Жаңалықтар

Сириядан оралған Балжан: «Олар екі-үш күн сайын әйел ауыстырып тұратын»

«Мама, енді ешқайда бармақ-ақ қояйықшы. Мен лагерьге оралғым келмейді. Қазақстан сондай әдемі, мұнда бәрі жақсы. Осы жерде қалайықшы»… Бұл бес жыл уақытын Сирияда ұрлатқан Балжанның ұлы Ілиястың Қазақстанға оралған сәтте анасына айтқан алғашқы сөзі. Жат ағымға уланып, адасқан Балжан сұхбат басталмас бұрын материалды суретімен қоса жариялауымызды өтінді. «Мен айуандық пен қатыгездіктің ортасынан оралдым. Менің өмірім жастарға сабақ болса екен» деді Балжан.

– Бәрі қалай басталды? Қалайша жат ағымның жетегінде кетіп жүрсіз?

– Орал қаласының тумасымын. Әкемнің жалғыз қызымын. Жалғыздығымды пайдаланып, еркелігімнен ажырағым келмейтін. Бірақ, әкем мен анам ажырасып кетті. Осы кезде менің ішкі әлемімнің күл-талқаны шықты. Себебі, ол кезде мен үшін әлемдегі ең басты адамдар әкем мен анам болатын. Көп ұзамай анам екінші рет тұрмыс құрды. Мен ата-әжемнің қолында өстім. Сыртқы әлемге деген өкпем ата-әже, ата-анаммен арадағы қарым-қатынасымызға кері әсер етті. Сөйтіп жүргенімізде анам көз жұмды. Ол кезде мен небары 13 жаста едім. Аласұрып, қатты қиналдым. Өзімді әлемде жалғыз қалғандай сезініп, күйзеліске түсіп кеттім. Біреумен әңгімелескім келетін. Мені біреудің тыңдағанын, маңдайымнан сипағанын күтетінмін. Бірақ, әкеммен, ата, әжеммен арадағы түсініспеушіліктің салдарынан мен күткен ашық әңгіме болған жоқ. Сөйтіп мен жан жылулығын даладан іздей бастадым. Арада уақыт өтіп жатты.

Бірде Әйгерім есімді қызбен таныстым. Ол кезде Әйгерім намаз оқитын. Бір қызығы, ол үнемі ұзын қара киіммен жүретін. Бірақ, нақ сол кезде мен үшін Әйгерімнің сыртқы тұрпатының еш маңызы болған жоқ. Мен проблемаларымның барлығын сол Әйгерімге айтып жүрдім. Іші-бауырыма кіріп алған Әйгерім сол кезде маған ең жақын адамым сияқты көрінді. Ол қай уақытта да мені соңына дейін тыңдауға дайын еді. Мені ешқашан кінәламайтын, сөкпейтін. Сөйтіп жүріп Әйгерім мені дінмен таныстыра бастады. Кейін Әйгерімнің құрбыларымен жақын араласып жүрдім. Ол кезде небары 15 жаста едім. Жастықпен болса керек, Әйгерім бастаған қыздардың мені ата-анамнан артық жақсы көретініне сендім.

Арада уақыт өте келе Әйгерім сияқты мен де қара жамыла бастадым. Бірақ, отбасым ниқаб киюіме қарсы болды. Бар шағымымды, мұңымды жаңадан тапқан құрбыларыма айтқан кезде, олар маған күйеуге шығуға кеңес берді. Сөйтіп, болашақ күйеуіммен таныстырды. Жолдасымның жасы біраз үлкендігіне қарамастан, оған тұрмысқа шығуға асықтым. Мені болашағымның қалай болатыны емес, үйден тезірек құтылу жағы алаңдатып жүрген еді. Сөйтіп, 16 жасқа толар-толмастан, үйден қашып шығып, тұрмыс құрдым.

– Әрі қарайғы тағдырың не болды? Ол кезде жолдасың да өзіңмен бағыттас (діни сенімі) болды ма?

