Мақалалар

Қазақ мәдениетімен сабақтасқан дәстүрлі ислам құндылықтары – ел бірлігінің кепілі

Адам мен мәдениет әрдайым тығыз қатынаста болып келді, сондықтан адам ақыл- ойының, қызметінің, іс- әрекетінің жемісін мәдениетке жатқызамыз.

«Мәдениет» термині  әуел баста «жер өңдеу», «оны егу» дегенді білдірді. Атақты Цицерон осы сөзді ауыспалы мағынада, яғни адам ақылына ықпал жасау, ақылды философиялық өңдеу мағынасында қолданған («cultura animi»).

Философиялық сөздіктерде қазіргі түсініктегі «мәдениет» сөзі Еуропада ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында, Ағарту дәуірінен бастап кең қолдануға түскені, ХҮІІІ ғасырда ойшылдары бұл сөзбен хайуанаттық болмысқа қарағанда адами өмір қалпының ерекшелігін айқындау үшін пайдалана бастағаны айтылады.

Кеңірек айтар болсақ, мәдениет адам жасаған, тұрмысында пайдаға асырған,  жетілдірген дүниенің бәрін қамтиды. Мәдениет өмірдің барлық салаларын қамти отырып: танымдық, ақпараттық, нормативтік (реттеушілік), гуманистік, құндылықтық, семиотикалық (белгі, таңба) секілді көп міндет атқарады.

Мәдениет туралы айтқанда, оның екі түрі еске түседі: материалдық және рухани. Материалдық мәдениетке материалды формадағы жасалған, ойлап табылған дүниелердің бәрі жатады: өндіріс, техника, ғимараттар, компьютерлер, кітаптар, еңбек құралдары,  тұрғын үйлер,  киім, үй ішілік бұйымдар, т.б.

Ал, адамдардың ақыл-ой еңбегінің нәтижесін «рухани мәдениет» дейміз. Дін, діни сезім, әдебиет, музыка, ғылым, тіл, тарих, сәулет өнері, сурет өнері, кескін өнері, т.б. осы рухани мәдениет аясына кіреді. Жер шарын мекендеген  халықтардың әрбірінің өзіне тән мәдени болмысы бар. Сол өзіне тән болмысы арқылы өзге ұлттардан ерекшеленеді. Яғни мәдениет кез келген ұлттық өзіндік ерекшелігін айқындайды. Мәдениетсіз халық болмайды. Мәдени ерекшеліктер белгілі бір этнос туралы нақты тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда халықтың этностық тегін, рухани болмысын, мәдени талғамын,  моральдық-этикалық қалыптарын айқындауға көмектесетін этнография ғылымының маңызы зор.

Қазақ ұлтының этнографиялық ерекшеліктерін зерттеуде Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Ә.Х.Марғұлан, Х.А.Арғынбаев, Ө.Жәнібеков, М.С.Мұқанов, Қ. Халиди,  Ж. Бабалықұлы, Ж. Артықбаев, М. Бекимов, Б. Бопайұлы, А. Боранбайұлы сынды тұлғалар көп еңбек сіңірді.

Олар өз еңбектерінде қазақ ауыз әдебиетінің асыл мұраларын жинады, қолөнері, ою-өрнектері, ұлттық ойындары, эпостық жырлары және музыкалық аспаптары туралы және т.б. елеулі тақырыптарда тарихи-этнографиялық зерттеулерін жүргізді. Қазақтың ұлттық мәдениеті де өзі өмір сүрген ортақ географиялық аумақта, тарихи тіршілік кейпі мен тұрмыс салты негізінде қалыптасқан.

Қазіргі кейбір зерттеушілер қазақ ұлтын айшықтап тұратын ортақ тілі, ортақ ойлау жүйесі, ділі (менталитеті), психологиясы, әдет-ғұрыптары, дүниетанымы, тарихи жадысы және құндылық талғамдары Қазақ хандығы құрылғанға дейін негізінен қалыптасқан және Қазақ хандығы тұсында дамып жетілген деп санайды.

