Басты тақырып

Тәңіршілдіктің қазақ санасындағы орны қандай?

Тәңіршілдік жайлы пікір қазір екіге жарылды. Сол екі тараптың пікір қақтығысы біртіндеп күшейе түскендей. Әсіресе әлеуметтік желілерде көзге шалынып қалады. Бұл мақаланы дау қуу мақсатында емес, осы тақырыпты мәселе қып көтеріп жүргендерге ой салу үшін жаздық.

Қоғам озық ойлы санайтын, елдің алдында жүрген азаматтардың кейбірі тәңіршілдіктің тарихын қалпына келтіруді құп көреді. Олар басқа діннің бәрі сырттан келген де, тәңіршілдік осы жерді мекендеген байырғы халықтың табиғи наным-сенімі болғанын түрлі БАҚ бетінен айтып келеді. Бұл жерде оны дін ретінде тірілтуді емес, көшпелілердің наным-сенімі ретінде тарихи баға беруді алға тартатынын келтіре кеткен жөн.

Қоғамның ендігі бір бөлігі «тәңіршілдік дін емес, ойдан жасалған дүние, артта қалғандықтың белгісі» деген пікірде.

-Тәңіршілдіктің тірек ұғымы – аруаққа сену. Аруаққа сенуді Әбу-Ханифа мазхабы да жоққа шығармайды, – дейді  ақын, мәдениеттанушы Оралтай Біләлов (суретте). –Тәңіршілдікті мүлдем айтпай, жауып тастауға болмайды. Оны қатты уағыздаудың да қажеті жоқ. Бұл – табиғи нәрсе. Табиғи зердесі бар халық жаман болмайды. Тәңіршілдік қазаққа тек жақсы нәрсе берді.

Ол өзінің «Жерұйық» деген кітабында: «Біздің тарихи санамыздаң жұлын-жүйкесі – Тәңір діні. Еліміздің ұлттық са­на­сын Тәңір дінісіз қалыптастырғысы келетіндер – қа­зақтан мәңгі жарымес ұлт жасау жолындағылар» деп те келтірген.

Түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Нәпіл Базылхан (суретте) бұдан бес жыл бұрын «Білім және мәдениет» арнасына берген сұхбаттарының бірінде: «Тәңір» сөзінің этимологиясына келсек, түркі тілдерінде, моңғол тілдерінде, тұңғыс-манжұр тілдерінде, Еуразия кеңістігінде кең  ауқымды алып жатқан түркі тектес, моңғол тектес этностар мен халықтардың барлығы «Тәңір» деп атайды. Манжұр тілінде «таңара», көне моңғол тілінде «теңрі» дейді. Бәрінде Тәңір деген бір сөз ғана бар. Көне жазба ескерткіштерді, археолгиялық деректерді алып қарасақ Тәңір туралы мәлімет көп. Тәңірлік таным – дін емес. «Құран», «Інжіл», «Таурат» сияқты кітаппен келген дүниетаным емес. Бұл өзінің эволюциялық жолымен келе жатқан табиғи түп-тамырымыз. Біз табиғатпен біте қайнасқан көшпелілердің бір бөлігіміз, сондықтан бұл көшпелілердің шынайы дүниетанымы. Мыңдаған жыл қанға сіңген, кейбір тұстары ұмыт қалған. Тыва, моңғол халықтары буддизмге, гагауыз сияқты кейбір түркі халықтары христиан мәдениетіне, хазарлықтар иудаизм дініне көшті. Қазақ ислам дінін қабылдады. Сонда тәңіршілдікті сыртқы ықпалсыз, табиғи дүниетанымыз деуге болады. Көшпелілерге басқа дінді таңуға болмайды, -дейді.