– Құлсарыға келдік. Үйде тойдың ырымы жасалды. Өзге қалыңдықтар сияқты ақ көйлек кимедім. Үлкен тойдың жасалуына жолдасым қарсы болды. Себебі, екеуміз де ол кезде той жасауды харам деп түсінетінбіз. Күйеуім екеуміз бастапқыда Құлсарыда оның шаңырағында тұра бастадық. Кейін Атырау қаласына көшіп келдік. Күйеуім үйінің тұңғышы. Бес баланың үлкені болатын. Әрі менен жеті жасқа ересектігі бар. Колледжді, кейін институтты үздік дипломмен бітірген ол өте сауатты жігіт еді. Теңіз қалашығында жұмыс істеп жүрді. Сондықтан, мен күйеуімнің діни бағытта қателесіп жүргенін білмедім. Өзімді де тура жолдамын деп ойлайтынмын.

Cөйтсем, күйеуім Атыраудан жасырын түрде Абдуль Уахабтың (теріс ағымның негізін қалаушы) «Үш негіз» кітабы бойынша білім алған екен. Тұрғын үйлердің бірінде жасырын сабақ алған күйеуімнің алдымен Египет, кейін Сирияға бет алуына осы жағдай себеп болған. Египеттің астанасы Каирде жолдасым жеке орталықтан сабақ алып жүрді. Мен әйелдерге арналған марказдардың бірінде оқыдым. Сөйтіп, араб тілін үйрене бастадым. Ол кезде әрине, оқуды аяқтаған соң елге аудармашы маман ретінде ораламын деп ойладым. Бірақ, арада сегіз ай өткенде күйеуім Сирияға барып, халифат орнату жолында күресетінімізді айтты. Бұл 2013 жылдың сәуірі болатын. Осылайша, менің өмірімдегі ең үлкен қателік сағаты басталды…

– Лаңкестердің Сирияға салған топалаңы белгілі. Десе де, өзіңнің қателескеніңді қашан және қандай жағдайда түсіндің?

– Ол жақта адасып жүрген қазақстандықтардың саны өте көп болды. Тіпті, балаларымен қоса, ата-әжесін де ала келген көп отбасылар да бар. Олар елдегі үй-жай, көліктерін сатып, Сирияға біржола келгендер еді. Мүліктерін сатудан түскен ақшаны ДАИШ-тің (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) жендеттеріне «ортақ мақсат» үшін деп өткізіп жіберді.

Осындай оңай жолмен келген қаржыландырудың арқасында ДАИШ кітаптарын шығара бастады. Бәрімізге сол кітаптарды оқуға міндеттейтін. Кітаптарды оқи жүріп, менде сұрақтар пайда бола бастады. Әсіресе, дәлелдер жағы әлсіз еді. Сирияға келген шетелдіктердің көпшілігі арабша білмейтін. Сол себепті, әлгілер келтіріп өткен аят-хадистердің түпнұсқасын тексеріп, салыстыра алмайтын еді. Өзім азды-көпті араб тілін білетіндіктен, іздене бастадым. Сөйтіп жүріп, аяттардың, хадистердің адам танымастай деңгейге дейін өзгертіліп жатқанын түсіндім. Осылайша, өзімнің ойымды күйеуіме айттым. Ана жақтағы қантөгісті, қатыгездікті күнде көріп жүрген жолдасым да біздің адасқанымызды түсінді. Сол сәттен бастап біз жасырын түрде елге оралудың жолдарын іздестіре бастадық. Бұл 2016 жыл еді.

– Сонда нақты қандай қатыгездіктің куәсі болдыңыз?

