Басты тақырыпЭксклюзив

Допқа ғашық Айбекті оққа айдаған сәләфизм

Адасқандар

Өткен жылдың соңында телефоныма таныс емес нөмірден қоңырау түсті. Тұтқаны көтерсем, аржағындағы  адам өзін «Сара Қайырғалиева деген апайың боламын» деп таныстырып, менімен кездесіп, сөйлескісі келетінін айтты. Мұндай қоңыраулар жиі болып тұратындықтан, таңқалмадым. Дереу қай жерде,  қай күні кездесетінімізді белгілеп алдым.

Сара апай үшін Атыраудан Орал қаласына келіп,  қала маңындағы ауылға, айтылған мекенжайға іздеп бардым. Көшеге шығып қарсылап алған апай мені бірден үйге бастады. Сөйтсем, бұл үй «Ақжайық» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Айбектің үйі екен. Иә, өкінішке  орай, діни теріс ағымға еріп Сирияға асып кеткен, футбол жанкүйерлері «Красавчик» деп ат қойған, 2007-2011 жылдар аралығында «Ақжайық» футбол клубында ойнаған Ғұбайдуллин Айбек Исқақұлының  үйіне келген екенмін…

 

Шегініс…

2015 жылдың 12 қаңтарында  «Ақжайық» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Айбек Ғұбайдуллинге халықаралық іздеу жарияланды. Сол жылдағы БҚО ІІД мәліметі бойынша, А.Ғұбайдуллиннің 2014 жылы Түркия арқылы Сирияға жеткені және Сириядағы әскери қақтығыстарға қатысқаны белгілі болды.

фото: caravan.kz

Төргі бөлменің қабырғасында  футболшынының ойын алаңынан түсірілген суреттері, додалы жарыстарда алған мақтау грамоталары  самсап ілулі тұр екен. «Айбегім 2015 жылы 5 қазан күні қаза тауыпты. Алайда баламның  өлгенін көзімен көрген  адамды қайдан табамын, сүйегі қай жерде жатыр?» дейді көз жасына ерік берген анасы. Екінің бірінің бағына жазылмайтын футболшы  болу бақытының осылай аяқталғаны қандай қасірет?!

«Балам «Ойыншылардың жалақысы уақытында берілмейді» деп екі орыс баламен бірге арыз жазды. Бірақ ол екі бала арыздарын кейін қайтарып алды. Клубқа айыппұл салынды, түгел болмағанмен де жалақысын берді. Бірақ балам қудалауға түсті. Сандалып жүрді. Сол жылдары Қазақстанда бірде-бір команда жұмысқа алмады, шағын футболға барып еді, онда да тұрақтай алмады», – дейді баласының теріс жолға түсуіне  қудалауға түсуі, футболмен қош айтысып, табыс көзі үшін базарда сауда жасауға мәжбүр болуынан деп ойлаған Сара апай.

 

Айбек футболдан неге кетті?

 2010 жылдың  30 қыркүйегі күні «Ақжайық» командасы өз алаңында «Жетісу» командасынан жеңілді. «Сол күні ойыннан соң балам үйге келіп: «Мама, мен 1-2 сағатқа жігіттермен қыдырып келемін» деп, 10 мың теңге ақша алып кеткен болатын. Түнімен оралмады…  Таңертең ауруханадан телефон шалынды. Баламды төрт жерден пышақтап тастапты, екінші отаны күтіп, жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр екен», – дейді анасы. Орал қаласындағы «Янтарь» кафесінде болған төбелестен ауыр жарақат алған Айбектің денсаулығы ұзақ уақыт қалпына келмепті. «Аяғына тұрған соң Ресейге барып емделді. Жұмысына 6 айдан соң оралды», – дейді Сара апа. Алайда іш құрылысынан алған ауыр жарақаттары салдарынан Айбек 2011 жылы бірінші лигада соңғы рет ойнап, үлкен футболмен қоштасады.

«Ауруханадан шыққан соң Айбек «Тірі қалғаным Алланың арқасы, намаз оқимын» деді. Сол жерде екі қызым «оқыма!» деп еңіреп жылап қоя берді. Ең жақын досы намазды мектептен бастап оқитын, соған ілесті. Балам ауруханада жатқанда қасында отырған мені достары «Демалыңыз, үйге барыңыз» деп қайтарып жіберетін.Өздері күндіз-түні қасынан шықпады», – дейді Сара апа.

Иә, анасының айтуынша, Айбектің теріс жолға түсуіне кішкентайынан бірге өскен досының ықпалы болыпты. Ол досы бүгінде өмірде жоқ, 2014 жылы 10 мамыр күні Сирияда қаза тапты. Әйелі мен екі баласы Сирияда қалған.