Белгілі дінтанушы ғалым Мұхан Исахан (суретте) «Қазақ қашан Ислам дінін қабылдаған?» атты мақаласында тарихты тізбелей келе былай қорытады: «Жалпы, ата-бабаларымыздың Исламды жатсынбай қабылдауының себебі, түркілердің байырғы Тәңір сенімі монетеистік наным болатын. Бұл концепцияны, бүкіл өмірін осы тақырыпқа арнаған даңқты тарихшы Китапшы айтқан. Х ғасырда ибн Фадлан түркілдердің ішінде болғанында, тәңірлік сенім мен Ислам дінінің ұқсастығына таң қалғанын жазған болатын. Мәшһүр Жүсіптің дерегіндегі түркілердің: «Озған пайғамбардың үмбетіміз» дегенінде, Хақ Елшісінің бұл сенімді терістемеуі, ата-бабаларымыздың ханиф сенімінде болғанын көрсетеді. Яғни, арғы бабалырымыздың ұстанған Тәңірлік сенімі Хақ дінді қорашсынбай, тез қабылдауына игі әсер етті. Әдепкіде, Орта Азия халықтары Ислам дінінің радикалді ағымдарымен бетпе-бет келгенін жоғарыда айтып өттік. Бірақ, оларға мойынсұнбауының себебі, өр кеуделі Ер түріктің ұрпағы Исламды күшпен қабылдағысы келмеді. Ақыр-аяғында Орталық Азия халықтары «ахлу суннаның» рационалистік бағыты саналатын Ханафия және Матурудия мазхабын қабылдады. Себебі, бұл ағымдар әрбір мәселеге ақыл-парасатпен қарауға шақыратын еді. Сондай-ақ, Исламның сопылық бағыты да ежелгі түркілердің алып-ерендік, озандық, жыраулық, сал-серілік дәстүрімен қабысатын. Осы үндестік сопылық ілімнің қазақ халқының жүрегінен орын алуына игі ықпалын жасады. Сөйтіп VIII ғасырдың орта тұсында қарлұқтардың Ислам дінін қабылдауымен басталған илаһи үдеріс, XVI-XVII ғасырда Керей мен Найман тайпаларының Хақ дінді қабылдауымен толықтай аяқталды. Сондықтан да бүгін де Қазақ халқының мұсылманшылығына күмәнмен қарауға еш негіз жоқ деп білеміз».

Елімізге танымал дін маманы, ғылым докторы Смайл Сейтбек (суретте) «Тәңіршілдік – дін емес, тек наным-сенім ғана» деген сұхбатында: «Бір дінді дін деп атай білу үшін мынандай элементтар болуы қажет: Құдай түсінігі, пайғамбары, періштесі, қасиетті кітабы (жазба мәтіндер), моралдік қағидалар, заңдар жиынтығы, қасиетті күндер мен мейрамдар, ораза, қажылық, құрбандық, садақа, неке, құлшылық, ғибадатхана, дін қызметкері секілді діни атрибуттар қажет. Ал мұндай атрибуттар болмаса, онда ол наным-сенім немесе ырым болып есептеледі. Наным-сенім мен дінді шатастыру қателік. Егер барлық наным-сенімді дін ретінде есептесек, онда жер бетінде әр ұлттың, тайпа, рудың бір-бір діні бар деген ұғым шығады» дейді. Дінтанушы «Тәңіршілдікті дін деп атауға болмайды. Себебі, тәңіршілдік дін емес, наным-сенім. Тәңіршілдік – түркі халықтарының исламға дейінгі негізгі діни нанымы. Табынудың басты объектісі – Тәңір. Тәңір (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіз күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі. Тәңірмен қатар Жер — Су құдайы да түркілер үшін – табыну объектісі болған. Егер осы айтылған тұжырымды қабыл етсек, онда тәңіршілдікте үш құдай түсінігі бар деген ұғым шығады. Тәңіршілдікті өзге діндермен салыстарғанда дін санатына жатпайтынын аңғару қиын емес. Мәселен, Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды, құлшылық жасауды талап етпейді. Күнделікті құлшылығы мен ғибадатханасы болмаса, ол қандай дін болмақ? Тек құдайды еске алып қою ол дін емес, наным немесе жасанды дін» деген қорытынды жасайды.

«Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтарының соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Жоғарыда аталған елдердің ешбірі екі мың, үш мың жыл бұрынғы ата-бабаларының наным-сенімдерін жаңғыртуға құлықты емес. Себебі, ол нанымды дін деп атауға келмейді. Діни атрибуттары мен институттары жоқ нанымды ұлттық дінге айналдыру барып тұрған надандық. …Түркі халықтарының ешбірі «біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екенін ескерсек, расында да ақиқат дін болса өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды? Өйткені, ол күлкілі әрі надандық. Атышулы Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған. Дамыған бұл елдер сол байырғы дінін қайта тірілтуге құлықты емес» деген Смайл Сейтбек ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінін бұрмалап, күпірлікке бармаған жөн деген пікірде.