– Мал құлағы саңырау, десе де, мына сұмдық туралы бүкіл Қазақстан халқы, тіпті, әлем білуі керек деп санаймын. Мәселен, ДАИШ жендеттері кішкентай ер балаларды алты жасқа толар-толмастан әскери дайындыққа алып кетіп отырады. Сол қарғыс атқыр соғыс даласында өмірге әкелген менің ұлым ешқайда барған жоқ. Себебі, жасы кішкене еді. Бірақ, балалар лагерінде педофилизм, гомосексуализм сияқты айуандықтардың барлығы болып жатқанын көзіміз көріп жүрді. Кішкентай балаларды қорлаған жағдайлар көп тіркелді. Тағдыры аянышты халге түскен бүлдіршіндердің арасында біздің қазағымыздың балапандары да болды. Сәбилерді ДАИШ шейхтарының 13-15 жастағы ұлдары аяусыз қорлап жататын. Бірақ, ол үшін кінәлілер жазаланбайтын. Кейін бұл қалыпты жағдайға айналды. Осындай жиіркенішті әрекеттерді жылы жауып қойып отырған ДАИШ билігінің әшейін бетперде киіп жүргені түсіну қиын емес…

– Әйел адамдарға қарым-қатынас қалай болды? Әйелдер үшін он реттен астам тұрмыс құру ол жақта неге қалыпты жағдайға айналды?

– Мен өзім он, он бес, тіпті он тоғыз рет күйеуге шыққан әйелдерді білемін. Ол әйелдің еркекжандылығынан емес, ДАИШ қоғамы әйелді осындай бейшара деңгейге дейін түсіріп тастағандығының нәтижесі еді.

Ол жақта еркек әйелмен екі-үш күн тұрғаннан кейін ажырасып кете алады. Сөйтіп, екінші әйел алып, бір аптадан соң оны да тастай салады. Картина осылай жалғаса береді. Мысалға, қазақ қоғамында әйел алған ер адам отбасы үшін жауапты болады ғой. Құда-құдағилар араласып, екі әулеттің арасында берік байланыс орнайды. Ол жақта еркектер әйел, отбасы алдындағы жауапкершіліктен жұрдай. Ұят, абырой, намыс деген сөздер ДАИШ баскесерлері үшін мүлде құнсыз еді. Олар бір-біріне әйелдерді сыйлай салатын. Оны өздері «құрмет» деп түсіндіретін.

Қолдан қолға «сыйлық» ретінде өткен күрд әйелдерді білемін. Олар ата-аналарын еске алып, қатты жылайтын. Олардың ауыр тағдыры туралы естіп, мен де жылайтынмын. Жанды қуыршаққа айналған ол әйелдерді баскесерлер жезөкше деп атайтын. Ал, шындығында әйелдерді қорлап отырған баскесерлердің өздері.

– Сирияны талқандап жатқан ДАИШ сіз іздеген шариғатты ұстанады ма?

– Жоқ, ДАИШ-те ешқандай шариғат жоқ. Біреулер ондағы әйелдердің қара жамылып жүретінін «шариғат» деп ойлайтын да шығар. Бірақ, қара киім Араб елдерінің дәстүрі. Мен осыны түсіндім. Ол жақта адам біткеннің барлығы жендеттер үшін жәй ойыншық қана. Біз сияқты шет ел асып барғандардың ДАИШ лидерлеріне керегі шамалы. Олар біз сияқты мыңдаған адамдардың өмірін тозаққа айналдырды. Ойын осымен бітті. Ащы да болса, шындық осы…

– Ол жақтан қалай қашып шықтың? Елге келген жағдайда істі болудан қорықпадың ба?

– Адасқанымызды түсінгеннен кейін күйеуім екеуміз қашып шығуға күн сайын әрекеттеніп жүрдік. Арнайы топ құрып, талай мәрте қашқанымызбен, адасып, бәрібір баскесерлердің қолына қайта түсетінбіз.

Сөйтіп жүргенде, біздің тобымызда болған атыраулық екі жігітті баскесерлер жазалап, атып өлтірді. Бірақ, біз соңына дейін күресуге бекіндік. Ұзақ уақытқа созылған операциямыз сәтті аяқталып, күрдтердің қолына өз еркімізбен берілдік.

