Жаңалықтар

Сирияда болған оралдық 8 жылға сотталды

20 маусым күні Орал қалалық соты биыл қаңтарда Сирияда абақтыдан босап шығып, Қазақстанға оралған 19 жастағы Абай Хамзулиновке үкім шығарды. Сот оны террористiк топтың әрекетіне қатысу бабымен кінәлі деп тауып, 8 жыл түрмеге кесті. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Тергеу мәліметіне қарағанда, Хамзулинов өздерін Ислам мемлекеті деп атайтын әсіреисламшыл радикалдар тобының қызметіне қатысқан. Басылымның жазуынша, сотталған азамат Қазақстанға жеткен бойда уақытша ұстау абақтысына қамалып, үстінен террористiк топтың әрекетіне қатысу бабымен іс қозғалған.

Судья Найля Жүнісова «Хамзулинов жазасын жалпы режимдегі түрмеде өтейді. Бұл – осы баптағы ең жеңіл жаза» деді.

Туыстары Хамзулиновке Қылмыстық кодекстің Террористік немесе экстремистік даярлықтан өту бабымен жаза кесуді сұраған. Хамзулиновтің әпкесі Сәуле Курьян «Абай ешбір терактіні ұйымдастыруға қатыспады. Тергеу мәліметтерінде оның Сириядағы әскери лагерьде болғаны ғана айтылады. Оны лагерьге баруға мәжбүрледі. Оның дайындықтан өткені рас, бірақ Абай терактілерге қатыспады» дейді.

Сотталған азаматтың туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсірмек.

Хамзулиновті ата-анасы Түркияға 15 жасында әкеткен. Олардың Сирияға кетуіне әкесінің діни көзқарасы себеп болды. Хамзулиновтің әкесі жұбайы мен қызын Түркияда қалдырып, ұлымен бірге Сирия шекарасына өткен. 16 жасқа толғанда Абайды балаларға арналған әскери даярлық лагеріне алып кетеді. Бір жылдан соң Абай ол жерден қашып, күрдтердің қолына түскен.

Қазір Хамзулиновтің отбасы мүшелері түгел Қазақстанда тұрады. Қамауда отырған әкесінің үстінен терроризм мен экстремизм бабы бойынша іс қозғалған.

Үш кезеңмен жүргізілген «Жусан» операциясы барысында Сириядан Қазақстанға 516 адам жеткізілген, олардың 360-ы – бала. Бұған дейін билік елге жаңадан оралғандардың біраз уақыт оңалту орталығында болатынын хабарлаған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сириядан оралған 20 қазақстандық террорлық іс-әрекеттерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталғанын мәлімдеген еді.

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close