Жаңалықтар

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»

Орал қаласында аймақтық «Дүрбі» газетінің облыстағы мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау мекемелері, қоғамдық ұйымдар, мешіт және жастар ұйымдарымен  өзара байланысын нығайту мақсатында дөңгелек үстел өтті. Шараға БҚО әкімдігі терроризмге қарсы комиссия бөлімінің  басшысы Талғат Нығметов, БҚО білім басқармасы, ІІД, прокуратура, ҰҚК қызметкерлері, БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өкілдері, имамдар мен ақсақалдар қатысты.

Талғат Нығметов

durbi.kz сайтының редакторы Нұрлыбек Рахманов жиналғандарды сайттың жұмысымен таныстырды. Шараға қатысушылар газеттің басты бағыты – секталар, діни теріс ағымдар, экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық-танымдық материалдарға, соның ішінде «Жусан» операциясының мақсатын көрсетуде, Сирияға кеткен және ол жақтан оралған қандастарымыз туралы материалдарға жақсы баға беріп, алдағы уақытта газет көтерер мәселелерге тоқталды.

БҚО дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Төлепов сөз сөйлеп, облыстағы діни ахуал туралы мәлімет берді. БҚО әкімдігі терроризмге қарсы комиссия бөлімінің  басшысы Талғат Нығметов газеттің діни бағытта кетіп қалмай, қазақтың ұлттық құндылықтарын, ата- бабамыз ұстанған жолды, салт-дәстүр тақырыптарын да көбірек қамтуы  керектігін айтты. «Имамдар өз уағыздарында Құран мен хадисті ғана айтып қоймай, ұлттық салт-дәстүрімізді, бабалар ұстанған жолды, дін мен ұлттық құндылықтарымызды қабыстырып отырулары керек», – деді Талғат Рахымұлы.

Арман Қуанышұлы

БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Луара Қайрекенқызы бала тәрбиесі туралы ақсақалдар қозғаған әңгіменің дұрыстығын айтып, мектептердегі тәрбие жұмыстары туралы әңгімелеп берді. БҚО ІІД-ның қызметкері Арман Қуанышұлы дәстүрлі дініміз бен жастар тәрбиесі туралы диалог-сұхбаттарды интернетте пікір арқылы дамытуды ұсынып, болашақта өздерінің рейд жұмыстарына газетті тарту, бірлесе жұмыс істеуге келісетінін айтса, БҚО прокурорының көмекшісі Алмас Оңаев экстремизм мен терроризмге қарсы бағдарламаларға тоқталып, маңызды мәселелерге көңіл бөлуді ұсынды.Сөз алған имамдар мешіттерде және әртүрлі аудиторияларда халықпен кездесуінде жүргізген үгіт-насихатында Құран, хадиспен қоса ұлтымыздың  салт-дәстүрін де насихаттай бастағанын, бүгінде теологтар мен дін мамандары зайырлы мемлекетіміздің саясатын қатар түсіндіріп, оған имамдар да атсалысып жатқанын айтты.

Алмас Оңаев

Бұдан әрі жиналғандар «Дүрбі» газетінің  бетінен көрсек деген ниетпен қоғамды толғандырып отырған бірқатар мәселені атап көрсетті. Балалар қатыгездігі, 12-13 жастағы жүктілік, суицид, отбасы тәрбиесі, инстаграм, фейсбук, Youtube-ты қалай пайдалану керектігі, жастарға ақпаратты жеткізу жолдары, әлеуметтік желілерде жастарға арналған қысқа да нұсқа ақпарат беретін тиімді диалогтар ұйымдастырып, оған аға буынды тарту, тәрбие, ұлтық құндылықтар, салт-дәстүр тақырыптарында танымдық материалдар күтетіндерін айтты. Шара соңында «Дүрбі» газетінің бас редакторы Ұлдай Сариева қонақтарға ұсыныс-пікірлері үшін алғысын айтып, газет қызметкерлерін алғысхатпен марапаттады.

Зағипа ІЛИЯС

 

Луара ҚАЙРЕКЕНҚЫЗЫ,

БҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

-Редакция қызметкерлері мен оқушылардың кездесуін ұйымдастырайық. Балаларды не қызықтырады? Сұхбат, пікірталастар өткізейік. Сөз мәдениетіне бұрылуымыз керек. Жас тілшілерді тарту арқылы мектеп проблемасын, балалардың ойларын, арман-мақсаттарын жазуға болады. Бірігіп интеллектуалды сайыс өткізейік. Діни теріс ағымда болған жеке тағдырлармен сұхбаттарыңыз туралы әңгімелеп беру арқылы адасудың алдын алуға болады деп ойлаймын.

