Басты тақырыпЭксклюзив

«Жусан» операциясымен елге оралған Мәдина: «Мен өз халқымның алдында қарыздармын»

(19.03.2019 жылы жарияланған)

«Мен Қазақстан мемлекетінің, өз Президентімнің, өз халқымның  алдында қарыздармын. Елімнің маған жасаған жақсылығын қайтаратын, ризашылығымды жеткізетін күн де туар. Біз Отанымызды сатып кеттік. «Өзің кеттің, енді не істесең де, өзің біл» деп бізді Сирияда қалдыруға болатын еді. Бірақ далаға тастамады.

Біз Сириядан кетіп бара жатқанда өзге мемлекеттердің әйелдері: «Президенттеріңе айтып барыңдаршы, Қазақстанға бізді де алып кетсін!» деп жылап  қалды… Себебі басқа мемлекеттер ДАИШ халықаралық террористік ұйымының құрамында болған өз азаматтарын елге қайтарудан бас тартып отыр».

Бұл – жыл басында «Жусан» операциясымен Сириядан елге оралған Мәдинаның (есімі өзгертілді) сөзі. Мәдина қалай адасты? Атырау – Ыстамбұл – Сирия сапарының соңы оған қандай сабақ берді? Алты жыл отпен оқтың ортасында өткен өмірі туралы біз Мәдинаның өз аузынан естідік.

 

Сәл шегініс: Әдетте сәләфизм ағымына еріп, адасып, Сирия мен Иракқа жиһадқа аттанушылардың жолы бір-ақ нұсқа. Біреулердің ықпалымен намаз бастайды. Тап болған ортасы оған имамнан кеңес сұрамауды, діни білімді интернет арқылы Дарын, Ділмұрат және тағы да басқа «ұстаздардан» үйренуге үгіттейді. Уақыт өте «Намаз оқымаған адам да, мемлекет те кәпір. Кәпір елде өмір сүруге болмайды» деген тәкфірлік теріс сенім олардың санасын мықтап жаулайды. Әрі қарай не істеу керектігі туралы сұрақ туындайды. Міне, осы сәтте олар арғы жағында ешқандай ислам емес, халықаралық террористік ұйымдардың жымысқы пиғылына құрылған қақпан – жиһадқа аттану туралы интернеттен оқып, біледі. Жалған халифатты уағыздаған, өтірік түсірілген видеоларға сенеді. Болмаса, «Сирияда кәпірлер мұсылмандарды қырып жатыр, бауырларымызға көмектесуіміз керек. Өлсек, шаһид болып, жәннатқа түсеміз» деп, өмірге әкелген ата-анасын, туған жерін тәрк етіп, Сирияға қашады. Арғы жағы біз түгілі, бүкіл әлемге белгілі…

«Жәннатқа бірге барғанымызды қалаймын»

Бұл – Сирия асып кеткен күйеуі Ерсайынның (есімі өзгертілді) скайп арқылы Мәдинаға айтқан сөзі. 2012 жылдың желтоқсанында «Украинаға жұмысқа кеттім» деп алдап, Сирияға қашып кеткен Ерсайынның артынан 2013 жылдың наурыз айында Мәдина да жолға шығады. Астрахань қаласынан ұшаққа отырған келіншек Ыстамбұл қаласына жетіп, әрі қарай күйеуі екеуі Сирияға өтеді. «Сирияда автомат ұстаған адамдарды көргенде ойланып қалдым. Мен барғанда күйеуім ДАИШ-тың құрамында соғысып жүр екен», – дейді Мәдина.

Өзінің айтуынша, Атыраудан жолға шыққан сәтте кері қайтуға билеті бар Мәдина Сирияда бақандай алты жылға қаламын деп ойламапты.

«Қайтатын уақыт жақындағанда күйеуіме: «Мен қайтамын, сен не істейсің, қайтасың ба?» деп сұрадым. «Сен не айтып отырсың? Қайдағы қайту? Мен осы соғысқа қатысуды мақсат етіп келдім. Сен де қайта алмайсың. Себебі сенің Сирияда екеніңді Қазақстан біліп отыр. Барсаң, бірден түрмеге жауып тастайды» деді.