Бастапқыда түрмеде жаттық, кейін бізді күрдтер тұтқындар лагеріне орналастырды. Лагерьде жатқан уақытымызда тұтқында жүрген ирактықтардың өзі «Ертең еліңе барған уақытта он бес – жиырма жылға дейін түрмеде отырасың. Одан да ДАИШ-ке қайта барғаның дұрыс» деп үгіттеп жүрді. Мен сол кезде, «Мейлі түрмеге отырып шыққаным артық. Есесіне, жазамды өз елімде өтеймін. Әрі өз елімде балаларымның қауіпсіздікте боларына сенемін. Мына жерде өлім сағатын күтіп жүргеннен гөрі, он бес жыл түрмеде отығаным артық» деп жауап беретінмін. Бұл шын сөзім. Мен жазадан қорыққан жоқпын. Керісінше, бар ойым балаларымды бейбіт елімізге аман-есен жеткізу болды…

– Балжан, қалай десек те сіз бақытты адамсыз. Себебі, соншама қатыгездіктің ортасынан елге аман оралып отырсыз. Қателескенін кеш түсініп, сүйегі далада қалған қаракөздеріміз де бар ғой…

– Расымен де, ол жақта шеттен келгендер үшін кері қайтатын жол жоқ. Қашып бара жатқан жерінен ұсталғандарды ДАИШ ойланбастан өлтіре салады. Себебі, олар үшін адамның құмырсқа құрлы құны жоқ еді.

Соғыс даласында опат болғандардың бірі менің құрбым Нұржамал. Ол Құлсарының қызы. Оның төрт баласы болды. Күйеуі 2012 жылы терроризм бабы бойынша сотталған Нұржамал көп ұзамай балаларын алып, Сирияға қашып келді. Сол жерде тәжік жігітіне екінші рет тұрмысқа шықты. Бірақ, күйеуі соғыста қаза тапты. Оңбай қателескенін кеш түсінген Нұржамал кейін әкесіне қоңырау шалып, көмек сұрайды. Әкесі жолын тауып, Нұржамалға бес мың АҚШ долларын аударады. Бірақ, құрбыма елге оралу бақыты бұйырмады. Онда ақша барын біліп қалған қазақ әйелдер Нұржамалды алдап, жолға алып шығып, оны қинап өлтірді.

Нұржамал екеуміз жақын құрбы болдық. Үнемі елді армандап, жоспар құратынбыз. «Менің төрт баламның ешқайсы әлі мектепке барған жоқ. Елге оралған кезде балаларымның барлығы бір сыныпта оқитын болар» дегенді жиі айтатын. Бірақ, Нұржамал балаларының отбасымен қауышқан сәтін көре алмады. 1987 жылы туылған ол алты жылын Сирияда өткізіп, жат жерде опат болып кетті.

Нұржамалдың өлімінен кейін балалар қатты қиналып, тұйықталып кетті. Шүкір, қазір балалар аман-есен елге оралды. Әзірге балалар үйін паналап жатыр. Естуімше, ата-әжесі балаларды асырап алу құқығын алу үшін, құжат рәсімдеу үстінде…

– Тағы бір сұрақ. Адамдар аяусыз қырылып жатқан ол жерден балаларды қалай аман сақтап алып келдіңіз? Естуімше, көптеген сәби жарылыс, атыс кезінде шейіт болып кеткен…

– Мен балаларды үнемі жуынатын бөлмеде жасырып жүрдім. Терезесі жоқ жерді оқтың әнебір кереметтей тесіп өте алмайтынын білетінмін. Және балаларды мүлде далаға шығармайтынмын. Себебі, кез келген уақыта қаңғыған оқ балаға тиіп, оны жоқ қылуы мүмкін еді. Осындай арпалыстың үстінде сәбилерімнің балалық шағын ұрлағаным үшін өзімді кінәлі сезініп жүрдім. Балаларым ол жақтан ашық аспанды көрмей өсті.

– Сирия соғысында шариғат барына әлі де болса сеніп жүрген жастарға не айтар едіңіз?

