Сұқбат

Шолпан ҚЫДЫРНИЯЗОВА: «Ұлттық тәрбие құрсақ тәрбиесінен басталады»

Шолпан ҚЫДЫРНИЯЗОВА,

айтыс ақыны,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері»,

«Құрмет» орденінің иегері

  

Durbi.kz. Елімізге танымал айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязованың «Менің тәрбие сағатым» кітабы жарыққа шығып, кітапсүйер қауымға таралып кеткені белгілі. Іле-шала «Анадан – ақыл, әжеден – әдеп» атты нақыл сөздер жинағы жарыққа шықты. Біз Шолпан Батырқызымен кездесіп, отбасы, қыз тәрбиесі, ұлттық құндылықтар турасында әңгімеге тартқан болатынбыз.

 

-«Менің тәрбие сағатым» деген кітабыңыз жарыққа шыққанын білеміз. Сол кітабыңызда «Анаңды тыңда. Ұлт әкесі – ұл. Ұлт анасы – қыз. Ұл түзелмей, қыз оңбас. Қыдырымпаз қыздың қадамы қисық» деген  екенсіз. Ұлт әкесі мен ұлт анасын тәрбиелеу барысында қай жерден ақсап қалып жатырмыз?

 -Ұлт тәрбиелеуде біз өзіміздің салтымызды кішкене жіберіп алдық. Ұрпақты ұлттық салт-дәстүрімізге, ата-бабамыздан қалған өнеге-үлгімізге сай тәрбиелеу ақсап жатыр. Біз баланы балабақшағатәрбиеге береміз. Үйінде ата-әжесі жоқ, ата-анасы жұмыста болған соң солай жасауға тура келеді. Ал балабақшада, мектепте, оқу орындарында тәрбие ұлттық негізде беріліп жатыр ма?! Осыны бақылайтын бізде ұйымдар бар ма?! Бұрын ұлттық тәрбие беру бағытында білім басқармалары, мектеп директорлары арнайы жоспар жасап, жоғары жақтан нұсқау келіп, оны орындау барысы тексеріліп, түрлі ықпал ететін амал-әдістер болды. Бүгінгі заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеудегі оқулықтарда үлкен қателіктер кетіп жатыр. Сондықтан да біз өмір көрген үлкен ата-әжелер, ұстаздар сол олқылықтардың орның жабу үшін тәрбие сағатымызды, жастармен кездесуімізді жалғастырып жүрміз. Бұл біреуге ықпал етер. Осыбағытта жұмыс жасап жатқан мектептер бар. Бет бұрмай отырған мектептер де баршылық. Сондықтан да ұлттық тәрбиені балабақша, мектепке енгізуіміз керек. Бастауыш сынып мұғалімдерін, балабақша мамандарын тәрбиелеу бағытында ұлттық негіздегі білім керек. Бізге осы жетпейді. Білімі болса, біліктілігі ақсап жатады.

Қазақта құрсақ тәрбиесі деген болған. Бізде қазір ондай әңгіме жоқ. Келініміз бала көтереді, жерік болады… Келінге қамқор болудың орнына бүгінгі енелер,керісінше, келінін кінәлайды. Ұрпақты дүниеге әкелуді ұлттық тәрбиеден бастауымыз керек. Анасының бойында қандай қасиет болса, аяғы ауыр келінге қандай көзқарас, қандай қарым-қатынас болса, бала соның бәрін бойына сіңіріп өседі. Біз осыны ескермейміз. Біздерде қазір құрсақ  тәрбиесі деген жоқ секілді. Өзім солай ойлаймын.Мен егде адаммын. Бірақ  әрқашанда автобуста аяғы ауыр келінге жас болса да , тіпті мейлі жаңа тұрмысқа шыққан болса да,орын беремін.

 

-Себебі?

 -Себебі оның құрсағында менің ұлтымның болашағы жатыр. Ұлт болашағын біз ойлайтын болсақ, ұлттық тәрбиені дамытатын болсақ, құрсақ тәрбиесінен бастауымыз керек.