Алғашында Шейх Сулайман деген қалада тұрдық. Бос тұрған бір виллаға қоныстандық. Соғыстың салдарынан иесі тастап, бас сауғалап кеткен вилла қымбат дүние-мүлкі бар, жанға жайлы үй болып шықты. ДАИШ алғашқы кезде мал береміз деген, бірақ бермеді. Ай сайын адам басына 100 доллардан берді. Одан 50, соңғы кезде 35 долларға түсіп кетті.

Жұбайым соғысқа қатысты, айлап далада болады. Соңына таман бір айға демалыс беретін болды. Көшіп жүрдік, әйелдер мен балаларды Ракка қаласына көшірді. Ракка барлық террористер жиналған жер болғандықтан, аяусыз талқандалды. Неше түрлі ұлт, соның ішінде қытай мен орыс көп болды».

«Өмірім жертөледе өтті»

 «Өмірім жертөледе өтті. Әскери ұшақтар көп ұшады, бомбалайды, танкпен де атқылайды. 2013 жылы туған балам аяғымен келді, 8 сағат толғаттым. Жерге түскенде жыламады бала. 1-2 минуттан соң жүрегі тоқтап қалды. 2016 жылы туған екінші балам қазір үш жаста. Ұшақтың дауысын естісімен сол баламды көтеріп, 4-қабаттағы пәтерден жертөлеге жүгіремін. Бірақ жертөле де қорқынышты, бомба түссе, есігі жабылып қалуы да мүмкін… Ол жақта адам төзгісіз ыстық, мамырдан қазан айына дейін жауын тамбайды. Жарық жоқ, болса да 1-2 сағатқа жанады. Су жоқ, анда-санда көлікпен әкеліп сатады. Жуынған, кір, еден жуған суды төкпей, шелекке жинап, әжетханаға құюға пайдаланамыз. Тамақ жоқ.

Күніне екі-үш рет бомба тастайды, кейде құтырынып жаңбырша жаудырады. Жақындап келе жатқанда ұйқы жоқ. Террористер үйлерге тығылатын болды, сондықтан үйлерді де жаппай бомбалай бастады. Аспалы сөмкем болды, соны асынып алып, қолыма баламды ұстап бас сауғалап қашамын… Қорқыныш, үрейден ауруға шалдықтым. Жүйкем бұзылды. Дәл қасыңа бомба түседі, контузия аласың, бомбаның екпіні ұшырып жібереді, құлайсың, жараланбасаң да залалы көп. Бомбаның дүмпуінен бір жағымнан соққы алғанмын, бір құлағым ауырады. Күйеуімді Сирияға шақырғанда «Шариғатпен өмір сүресіңдер, бәрі жақсы» деп уәде берген еді, бірақ барған сәттен бастап басымыздан жақсы нәрсе өткен жоқ».

«Басынан атып өлтіре салады…»

«Мен кеткім келетінімді күйеуіме де айтқан жоқпын, себебі біреу естіп қалса, түрмеге қамайды, әлде өлтіріп тастайды. Әйелдердің көбі күйеуіне ілесіп барды. Барған соң  түсінді, бірақ кері қайтуға жол жоқ. Мен «Кетем» дегенімде күйеуім: «Отыр қозғалмай, кететін болсаң, баланы тартып алып қаламын» деді. Кетем деген көп әйел осылай жіпсіз байланды. «Өзің кете бер, баланы тастап кет!» дейді. Баланы қалай тастап кетесің? Тіпті, шынымды айтсам, күйеуінің қайтыс болғанына қуанып, «Құтылдық, енді елге кетеміз» деген әйелдер де болды. Сирияға барған еркекке қайтатын жол жоқ. Кетем десе, сол сәтте басынан атып, өлтіре салады…»

 «Біздің пайғамбарымыз – Омар» депті

«Мен үйде отырдым, бомбадан басқа түк көрген жоқпын. Күйеуім соңғы кезде  ДАИШ-тың оны қинағанын, түрмеге қамап тастағанын, бұл жолдың дұрыс еместігін айтты. «Айнала әділетсіздік. Бұл жерде ешқандай ислам жоқ. Олар: «Біздің пайғамбарымыз – Омар» деп айтады. Ол не дін? Омар деген қайдағы пайғамбар? Не болып жатыр? Мен түк те түсінбей жүрмін. Мені 11 күнге түрмеге отырғызып тастады. Қинады, ұрды, тамаққа бірдеңе сеуіп берді» деді. Бұрын кетем десем қарсы болатын еді. Сол күні «Не болса да сендерді елге жіберуге тырысамын» деді. Өлерінің алдында ғана түсінді адасқанын. 2017 жылы наурыз айында қайтыс болды».

