Жаңалықтар

Мәуліт айында мұқтаж әйелге пәтер кілті табыс етілді

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Мәуліт айы құрметіне «Адамзаттың асылы – әз Мұхаммед» тақырыбында шара ұйымдастырылды.

– Күллі адамзаттың асылы, екі дүниенің шамшырағы – Мұхаммед пайғамбарымыздың туған айына құрмет бір күнмен немесе бір аймен шектелмеуі тиіс. «Мен мұсылманмын» деген әр пенденің Алла елшісіне деген құрметі зор. Жастар жат ағымның жетегінде кетіп, дүние сағымдай құбылып тұрған заманда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осындай шараны көптеп өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді шараның ашылуында өнер орталығының жетекшісі, ақын Бауыржан Халиолла.

 

Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов пайғамбардың рухани көшбасшылығын қоғамға үлгі ету, хадистерінің мән-мазмұнын дұрыс түсіну татулыққа, береке-бірлікке сеп болатынын айтты.

Облыстық орталық мешіттің найб имамы Бақытжан Құралбайұлының айтуынша, қазіргі кезде діннің сыртқы формасына ғана мән беретін кертартпа ағым өкілдері Мәулітті атап өтуге қатысты кереғар пікірлер айтады. «Мәуліт айы – пайғамбардың сүннет жолын ұлықтау, хадистерін парықтау, имандылықты уағыздау кезеңі. Қадыр орталығымен бірлесіп, игі шараны өткізудеміз. Қоғаммен осылай бірлікте болсақ, діннің атын жамылып жүргендермен күрес жолында және ел тыныштығын насихаттауда белсенді бола түсеміз», – деді Бақытжан Құралбайұлы.

 

Орталық мешіттің найб имамы Самат Әлібаев ҚМБД жанындағы «Зекет» корпоративтік қоры атынан ұйымдастырылған «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында зағип әйел, жалғызбасты ана Шолпан Жұбановаға Орал қаласындағы баспана кілтін табыстады. Шолпанның екі бүлдіршін қызы бар. Қазіргі уақытта Жаңақала ауданында тұрып жатыр.

«Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында ҚМБД жетім-жесірге, көп балалы отбасыға, дін қызметкерлеріне 167 баспана сыйлаған. БҚО-да қайырымдылық есебінен мұқтаж жандарға үш баспана сыйға беріліпті.

Мәуліт кешінде өнерпаз Ерлан Қуанышев Майлықожа термесін орындаса, күйші Берік Шаймарданов Құрманғазы күйін тартты. Кейін медресе шәкірттері салауат оқыды. Жас айтыскер ақындар Орынбек Меңдіқұлов пен Мақсат Тұяқ Мәуліт мерекесіне жыр арнады.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close