Басты тақырып

Сақ бол! Саентология!

Қазақстанда саентология ағымы ағылшын тілі курстары болып тіркеліп, жымысқы әрекеттерін жасырын жүзеге асырып жатуы әбден мүмкін! Ұйымның өзінің мәліметінше, олардың қатарында 9 мың қазақстандық жүр…

Саентология 1950 жылы Америкада пайда болды. Ұйымның негізін салған Рон Хаббард. Ресейде «О свободе совести и религиозных объединениях» істейді. «Саентологическая церковь Москвы» және «Церковь саентологов Санкт-Петербурга» ұйымдарына Ресей сотымен тыйым салынды. Шетелдерде саентология шіркеуінің құқықтық мәртебесі әртүрлі. Кей елдерде діни ұйым ретінде мойындалғанымен, әлем халқы оған шошына қарап отыр.

Әлемнің қоғам, дін қайраткерлері, ғалымдары, мемлекеттік және медициналық ұйымдары саентологияның гуманитарлық, діни, философиялық қызметін жоққа шығарып, оған тоталитарлық секта деп баға берді. Ең сорақысы, саентологияның әдістері адам ағзасы мен психикасын күйретеді. Соның салдарынан көптеген адамдар өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасуда.
Саентологияның сан соқтырар құрсауына түсіп қалғандар Қазақстанда да болды. 2009 жылы Қарағанды облысының ауданаралық экономикалық соты Қарағанды қаласындағы шіркеуіне тыйым салды. Тіпті, сот үкіміне бұл ұйым табанды түрде қарсылық көрсетті. Олай болмағанда ше, дүниежүзінде 7 700-ден астам шіркеу ашып тастаған болса! Сананы улаған ұйым елімізден 9 мыңдай тұрғынды қатарына тартқанын айтып, жар салғаны мәлім. Алматы, Семей және Павлодарда орналасқан шіркеу қызмет еткен. 2012 жылы Дін істері агенттігінің сараптамасы нәтижесінде «Саентология шіркеуі» діни бірлестік деген мәртебесінен ресми түрде айырылды.

Саентологияның негізін салған америкалық жазушы Рон Хаббардтың утопиялық идеясы жаһанға лезде тарап үлгерді. Хаббардтың саентологияға негізделген 148 том кітабы бар. 1950 жылы «Дианетика: рух саулығы жайлы заманауи ілім» атты кітабын жарыққа шығарып, оны психологиялық еңбек деп таныстырды. Бірақ дианетиканың қараңғыға бастайтынын сезген ғалымдар бірден тойтарыс берген. Хаббардтың тауы шағыла қоймады. Діннің адам санасына айрықша әсер ететінін жете таныды. 1955 жылы «Саентология» шіркеуі Лос-Анджелесте ашылды. Дианетика өңін өзгертіп, дүмбілез әлемге жол ашты. Хаббард «саентология» сөзін Канзас штатындағы Вичит қаласында оқыған дәрісінде алғаш тілге тиек еткен. Фантаст-жазушының діни философиясының күңгірт мазмұнына үңіліп көрсек, адам рухы мәңгі өмір сүретінін, әр пенде жан мен тәнге өзі иелік ете алатынын алға тартқан. Ғалымдар Рон атап көрсетпесе де, бұл ілімге реинкарнация ұғымы өзек болғанын сараптап айтқан. Оның дәлелдеуінше, әлемдегі адамның бәрі жақсы, өз болмысымен біте қайнасып өмір сүреді, тіпті рухы шыққан соң тәнін емдей алады-мыс. Қай секта болмасын, жан сұлулығы, адамның бақиға ұмтылуын жүзіктің көзінен өткен жібектей судыратып, түсіндіріп беруі мүмкін. Бірақ асықпаңыз. Саентология адамға бақыт сыйлайтын емес, көкірек көзін бітеп, улы утопиялық білімді заң шеңберінен тыс психологиялық және медициналық тәсілмен санаға сіңіретін, саңырау күйге түсіретін қара құрдым болып шықты.