Ал түркітанушы ғалым Нәпіл Базылхан:

-Бұл тәңіршілік танымның космологиялық, қоғамдық-әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық, салт-дәстүрлік, ырымдық – бүкіл салада өзінің орнын алған, сан ғасырлар бойымызға сіңген танымдық-түйсіктік, ғылымда философия делінетін ұғымнан да кең танымымыз. Сүйегімізге біткен нәрсені жоққа шығара алмаймыз. Ислам мәдениетін ата-бабамыздың жат көрмеуі бір Жаратушыға сенгенінен дейді көптеген зерттеушілер. Көзқарасы жағынан тәңіршілдік Ислам дінімен сәйкес келеді. Ислам дінін тез қабылдауымызға да осы тәңіршілдіктің ықпалы бар.

Тәңіршілдіктен көп құдайлық, пұттарды іздеуге болмайды. Буряттардың тәңіршілдігіне буддизмнің сіңіп кеткені соншалық, 55 құдай бар. Басқа діннің әсерімен өзгерген мұндай тәңіршілдіктің көшпенділердің Тәңір ұғымына қатысы жоқ.

Тәңіршілдік мыңдаған жыл бұрын тамырымыздың тереңдігін, рухани бай болғанымызды ғана көрсетеді.  Ата-бабалардың бір Жаратушыға сеніп, аспан әлемімен, аруақтардан күш сұрауы, тылсым әлеммен байланысы таңғажайып. Тәңіршілдік танымды өшіріп тастауды немесе жаңа бір дін ретінде туын көтеруді құптамаймын. Тарихымызды тану үшін тәңіршілдікті тануымыз керек. Сол арқылы ата-бабамыздың ерлігін, жауынгер рухын, батырлығын, дархан мінезін, кең көңілін, сатқындықты кешірмейтін, алауыздығы жоқ адалдығын, береке-бірлігін, табиғатын көре аламыз. Сондықтан тәңіршілдікті айтқызғызы келмейтін топтардың саяси жоспары болуы мүмкін.

Шетелден келетін ағымдардың бәрі біздің осал тұсымызды тауып отыр. Біз тамырымыздан ажырамауымыз керек. Ата-бабамыздың дәстүрлі танымынан біз ешқайда кете алмаймыз. Біз дәстүрді жаңғыртуымыз керек. Батырлық, ерлікті басқа діннен таба алмайсыз. Сайын даланы қорғап келген батырларымыз аруаққа сенген, – дейді.

Дайындаған Нұрлыбек Рахман,

durbi.kz

 Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ,

дінтанушы, философия

ғылымының кандидаты

-Тәңіршілдік дінге саналмайды. Дін болуы үшін пайғамбары, қасиетті жазбасы, құлшылық принциптері болуы керек. Бабаларымыздың нанымы болғаны ақиқат. Біздің түркілік дүниетанымда тәңіршілдік Көк Тәңіріне сенді. Исламның монотеизммен ұқсастығы болғандықтан көп қиналған жоқпыз. Көк Тәңірі бір аспанда деген сенім болды да, бір Аллаға сенімді жатырқаған жоқпыз дейді ғалымдар. Ал жерлеу рәсімінде өзгешеліктер болды. Көк Тәңіріне наным бойынша Құдайға ең жағын жер – таудың басы, құзар шыңы. Құрбандықты сол жерге апарып сою дәстүрі болған. Немесе қайтыс болған адамды таудың басына не биіктеу жерге шығарып тастаған. Жерлеу де болған шығар, бірақ тастап кеткені рас. Әлі күнге дейін моңғол, алтай халықтарында мұндай дәстүр сақталған. «Жақсы адамды ит-құс жеп кетеді» деген наныммен биіктеу жерге, жолдың бойына қалдырып кеткен. Адамның жақсы-жаман болуын ит-құстың жеуімен түсіндіріп отырған. Тибеттік, буддистік кейбір нанымда, әсіресе оның ламаизм бөлімінде тэнгр бар. Яғни тәңіршілдікке жақын түсінік.