Олар Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр кең далада орналасып, бытыраңқы мал шаруашылығымен шұғылданған халықтың мәдениетінде басқа ұлттар сияқты жергілікті диалекті жоқтығын, тұрмыстық әдет-ғұрыптары бірдей, салт-санасы ұқсас, тіпті, адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырының әрбір кезеңдерінде жасалатын рәсімдері де ұқсастығын, сондай-ақ, олардың адам өмірден өткеннен кейінгі аза тұтуы мен ас беру салттарында да айтарлықтай айырмашылық жоқтығын алға тартып, осындай біркелкілік басқа ұлттарда кездеспейтінін айтады.

Қазақтың жеті атадан аспай некелеспеу, жеті атадан асқан күннің өзінде жеті өзеннің аржағынан үйлену салты, қазақ тілінің біркелкілігін және қан тазалығын сақтады деп санайды. Дегенмен қазақ мәдениеті ежелгі түркі даласына Ислам дінінің тарауымен байи түскенін нық айтуға болады. Ислам діні адамдардың адамгершілік тұрғыдан өсуіне оң ықпал етіп, мәдени ілгерілеуіне жол ашты.

Ислам дінін бабаларымыз VIII ғасырда қабылдап, содан бергі 1250 жылдан астам уақыт ішінде ол халықтың ділімен астасып,  жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі болып келеді. Ел басына күн туып, ұлттың сақталып қалуын таразылар шақ туғанда да ата дініміз көңілге медеу, күш-қуат болды.

Ислам дінінің түркі даласын мекен еткен халық санасына бейбіт жолмен сіңуіне, оның құндылықтарын дәріптеуде, жергілікті дүниетаным, мәдениетпен синтездеуде ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұралары көп еңбек сіңірді.

Бұл ойшылдар шығармаларының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында исламның басым рөл ойнағанын  дәлелдей түсуде. Тұтас алғанда Ислам діні қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына айтарлықтай оң ықпал етті.

Белгілі ғалым Назира Нұртазина өзінің «Қазақ мәдениеті және ислам» монографиясында былай деп көрсетеді: «Ислам діні қазақ қоғамының, мемлекетінің, мәдениетінің идеялық, құқықтық, саяси және рухани-адамгершіліктің  негізі болды.

Қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін біз көшпенділікпен байланыста дамыған, көне түркі мұрасы мен бүкіл адамзат тарихына пәрменді рухани фактор болып келген ұлы ислам дінінің бір-бірімен кездесіп, байланысып, сіңісуінің заңды қорытындысы, жемісі деп бағалауымыз керек.

Тарихилық пен диалектикалық ойлау тұрғысынан қарасақ, ежелгі түркі дәстүрі өзгермей, бір орында тұруы мүмкін емес еді, ол уақыты келгенде міндетті түрде түбегейлі өзгеріске, трансформацияға ұшырап, түрленіп, руханилануы керек болды».

Ислам діні арқылы қазақ халқының салт-дәстүрі түрленіп, ерекше рең алды. Уақыт өте ескі діндерден қалған салт пен жоралғылар бастапқы мәнінен айырылды. Шыңғыс ханның «Яса», Өзбек хан мен Едіге бидің «Низам» жүйесі, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заң жинақтары халықтың әдеттерін ескере отырып, исламның құқықтық жүйесімен бірлесіп дамыды.

«Әдет», «ғұрып», «дәстүр» сөздерінің өзі араб тілінен енді. Қазақ әдет-ғұрпындағы сәби туылғаннан бастап адам егделеніп өмірден озғанға дейінгі аралықтағы жасалатын салттық рәсімдердің бәрі де мұсылмандықпен тығыз байланысты.

