Жаңалықтар

Екпенің маңыздылығы

Вакцинация – түрлі инфекциядан қорғайтын ең маңызды әдістің бірі. Елімізде мына ауруларға қарсы вакцинация жүргізіледі: туберкулез (БЦЖ), «В» гепатиті (ВГВ), полиомиелит (ОПВ), қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит (КПК), күл, дифтерия, сіріспе, көкжөтел, (АбКДС), гемофильді инфекция (Хиб), т.б. Қазақстан Республикасы бойынша екпе күнтізбесі бар.

Балаларға екпе жасау (вакцинация) – адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі. Екпе арқылы жер шарында миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалады.

Жұқпалы аурулардың белгілі бір түрлерінің алдын алу үшін профилактикалық екпе жасау тиімді әдіс болып саналады. 1970 жылдардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен нағыз шешекке қарсы екпе жасау әлем бойынша шешектің толығымен жойылуына әкелді. Қазіргі уақытта Еуропа аумағында, соның ішінде Қазақстанда полиомиелит сияқты ауыр жұқпалы ауру жойылды. Республикамызда қызылша, қызамық және туа біткен қызамық синдромын жою бойынша бағдарламалар дайындалды. 1998 жылдан бастап вирусты гепатитке қарсы, 2005 жылдан бастап қызамыққа қарсы, 2008 жылдан бастап Хиб-инфекцияға қарсы вакцинация енгізілді. Дифтерия, көкжөтел, сіреспе ауруларын күрт азайту туралы мәселе тұр. Бұл ауруларды жою немесе ең төменгі көрсеткішке дейін жеткізу тек тиімділігі жоғары вакциналармен профилактикалық екпе жасау арқылы ғана мүмкін.

Ересектер мен балаларды дифтерия ауруына қарсы жаппай егу тұрғындар арасында жоғары деңгейде иммунитет қалыптастырды. Аталған аурушаңдықтың болмауы ата-аналарды алаңдатпағандықтан, кейбір жағдайларда ата-аналар екпе алудан бас тартады. Алайда полиомиелит вирустары әрдайым қоршаған ортада айналымда жүретіндіктен, егілмеген адамдар кез келген уақытта ауырып қалуы мүмкін. Ағымдағы жылы Ұлттық егу күнтізбесіне өзгерістер енгізіліп, әлсіздендірілген және реактогенділігі аз аралас (комбинирленген) вакциналар енгізілді. Оның артықшылығы – инъекциялар саны, балалардың жарақат алуы азаяды және постинъекциялық асқынулардың даму қаупі төмендейді.

Елімізде балалардың құқығын, денсаулығын қорғау Ата Заңмен бекітілген. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 89-бабы. Балалардың құқықтары:

1) денсаулық сақтау жүйесінің уақтылы әрі тиімді қызметтерін және ауруды емдеу мен денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға құқылы;

 2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қарап-тексерілуге және динамикалық байқалуға, емделуге, дәрілік қамтамасыз етілуге, сауықтырылуға және вакцинация алуға құқылы;

және 156-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егілуге құқылы екені көрсетілген.

Профилактикалық егулер «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2295 қаулысымен (бұдан әрі – №2295 қаулы) бекітілген мерзімдерде жүргізіледі.

Барлық балаға екпе тегін жүргізіледі, екпелерге мемлекет тарапынан үлкен қаржы бөлінеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналарды сатып алады. Сатып алынатын вакциналар Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтеді. Мемлекеттік тіркеу кезінде вакцинаға бірнеше кезеңдік зертханалық тексеру жүргізіледі. Шетелден сатып алынған вакциналардың әрбір партиясы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында арнайы тексеріледі. Вакцинаның қауіпсіздігі расталған кезде ғана республиканың медицина ұйымдарына таратылады.

Профилактикалық егу жүргізудің алдында ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 13 маусымындағы №361 бұйрығына сәйкес дәрігер, ол болмағанда фельдшер егілетін адамды тексеріп-қарайды, иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда егілетін адамның медициналық құжатына егу жүргізуге рұқсат береді, егілетін адамға немесе оның ата-анасына немесе заңды өкіліне профилактикалық егу, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар және қолайсыз көрсетілімдер, егуден бас тарту салдары туралы толық және объективті ақпарат береді. Профилактикалық егуді жүргізуге ерікті ақпараттандырылған келісім немесе бас тарту жазбаша түрде рәсімделеді. Егуді алғаннан кейін егілген адамдар иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер (ИКҚК) туындаған жағдайда шаралар қабылдау үшін 30 минут бойы медициналық ұйымда медицина қызметкерінің бақылауында болады. Кейіннен медицина қызметкері өлі немесе белсенділігі жойылған вакцинаны енгізгеннен кейін алғашқы үш күнде және тірі вакцинаны енгізгеннен кейін 5-6-шы және 10-11-ші күнінде үйде бақылауды қамтамасыз етеді.

Құрамында АбКДС бар вакцинаны енгізгеннен кейін алғашқы 3 күнде аллергиялық реакция, дене қызуының жоғарлауы, мазасызданып жылауы, екпе орны ауырсынуы сияқты белгілер болуы мүмкін. Сондықтан құрамында АбКДС бар вакцинаны енгізгеннен кейін клиникалық көрсетілімдері болған жағдайда егілген адамға егуден кейін 1 сағаттан соң әр 6 сағат сайын, бірақ тәулігіне 4 реттен көп емес 1 килограмм салмаққа 10-15 миллиграмнан 1-3 тәулік аралығында парацетамол бере отырып, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер (ИКҚК) профилактикасы жүргізіледі.

Инфекция адам таңдамайды. Егер егу жұмыстары жаппай жүргізілмесе, қоғамда қолайсыз жағдайлар туындауы мүмкін. Жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады . Ал егілген бала тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді.

Қазіргі таңда 27 түрлі ауруды вакцинамен ауыздықтауға болатыны анықталған. Вакцинациялаудың негiзгi мақсаты адам ағзасында иммунитет пайда болдыру арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұру болса және соның нәтижесінде ауруға шалдығу мен өлiм-жiтiм санын азайтуда өте маңызды. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда толық түсiнiк болуы өте қажет. Осы жұқпалы аурулардың арнайы алдын алу шараларының бiрi және бiрегейi – бұл иммундау жұмыстарының маңыздылығын әрбiр азаматтың бiлуi тиiс. Яғни жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай түсінуі маңызды.

А. НАРЫМБАЕВА,

Геолог емханасының директоры,

А. САРСЕНГАЗИНА,

Геолог емханасының эпидемиологы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close