 

«Ауруханадан мүлдем басқа адам оралды»

«Айбек сол ауруханадан үйге мүлдем басқа адам болып оралды. Ақыры тыңдамай, теріс жолға түсті. Сөйтіп жүріп Диана деген қызға үйленді. Келінім Диана екеуін талай рет қатар отырғызып қойып, олардың Аллаға сенулерінің дұрыс, алайда ұстанымдарының  қате екенін айттым. Жыладым талай… Тыңдамады. Үйленген соң бөлек кетті, қайынжұртына барып тұрды, пәтер жалдады. Келінімнен ортақ танысымыз «Бұл сәләфилік жолдан неге шықпайсыңдар?» деп сұраған екен. Келінім: «Біз бұл жолдан  шыға алмаймыз, себебі біз көп ақша алып қойғанбыз» деп жауап беріпті… Футболшының жоғары жалақысына үйренген баламның күнкөрісі қиындап, қатты қиналып кетті. Өмірге екі баласы келді. Базарда ұсақ-түйек тауар сатты. Ақыры  Сирияға кетіп тынды…», – дейді Сара апа.

 

 Барсакелмеске сапар…

2014 жылдың 18 мамыры күні Айбек «Ақтау қаласына жұмысқа кеттім» деп, Оралдан кетеді. 19 мамыр туған күнінде анасы құттықтайын деп телефон шалса, Айбек телефонын үйге тастап кетіпті. «Сонда Сирияға кеткенін бір-ақ білдім» дейді ана.

Айбек 8 шілде күні анасына телефон шалады. Түркияда екен. «Неге кеттің?» деген анасының сұрағына «Кету керек болды» деп жауап берген. 2015 жылдың 2 қазаны күні Сара апа Айбекпен соңғы рет сөйлесіпті.  «Мені уайымдама, өзіңді күт!» деген соңғы сөзі әлі құлағымда …2015 жылы 6 қазан күні үйге құдағайым келді. Айбектің қазаға ұшырағанын айтты. Сол жерде құлап қалыппын. Айбектің қасында болған адамдар келінге  баламның бомба түсіп өлгенін айтыпты. Үш жыл есімді жинай алмадым.

Балам ақылды, сабырлы еді. Күйіп-пісіп, жаман мінез көрсетпейтін еді. Қалай миы айналып қалғанын білмеймін. Мен анамын ғой, жамандыққа қимаймын,  Айбектің өзгеріп бара жатқанын алғаш  байқаған үлкен қызым болды. «Қаматып тастайық» деді. Мен келіспедім. Сол кезде қаматып тастасақ, Сирияға кетпес еді, тірі жүрген болар еді… Кейде пышақталып, ауруханада жатқанда өлгені жақсы еді ғой деп ойлаймын. Құрметті атымен кететін еді өмірден… Жолдасым Ысқақтың өмірден озғанына 12 жыл болды. 15 жыл Алматыда тұрдық. Отағасы «елге қайтайық» деген соң туған жерге оралдық қой. Мүмкін, сол жақтан көшіп келмесек, мұндай болмас па еді? Баламның Сирияға кетіп өлгеніне мен кінәлімін»

«Апа, сіз өзіңізді  кінәламаңыз. Сіз қалай кінәлі боласыз? Сіз анасыз ғой, балаңызды өз қолыңызбен қалай қамата аласыз?», – дедім көз жасын тоқтата алмаған анаға басу айтып.

«Өкінем соған…Қайтейін енді, қолымнан не келеді? Баламның келмейтініне көзім жетті, көндім… Көнбегендене істеймін?  Бұл діндегі адасушылық – аштық, репрессиядан кейінгі қазаққа төнген нәубет. Сол нәубеттің құрбаны болып жұтылып кетті балам… Баламның кішкентайынан бірге өскен достары  бірінен соң бірі өмірден өтіп жатыр. Бәрі өлді… Ана Альберт екеуі бір үйдің қыздарын алған еді. Қырғызстанда өлді ол да…

 

«Өлмеймін, сен келгенше күтем!»

 «Ең болмаса, екі баласы оралса екен елге. Келін хабарласады, бірақ қай жерде екенін айтпайды. «Қоршаудамыз» дейді. Бұрын келін «Елге қайтамыз» демейтін, соңғы кезде «Иншалла, қайтармыз» дейтін болды. Бейнеқоңыраумен сөйлесеміз. Немере қызым «Әже, жылама, жылама!» дейді. Соңғы рет сөйлескенде «Жыламаймын, өлмеймін, сен келгенше күтем!» дедім. Келін ана жылдары Сирияға кетем деп, екі баламен төрт рет жолға шығып, өте алмай, қайтып келген. Тіпті құқық қорғау органдары  келінді Ыстамбұлдың әуежайынан ұшақтан түсіріп алып, кері қайтарғаны бар. Бесінші рет ұлды тастап, қызды алып кетті. Артынан шешесі Якубты апарып берді, менің немеремді…» Осы жерге келгенде әлде реніш, әлде өкініш, Сара апаның кеудесін бір нәрсе тіліп өткендей ауырсынып кетті…