 

 

-«Жаман болады! Ұят болады! Обал болады!» деген қағидалармен тәрбиеленген ұрпақ өкіліміз. Бүгінгі оқыған аналардың олқылықтарын көргенде осылар еріксіз ойға оралады» деген екенсіз. Бүгінгінің аналары қыз тәрбиесінде қандай қателіктер жіберуде?

 -Жалпы,ана перзентіне ұл болсын, қыз болсын, жақын болуы керек. Әкеде дәл солай. Егер баланың жанын тоғыз ай жүрегінің астында көтерген ана түсінбесе, қанының тамшысынан жаратылған ұрпағының жағдайын әке түсінбесе, оны басқа жанның түсіну қиын. Біз Кеңес үкіметі құрылғалы баланың міндетін басқаға артып тастауды үйрендік. Мысалғы, «Менің баламды балабақша бағып беруі керек, менің баламды мектеп оқытып беруі керек, менің балама мамандықты жоғары оқу орны беруі керек» деп, міндеттеп, мемлекеттің мойнына іліп тастағанбыз. Міне,осы әдеттен әлі арыла алмай отырмыз. Қазіргі жас ата-аналар балаларын өте жақсы көреді, барлық жағдайды жасайды. Бірақ та оны өмірдің қиындығына, еңбекке, қоғамға, адамдармен қарым-қатынасқа әзірлемейді. Бүгінгінің балалары«Маған бер, менің айтқаным болсын» деп өзімшіл болып өсіп келе жатыр. Мен үлкен кісімін. Кейде дүкенге барғанымда әке-шешесіне «Мынаны маған алып бермедің» деп шалқасынан түсіп жылайтын құйтақандай балаларды көремін. Баланы алдап-сулаудың орнына жұлмалап, сүйреп кетіп бара жатады. Бұл ата-ананың да өзімшіл болып өскенін көрсетеді.

Бүгінгі қоғамда өзімшілдік басым. «Мен білемін, менің айтқаным болады» дейтін көзқараспен жүрген көптеген адамды көреміз. Бұл – келеңсіздік. Сондықтан да ата-ана баланың киімін бүтін, тамағын тоқ, ойыншығын көп қылуды өзіне міндет қылмау керек. Елге қызмет ететін, елін, жерін сүйетін, қиындыққа төзетін, керісінше, жауапкершілікті сезінетін бала тәрбиелеу керек. Бізде тәрбие барын бар, бірақ тыйым менен тәртіп жоқ. Баланы бетімен жібереміз. Мысалы, телефон сұраса, бере қоямыз. Себебі өзі телефонмен таңертеңнен кешке дейін отырады. Сосын бала оны көреді де,«Бұл бір керім екен» деп қызығушылығы оянады. Сондықтан да тәрбиені әр адам өзінен бастауы керек. Өзің тәрбиелі болсаң, балаң да тәрбиелі болып өседі.

 

-Бұрын ата-бабамыз қыз баласы балиғат жасына жеткен шақта бұрымындағы шолпысын алып, ақ сәукелесін кигізіп, ақ босағадан аттатқызып барып, басына ақ орамал салатын. Ал қазір қоғамда мектеп қабырғасындағы бүлдіршін қыздарымызға тұмшалап орамал таққызып әуре. Осыған не дейсіз?

 -Мен өзім орамал тақпай өскен қоғамның ұрпағымын. Басымызға малақай, бөрік киіп өстік. Бірақта бізді ата-анамыз кішкентай күнімізден садақаға барған уақытта, не болмаса қатты дауылда, найзағай ойнап тұрған кезде орамал тартуды міндеттеді. «Шаш адамныңбойындағы ең қасиетті»деп санамызға құйды. Орамал тағудың да өзінің жүйесі болуы керек. Кішкентай сәби қыздарымызға қылғындырып орамал таққызып, мектепке жіберуді мен қолдамаймын. Бұл дұрыс емес. Бала өзінің аппақ бантигімен баруы керек. Өсті ме шашы, сәндеп күтсін, келін болды ма, әдемілеп ақ орамалын тартып жүрсін. Шашты қорғау қажет.Орамал тартатыны тартсын.Бірақ міндеттеп, зорлап, ешкімге орамал таққыза алмайсыз. Әр адам – жеке тұлға. Әр адамның талғамы бар. Әр адамның киім кию сән үлгісі бар.