 

Серік МҰСТАФИН,

«Тулбаев Мухаммед-Гариф» атындағы мешіттің наиб имамы:

– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бар. Мені оқу орындарына кездесуге шақырады. Осындай бір жиында бір оқытушы 9-сыныпты бітіріп, колледжге келіп отырған балаларға «Жыныстық қатынаста мүшеқапты пайдаланыңдар» деп тұр. «Ар-намысыңды жастан сақта, некеге дейін төсек қатынасынан сақтаныңдар» деп айтудың орнына, «Бастысы, колледжде жүріп жүкті болып қалмаңдар, мүшеқапты пайдаланыңдар» дейді. Бірде ауданға кездесуге бардым. Бір психолог ойын өткізіп, жастарды сүйістіріп қойды. Сонда бұл қандай тәрбие? Бұл оқытушылар тарапынан біздің ұлтымызға жасалып жатқан қиянат емес пе? Сол жерде ақсақалдар, имам мен теолог жастарға тәрбиелік мәні бар әңгіме айтып, ар-намыс туралы үгіт айтты. Ал оқытушылар сол жерде олардың үгітін жоққа шығарып тастады. Мектеп тәрбие берудегі мына өрескел ұстанымын өзгертіп, шараларда сөйлейтін  оқытушылар, дәрігер мен психологтарды мұқият сүзгіден өткізуі керек.

 

Нәдір ақсақал,

Орал орталық мешіті жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы:

-Қазіргі балалардың әке-шешелері 30-40 жастағылар. Олардың көбінің ақыл-ойы мүлде басқа жақта, екі көзі телефонда. Көбінің мақсатыақша, дүниеге ойысып кеткен. Қонаққа барсаң, карта ойнайды, ішімдік ішеді. Яғниата-аналардың көбі рухани жағынан өздері ақсап жатса, баласын қалай тәрбиелейді?  Бала сазбалшық тәрізді, кімнің қолына түссе, солай иленіп кете барады. Білімге, тәрбиеге мұқтаж бала өмірден өз жолын іздеймін деп,білместікпен теріс ағымға ілесіп кетіп жатыр. Газет тәрбие мәселесін көтерсе, біз ақсақалдар қолымыздан келгенше қолдап, бірге жұмыс істер едік.

Орал қаласында «Секс-шоп» дүкенінің бірнеше нүктесі бар. Бұл – ұлтымызға жасалып жатқан қастандық. Бұл –азғындықтың жолын көрсету. Біз ақсақалдар газет басшылығымен бірлесіп, бұларды жабу мәселесін қолға алғымыз келеді.

 

Ғалым Серікұлы, құқық қорғау қызметкері:

– Бар мәселенің туындауы интернетте жатыр. Көп мәселе шектен шығып кетті. Жастарды тоқтата алмай қалдық, себебі рухани нәр – кітап, газет оқудан ажыраған соң жастарымыз интернетке кетіп қалды. Бұл – заман талабы. Балалармен ара қашықтығымыз алыстап кетті. Назарбаев мектептерінде жақсы әдістемелер пайда болды. Баланы дұрыс интернетке баулу, интернет кеңістігінде дұрыс, пайдалы ақпаратты іздеу мен пайдалану қолға алынып, ол басқа мектептерге де таралды. Кешегі бала мен бүгінді баланың психологиясы мүлдем басқа. Бүгінгі балаға атаның сөзін жаттата алмайсың. Баланың алып жатқан ақпаратына ұлттық құндылықтарды қосымша ұсыну арқылы сіңіре алсақ, жақсы.

«Дүрбі» газетін батыс аймаққа ғана емес, республика деңгейіне көтеріп, ақпараттар мен танымдық материалдарды бұқараға, жастарға жеткізудің жолдарын қарастыру, көркемдік, әсер ету жағын ойластыруымыз керек. Бабалардың айтқан ұлағатты сөздерін интернетте пікірлер қалдырып, қолдау арқылы, сүйемел ретінде жастарға жеткізуді газет қолға алса!

Бүгін өзекті мәселелер айтылып жатыр. Діннен бастап, секс-шопқа дейін кетіп қалдық. Бұл – өте күрделі мәселе. Алайда қол қусырып қарап отыру дұрыс емес. Адамның адам болып қалыптасуы түпкі тәрбиеден. Ұлтымыздың рухани дамуы болашақ жастардың қолында. Газет діни теріс ағымдар, экстремизм, терроризмге қарсы ақпараттық таныммен қатар осы тәрбие мәселесін қаузаса деген ұсынысымыз бар.

 

Мирфат БИСЕНҒАЛИЕВ,

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы:

– Облыста 132 мың жас бар. Жастар бүгінде газет оқымайды. Газет түгілі әлеуметтік желілерде шыққан материалдың ішіне кіріп оқуға ерінеді, суреттерін ғана қарап, бастысы, пікірлерді оқып, түсінік алуда. 10 жастың екеуі ғана оқиды, сосын ол ақпаратты өз түсінігіне лайықтап, өзіне ыңғайлап бұрып алып, интернетте таратады.

Жастарға арналған екі каналымыз бар. Инстаграм мен фейсбукқа салынған материалдар бір минуттан аспайды. Жастар ақпаратты көзбен қабылдайды. Терроризм жайында ірі репортажды қарауға шыдамы жоқ. Сондықтан  жастарға лайықтап, діни теріс ағымдар, туған жер, Отан, ұлттық құндылықтар, тарих тақырыптарында қысқа видеоларды дайындау тиімді. Қысқа да нұсқа ақпарат керек.

 

 

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close