Мысалы, сүйінші сұрау. Ол – жақсылықтың нышаны, қуанышты хабар әкелушіге сыйлық ұстатуды білдіреді. Сүйінші хабарын жеткізуші адам «сүйінші, сүйінші» деп жар сала келеді.

Нәресте өмірге келгенде, келін түскенде, шалғайдан сағынған адам жеткенде т.б. жағдайларда соны алғаш хабарлаушы сүйінші сұрайды. Сүйіншіге бағалы зат, ақша немесе оны разы ететіндей кішігірім сыйлық беріледі. Күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан бұл дәстүрдің исламда да негізі бар. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) қуанышты хабарға бей-жай қарамай, өзінен сүйінші сұрап келген сахабасын сыйлықсыз қалдырмаған.

Қазақ – ырымшыл халық, ырым-тиым арқылы ұрпағын тәрбиелеген. Жақсыға ырымдау да таза сенім мен талғар түйсікке жетелеп, рухани тегімізге жақындата түседі. Жақсыға ырымдаудың негізі де исламда бар. Ардақты Елші Мұхаммед (с.а.с.) ислам тарихындағы әйгілі Хұдайбия келісімін жасарда қарсы жақтан Сухайли атты кісі келеді. Оның есімі жеңілдік деген мағынаны білдіретінін меңзеп Пайғамбарымыз «ісіміз иншалла жеңілдеп, оңғарылады» деген болатын.

Сәбиге ат қоюға да халқымыз ерекше талғаммен қараған. Ат қоярда азан шақыру әлі күнге жалғасып келе жатқан дәстүр.

«Азан шақырып қойған аты» деген тіркес адамның туылған кездегі есімі деген мағынада қолданылады. Ат қоярда сәбидің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту ислам дінінде бар міндеттердің бірі. Баланы сүндетке отырғызу да халқымызда әлі күнге жалғасып келе жатқан әдемі дәстүр. Сүндет – пәктіктің, тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі.

Сүндетке отырған баланың нағашылары оған нағыз азамат болдың деп тай мінгізетін болған, ата-апалары түрлі базарлығын сыйға тартқан. Тіпті сүндет той да жасалады. Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ алу  аталған.

Ислам дініндегі «Балиғат жасы» ұғымы да қазаққа жат емес. Балиғат жасына толғаннан бастап халқымыз «он үште – отау иесі» деп ұрпағының есейгенін, жауапкершілік алатын жасқа жеткенін пайымдаған. Неке қию салты да ғасырлардан бері тек мұсылманша өткізіліп келеді. Неке қиярда мешіт имамын шақыру, имамның неке шарттарымен таныстыруы, куәгерлердің болуы, некені жариялау бәрі де исламмен толықтай үйлесімде жүргізілуде.

Ажырасудың ел ішінде «талақ» деп аталуы да қазаққа жат емес. Шариғатта некенің бұзылуы «Талақ» деген терминмен белгілі. Келіннің сәлем салу салты да исламға қайшы емес.

Этнографтардың айтуынша, ол туыстық қатынастардың күрделенгеніне байланысты, әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дүние.

Оны жас келіннің жаңа келген ортасына деген әдеп, ибасының бір көрінісі деуге болады. Қазақ мәдениетінің әдеп жүйесін алып қарасақ, исламмен астасып жатқан ұғымдарды анық көреміз.

«Әдеп» сөзінің өзі арабтың «адаб» сөзінен алына отырып, тәрбие деген мәнді білдіреді. Қазақ ұрпағын көргенділікке, тектілікке баулыған, әдептілікті  әдемілікке балаған.

Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде «Мені раббым тәрбиеледі, маған ең ізгі тәрбие берді» деген. Қазақтың үлкенге құрмет, кішіге ізет түсінігі де «Кім жасы үлкенді сыйламаса, жасы кішіні қор тұтса, ол бізден емес» немесе «Кім жасына бола үлкен кісіні сыйласа, сол жасқа жеткенде оған да өзін сыйлайтындарды Жаратушы кезіктіреді» деген хадистермен мағыналас.