Ұйымға кірген адамды тонап алады

Ұйымға елтушілер саны 10 миллионға жетіп жығылатынын кейбір дереккөздері растайды. Саентологияға деген құштарлық әсерімен әр табынушы қаржылай көмек көрсетуі тиіс болған. Хаббардтың бір еңбегінде: «Мүмкіндігінше, ақша тап. Қол астыңдағыларды да ақша табуға көндір» деген үгітін жазған. Сананы сансыратып, талайға сан соқтырған саентология ілімін үгіттеген «Рухани технология шіркеуінің» 1987 жылғы біржылдық табысы 503 миллион АҚШ доллары болған. Бұл цифрға көз жүгірткен адам дүбәра діни жолды желеу етіп, ессіз күйде елітіп, қаржы табу пиғылын шебер жүзеге асырып жатқанына кәміл сенері анық.

Германия, Бельгия, Франция елдері саентологтардың ұйымдарын әшкерелеп, олардың жетекшілерін сотқа тартты, түрлі жазалау шараларын қолданды. Қазақстанда бұл діни ұйымға қарасты 11 шіркеу жұмыс істеген. Прокуратура өкілдері олардың салықтан жалтарғандарын дәлелдеген. Тіпті, тыңшылық жолмен құпия ақпарат жинады деген айып та тағылған.

Әлемнің түкпір-түкпіріне таралып үлгерген Хаббард ілімінің соңына танымал өнер жұлдыздары, атақты адамдар, белгілі қайраткерлер енген. Киноиндустрия саласында бағы жанған Том Круз бен Джон Траволтаның саентологияның табынушысы екенін ашық дереккөздері растайды. Есі бар елдер бұл халықаралық ұйымнан етегін қымтап ұстады. 2011 жылы Мәскеу соты Хаббардтың діни еңбектерін экстремистік деп танып, Ресейде таралуына тыйым салды. 2000 жылы Франция үкіметі ұйымды тоталитарлық сипаттағы секта деп жариялады.

Терезеден секіріп өлген

Саентологияның сұмдығы мен қулығы, қиянаты жөнінде әлі күнге дау толастар емес. 1988 жылы франциялық Патриса Века оқу курсына қаражат таба алмай, терезеден секіріп өлген. Атышулы оқиғадан кейін саентология шіркеуінің лион бөлімінің бастығы мен оның 14 сыбайласы айыпты деп танылды. Неміс металлургиялық компаниясы басқарған Рудольф Виллемстің бизнесі тоқырап, осы сектаның құрбаны болғаны жөнінде БАҚ-тар жазған. Саентология ұйымынан бас тартқандарды оққа байлап отырғаны жайында атышулы оқиғалар интернет-ресурстарында кеңінен таралған. АҚШ теңіз жаяу әскері күштерінің бұрынғы офицері Рон Хаббард райынан қайтпай, гипноз қолданып, талай қылмыстық және алаяқтық істерінің бел ортасында жүрген.

Қазақстандық кәсіпкер 140 мың долларынан айырылған

Қазақстандық кәсіпкер Данил Тылевич 10 жыл бойы осы ұйым қатарында болып, 140 мың долларын шығындағанын айтып, сұхбат берген. Саентологияның сандырағына еретіндер елімізде мүлдем жоқ деуге келмес. 2013 жылы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф Алматыда «Бақытқа апарар жол» атты саентологтардың жаңа ұйымы қоғамдық бірлестік ретінде тіркелгенін хабарлады. 1996 жылдан бері Павлодар қаласында «Дианетика» орталығы қоғамдық бірлестігі қызмет етіп келеді. Аталған орталық әдебиеттерін де тарата алады. Бірақ саентологияға қатысты материалдарды таратуға тыйым салынған. Дей тұрғанмен, Хаббард іліміне тәнтілер хамелеондай құбылып, түрлі тәсілмен қапы қалдырып тұр. Алпауыт күштер қаржыландыратын біраз діни ұйым Қазақстанда заңды түрде қызмет істеп жатқанын білеміз… «Сақтансаң, сақтармын» деген нақылды еске ұстайық, ағайын! Абайсызда саентологияның қақпанына түсіп, қан қақсап қалмаңыз!

«Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close