 

-Шолпан Батырқызы, қазақ қыздары қашанда сыңғырлаған шолпысымен, әдемі бұрымымен, әдепті қылығымен «Қазақ қызы» деген атқа лайықталып жүрген. Ал қазір көшеге шыға қалсаңыз, шаш жайып жүретіндерден көз ашпаймыз. Осыған не дейсіз?

 -Әр заманның өзінің талабы, өзінің сән үлгісі бар. Жастар қоғамға, ортаға қарай бейімделіп өседі. Жалпы, қазақ шаш жаюды жаман ырымға балаған. Қазақта жас келін ерінен айырылғанда шашын жайып жылаған. Біз осыны бүгінгі қыздарға айтып, түсіндіре алмадық па?! Әлде өзіміз де кезінде дұрыс мән беріп, түсінбедік пе?! Біз көбіне жастарды кінәлаймыз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Мен кешегі Кеңес дәуірінің ұрпағымын. Бәрімізде де әдемі бұрым болды. Бірақ мектеп бітіріп, қалаға келгенімізде қыздар бұрымын кесіп, қаланың сәніне қарай еліктеді. Соның біреуі менмін. Тышқансайдың таза ауа мен суына үйренген шашым қалаға келген соң  хлор қосқан суға шашым сыпырылып түсіп қалды. Аржағында құйқасы көрініп тұратын дәрежеге жетіп, бұрымымыз кәрі жыландай болып жіңішкерген соң кесуге тура келді. Жалпы, мен бүгінгі жастардың шаш жаюына қарсымын, бірақ та сән үлгісінде  шашын  әдемілеп жүрсе, қарсы емеспін. Бұл – жастардың емес, ата-ананың жіберген қателігі. Бұл – қоғамның, ортаның әсері. Мен ешкімді шашына қарап бағаламаймын. Сөйлесіп, тілдесіп, ақылына қарай, өнегесіне қарай, тәрбиесіне қарай бағалаймын.

 

-Елбасымыздың қолдауымен «Жусан» операциясымен елге қаракөздеріміз келіп жатыр. Осыған көзқарасыңыз?

– Бұл – үлкен және қоғамды толғандырып тұрған сұрақ. Барлығы адамның санасына байланысты. Кетерде арам пиғылымен сол жаққа өтіп кеткен адамдар ана жаққа барып,неше түрлі қиындықты, көрместі көріп, есінен танып, жылап-еңіреп жатқанда мемлекет оларға кері оралуға мүмкіндік берді. Осының қадірін түсінетін де, түсінбейтін де адамдар бар. Ал мемлекеттің, өзінің азаматын түгендеуі –үлкен ұлағатты іс. Бірақ сол азамат, сол мемлекеттіңүмітін ақтай ма, ақтамай ма, ол – үлкен сұрақ. Оған мен жауап бере алмаймын. Санасы болмаса, оған жақсылық жасасаң да, қанша қамқорлық көрсетсең де, ақтамауы мүмкін. Бірақ мемлекет ол адамдарға заң тұрғысынан шара қолдануға міндетті. Қазақстан Республикасының азаматы міндетті түрде Конституциясын құрметтеп, заңға бағынуы қажет.Ол қаракөздерімізбен психологтар жұмыс жасауы керек. Мысалы, адам қатты ауырғанның өзінде артынан қайтадан қалыпқа келе алмайды. Бұлар енді әрі психологиялық, әрі физикалық қорлық көрген қыздар ғой. Олармен оңалту орталықтары мықты жұмыс жасауы керек. Ол өздігінен, я болмаса әкесінің, анасының айтуымен қайтадан қалыпқа келмейді. Қоғам болып барлығымыз жұмыс жасауымыз керек. Адами қасиетін жоғалтып алса, оны кері қайтару үшін жас сәбиді қайта тәрбиелейтіндей орта қажет. Адам қателігінен қорытынды шығарса, өмірдің соққысынан сабақ алса, алға ұмтылса ғана қайтадан адам болады.

-Шолпан апа, жастарға өнеге боларлық сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Саягүл ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ,

«Дүрбі»

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close