Тәңіршілдіктің қазаққа зиян жағы қандай? Арандатушылар жағынан зияны тиюі мүмкін. Қазір тәңіршіміз деп жүргендер тәңіршілдікті ұстанбайды, оның принциптерімен өмір сүріп жатқан жоқ. Бұлар тек Исламды қаралаумен айналысуда. Діни алауыздықты қоздыру, халықтың басын айналдыру мақсатында, теріс ағымдағылардың іс-әрекетін «міне, Ислам осындай» деп көрсетіп, «арабқұлдық» деген сөзді пайдалану арқылы ата-бабамыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дінін жоққа шығаруға әрекет жасауда. Рухани жағынан әлі біркелкі қалыптаспаған халықтың басын қатырып, белсенді жұмыстануда. Арнайы жоба да болуы мүмкін. Айналып келгенде зардап шегетін қазақ халқы болайын деп тұр. Халықтың бұрынғы түсінігінде бұған қатысты ойлар бар. Әлі күнге дейін біз Исламмен астастырып, кейбір қағида, дәстүрлерді ұстанамыз ғой. Тәңіршілдікпен тікелей байланысы қалмаса да, әлі күнге «Тәңірі жарылқасын» деген сөзді Алламен бір мағынада қолданамыз. Халық бұл бағытта айтылып жатқан әңгімені түсінбей қалуы мүмкін. Сол себепті халықты алауыздыққа итермелеу тұрғысынан өте қауіпті идеологияға айналып кету ықтималдығы бар.

Tags

Осы айдарда

Бір пікір

  1. Дін – адамның жан дүниесін меншіктеу үшін жасалған идеологиялық құрал. Ең бастысы, ол оны «Құдай атымен» іске асырады. Яғни, онда «адам дін көрсеткен Құдайға ғана сенуі керек, болмаса, Құдай тарапынан екі дүние тозағына тап болады» деген сипаттағы адам жанын «рухани бопсалауға» орын қалдырылған. Мұны жүзеге асыратын арнайы адамдардың болуы да – осыны көрсетеді… Ал кез келген ұсынылып отырған діндегі «Құдайға сену жолдары» сағатына-минутына дейін өлшеніп, ереже ретінде жазылады. Сөйтіп, адам дінге бет бұрғанда «Құдайға сену рұқсатын» сол діннен ғана алуы керек болып шығады… Ал ол ережелердің кей мәселеде бүкіладамзаттық адамгершілік қағидалармен үндеспеуі – діндер арасындағы қайшылықты тудырады. Ол – адамдардың нақты өмірінде көрініс тауып, олардың бір-біріне діни антогонизміне әкеледі. Төзімсіздіктің бұл түрі жер бетіндегі небір адамға қарсы – расизм, фашизм, колониализм, экспансия және т.т. құбылыстардың пайда болуына ықпалы тиген. Өйткені, олар дінді де құрал ретінде қолданғаны бүгінде тарихи фактілер қатарында… Осы тұрғыда – қазіргі «тәңіршілміз» деп жүргендер – өздерініе «сенім бостандығын» қалап алған адамдар тобы. Ал, оның қазақ даласында көрініс табуы – табиғи нәрсе. Себебі, қазіргі діндер пайда болғанға дейінгі монотеистік наным-сенім дәстүрі әлі күнге дейін қазақ халқының дәстүрінде табиғи қалпын бұзбай сақталып қалғандығында. Бұл – «аутизм» емес, бұл – тарихи сананың жаңғырығы! Тәңіри сенімнің бір артықшылығы – адамзатты дінге бөлмеуі. Көк аспан астында барлық тіршілік иелерін – адамды да, жан-жануарды да, тіптен, өсімдікті де Бір Жаратылыстан – Тәңірден таратуында… Екіншісі – Тәңірде «қорқытып-үркіту», «азаптау-қинау» деген жоқ. Онда «Тәңірін танымау» – адам санасының әлі жетілмегенінің көрінісі ғана! Ал Тәңір деп жүргендерде «дін жоқ» деп, оларды Құдайға қарсы» екен деген сөз – жала! Ондай сөзді Исламның да, Християн дінінің де, өзге діндердің де бірдей айтып, тәңіршілерді қаралауға құқы бар. Олардың ережесі – «бізге бағынбаған – бізге жау!» (кәпір, пусырман т.с.с. т.т.). Сондықтан, бүгінде Ұлы Сенім ұғымы мен Ұлы Дін арасын ажыратып алу керек алдымен… Сондықтан Тәңіршілердің «Тәңір – ешқандай діннің меншігі емес» деген астарлы Сенімі – адам наным-сенімінің табиғи эволюциясы деп санаймын. Мен ол сенімге ертерек жеттім, біреу – кешірек келер… Бірақ ешқандай айыптау, күнәләу, мәжбүрлеу, уркіту-қорқыту болмасын! Ал өмір сүру принциптері десек – оның өзегін адамзаттықпен ұштасатын ұлттық әдет-ғұрып пен дәстүр құрайды…. Тәңіршілердің «ұлтшыл» атанып жүргені де содан болар…

Әбдірашит Бәкірұлы үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close