Сұқбат

Сымбат БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ, жас режиссер, продюсер: «Кином арқылы көрерменге ой салғым келеді»

Талдырмаш қана келген осы бір қазақ қызын көргенде, кеудесінде намыс оты ойнаған қазақ жасының көпке үлгі боларлық істі қолға алып жатқанына қуандық. Жас режиссер, продюсер Сымбат БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ санаулы күндерден соң Атыраудан фильм түсіргелі отыр. Басқа емес, драма бағытын таңдаған қыз кино түсіру жолына үлкен дайындықпен келгенін айтады…

– Сымбат, Атырауға хош келдіңіз! Атырауда бұрын-соңды болмаған тақырыпта кино түсірілгелі отырсыз. Және тәжірибеңіздің жоқтығына қарамастан, бұл күрделі миссияны қаржысымен қоса өз жауапкершілігіңізге алып отыр екенсіз. Білгіміз келетіні, кино түсіру туралы идея қайдан және қалай келді?

– Бала кезден мен журналист болуды армандадым. Тіпті, сол арманның жетегінде жүріп, 14-15 жасымнанбастап, жергілікті «Қазақстан – Атырау» телеарнасынан тәжірибеден өтіп, «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттеріне мақала жазып жүрдім. Және штаттан тыс тілші ретіндегі еңбегім үшін еш уақытта ақы талап етіп көрмеппін. Яғни, мен бұл кезде өзімнің арманым жолында еңбек еткен екенмін. Әсіресе, өнер жұлдыздарынан сұхбаттар алып жүргенімде, сол кісілердің энергетикасына, кәсіби шеберліктеріне қатты қызығатынмын.  Бірақ, тағдырдың қалауымен болар, мектеп бітірген соң мен заңгерлікке оқуға түстім.

Бұдан кейін қыз баланың тағдыры белгілі ғой. Тұрмыс құрдым, бала сүйдім, одан соң алған мамандығым бойынша еңбек еттім. Кейін ән айтып көрдім, қазіргі уақытта жеке бизнесім де бар. Бір қарағанда, тым тәуір тірлік жасап жүргендеймін. Бірақ, жүрегімнің түбінде жылап жатқан балаң арманым тыныштық бермей қойды. Осылайша, араға біраз уақыт салып, кино түсіруге толық дайындықпен келіп отырған жайым бар.

– Ісіңізге сәттілік! Ендеше, киноңызды қандай тақырыпқа, жанрға арнап отырсыз? Қалың көрермен киноңыздан қандай жаңалық көре алады?

– Кино «Ақ пен қара» деп аталады. Және фильм толықтай заң қызметкерлеріне арналып отыр. Жоғарыда айтып өткендей, мен де заң қызметкері болған адаммын. Және бұл жұмыстың қандай қиындықты еңсеруді қажет ететін сала екенін де жақсы білемін. Сондықтан, өмірден өзім көрген, кездескен, тап болған оқиғалар туралы фильм түсіруге бел буып отырған жайым бар.  Қазіргі таңда менің көз алдымдағы батырлар – біздің полициямыз.

Шыны керек, полиция қызметкерлерінің қоғамның тыныштығы, әр адамның қауіпсіздігі жолындағыуақытпен санаспай атқарып жүрген еңбегін қоғам аса бағалап жатқан жоқ. Тіпті, «полицияға күнің түспесін» деген қасаң түсінік те бар. Бірақ, қай шаңырақ немесе жекелеген адам қиындыққа, қайғыға тап болса, ең алдымен оған көмекке полиция келетінін ұмытып жатамыз. Әріге бармай-ақ, топырағы кеппеген сержант Шалқар Ақымғалиевты алайық. Атыраудан шыққан бүгінгінің батыры Шалқардың есіміне мемлекеттік награда да берілді. Кей деректерде Шалқардың шаңырақ құруды жоспарлағаны айтылады. Бірақ, оның артында жылап қалған отбасына Шалқарды кім қайтарып береді? Жанбай жатып сөнген шырақтың орнын кім толтырады? Міне, қоғам осы жағын да ойлануы тиіс.

– Десе де, махаббат жанры емес, драманы таңдауыңызға не себеп болды? Әдетте, махаббат немесе комедия жанрындағы фильмдер кассаны көп жинап жатады емес пе?

– Әрине, махаббат туралы немесе комедиялық жанрда кино түсіруге де болатын еді. Бірақ, киноиндустрия саласына алғашқы қадамымды өз мамандығыма байланысты дүниемен бастағым келді.

– Құпия болмаса, болашақ фильмнің сюжеті туралы айтып өтсеңіз?