 

«Жерге құлап, жерді сүйеміз, сәжде қыламыз» деген едік»

Мәдина күйеуі өлген соң 2017 жылдың 19 қарашасына дейін ДАИШ лаңкестерінің қол астында болған. Елге қайтуға деген үміті пайда болған ол бұдан әрі басынан қандай жағдайларды өткерді? Төмендегі сұхбаттан толық таныса аласыз.

– Мәдина, күйеуіңіздің сүйегін көрдіңіз бе?

-Жоқ, олар соғыста өлген адамды көрсетпейді. Бірге соғысып жүрген досы оның қайтыс болғанын айтты. Ол да көрмеген, біреулерден естіпті. Өлді ме, жоқ па, өлсе, денесі қайда жерленді, не істеді, оны ешкім білмейді. Мүмкін лаңкестер өздері атып тастады ма, ол жағын бір Алла ғана біледі.

-Одан әрі не болды?

-Ол жақта күйеусіз тұруға болмайды. Күйеуім қайтыс болғанда біз Эр-Ракка қаласында тұрғанбыз. Мені Эль-Меядин қаласындағы әйелдер махарына апарды. Бір бөлмеде бірнеше әйел балаларымызбен бірге отырдық. Ішетін қара су да болмады. Ай сайын бізге 50, бала басына 25 доллар береді. Көшеге шығуға болмайды, шықсаң таяқ жейсің. Сол жерде Орал қаласының бір қызы отыр екен, екеуміз қашуға жол іздей бастадық.

– «Күйеуге шық» деп мазалады ма?

– Идданың 4 ай 10 күн мерзімі өткен келесі күні-ақ «күйеуге шық» деп келіп, маза бермейді. Өзбек, тәжіктер толып жатыр. Екі араб келді, біреуімен сөйлестім. Ылғи күйеусіз әйелдер, ұрыс-керіс, бір-біріне пышақ ала жүгіру, неше түрлі ұлт, неше түрлі бұзылған адам бар. Оның үстіне тамақ, су жағынан қатты қиналдық. Жаңағы тунистік арабқа «Мені мына жерден алып шығып, жағдайымды жасасаң, саған тиемін» деп талап қойдым. Ол Оралдың қызы екеумізді АлМухаррам деген қалаға әкеліп, үй тауып, тамақ беріп, жақсы көмектесті. Оның әйелі бар екен, бір күні екеуі аяқ астынан жоқ болып кетті.

-«Жусан» операциясымен келуге қалай іліктіңіз?

Егер қашып бара жатқаныңды білсе, ДАИШ-тың адамдары артыңнан атады, не жолыңа мина қойып, жарып жібереді. Олардың құрамынан шығып кетуге рұқсат жоқ. «Қазақстанға қайтпаңдар, ол ел – кәпірлердің елі, тозақтық боласың» деп үгіт айтады.

Біз қашу үшін жол іздеп жүріп, бір қазақ әйелге кездестік. «Күйеубалам жол тауып береді, бірге қашайық» деді. Күйеубаласы бізді көлікке отырғызып, бір жерге әкелді. Қонып келесі күні жолға шықтық. Жеті әйел, 15 бала болды. Біз баратын курдтардың лагері ол жерден 15 минуттық жер екен. Жақындағанда олар бізге қарай оқ ата бастады. Біз оларға берілдік. Курдтардың ережесі бойынша қолға түскен бойда қара киімді шешкізіп тастайды екен. Қарсыласпай, шешіп тастадық. Олар: «Біз ДАИШ сияқты бала мен әйелді өлтірмейміз, қорықпаңдар» деді. Алғашында 10 күн Аль-Холь деген лагерьде болдым. Одан соң түрмеге жауып тастады. Беретін тамағы тосап жаққан нан ғана. Бір айдан соң  түрмеден шығарып, Роджу лагеріне әкелді. Бұл жердегі жағдай Аль-Холь лагерінен жақсы екен. Палатка құрып берді, тамақ, балаларға жеміс берді. Елге жеткенше сол жерде бір жыл екі ай палаткада тұрдық.