Айбектің Сирияда қалған балалары

Айбектің Сирияда қалған қызы Сухайлабиыл жеті жасқа, ұлы Якуб алтыға толады (суретте). Исқақ деп аталарының тегін алыпты. Сара апа ұл-қыздары Сирия мен Иракта жүрген оралдық аналардың атынан ҚР Ішкі істер министрлігіне хат жазды. Артынша аналар Астанаға барып қайтты. Ресми органдардан баласы Айбектің қайтыс болғаны туралы хабар алмаған, «балам әлі іздеуде» деген ананың әлсіз үмітін қайғының қара дауылы етегінен тартқылап, тұншықтырып, сөндіргісі келгендей ме, қалай?! «Бұл қайғым көрге менімен бірге кірер… Қара басым қара жерге кіріп, жүрегім соғуын тоқтатқанша бұл қайғым арылмас, ұмыта алмаспын» деп аһ ұрады ана жүрегі.

 

«Бес жасқа дейін емген құлыншағым еді ғой…»

 Иә, қалай ұмытсын?! «Бес жасқа дейін омыраудан ажырамай емген құлыншағым  еді  ғой  Айбегім» дейді ана. Түнде балалар бөлмесінен келіп: «Мама, емшек емем» деп, анасын оятып алады екен… Анасы жұмыстан келгенінде алдынан  құлдыраңдап жүгіріп шығып,шөліркеп емшекке жабысатын Айбегі болыпты ол. 10 жасынан бастап «Динамо» стадионына барып, футбол ойнай бастаған, доп десе, ішкен асын жерге қоятын, допқа өлердей ғашық Айбегін 13 жыл бойы сапарға шығарып салып, сапардан сағынып күтіп, көргенше шыдамы таусылатын анасы жауын-шашынды елемей, стадионда жанкүйері болып отырыпты.

Ауруханадан емделіп шығып, алты айдан соң ойын алаңына жүгіріп шыққан баласын көргенде жылап жіберіпті  Сара апа. «Сонда «Красавчик, оралуыңмен!» деп плакат ұстап отырған стадион толы халық «Апа, жыламаңыз, балаңыз қатарға қосылды ғой!» деп, менімен бірге қуанған еді.  Сол сәттегі жүрегімді кернеген қуанышты тілмен айтып жеткізе алмаспын», – дейді Сара апа.

Әттең!

 Міне, қазақ жастарын адастырып, Сирия мен Иракта жер жастандырып жатқан сәләфизм  Ғұбайдуллиндер шаңырағын осылайша шайқалтып кетті.

Кішкентайынан доп қуған қазақтың қаршыға  баласы «Футболист боламын» деп армандап еді. Болды. Стадион толы жанкүйердің қиқуына арқасы қозған ойын алаңының падишасы – футболшы болудың қандай бақыт екенін сезінді. Бірақ бірде жеңілсе, бірде жеңістің тәтті дәмін татып,  маңдайдан  тер моншақтаған ебіл-себіл сәттерде аспанға көтерілер Көк Байрағын, Отанын сатып кетті, әттең!

Бес жасқа дейін емген анасының ақ сүтін көкке саудырып, мына жалған жер бетінде  емі табылмас қайғыға душар етіп, шерменде күйде аңыратып кетті, әттең!

 Өз Отанындағы бейбіт,  мамыражай, алаңсыз өмірді Сириядағы қанды соғысқа айырбастап кетті, әттең!

 Әттең, әттең, бәрі басқаша,  мүлде басқаша болатын еді ғой! Егер діни білімді мешіттен, имамнан  алса, адаспас еді  Айбек! Зайырлы мемлекетімізді, намаз оқымағанды кәпірге шығармас еді, ата-бабамыздың ұстанған Әбу Ханифа мәзхабын мойындаса, Ділмұрат, Дарын, Назратулла жаққа мойынын бұрмас та еді ғой! Әттең!

 

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»

Атырау- Орал- Атырау

«Дүрбі» №1, 14 наурыз, 2019

 

Айбек Исқақұлы Ғұбайдуллин 1988 жылы 19 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Әйелі, екі баласы бар. 2007-2011 жылдар аралығында Оралдың «Ақжайық» футбол клубында  ойнады. Клуб капитаны болды. 2014 жылы исламның дәстүрлі емес теріс ағымын, яғни сәләфилік жолды ұстанған ол «Ақтау – Стамбұл» ұшағымен Түркияға, одан әрі Сирияға жеткен. Сол сәттен бастап бейбіт тұрғындар мен Сирияның үкіметтік әскеріне қарсы қарулы соғыс ашқан террористік топтың құрамында соғысқа түскен оның үстінен ҚР ҚК 257-бабы, 2-бөлігі бойынша  қылмыстық іс қозғалды. 2014 жылдың 31 желтоқсанында Орал қалалық соты А.Ғұбайдуллинді тұтқындауға санкция берді. 2015 жылдың қаңтар айында халықаралық іздеу жарияланды.

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close