– Біз күрдтердің лагеріне түскен уақытта «бұларды өлтіру керек, себебі, бұлар біздің үйімізді, отбасымызды, елімізді құртып жіберді» деп, біздерді жайратып салуға дайын тұрғандар болды. Мен оларды түсінемін. Себебі, олар біздің кесірімізден бала-шағасынан, немересінен айрылды. Қазіргі кезде Сирияны да, Иракты да қалпына келтіру мүмкін емес. Себебі, біз ондағы өркениетті толықтай құртып жібердік. Сондықтан, Сирияға барудың қажеті жоқ. Ол жаққа барғандар иә денесінің бір мүшесінен айрылады, иә мүгедек болады немесе ит-құсқа жем болып, өледі.

Осындай «отты нүктелерге» баруды ойлап жүрген жастарға өз-өзіңмен жұмыс істе, санаңды ретте деп айтар едім. Қазір мен қайта оянғандаймын. Үнемі қуанып жүріп, бақытты өмір сүруге болатынына көзім жетті. Сенім жүректе болуы керек. Және ол адамның іс-әрекеттерінде, мінез-құлқында да көрініс табуы қажет.

Жастарды туған еліміздің қадірін білуге шақырамын. Егер, мұсылманға көмектескіңіз келсе, көшедегі мұқтаждарға барыңыз. Қамқорлаңыз. Тамақтандырыңыз. Ағаш егіңіз.

– Сөз соңында айтарыңыз…

– Біз паналаған күрдтердің лагерінде шетелдіктер көп болды. Бес жыл, үш жыл бойына елінен хабар күтіп отырған әйелдердің қатары тіптен көп. Олар Қазақстанның «Жусан» арнайы операциясын жүргізіп жатқанын естіп, бізге қатты қызыға қарайтын. Себебі, басқа мемлекеттер әйелдер мен балаларды ғана қайтарып жатыр. Онда да жылдап күттіреді. Ал, біздің еліміз әйел-баламен бірге, ерлерді де әкетуде. Мұны көрген Ресей, Дағыстан сияқты елдерден келген әйелдер «Қазақстанның азаматы болғымыз келеді» деп те жүрді.

Біздің автобусымызды шығарып салып тұрған уақытта да олар «Қазақтар өте бақытты халықсыңдар. Елдеріңе аман-есен бара жатқандарыңның өзі – ақ батаның арқасы» деп, ұзақ қоштасқан еді.

Қатты толқу үстінде болған мен үшін әскери ұшақтағы сегіз сағат әп сәтте өтіп кеткендей болды. Елге таң ата жеттік. Самал жел соғып тұрды. Сол кезде анамның аялы алақаны маңдайымнан сипап жатқандай сезіндім. Туған елдің қадірі қандай болатынын кеш түсініппін ау…

Ұшақтан түскен уақытта да бізді әскерилер де, медбикелер де жылы қабақпен қарсы алып, тіпті, құшақтап, жағдайымызды сұрап, бәйек болып жатты. Мен борттан шыққаннан бастап жылаумен болдым. Себебі, бұл тоқтамай аққан қуаныштың көз жасы еді.

Ендігі мақсатым – балаларыма соңымнан жақсы із қалдыру. Көп ұзамай үшінші сәбиімді өмірге әкелемін. УЗИ ішімдегі нәрестемнің ұл екенін айтты.

Амандық болса, ұлыма Президенттің есімін беремін. Себебі, бізді тозақ ортасынан Қасым-Жомарт мырза алып шықты.

Рас, күйеуім қазір Сирия даласында баскесерлердің қолында қалды. Қазір ол туралы хабар жоқ. Бірақ, түбі күйеуім оралады деген үміттемін.

Аман-есен жеңілденген соң, институтқа оқуға түсемін. Балаларымды өсіріп-жетілдіру үшін еңбек етемін. Отаныма, Президентімізге, халқыма алғысым шексіз. Мен мәңгі елімнің алдында басымды иіп өтемін …

Сұхбаттасқан Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close