Үлкен кісінің есіміне әке (еке) сияқты жұрнақ сөз қосып айту да осы әдептілік пен сыпайылықтың  бір көрінісі. Мәселен, Бауыржан – Бауке сияқты. Мұны XX ғасырдың бас кезінде белгілі орыс ғалымдарының бірі Л. Баллюзек те байқаған: «Қырғыздардың сыпайылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігінің бір көрінісі – жасы үлкен кісілердің есіміне еке (әке) сөзін қосып айтуы».

Жасы үлкен кісілер, ақсақалдар барлық мереке, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылған. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайтын.

Жас келіндер ер азаматты ерекше құрметтеудің белгісі ретінде күйеуінің жақын туысының атын атамаған. Күйеуінің әкесі мен шешесін ата, ене деп атаған. Күйеуінің іні-қарындастарына  еркелете ат қоятын. Өзге туысқандарына да жаңа әрі жарасымды ат ойлап табатын.

Халқымыз екіқабат әйел мен жасы үлкен адамның алдын кесіп өтуді әдепсіздікке жатқызған. Жиындарда төрге отырған кісілер бата берген. Батаны ақсақалдар «Бисмилла», «Әуелі Құдай оңдасын» деп бастаған.

Алланы ауызға алып бастаған бата мазмұнында Алладан жақсылық тілеу тіленіп, соңы «Аллаху акбар» деп бет сипаумен аяқталған. Бата мазмұнындағы «бисмилла», «Алла», «Аллаху акбар» деген секілді сөздердің исламмен келгендігі еш дау тудырмайды.

Қазақ халқының қаза болған адамды жерлеу турасында ғасырлар бойы қалыптасып, тұрмыста бекем орын алған қағида-ережелері де шариғат заңдарымен тығыз байланысты.

Қазіргі кездегі жерлеу рәсімінде ұлттық дәстүр ерекшеліктері сақталғанымен, негізінен, шариғат заңдылықтары басшылыққа алынады. Мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын шығару, жерлеу рәсімдері барлығы да толықтай шариғат заңдары бойынша атқарылады.

Қаралы үйге көңіл айту кезінде де ислам сенімі бойынша «Алланың рақымы, пайғамбардың шапағатын тілеу, күнәсын жарылқау, пейішке бару» секілді жұбату сөздер айтылады.

Бұдан басқа да қазақ мәдениетіндегі «күнә», «кінә», «обал», «сауап», «тәубе», «киелілік», «бейнет», «зейнет», «қанағат», «рахымдылық» секілді көптеген түсініктердің исламмен астасып жатқаны талас тудырмайды.

Осы себепті ислам діні арқасында қазақ қоғамы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осы арқылы моральдық, идеологиялық, мәдени-гуманитарлық жағынан толыққанды өркениеттік негіздерді қабылдауға мүмкіндік барын жақсы ұққан қазақ зиялылары, жыраулар, ақындар, абыздар, ойшылдар – бәрі де исламды жырлап, рухани құндылықтарды дәріптеуге мол күш сарп етті.

Қорыта келгенде, ислам діні қазақ мәдениетінің мазмұнын байыта отырып, оның ары қарай кең өрістеуіне ықпал етті. Ендеше, біз «тегіміз – түрік, кітабымыз – Құран, дініміз – ислам» екенін, «ислам – тек дін емес, мәдениетініміздің де өзегін құрап тұрғанын» еш уақытта естен шығармауымыз қажет.

Өзінің тіліне, дініне, дәстүрі мен салтына, түп-тамырына берік ұлт қана болашаққа нық қадам жасай алады. Олай болса, қазақ мәдениетімен сабақтасқан дәстүрлі ислам құндылықтары – ел бірлігінің кепілі деуге толық негіз бар.

Алтынбек Ұтысханұлы,

Атырау облысының бас имамы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close