-Сонда курдтар қарайған адамды тегін тамақтандырды ма?

-Жоқ. «Қызыл жарты ай» ұйымы ай сайын тамақ әкеледі. Қорап толы тамақ береді, жартысын жеп, қалғанын сатып, ет, басқа да тамақ алып, күн көрдік. Мен тауық тазаладым, торт пісіріп саттым.

– Курдтар әйелдерге қалай қарады? Ұрынған жоқ па?

-Олар бізге жаман қараған жоқ. ДАИШ-тың адамдарымен салыстырғанда жақсы. Оның үстіне біз ДАИШ-тан келген соң оларға жау саналамыз. Курдтардың бізді өлтіріп те тастауына болатын еді. ДАИШ адамдары бізге «Егер курдтарға берілсеңдер, қолына түссеңдер, сендерді зорлайды, өлтіріп тастайды. Ал егер Қазақстанға қайтсаңдар, түрмеге қамайды» деп қорқытып тастаған еді.

-Мәдина, Сирияға барғаныңызға өкінесіз бе?

-Мен күйеуімнің артынан кеттім. Ал кейбір қыздар жиһадқа жеке басымен мақсат етіп барған. Бұл идеологияда бәріміз де болдық, оны жоққа шығармаймын. Яғни уахабизмді ұстандық. «Намаз оқымайтын кәпір адамдары бар елде тұрмау керек» деген үгіт болды. Барғаныма өкінем, бірақ, бір жағынан, өкінбеймін де.

-Неге өкінбейсіз?

-Көзім ашылды. Сондықтан өкінбеймін. Менің елде бір қызым қалды, ол бойжетіп келеді. Ұлым бар. Егер адасқаныма көзім ашылмаса, олардың болашағы қалай болар еді?! «Сирияда не болып жатыр, не үшін, кім үшін соғыс?» деген сұрақтарға жауап іздейсің. Сосын алданғаныңды түсінесің.

Қазақстанда жүргенде видео жібереді. «Мұсылмандарды кәпірлер қырып жатыр, оларға көмекке келіңдер, мұсылманды қорғап өлсең, жәннатқа түсесің» деген үгіт болды. Намаз оқымаған адам кәпір деп дәлелдеп береді,  дәлелді қайдан алатынын мен білмеймін. Бұрмалай ма, басқаша аудара ма, сендіреді соған. Ол кезде жаспын, оның үстіне күйеуің айтып тұрса, қалай сенбейсің? Бірақ ол жаққа барғанда жүрегім бірдеңені сезген сияқты болды. Сирияда құжатымызды неге тартып алды? Неге баланың көзінше адамдарды өлтіреді? Осы сұрақтар мені бірден күмәнға түсірді.

Өлім жазасын орындағанда балаларды қатыстырады ма?

-Иә, балалардың көзінше істейді. Жергілікті сириялықтардың да балаларын қатыстырады. Сосын видеоға түсіріп, жариялайды. Бала түгілі біз үлкендер ол жердегі неше түрлі сұмдықты көріп, ақылдан ажырауға аз қалдық. Ал балалар көзі көргенді қалай көтерді, түсінбеймін.

– Мәдина, енді сіз үшін жүрек толқытар қуанышты сәттерге қарай ойыссақ. Сіздерді елге әкетуге ұшақ келгенін білдіңіз бе?

– Түк те білген жоқпыз. Бізге «жиналыңдар» деді. «Қайда апарады, өлтіруге апара ма, әлде сатып жіберейін деп жатыр ма?» деп, қатты қорықтық. Жиналып шыққанда америкалықтарды көрдік, сонда АҚШ-тың террористер отыратын атақты Гуантанамо түрмесіне апара жатыр ма деп, одан сайын қорқып кеттік. Бес сағат автобуспен жүрдік. Одан түсіріп, ұшаққа мінгізді. Ұшақ жерге қонғанда екі әскери адам келді қасымызға. Қазақтар! «Қыздар, қорықпаңдар!» деді. Ол жерде есіміз кетіп, сене алмай, тұрып қалдық.

