Жаңалықтар

Түрмеде жазасын өтеушілер Сириядан оралғандармен кездесті

Атырау қаласындағы қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеп жатқан азаматтар Сириядағы қақтығыс аймағынан елге оралған жерлестерімізбен кездесті.

Жат діни ағымдардан сақтандыру, діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығының директоры М.Тұрлыбеков, орынбасары А.Айтмағамбетов, ақпараттық талдау және баспасөз бөлімінің басшысы Ж.Жұмағалиева, теолог М.Омаров және орталыққа жақында қабылданған маман, қақтығыс аймағынан оралған М.Таженова және «Жусан» операциясы арқылы елге оралған А.Тергеусізова қатысты.

А.Айтмағамбетов жазасын өтеушілерге дәстүрлі дін мен теріс ағымның ара жігін түсіндірсе, теолог Мұхиддин Асқарұлы алдағы Ораза айының тәртібі мен сауабы туралы түсінік беріп, түзету мекемесінің тәртібіне бағыну керектігін айтты.

Экстремизм бабымен 20 жылға сотталған Дамир Зналиев туралы түсірілген бейнероликтен үзінді көрсетіліп, оның сотталғаннан кейінгі өмірі туралы сөз қозғалды.

Біреулер қателікпен күйеуінің айтқанын тыңдау парыз деген уәжіппен Сирия мен Иракқа жиһадқа кетіп, кейін елге орала алмай, өкініп жатады. «Жусан» операциясымен елге оралған А.Тергеусізова және одан бұрын оралған М.Таженова өздерінің басынан өткен қиындығын шынайы әңгімелеп берді.

А.Тергеусізова өзінің қалай алданғандығын, Сириядағы соғыстың дінге еш қатысы жоғын түсінгенін, өкінгенін көзіне жас алып тұрып әңгімеледі. Ендігі бар арманы мамандық алу, діни білімін жетілдіру, балаларына ел қатарлы тәрбие беру екендігін қуанышпен жеткізді.

«Мен күйеуімнің айтқанына еріп, Сирияда қалсам да, оны айлап көрмейтін болдым. Ол соғысқа қатысты және елге қайтудан бас тартты. Ақырында жат жерде көз жұмды. Елге оралғаныма ризамын, Елбасына деген алғысым шексіз» деді А.Тергеусізова.

Ол сотталушыларды қателікке бой алдырмай, түзу жолдан таймай, отбасына аман оралып, отбасы құндылығының баға жетпес байлықтарынан айырылып қалмай тұрғанда, тәубеге келуге шақырды.

Жанат ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Атырау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close