкершілігі зор, салмағы ауыр міндеттердің бірі. Сондықтан өскелең ұрпақтың ертеңгі тағдыры біздерге, аға буын өкілдеріне сын екенін естен шығармаймыз.

Мен әлеуметтік желі беттеріндегі жеке парақшаларымда ұлттық болмысымыз, отбасы құндылықтары, жастар тәрбиесі туралы жиі пост жазамын. Ондағы мақсатым – қоғамдағы кейбір келеңсіз жәйттерге тойтарыс беру. Жасыратыны жоқ, олар туралы дауыстап айтпақ тұрмақ, жазудың өзі ауыр.

Бүгінде жас отбасылар арасында ажырасу көбейіп, тірі жетімдер саны артты. Депутаттық қабылдауыма баласын асыраудан қашып жүрген «көкек әкелердің» кесірінен сәбиі зардап шегіп жүргенін айтып, жас аналар келгенде жүрегім сыздайды. Өкінішке орай, баласын аямай, өрескел мінез, миға сыйғысыз әрекеттер жасайтын «жауапсыз аналар» туралы да естіп жүрмін.

Қазір баласы тіпті әкесінің, тоғыз ай көтеріп, ақ сүтін беріп, мәпелеген анасының үстінен сотқа арыз жазып, болмашы дүниеге дауласатын заман болды. Кейбір қыздардан қылық, ұлдардан жігер кетті. Ғаламтор беттерінде жүрген Байзақоваларды «қазақтың қызы», адам кейпінен айырылған қызтеке жігіттерді «қазақтың ұлы» деп айтуға арланатын жағдайға жеттік. Бұл біздің дана халқымызға тән қасиеттер емес! Ата-бабаларымыз бізге мұндай өсиет қалдырмады. Біз күні бүгінге дейін намысы биік, гендік қоры таза ұлт боп келдік.

Бағалай білсек, біздің ата-бабаларымыз ұстанған жолдыңтәрбиелік мәні зор.  Үлкенге құрмет, жастарға ізет көрсету, қыз баланы қадірлеу, ата-ана алдындағы парызды орындау, әдет-ғұрыптарымызды қастерлеу сынды ұлық қасиеттер қазақ халқына тән десем қателеспеймін.

Аллаға шүкір, бес саусақ бірдей емес. Қазірде қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдар, ұлт дәстүрін сақтаған әулеттер бар. Ендігі жерде осынау дүниелерден айырылып қалмауымыз керек. Елбасының жуырда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген аспектілерді ұстансақ, рухани байлықтарымызды жаңғырататын сара жолға түссек, алынбайтын қамал болмайды.

 

Ардақ ЖҰМАБЕКҰЛЫ, Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінің Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітінің бас имамы:

 Еуропаға өркениетті ислам апарды

 Ислам дінін, исламның негізгі құндылықтарын насихаттаубүгінгі күннің басты мәселелерінің біріне айналып отыр. Жат ағымның соңынан ерген жастар арасында исламды белгілі бір форматпен шектеу психологиясы белең алып, әсіресе, әйел баласының білім алуына, еңбек етуіне отбасы шеңберінде шектеулер жасалуда.

Әйел баласының құқығын шектеу жағдайлары, сайып келгенде, олардың қоғамға әлеуметтенуіне кедергі келтіріп жатыр. Асылында, ислам құлшылық форматымен ғана шектелмейді. Ислам – өз алдына үлкен ғылым және исламның үлкен өркениет бастауы болғандығын орта ғасырлардағы исламның «алтын дәуірі» дәлелдейді.

Тарихтан белгілі, кезінде ислам ғалымдары Еуропаға өркениетті апарды. Ибн Сина –  батыс елдерінде Авиценна атымен белгілі болған ғалым, пәлсапашы, астроном. Тарихи деректер Ибн Синаның өзінен кейін зор шығармашылық мұра қалдырғанын дәлелдейді. Ертедегі деректерге қарасақ, ол 456-ға жуық еңбек жазған. Бірақ бізге дейін ғалымның 240 кітабы ғана жетті, ол еңбектер поэзия мен философиядан бастап, геология және астрономиямен аяқталып, білімнің барлық саласына арналған. Үлкен атаққа Ибн Сина дәрігер, ғалым және фармацевт ретінде ие болды. Ендігі міндет бір кездері әлемге танылған ислам өркениетімен арада үзілген байланысты қайта жалғау болып отыр. Бұл жөнінде Ислам ынтымақтастық ұйымының Астана қаласында өткен конференциясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да мәселе көтергені белгілі.