-Иә, одан әрі ұшаққа қалай отырғаныңызды, Ақтауға қалай келіп қонғаныңызды бүкіл Қазақстан видеодан көрді…

– Иә, ұшаққа отырған соң жылы киім, ас-су берді. Біз Қазақстанның ұшағына жеткенше үш күн жолда болдық. Оның үстіне, «Қайда апара жатыр?» деген белгісіздік пен қорқыныштан ұйықтаған да жоқпыз. Курдтар бізге жолда тамақ та берген жоқ. Қатты шөлдедік, шәй ішкіміз келді. Быт-шыт болған түрімізді көрген біздің әскерилер: «Қыздар, не болды? Елге қайтуға разы емессіңдер ме?» деп сұрап жатыр. Біз «шок» болып отырмыз ғой, не күлерімізді, не жыларымызды білмей, есіміз ауып қалды. Қасымдағы келіншек екеуміз лагерьде отырғанда «Осыдан елге аман-есен жетсек, жерге құлап, жерді сүйеміз, сәжде қыламыз» деген едік. Қатты сағынады екенсің елді… Лагерьде кішкентай теледидар болды. «Қазақ ТВ» деген арнадан Қазақстанды көрсетеді. Елді, жерді, суды көріп, жылап отыратын едім…

– Сүйдіңіз бе жерді?

-Жоқ, сүйген жоқпыз. Елге жеткенде жылаймыз дегенмен, жылай алмадық. «Шок» болып қатып қалдық. Ол жерде басымыздан өткен неше түрлі қорқыныш, қуаныш, басқа да сан түрлі сұрақ жанымызды жеп жатқанда біз не істеп, не қойғанымызға есеп бере алмай қалдық. Ақтаудағы оңалту орталығына жетіп құладық қой… Балалардың шаштары өсіп кеткен, бәрі жұқпалы ауру. Ойыншық көрмеген олар неше түрлі ойыншықпен ойнап, теледидарды қызық көріп, естері кетіп қалды. Тап-таза төсекке жатып, армансыз, алаңсыз ұйықтадық. Дәрігерлік тексерістен өттік. Ауа райына үйрене алмай, алғашқы күндері ауырдық. Орнымыздан тұрмай, «Елдің тамағын сағындық» деп, еркелеп жаттық қыздарға.

-Еркелеп дейсіз бе?

-Иә, еркелеп жаттық. Оңалту орталығындағы қызметкерлер бізді жатсынбай, бірден бауырмалдық көрсетті. Сирияда бізді ешкім маңдайымыздан сипаған жоқ. Ол жақта адамға адамның жаны ашымайды, әркім өз отбасымен, әркім өз өмірі үшін күреседі. Ал біз елге жетіп, ұшақтан түскен сәттен бастап өзімізге деген ерекше қамқорлықты сезіндік. Елбасы бізді кешіріп, Сириядан алып шықты. Елге жеткелі бірде-бір адам біздің қателігімізді бетімізге басқан жоқ, біздің өкінетімізді, ұялатынымызды түсінді. Оңалту орталығындағы психолог, теолог, дәрігер, жолығуға келген журналистер бізге шын мәнінде бауырмалдықтың үлгісін көрсетті. Қалай еркелемейсің?

Басыңа қиын күн туғанда қазақтың қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ екен. Өз Отанынан басқа ешкімге керегі жоғын елдегі адасып жүрген жастар түсінсе деймін. Мен өз ұлтыммен, халқыммен мақтанамын. Алданған қазақ қыздарын далаға тастамаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз.

Лагерьде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған неше түрлі ұлт бар. Өз елдері алудан бас тартқан әйелдер қайда барарын білмей отыр. Біз Сириядан кетіп бара жатқанда өзге мемлекеттердің әйелдері: «Президенттеріңе айтып барыңдаршы, Қазақстанға бізді де алып кетсін!» деп жылап қалды. Себебі басқа мемлекеттер ДАИШ халықаралық террористік ұйымының құрамында болған өз азаматтарын елге қайтарудан бас тартып отыр.

