Жаңалықтар

Отбасы құндылығы жайлы әңгіме өрбіді

Атырау облысының Индер ауданы, Құрылыс ауылы М.Мөңкеұлы атындағы орта мектепте ауыл тұрғындары және мектеп оқушыларының қатысуымен «Отбасы – тәрбие бастауы» атты кездесу өткізілді.

Аталған шараға «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологтары А.Уразов, М.Омаров және тарихшы-дінтанушы, Е.Абзалов қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиын барысында алғаш сөз алған «Шапағат» орталығының теолог маманы А.Уразов: Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. Еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз. Тәрбие – күрделі үдеріс. «Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Еліміздің болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің иісін сіңіруміз қажет. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп өткен ғасырдың ұлы тұлғасы А.Байтұрсынұлы айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса елдің болашағы зор болмақ. Ата-аналардың оқу мен тәрбие үдерісіндегі ынтымақтастық пен бірлескен жұмысы жан-жақты болса жемісті болады.Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болу үшін, отбасындағы ата-ана берген тәрбие мектепте жалғасын тауып, кішкентай бүлдіршін сапалы азамат болып қалыптасу үшін мектеп, мұғалім және тәрбиеші жауапты зор міндетті атқарады. Ең бастысы – бала ата-ананың оның оқудағы жетістіктеріне қызығушылығын сезінуі керек. Кез келген бала үлгілі немесе үлгермейтін болсын, шапшаң немесе сылбыр болсын, ол өзін жақсы көру мен сыйлауды қалайды, -деп сөзін қорытындылады.

Теолог маман М.Омаров отбасы исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттелетініне тереңірек тоқталды.

– Қоғам отбасыдан басталатындығын ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі-отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген. Отбасы қарым- қатынастарының тұтас қоғамға әсер ететіндігі баяндалады. Егер отбасы тату болса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Отбасы мәселесі сол қоғамға айырықша әсер етеді. Ислам діні үлкенді сыйлауға үндейді. Жастардың үлкендердің ақылын тыңдап, оларға құрмет көрсетуді насихаттайды.Отбасы бала тәрбиесінің ұйтқысы екендігіне ерекше тоқталады. Тәрбие бастауы отбасыдан басталады. Отбасы тәрбиесінің тамаша үлгісінен ұлағатты ұрпақ өсіп шығады.

Қазақта: «Отан отбасынан басталады», «Екі жақсы қосылса ай мен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады» деген ұлағатты сөздер бар. Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген, – деп теолог сөзін аяқтады.

Сондай-ақ, тарихшы Ернар Абзалов: «Халқымыз тектілікке ерекше маңыз берген. Текті болу дегеніміз-өнеге мен әдептіліктің ғасырларға жалғасқан үрдісін сақтау. Қазақ халқында ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады.
Отбасы бірлігі бекем болса, болашағымыз да баянды, ұрпақ тәрбиесі де ұлағатқа толы болмақ» деп ойын қорытындылап, сұрақтарға жауап берді.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close