– Кино үш әріптес, яғни, полиция болып қызмет ететін үш жігіт туралы болады. Басты кейіпкеріміздің бірі Михаил. Оның отбасы, жүкті әйелі болады. Екінші кейіпкеріміз жұмысына шынайы берілген адал заң қызметкері. Үшінші кейіпкер ақшаға жақын пайдакүнем адам болады. Оқиға желісі одан әрі осы үш кейіпкердің арасында дамиды. Кино – шынайы өмірден алынып отыр. Сондықтан, бұл жерде сатқындық та, өлім де, махаббат та, күйініш те болады.

Драмалық бағытта түсірілгелі отырған көркем фильмнің басты мақсаты – көрерменге ой салу.

– Кино қайда түсіріледі? Және дайындық барысы туралы ақпаратпен бөлісе кетсеңіз?

– Кино өзіміздің Атырау қаласында түсіріледі. Және бәрі ойдағыдай болып жатса, киноны жергілікті кинотеатрлар арқылы прокатқа шығаруды көздеп отырмыз. Киноны болашақта орыс, қырғыз, түркімен тілдеріне аударып, ТМД кеңістігіне тарату да жоспарда бар.

Қазіргі уақытта сценарий толық жазылып, бітті. Режиссер мен оператор дайындық үстінде. Енді шілде айының басына кастинг жариялап отырмыз. Кастингтен кейін рольдерге адамдар бекітілген соң, түсірілім тамыз айында басталып кетеді. Түсірілім уақытына екі-үш ай жұмсалады деп жоспарлап отырмыз. Әрі қарай, монтаж жұмыстары. Осылайша, желтоқсан айына таман киномыз көрерменге жол тартады деген жоспарымыз бар.

– Десе де, сіз бұл салаға енді қадам басып жатқан жас режиссерсіз. Киноға салып отырған қаражатыңыз барлық қажеттілікті өтеп шығады деп сенесіз бе?

– Әдетте, кино десе, бізге бірден «Голливуд» елестейді ғой. Бірақ, қазақ режиссерларының арасында да тым тәуір фильмді жасап жатқандар бар. Мысалға, «Айка» фильмін алайық. Халықаралық деңгейде жоғары дәрежеге көтерілген бұл фильмге аса көп қаражат жұмсалмаған еді. Сондықтан, фильм түсіру үшін міндетті түрде ондаған миллион теңге керек деген стереотиппен келіспеймін.

Бастысы, адамда ниет болуы керек. «Мен ақша табамын деп емес, мен керемет дүние жасап, осы киноға өзімді толықтай беремін» деп келсек, жақсы дүние жасап шығаруға болады. Менің мақсатым – өзгелер кино саласында Атыраудан үлгі алатындай туынды жасау.

Ал, қаржы жағына келетін болсақ, әзірге, өзім жоспарлап салып отырған қаражат түсірілімді толық ақтауы керек. Десе де, жергілікті әкімдік немесе қамқор азаматтар қаржылай, моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп жатса, құба-құп. Біз демеушілер тарапынан киномызға салынған инвестицияны еселеп, дамытуға дайынбыз.

– Соңғы сұрақ. Көрермен басқа емес, неге сіздің киноңызды көруі керек?

– Менің кином – өмірден алынған. Және Атырау өңірінде кино саласы дами қоймағанын ескерсек, атыраулықтар тарапынан қызығушылық болады деп ойлаймын. Екіншіден, киноның мәні бар. Бұл киноны көрген адам қандайма бір ой түйіп, өзіне сабақ алады. Және біз жаттанды сценарий жасап отырған жоқпыз. Кино шынайы өмірден алынғандықтан, бұл жерде тағдыр көбірек көрініс табады. Егер, фильм көрерменге ұнап, жоғары касса жинап жатса, болашақта фильмнің екінші кезеңін түсіру де жоспарымызда бар. Бірақ, ол кезде киноның жалғасы Иордания елінде жалғасады.

Және фильмге керемет саундтрек қажет болады. Композиторлар үшін де бұл жағынан арнайы байқау болады. Алысқа бармай-ақ, Ресей эстрадасын мысалға алсақ, оларда «Офицеры» атты керемет ән бар. Әлгі ән расымен де кеудеңде намыс отын оятып жібереді. Бізге де өзіміздің қазақ офицерлеріміз туралы керемет ән керек. Біздің әнімізді біз айтып, өзгелер бізден үлгі алып, айтып жатса, ғажап емес пе?

Сөз соңында, барша оқырманды өз-өзін дамытуға инвестиция салуға шақырамын. Өмірге адам болып келгеннен кейін, өмірден адам деген атқа лайық болып өтуіміз керек.

Сұхбаттасқан Ясмин ӘЛИ,

Атырау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close