Иә, қасиетті Құран Кәрімнің өзі «Оқы!» деп басталады. Яғни қазіргі таңда діни біліммен бірге, дүниелік ілімдерді игерудің де маңызы ерекше. Себебі бүгінгідей жаһандану дәуірінде әр мұсылман баласы бәсекеге қабілетті болуды ойлауы керек. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасын қабылдап, аталған стратегиялық жоба аясында елімізде медреселердің колледж деңгейіне теңестіріліп, сонымен бірге діни медреселерде дүниелік ілімдердің де қатар оқытылып жатқанын атап өткеніміз жөн.

Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігі жастардың елімізде, шет мемлекеттерде діни білім алуына бар жағдайды жасап отыр. Яғни Атырау облысы– жастардың оқу ақысымен бірге, шәкіртақысын толықтай төлеп отырған бірден-бір аймақ.

Ұрпағы білімді елдің болашағы зор болмақ. Ендеше, заман талабына сай білім алу, әр дүниенің ғылымын үйрену парыз екендігін насихаттау жолындағы жұмыстар жалғаса береді.

 

Айнұр ХАМЕНОВА, «APEC Петротехник» жоғары колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Отбасы институтын күшейту маңызды

Еліміздің ертеңі, жарқын болашағы білімді де білікті, жалынды жастарымыздың қолында. Демек, діни сауаттылықтың негізі мектептен қалануы тиіс. Себебі бүгінгі оқушы– ертеңгі азамат, ел ертеңінің кемелді келешегі. Бүгінгі оқушыларымыздың діни сауаттылығы ертеңгі қоғамның қауіпсіздігінің кепілі болады. Біздің жастарымыз ел болашағының тұтқасын нық ұстап, елімізге іріткі салатын, теріс және жалған діни ағымдарға еш уақытта жол бермеуі қажет.

Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Саясат күнде өзгереді, ал дін мәңгілік».

Қазіргі жастардың көпшілігі діни мәселелердің шешімінөз бетімен іздеуге тырысады, әлеуметтік желілерден мағлұмат алады, шешімін таппай жүрген тақырыптарды талқылаймын деп, діннің  өзге тармақтарына бет бұрғанын байқамай да қалады. Бұл тұста айта кететін мәселе– діни сауаттылық ол өз бетімен шешімін табатын мәселе емес, бір адамның басындағы нәрсе бүкіл ұлт тағдырын өзгертіп жіберуі ғажап та емес.

Алаңдатарлық тағы бір мәселе – бүгінде қара көйлек киіп, бет-аузын тұмшалап алған қыздарымыздың саны көбеюде. Бұлар біздің дәстүрімізге, ділімізге жат. Қазақ қара киімді қаралы  кезде ғана киген. «Қызға қырық үйден тыйым», «Ұлды өзге жерден тойдырма, қызды өзге үйге қондырма» деген қазақ мақалдары тегіннен-тегін айтылмаған. Бұлардың астарында тәлім мен тәрбиенің өзегі, ұлт болашағы жатыр. Бұл тек мемлекеттік ұйымдардың, оқу орындарының ғана мүддесі емес, барша қазақстандықтардың мүддесіне айналуы тиіс.

Кезкелген зайырлы мемлекетте діннің өз орны болады. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамның, халықтың тұрмысынан бөлінбейді. Бұл екеуінің тоғысар тұсы– руханият. Сондықтан қазіргі діни ахуал жағдайында жалпы отбасы институтын, ата-ана тәрбиесін күшейту де маңызды.Бұл орайда ата-аналармен және отбасы мүшелерімен жүргізілетін жұмыстар жетілдірілуі керек.  Жастар бойындағы жат қылықтарға қарсы күресетін иммунитет – діни, рухани адамгершілік пен отбасы тәрбиесі.Қазақта «Отан отбасынан басталады», «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады»  деген ұлағатты сөздер бар. Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген. Отбасы бірлігі бекем болса, болашағымыз да баянды, ұрпақ тәрбиесі де ұлағатқа толы болмақ.

Түйін

 Дәстүрлі құндылықтар жайы мен діннің қоғамдағы рөлі кең ауқымда сараланған жиын барысында конференция жұмысына қатысушылар мынадай шараларды жүзеге асыруды ұсынды:

–        діни экстремизм мен терроризм идеяларының таралу жолдарына құқықтық тұрғыда бөгет қоюды нығайту;

–        ұрпақ тәрбиесінде қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен ислам дінінің қастерлі қағидаларын ұштастыру мақсатында дін қызметкерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен бірлесе отырып, оқу орындарында, басқа да мақсатты аудиторияларда кездесулер, дәрістердің тұрақты  ұйымдастырылуын қамтамасыз ету;

–        өңірдегі имамдардың және ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің біліктіліктерін жетілдіру.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

«Дүрбінің» меншікті тілші,

Атырау облысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close