-Сіз Сирияда алты жыл болдыңыз…

Атырауға келгенде не істерімді білмей, абдырадым. Адамдарды көргенде кіммен қалай сөйлесу керек екенін түсіне алмай, алғашында қиын болды. Жақында бірге оқыған сыныптастарым мейрамханаға шақырды. Біртүрлі сезіндім, өзімді қалай ұстарымды білмеймін, сөйлей алмай, тамақ жей алмай отырдым. Бейбіт өмірдің, елдің, өз қазағымның қаншалықты қымбат екенін түсіндім сол жерде. Алты жыл өмірімді босқа жоғалттым, елде болсам, осы алты жылда маман болып көтерілер ме едім. Өкінесің, әрине!

-Болашаққа қандай жоспар құрып жатырсыз?

Мақсатым – балаларымды тәрбиелеп, аяғыма тұру. Елде қалған қызым бар, ол да өсіп келеді. Оған да қиын болыпты. Мен жоқта Үкімет қызыма киім, оқу құралын беріп, көмектесіпті. Рақмет. Атырау облыстық дін істері басқармасының қолдауымен психологиялық жағдайыма, қоғамға бейімделуіме көптеген көмек көрсетіліп жатыр. Дұрысында, мемлекет олай көмектесуге міндетті емес. «Сириядан әкелдік, қалған жағдайыңды өзің жаса» десе де, қуанамыз ғой. Керісінше, емделуімізге дейін жағдай жасап жатыр. Атырау облыстық дін істері басқармасының қолдауымен 1 айлық маникюр курсын бітірдім. Енді құрал-жабдықтарды күтіп отырмыз. Болашақта бизнесімді үлкейтіп, сұлулық салонын ашқым келеді. Балаларымды азамат етіп өсірсем, ақша жинап, үй алсам деген арманым бар.

-Сіз Сирияға барып, ол жақта ешқандай исламның жоқ екенін, керісінше, озбырлық, зорлық-зомбылық, адам өлтіру сияқты сұмдықтарды көзінізбен көріп келдіңіз. Елдегі адасушыларға не айтар едіңіз?

– Уахабизмді ұстанып, елден қашып кеткен өзім сияқты адамдар Елбасының, мемлекеттің өздеріне жасап отырған қамқорлығын түсініп жатыр деп ойлаймын. Біздің бастан кешкенімізді көре тұра, елдегі теріс жолда жүрген адамдар бұл жолдың қате екенін түсінбейтін болса, мен онда жағамды ұстар едім! Сириядағы болып жатқан неше түрлі әділетсіздіктің исламға мүлдем жат екенін көріп тұрып түсінбесе, ол адамның соншама соқыр болуын мен түсінбеймін. Қазақстанға тыныштық бергей! Алладан тілерім осы. Ақтаудағы оңалту орталығы мен Атырау облыстық дін істері басқармасының қызметкерлеріне жүрекжарды алғысымды жеткізгім келеді.

– Мәдина, еш бүкпесіз айтқан әңгімеңізге рақмет!

 

Сыймай қалған сырлар:

Міне, «Қазақстанда екеніме әлі сенбеймін, Сириядағы өмірім қорқынышты түс сияқты. Бұл тозақты еш адамға тілемеймін» деген Мәдина адасқанын мойындап отыр. Ол «Шалыс басқан қателігімді кешірген Отаныма қарыздармын» дейді. «Біз  курдтардың лагеріне жеткен соң «Қазақстанға қайтқымыз келеді, біз қателестік, адастық. Біздің сөзімізді Президентімізге жеткізіңіздер, көмектесіңіздер!» деп жалындық, жыладық» дейді ол.

Қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген жақсы сөз бар. Сириядағы жарылыс, қарша бораған бомба, ысқырған оқ, баласын құшақтап қашып бара жатқан сәті Мәдинаның әлі күнге дейін түсіне еніп, ұйқысыдан шошып оянады екен. Атыраудың аспанынан жан-жаққа ұшып жатқан жолаушылар ұшағының даусын естіген сәтте шошып кетіп, отырған орнынан тұра жүгіреді екен. Мәдинаның өзі «Бұл күн де ұмытылар, алдағы өмірімнің жақсы боларына сенімім мол» дейді. Ал біз адамгершіліктің ең биік үлгісін танытқан Қазақстан мемлекетінің нағыз қазақ мемлекеті екеніне қуандық. Себебі «Қазақ өз қолын өзі кесе алмайды». Кессе, ауырады…

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»,

Атырау қаласы

*Суреттер ғаламтордағы ашық дереккөздерден

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close