Жаңалықтар

Зайырлылық – қоғамдық құндылық

          Ұлан-байтақ атамекеніміздің әр тұтам жерінде, әр өткелінде бұдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын қол жеткізген тәуелсіздігіміздің ұшан-теңіз шежіресі сайрап жатыр. Бүгінгі күні тарихи сыннан өтіп, өзімізге деген сенімімізді нығайтып, ел болып есейіп, әлемдік деңгейге белгілі болған жетістіктерімізді орнықтырып, өзгеге үлгі боларлықтай дәрежеге жеттік. Егемендікке қол жеткеннен кейінгі ең маңызды жетістіктеріміздің бірі – елімізде діни наным-сенім бостандығы, діни еркіндік, дінаралық татулық десек, артық айтқандық болмас. Өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлкет ретінде орнықтыратын елімізүшін дін саласындағы саясаттың ең басты мақсаты – конфессияаралық келісім. Шын мәнінде де, конфессияаралық келісім мен зайырлы қоғам саясаты тәуелсіздігіміздің мерейін күн санап арттырып келеді.

Бүгінде Атырау облысы бойынша 30 исламдық, 3 православтық, 2 католиктік, 1 кришнаизм және 7 протестанттық бағыттағы діни бірлестік тіркелген, барлығы 43 діни бірлестік бар.Облыста 40 ғибадат үйі жұмыс жасауда. Оның ішінде: 30 исламдық, 2 православтық, 2 католиктік, 1 кришнаизм және 5 протестанттық.

Аталған діни бірлестіктермен облыстық дін істері басқармасы тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отыр. Жалпы басқарма тарапынан тұрғындар арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатын жан-жақты түсіндіруге, қоғамымызда берік орныққан конфессияаралық келісім мен ауызбіршілікті  нығайтуға, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру жұмыстарын жүргізу мақсатында тұрақты түрде атқарылған іс-шаралар өз нәтижесін көрсетіп келеді. Бұл бағыттағы біздің ортақ қызметіміз зайырлы мемлекетіміздің одан әрі гүлденуіне, тәуелсіздігіміздің баяндылығына, халқымыздың ынтымағы мен бірлігіне және конфессияаралық келісімнің нығаюына зор үлес қосатынына сенімдімін. Себебі бүгінгі таңда дінаралық татулықты нығайтудың маңыздылығы өте жоғары. Діни бірлік болмайынша, зайырлылық саясаты көбірек насихатталмайынша, ұлттық бірлік те болмайды. Бұл әрбір Қазақстан азаматының алдында тұратын үлкен міндет болуы тиіс.

Зайырлы мемлекет «дін­сіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі. Әркімнің өз қалауына сәйкес діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға еркі бар.

Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі.

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында ел бола­ша­ғының іргетасын қалаған бас­ты құндылықтар қатарында зайырлы қоғам және жоғары руханиятты атап көрсеткен болатын. Бұл аталған құндылықтардың ажырағысыз байланыста екені қалтқысыз пайымдаудан туындаған тұжырым болып табылады.

Ерекше назар аударатын жайт – жоғарыда айтылғандай, зайырлылық дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемле­кеттің діни емес, құқықтық қағидат­тармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстаны­мының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі.

Зайырлылық түсінігінің ауқы­мы кең. Конституциялық негіз­дегі «зайырлы» ұғымы мемле­кеттің барлық саласында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азамат­тардың ар-ұждан бостан­дығын қам­тамасыз ететінін, дін мен мем­­­лекеттік саясатты араластыр­­май­тынын білдіреді. Қазіргі заман­ғы зайырлылық, ең алдымен, гу­ма­нистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруын қамтиды.

Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдение­тіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Зай­ыр­лы мемлекет сонымен қатар азаматтық қоғам­ның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады.

Көзі ашық, көкірегі ояу оқыр­манның бәріне белгілі жайт – шынайы дін жасампаз құн­дылықтарымен танылады, тамыр жаяды. Исламдағы адамгершілік, өзара құрмет, татулық пен бірлік, адал еңбек, әділеттілік, теңдік, ақыл-парасат, ғылым-білім секілді қастерлі құнды­лықтар әлемдік діндердің барлығына ортақ. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген де осы құндылықтардың салтанат құруы болатын.

Құндылықтар кешені бір-бірі­мен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құн­дылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұрат­тарға жетелейді. Себебі тыныш­тық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да исламда: «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет елге қызмет деп бағаланады.

Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.

Бүгінгі жастар алдында айтары бар аға буын, берері мол қазыналы қарттары бар бақытты ұрпақ екенін сезініп, кешегі «елім» деп еңіреп өткен ұлт зиялылары қалдырған мол мұрадан тәлім ала білсе, рухани ізденістерінде ұлттық бағдардан жаңылмас еді.

Біз сеніммен айта алатын бір нәрсе бар – елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясатының жемісі. Осы жетістікті тұғырландырып, мызғымастай берік етуді ұлы мақсатқа айналдыра білсек, өткеннің алдындағы қарызымыз бен келешек алдындағы парызымыз сол мақсатты жүзеге асыру арқылы орындалмақ.

         Гүлмира ҚОЖАҒҰЛОВА,

Атырау облысы дін істері басқармасы

Ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары

 

 

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close